Версия для печати

Саналы азамат салықтан жалтармайды Избранное

Пятница, 07 Декабрь 2018 05:14 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4453 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Салық мемлекеттің құрылуымен бірге пайда болады және мемлекеттің тіршілігі мен дамуының негізі саналады. Белгілі философ Френсис Бэкон «Салықты төлеу – әр азаматтың қасиетті борышы» деген. Бұрынғы ойшылдарды қоя тұрғанның өзінде қазіргі заңдарда салықты төлеу әркімнің борышы әрі міндеті деп көрсетілген және міндетті төлемдерден бой тасалағандарға жаза қарастырылады. Себебі, салық – мемлекеттің тұрақты қаржы көзі.

Базар-2

Шымкентте салық мөлшері өзгереді

Шымкент қаласында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгертілген салық мөлшерлері күшіне енеді.
Парламент Мәжілісіне ұсынылған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік аумақтық құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов осылай деді.
– Заң жобасымен ҚР 40 Заңы мен 11 Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала санатына жатқызылуына байланысты «республикалық маңызы бар қала» сөздерін «республикалық маңызы бар қалалар» сөздеріне ауыстыру ұсынылады. Заң жобасынша Шымкент және Түркістан қалаларына қатысты салық мөлшерлерін өзгерту үшін ҚР Салық Кодексіне өзгертулер енгізу көзделген, – деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
Өзгертілген салық мөлшерлерін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, яғни өтпелі кезеңнен күшіне енгізу ұсынылып отыр. «Заң жобасын қабылдау әлеуметтік қамсыздандыруға және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді. Шымкент қаласындағы мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», – деді вице-министр.

Борышкерлерден бір аптада 8 млн теңге жиналды

Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері салық және жергілікті бюджетке міндетті басқа да төлемдерді жинауда бірқатар іс-шара атқаруда. Жуырда мамандар бір апталық рейдте борышкерлерден 8 млн теңгеден астам қаржы жинады. Салықшылармен бірге прокуратура, полиция қызметкерлері және сот орындаушылары да бірге жүріп, Шымкенттің көшелеріне рейдке шықты.
Тәртіп сақшылары есімдері мемлекеттік кіріс департаментінің мәліметтер базасына тіркелген борышкерлердің автокөліктерін тоқтатып, көлік иелеріне қарыздарын сол жерде төлеуді ұсынды. Ал борышын төлей алмағандардың көліктері ақылы айып тұрақтарына жөнелтіліп, өздері жаяу қалды.

БКМ

АЖБ-да есептегіш құралы орнатылуы тиіс

Шымкент қаласының мемлекеттік кірістер департаменті бұған қоса мұнай өнімдерін бөлшектеп сатушыларға жанармай құю бекеттеріне арнайы есептегіш құралдарын дер кезінде орнатуға кеңес береді. Заң бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаладағы барлық жанармай бекеттеріндегі мұнай өнімдері есептегіш құралдары арқылы сатуы тиіс. Мәліметтер операторының ақпараттық жүйесіне қосылған бұл құралдар көрсеткішті қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне нақты уақытта жіберіп тұрады.
Жанармай бекеттерінде өлшем бірліктерін есептеудің мемлекеттік жүйесінде тіркелген және ҚР заңына сай қолдануға рұқсат берілген есептегіш құралдар қолданылуы тиіс. Ал есептегіш құралдарды орнатпаған сатушыларға қатысты ҚР ӘҚБжК 281-бабының 5-тармағы 8-тармақшасына сай 100 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл кесіліп, мұнай өнімдері тәркіленіп алынады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкенттегі 197 жанармай бекетінің 147-і (74,6%) есептегіш құралдарын орнатқан.

Базарлар – басты назарда

Қайнаған сауда-саттықтың ортасы ретінде базарлар да мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының назарынан тыс қалған емес. Жуырда Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы және 5 сауда орталықтары мен 2 базар арасында бірлескен іс-қимыл туралы меморандум бекітілді. Меморандумның негізгі мақсаты – базарларды қажетті телекомуникациялық желілермен жабдықтау. Яғни әр сауда орнына интернет желісі тартылып, қолданыстағы салық және кеден заңнамасы бойынша ақпараттарды жариялауға арналған мониторлар орналастырылмақ, бақылау-касса машиналарын тіркеу мен түсіндіру қызметін көрсететін және пост-терминалдарды орналастыруға пункттер ашу үшін арнайы орын бөлу жоспарлануда.
Осы 5 сауда орталығы мен 2 базардағы барлық 1484 жалға алушының ішінде 970 сатушы патент негізінде, 340-ы – оңайлатылған декларация, ал 174 адам жалпыға бірдей тәртіпте қызмет көрсететіні анықталды. 183 салық төлеуші бақылау-касса машиналарын қолданса, 85 сатушыда POS-терминал бар. Қалған 326 салық төлеушіге жыл соңына дейін бақылау-касса машиналарын алуға міндетті екендері туралы түсіндірілді. Себебі, қаржы министрінің 2018 жылғы 16 тамыздағы «Салық төлеушілер ҚР аумағында қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы» №758 бұйрығына сәйкес қызметі ашық сауда базарларының аумағындағы стационарлық емес сауда объектілері арқылы шағын бизнес субъектiлерi үшiн арнаулы салық режимi шеңберiнде жүзеге асыратын дара кәсіпкерлерге 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бақылау-касса машиналарын қолдану міндеттеледі.

Шағын және орта бизнеске «амнистия»

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 5 қазандағы Жолдауында «Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырамын» – деп көрсетті. Осылайша шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясы» салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда жүзеге асырылады.
Елбасы бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан және қылмыстық қудалау қаупінен қорғауды арттыру туралы тапсырма беріп отыр. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөніндегі қылмыстық жауапкершіліктің қолданылу шегін, айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру жоспарлануда. Үкімет үш жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін нақты іс-шаралар қабылдауы тиіс.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.