Теңге – тиыннан, тиын қиыннан құралады... Избранное

Среда, 14 Ноябрь 2018 05:13 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 8680 раз

Нумизматика – тарих ғылымының тиындарды зерттейтін көмекші саласы. Ал онымен айналысатын ғалымдар немесе тиын жинаушы коллекционерлер – нумизматтар. ҚР Ұлттық валюта күні қарсаңында өңірдегі өмірін тиынмен байланыстырған 70-ке жуық азамат «Шымкент коллеционерлері» қоғамдық бірлестігін құрды. Әуесқой жандармен төл теңгенің коллециялық түрлері жайында сұхбаттасқан едік.

75

 

Ақша – тауарлар мен қызмет көрсету өлшемі. Кез келген ақша сол елдің өткені мен бүгінін және болашағын айқындауға септігін тигізетін айналым құралы. Осы орайда қолданыстан шығып қалған тиындарды немесе коллекциялық монета түрін жанына жақын көргендердің өңірде қарасы қалың. Бірі кәсіп деп қараса, нумизматтардың енді бірі бұл саланы қызығушылық пен жан рахаты көреді. Оның қатарында бірлестікке мүшелікке кірген ең жас коллекционер Ерсаин Оспанбаев бар.
– Біздің қоғамдық бірлестікте мүшелікке кіргендердің басым көпшілігі монетадан коллекция жинаушылар. Өзім осыдан екі жыл бұрын өткен ғасырда қолданған тиын тауып алып, соны зерттеу жолында қызығушылығым оянды. Студентпін. Фармацефтика мамандығы бойынша 5 курста оқимын. Қазір елімізде шығарылған 120-ға жуық монета түрі болса, соның мельхиор қоспасынан жасалған барлық түрін жинадым. Алдағы мақсатым – күміс, алтын монеталарды уысыма түсіру. Отбасым және достарым мұны бір қоқыс немесе қажетсіз зат ретінде қарайды. Бірақ өзіме тиындар қатты ұнайды, – дейді жас жігіт.
Айта кетейік, тиынға қызығушылар барлық монетаны жинай бермейді. Оның ішінде нумизматтардың қолы жетпейтіндері бар.
– Ұлттық Банк монеталардың үш түрін шығарады: айналыстағы, коллекциялық және инвестициялық. Олардың барлығы заңды төлем құралы. Ол еліміздің бүкіл аумағында барлық төлем түрлері бойынша нақты құнымен міндетті түрде қабыл-данады. Ұлттық валютаның барлық монеталары банк шотына есептеу және аудару үшін міндетті, республиканың барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Айналыстағы монеталарды күнделікті өмірімізде пайдаланамыз. Олар – 1, 2, 5, 10, 20, 50 және 100 теңгелік номиналмен шығарылады. Ал коллекциялық монеталарға тоқталсам, олар – ұлттық валютаның арнайы соғылған мерейтойлық, ескерткіш және басқа да монеталары. Оларды дайындау кезінде соғудың күрделі технологиялары мен көркемдік безендіру әдістері қолданылады. Осылайша жинаушылар үшін ерекше қызығушылық тудыратын арнайы қасиеттері бар. Ол тиындардың жасалуы технологиясына қарай да жіктеледі. Сыйлық ретінде де, шығарылатын монеталар бар. Ең соңғы монета түрі – инвестициялық. Олар бағалы металдардан (алтын, күміс) дайындалады. Металдың құрамы: инвестициялық монеталарда – Au 999.9; коллекциялық алтын монеталарда – Au 999; күміс монеталарда – Ag 925, – дейді Ерсаин.
Жаңадан құрылған бірлестіктің алдағы жоспарларының бірі – нумизматтар жәрмеңкесі. Олар өз қатарларын кеңейте отырып, ой бөлісуге қолайлы орта қалыптастырмақ. Зерттеуші ғалым әрі осы қоғамдық бірлестіктің белсенді мүшесі Константин Кударенконың айтуынша, бұл қоғамдық бірлестік елімізде шығарылатын коллециялық номиналды монеталарды алыпсатарларды азайтуды көздейді.
– Өткен жылдары Ұлттық банк монеталарды айналысқа аз таралыммен шығарды. Оған қол жеткізуде ұзын-сонар кезек күтетінбіз. Тіпті, дауласуға дейін барған сәттеріміз бар. Ал биыл біз, өңірдегі нумизматтар, ұлттық банктің өңірлік филиалымен бірлесе отырып, осындай қоғамдық бірлестік құрдық. Нумизматика – тек хобби емес, бұл бір ғылым. Тиын ақша арқылы тұтас бір мемлекеттің саясаты, экономикасы, т.б. көптеген мағлұмат алуға болады. Көненің көзін ертеңгі ұрпаққа жеткізуге үлес қоссақ деген ниеттеміз. Монеталар – ерекше әрі тарихи дерек көзі. Олар бүгінгі күнге тарихи тұлғалардың тұтас бір портреттік галереясын, түрлі ескерткіш бейнелерді алып келді, олардағы суреттерде мифологиялық сюжеттер, тұрмыс-салт көріністері бейнеленген. Монеталар – халықтардың экономикалық және саяси тарихын, олардың материалдық және рухани мәдениетін жан-жақты зерделеу үшін тамаша материал. Бұл адамға ләззат сыйлайтын ермек. Кәсіп ретінде қарауға болады. Өйткені мерейтой қарсаңында шығарылған коллекциялық тиындардың бағасы уақыт өте келе қымбаттайды, – дейді нумизмат.
«Шымкент коллекционерлері» ұйымының алғашқы отырысына қоғамдық бірлестікке заңды түрде мүшелікке енген нумизматтар 500-ге жуық монеталарды таныстырды. Оның ішінде ең көбі төл теңгенің әр жылы шыққан коллекциялық монеталары болды. Енді бұл азаматтардың қоржынға түсіруге әрекеттеніп отырған соңғы тиын түрі – «Теңгеге 25 жыл» коллекциялық монеталары. Бұл – ҚР Ұлттық Банкінің 2018 жылғы 5 қарашада шығарған, номиналы 5000 және 500 теңгелік күмістен, номиналы 100 теңгелік мельхиор қоспасынан жасалған «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» тиындары.
Міне, осылайша бұл азаматтар ширек ғасырдан бері теңгенің төңірегінде жүріп, әрбір тарихи сәттердің куәсі болып келеді.

Сіз білесіз бе?

Шымкенттегі облыстық тарихи-өлкетану музей қорында нумизматикалық жәдігерлердің  9084 данасы  сақталған. Оның ішінде 2843 данасы - ортағасырлық тиындар. Өңірдегі бұл жәдігерлер Қызылқұм ауданымен қатар Шәуілдір, Талапты, Отырар қалашығы маңынан табылған. Тиындар музей қорына 1974 жылдан бастап жеткізілген. Ал 2002 жылы Созақ ауданы Қарақұр елдімекенінің тұрғынынан «Созақ көмбесі» деп аталатын 548 дана тиын  музей қорына сатып алынды.

***

Ал 2014 жылы «Қапланбек» кеден бекетінде тарихи теңгелер тәркіленіп, ҚР Қаржы министрлігі кедендік бақылау комитеті облыстық департаментінің қызметкерлері музейге 755 дана тиын өткізген. ҚР Ұлттық банкінің облыстық бөлімшесінен 20.12.1999 жылы алтын тиындардың 4 данасы, 2011 жылы күміс монеталардың 22 данасы музей қорына сатып алынды.

Последнее изменение Среда, 14 Ноябрь 2018 07:27