Ротангтан жиһаз өрген Тәңірберген Избранное

Пятница, 07 Декабрь 2018 05:07 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5035 раз

Бизнес, қаржы, экономикадағы біліктілігімен кез келген адам мақтана алмайды. Іскерлік әлемге бойлай білу өміріңізді, ұстанымыңыз бен бағытыңызды өзгертуі әбден мүмкін. Бұл – шымкенттік Тәңірберген Есболовтың жас та болса өмірден түйгені. Ол бүгінде өзінің шағын цехында ротангтан өріп, жиһаздың 30-дан астам түрін жасап шығарады.

IMG 20181030 163957

Тәңірберген Есболов өзінің кәсіп бастауына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы сеп болды дейді. Дәлірек айтқанда, «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясындағы жас кәсіпкерлердің үздік жобаларының байқауы. Жас жігіттің жұмысы биыл республикалық деңгейде алғаш ұйымдастырылған байқауда еліміздегі барлық өңірден қатысқан 51 жобаның ішінде үздік деп танылып, 1 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болады.
– Осыдан 4 жыл бұрын құрылысшы-инженер маманы атандым. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң банкте, құрылыста бағымды сынап, еңбек еттім, – дейді Тәңірберген. – Жеке үйлерді жөндеу жұмыстарын істеп жүргенде өз кәсібім болса екен деп армандадым. Сол кезде байқағаным, Шымкентте ротангтан жасалған жиһаздарға сұраныс көп. Уақыт созбай істі бастау үшін алдымен оқып, нарықпен таныстым. Білгенім, ротанг – қымбат материал, бізге шетелден келеді. Бертін келе оның жасанды түрін өндіруді зерттеп білдік, содан жұмыс басталды. Қазір командамызда өзіммен 6 адам бар. Біздің кәсіптің тағы бір артықшылығы – Оңтүстікте күн жылы болғандықтан, ротангтан жасалатын жиһаздарға сұраныс қай кезде де болады.
Жас кәсіпкердің айтуынша, ротангтан жиһаз жасау қол еңбегін көп қажет етеді. Осыған орай келер жылы цехты үлкейтіп, жұмысшылар санын 30-ға арттыруды жоспарлап отыр. Ал әзірге ай сайын 100 жиһаз жиынтығын шығара алады.

IMG 20181030 164159

– Біз қажетті материалдарды қаладан аламыз. Дегенмен ресейлік темірлерді пайдаланамыз. Ол жұқа әрі жеңіл болуы шарт. Оны өзіміз өңдеп, әрлейміз. Бұл жердегі ең бастысы – ротангты қолдан жасаймыз. Украинадан технолог келіп, арнайы құрылғыны қосып берген. Сол бойынша дайындаймыз. Жиһаздың түсі тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады, - дейді кәсіпкер.
Тәңірбергеннің айтуынша, бұл жиһаз түріне Түркия мен Қытай нарығында сұраныс көп. Ал елімізде тек бір ғана цехта өріледі. Жас кәсіпкер бүгінге дейін ротанг жиһазын арнайы тапсырыс арқылы жасап келеді: – Өрілген жиһаз көбіне саяжай мен демалыс аймағына қойылады. Үйдегі ас және қонақ бөлмесінің де ажарын ашады. Шетелден келетін жиһаздарға қарағанда бағасы 40 пайызға төмен, – дейді Тәңірберген.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керегін айтты. «Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді» деп тапсырма берген еді Елбасы.
Шындығында Тәңірбергендей тірлікке епті, заман сұранысына бейімделгіш жастарымыз еліміздің үшінші дербес қаласында баршылық. Олар осындай мемлекеттік бағдарламаның аясында кәсібін дөңгелетіп, елдің экономикасының өсуіне үлесін қосып жүр. Алға қойған мақсаттары айқын, армандары асқақ жастарымыз келер жылы өз мүмкіндіктерін толық көрсетуге әзір, жастар жылында үлкен іс атқаруға дайын.