Шымкенттік ғалымдар жаңа өнім шығармақ Избранное

Среда, 31 Октябрь 2018 04:41 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4090 раз

Үшінші мегаполистегі ғалымдар келер жылы жаңа өнім түрін өндіріске ұсынады. Жеміс-жидектердің сүйектерінен май және белсендірілген көмір алуға болатынын шымкенттік ғалымдар ғылыми түрде дәлелдеп отыр. Тың жоба турасында 300-ге жуық ғылыми еңбек жарияланып, көптеген тәжірибелік зерттеу жүргізілген. Сараптама қорытындысына сәйкес, өңірде өсетін жеміс сүйектерінде пайдалы химиялық элементтердің аса көптігін анықтау арқылы ғалымдар жаңа өнімін патенттеп, өндіріске ұсынғалы отыр.

14

– Белсендірілген көмір алуды лабораторияда тәжірибемен алып, көптеген өндірістерде сынақтан өткіздік, - дейді Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректоры Марат Сатаев. – Ауыз су тазалау, майларды тазалау, өндірістегі ластанған газдарды тазалау процестерінде сынақтан өткізіп, өте жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігі де қолдап, арнайы грант бөлді. Осы қаржыға жаңа өнім түрін кең қолданысқа шығаруға дайындық үстіндеміз. Бұл жобаға қаржы салуға жергілікті кәсіпкерлер де қызығушылық танытып отыр. Келер жылға қарай 360 тонна жеміс сүйегінің майы және 850 тонна белсендірілген көмір өндіру жоспарда бар. Бұл отандық нарықты түгел қамти қоймаса да ішкі нарық сұранысына сай өнім көлемін арттырып отырамыз.
Жоба шеңберінде индустриялық аймақта орналасқан «БозДала Сауда» ЖШС-де өндірістік алаңы дайындалып, технологиялық желіге және шығын материалдарына арналған жабдықты сатып алу көзделген. Ал монтаждау және іске қосу, үрдіске шикізат пен материалдарды дайындау сынды жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын ғалымдар тілге тиек етті.
Жоба жетекшісі әрі техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА кореспондент-мүшесі Марат Исақұлының айтуынша, ғылыми-зерттеу жұмыстарының алғашқы сатысындағы атқарылатын шаруалар аяқталды. Ғылыми және техникалық құжаттамалар, май мен белсендірілген көмірдің прототипі, активтендірілген көміртекті технологияны коммерцияландыру жобасының тұжырымдамасы, жобаның бизнес-жоспары және техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Ал белсендірілген көмірдің және адсорбенттердің сынақтары 7 кәсіпорында өткізілген.
Елімізде шетелден әкелінген жеміс сүйегінің майы саудаланады. Оның бағасы мөлшеріне байланысты. Мысалы, АҚШ-та өндірілген шабдалы сүйегінен алынған май (118 мл) 2400 теңгеге бағаланса, Ресейден келетін аталған өнімнің 30 мл 2800 теңгеге саудаланып келеді. Ал Шымкенттің ғалымдары жеміс сүйегінен алынған отандық майдың 1 литрін 2000 теңгеде сатуды көздеп отыр. Ұсынылған белсендірілген көмірді сатуға арналған баға нарық бағасынан төмен болады және 1 кг үшін 650 теңгені құрайды (1 кг 352 теңгенің құны).
Жалпы жоба құны 219 млн теңгені құраса, оның 204 млн теңгесі мемлекеттік грант есебінен, ал 15 млн теңгені жергілікті кәсіпкерлер қаржыландырып отыр. Жеміс сүйегінен алынатын май келер жылдың үшінші тоқсанына, ал белсендірілген көмір 2020 жылы нарыққа енетін болады, дейді ғалымдар.

Последнее изменение Среда, 31 Октябрь 2018 11:46