ГАЗ ТАСЫМАЛЫНЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ: ІШКІ НАРЫҚ ТҰРАҚТЫ, ЭКСПОРТ ЕСЕЛЕНЕ ТҮСТІ

Среда, 26 Декабрь 2018 05:03 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 2486 раз

Әлемдік трендке айналған үдерістің бірі – жасыл экономикаға көшу, экологиялық таза отын түрлерін жаппай енгізу. Ал табиғи газ – осы бағыттағы көш басында тұрған отын-энергетика саласының бірден бір көзірі. Бұл саланың Қазақстандағы даму қарқыны мен беталысы Орта Азияда ғана емес, бұрыңғы Кеңестік республикалар арасында оқ бойы озық тұрғанын сарапшылар жарыса жазып жүр.

 MG 5524

Мәселен, Тәуелсіздің күні мерекесі қарсаңында Ұлттық газ операторы «ҚазТрансГаз» АҚ іске қосқан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырындағы «Түркістан» компрессорлық стансасын еліміз үшін елеулі оқиғаның бірі деуге болады. Инвестициялық жобаның аясында пайдалануға беріліп отырған бұл жаңа станса бұрын жылына 10 млрд текше метр көгілдір отын өткізіп келген газ құбырының жұмысын еселей түсіп, бұдан былай аталған уақыт ішінде 15 млрд м3 дейін газ өткізу мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Осының арқасында еліміздің оңтүстік өңірі жақын жылдарда толықтай газбен қамтылады деп жоспарланып отыр.

Церемонии ввода в эксплуатацию КС лТуркестан  2

«Түркістан» жоғары технологиялық компрессорлық стансасы Түркістан мен Қызылорда облыстарының аумағында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралінің бойында пайдалануға беріліп отырған «ҚазТрансГаз» АҚ салған компрессорлық стансалардың бірі.
Компрессорлық станцияны іске қосу салтанатты рәсіміне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директоры Валентин Хван қатысты.
Салтанатты шарада сөз алған Жансейіт Қансейітұлы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында іске қосылған стансаның облыс тұрғындары үшін үлкен сый болғандығын жеткізді.
«Құрметті Түркістан облысының тұрғындары! Бүгін облысымыз үшін үлкен оқиға болып жатыр. «Түркістан» компрессорлық станcасының құрылысы 7 айдың ішінде аяқталды. Бұл стансаның салынуы облысымыздың экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын болады. Мәселен, құбырдың газ өткізу мүмкіндігі 5 млрд текше метр көлемге артып отыр. Сондай-ақ, стансада қазіргі таңда 50 шақты азамат жұмыспен қамтылды. Осындай жоғары деңгейдегі, сапалы құрылысты іске қосқан «ҚазТрансГаз» компаниясы басшылығына алғыс білдіремін. Бұл облыс үшін елеулі оқиға. Осындай жобаның арқасында облысымызды көгілдір отынмен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр», – деді Жансейіт Түймебаев.
Облыс әкімінен соң сөз алған «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директоры Валентин Хван жыл сайын Ел Тәуелсіздігі сынды маңызды мерекелер қарсаңында елімізде осындай игілікті істерді пайдалануға беру дәстүрге айналғанын тілге тиек етті.
«Осы кезге дейін, яғни биылғы жылы «ҚазТрансГаз» компаниясы үш компрессорлық стансаның құрылысын аз уақыт ішінде аяқтап, іске қосты. Бұл стансалар біріншіден, елімізді энергетикалық газбен қамтамасыз етеді және бұрын мемлекетімізді газбен қамту мәселесінде көрші елдерге тәуелді болып келген зәрулікті толықтай тоқтатып отыр. Осылайша Елбасымыздың елімізді энергетикалық газ саласының қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету туралы тапсырмасы орындалуда. Осы бағытта «ҚазТрансГаз» АҚ соңғы 3-4 жыл ішінде газ саласындағы ішкі және сыртқы экспорт тасымалы бойынша көптеген іргелі жобаларды іске асыруда», – деді Бас директор.
Айта кету керек, биылғы жылдың Қазақстанның Тұңғыш Президенті Күні қарсаңында Ұлттық газ операторы «Арал» КС құрылысын аяқтап, пайдалануға берген болатын.
Айтқандай, салынып жатқан стансалар жергілікті тұрғындар үшін де тиімді болып тұр. Атап айтқанда, газ инфрақұрылымының жаңа нысандары магистральдық газ құбыры өтетін аудандарда тұратын қазақстандықтарды жұмыспен қамту проблемасын шешуге көмектеседі. Яғни, пайдалануға берілетін компрессорлық станциялар, басқа да газ тасымалдау нысандары сияқты оңтүстік өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуда маңызды рөлге ие болады деп күтілуде.
Ізгі тілектерден соң компрессорлық стансаны салтанатты түрде планшеттегі тетік арқылы онлайн іске қосу рәсімі өтті.
Компания басшылығы қонақтарға жаңа зауытты аралатып, стансаның жұмысын таныстырды.
Жаңа нысанның жұмысымен танысу барысында «Интергаз Орталық Азия» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Мұқатай Шаңбатыровтан пайдалануға беріліп отырған стансаның маңыздылығы туралы білу мақсатында сөзге тарттық.
«Станция бізге не береді дегенге келер болсақ, біріншіден, еліміздің газ саласындағы энергетикалық қауіпсіздігін арттырады. Яғни, оңтүстік өңірдегі Алматы және Шымкент қаласы, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстары толығымен қажетті газбен қамтылады. Ал батыстан келе жатқан артық газды Қытай еліне экспорттауға мүмкіндік береді. Әлбетте, бірінші кезекте ішкі нарық қамтылады, сосын барып шетелге жөнелтіледі», – деді Мұқатай Үмбетайұлы өз сөзінде.
Бірінші орынбасардың айтуынша, былтыр Қытайға 5 млрд текше метр газ сатылған болса, ендігі уақытта ол меже 10 млрд болмақ. Газ айдау қондырғысы заманауи соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. Айта кетейік, аталған стансаның өзгелерден ерекшелігі қоршаған ортаны ластамайтындығы. Үнемділігі тағы бар. Сондай-ақ, станса толығымен автоматтандырылған. Америкадан арнайы жеткізілген турбиналарды мұхит асып тасымалдау үшін 14 рет әуе рейсі жасалған.
«Интергаз Орталық Азия» АҚ «Шымкент» магистральдық газ құбырлары басқармасының бас инженері Дулат Борашев:
«Мына көріп отырған жеріміз операторлық деп аталады. Бұл осы іске қосылған «Түркістан» КС-ның ең маңызды орыны. Осы жерден станса жұмысы автоматты түрде басқарылады. Қадағаланып, қаралып, тексеріліп отырады. Бұл жерде қазір екі вахта жұмыс істеп жатыр. 43 адамның 21-і бір ауысымда жұмыс жасайды. Жұмысшылардың бәріне тиісті жақсы жағдай жасалған», – деді.
Компрессорлық станцияларды салу кезінде пайдаланылған инновациялық жабдықтар мен көмекші жүйелер кешені – магистральдық газ құбырын пайдалану кезеңінде қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан іркіліссіз тасымалдауды қамтамасыз ете алады.
Жаңа станцияның іске қосылуы газ және газбен жабдықтау саласындағы жыл сайын өсіп отырған қажеттіліктерді өтеу үшін, әсіресе жылыту кезеңіндегі ең көп жүктеме кезінде еліміздің оңтүстік өңірлеріне газды тоқтаусыз тасымалдау процесінің барынша сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың қазан айында отандық газды Қытайға экспорттауды екі есеге арттыру туралы келісімшартқа қол қойылған болатын. Сондықтан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының өткізу қабілетін жылына 10 млрд текше метрден 15 млрд текше метр көлемге дейін арттыру арқылы республиканың оңтүстігінің 5 млрд текше метр көлеміндегі көгілдір отынға деген қажеттілігі қамтамасыз етіледі және 10 миллиард текше метр газ экспортқа бағытталады.
Мемлекетті көгілдір отынмен қамту және сыртқы нарықты игеру мәселесінде ерекше орны бар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы ірі құбырлық жоба. Ол мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруда маңызды рөл ойнайды. Айталық, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГ-ны салудың арқасында Қазақстан 3 маңызды міндетті шешеді, яғни, оңтүстікке газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету, ел газ тасымалдау жүйесін біріңғай жүйеге біріктіру және қазақстандық газды сыртқы нарыққа экспорттауды арттыру болып табылады.
Айта кету керек, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның құрамына кіретін «ҚазТрансГаз» АҚ мемлекеттің мүддесін отандық және шетелдік газ нарығында да білдіретін Қазақстан Республикасының негізгі газ энергетикалық және газ тасымалдау компаниясы. Компания магистарльдық газ құбырлары мен газ тарату желілері бойынша тауарлық газды тасымалдау жөніндегі орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады. Компания сонымен қатар, халықаралық тарнзитті қамтамасыз етеді, ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады, құбырлар мен газ сақтау қоймаларын дайындайды, қаржыландырады, салады және пайдаланады.

Тельман БЕЙСЕНОВ,
Түркістан облысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Танат Алибеков. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.