Қайта өңдеу – қайтарымы мол табыс Избранное

Среда, 17 Октябрь 2018 04:17 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3521 раз

Қалада нанның бағасы қымбаттады. Оған негізгі себеп – солтүстік облыстарда ауа райының бұзылуына байланысты биыл бидайдың аз болуы. Тиісінше, ұнның бағасы да көтерілді. Бұл бағытта Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан бағаны тұрақтандыру және ауыл шаруашылығы тауарын қайта өңдеушілерге қолдау көрсету мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынуда. Азық-түлік тауар өндірушілермен де келісім жасалды. Алдағы уақытта қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін агроиндустриалды аймақ құрылады.

47 Нан қашанда бағалы

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен келісім жасалды

Шымкент қаласы әкімдігінде өткен жиында азық-түлік тауарын өндірушілермен бірге бірқатар мәселелер талқыланды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында тауар өндірушілер мен әкімдік арасында меморандумға қол қойылды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші шаруа қожалықтарының өнімін сатуға әкімдік тікелей қолдау көрсетеді. Яғни, әкімдік тарапынан ұн өнімдері, макарон, май өнімдерін кепілді түрде сатып алынады. Ең бастысы, өнімдер делдалсыз сатылады. Бұл бағаны көтермеуге өз септігін тигізеді. Себебі, шаруа қожалықтары өз өнімін базарға апарып сатса, бағасын төмендетіп тастайтын жағдайлар кездеседі.
Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтың айтуынша, келесі жылы қалада тұрақтандыру қоры құрылады. Шымкентте халықтың ең маңызды азық-түлік өнімін тұтыну көлемі белгілі. Бүгінде 15 шаруа қожалығымен келісім түзілген. «Шымкент май», «Дани нан», «Алтын дән» мекемелерімен, сондай-ақ, картоп, пияз, қырыққабат өсіретін шаруа қожалықтарымен меморандумға қол қойылып отыр.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекет есебінен нан зауытын салсақ деген ұсыныс айтады. Кәсіпкерлер солтүстік облыстардан бидай алып келіп, мемлекеттен нан зауытын ашуға ынталы. Сол кезде нан арзандау болар ма еді, дейді. Қазір олар кәсіпкерлердің әкелген ұнына тәуелді болып отыр. Ол қай жерден әкелетіні, қандай ұн келетіні, қандай бағада келетіні белгісіз. Басқарма басшысы да мұны қолдауға дайын екенін айтты.
Мәжілісте сонымен қатар, кейбір азық-түлік тауарын өндірушілер базарда өнімін сатуға орын жетпей жатқан уәжін жеткізді. Бұл мәселе бойынша да қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы қолдау көрсетуге дайын. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Әсет Әбдірахановтың айтуынша, қалада «1000 сауда орнын ашу» бағдарламасы дайындалуда. Яғни, қалада көше саудасына арналған 1000 орын анықталмақ. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес бағдарлама қараша айында дайын болады. Бүгінде қалада тұрақты түрде апта сайын жәрмеңке өтіп жатқанын айта кеткен жөн. Өйткені, арзан әрі сапалы азық-түлік алуға халық та көп келетіні мәлім.

Агроиндустриалды аймақ – өнімді қайта өңдеудің үлкен алаңы

Елбасы халыққа арнаған Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек» деп тапсырды. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет. Ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру да маңызды. Сондай-ақ, көлік-логистика және басқа да қызмет көрсету секторларын ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жандандыру керек. Жолдаудағы негізгі басымдықтар осындай.
Асқар Сәкенұлының айтуынша, Шымкентте агроөнеркәсіп саласын дамытуда бірқатар жоспар бар. Талдау жұмыстары көрсеткендей, агроөнеркәсіп әлеуеті толық жүзеге аспай отыр. Осы себепті қаланың ауыл шаруашылығы саласының басым бағыттары айқындалған. Салаға білікті адамдарды тартудың үздік тәжірибелері енгізіледі. Бұл ретте ғылыми-зерттеу институттардың базасында агропарк құру жұмыстары жүргізілуде. Агропаркте ғылымға бетбұрыс жасалмақ. Онда жылыжайлар кешенінің әлеуеті, қарқынды баулар, топырақтың химиялық құрамы зерттеледі.
– Әуежай маңынан 136 гектар аумақта агроиндустриялық аймақ құру жоспарда. Онда тек қана ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп отырмыз. Келесі жылға жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, инфрақұрылымын жүргіземіз. Сол жерде өнім қайта өңделіп, экспортқа жіберіледі. Аталған аймақта 90-нан астам жоба іске асырылады. 3000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сіздердің жоспарларыңыз болса, цех ашамын десеңіздер, біз қолдау көрсетеміз. Жобаларыңызды ұсыныңыздар, – дейді басқарма басшысы.
Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов та Жолдауды талқылауға арнаған жиында өңдеу саласына көңіл бөлу қажеттігін атап өткен еді. Бізде тамақ, мақта-мата өндірісін дамытуда мүмкіндік мол. Енді халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда жалақыны арттырып, жұмыс орындарын көбейту үшін жаңа кәсіпорындар құру керек. Агроиндустриалды аймақта бүкіл қаладағы және Түркістан облысында өндірілетін өнімдер қайта өңдеп, экспортқа шығарылмақ. Оған барлық инфрақұрылым бар. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі де бұл бағытта қолдау көрсетуге дайын.
Ғабидолла Рахматоллаұлы Елбасы жолдауын іске асыру жөнінде өткен жиында осылай деген еді. Енді бұл бағыттағы жұмыстарды тезірек қолға алу міндеті тұр.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.