Тегін оқу, қайтарымсыз несие + шәкіртақы... Избранное

Среда, 07 Август 2019 05:12 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 6027 раз

Біраз уақыт бұрын Шымкентте «Атамекен» қолдау орталығы ашылғаны туралы жазған едік. Бұл мобильді орталық кәсіп ашқысы келетін тұрғындарға арналған бағдарламаларды түсіндіру, кеңес берумен айналысады.

206

«Атамекен» қолдау орталығы ашылғаны сол екен, алғашқы сағатта-ақ азаматтар жиналып, оларға орталықтың мақсаты түсіндіріле бастады. Халық жиі жүретін орындарда ашылған орталықтардың мақсаты – жұмыссыз тұрғындардың «екі қолына бір күрек ұсыну», икемдігін ескере отырып кәсіпке баулу.

– Халықтың табысын арттырып, кәсіпке тарта отырып, жастарға өмірлік трамплин ұсыну арқылы «Қөз қорқақ, қол батыр» деген ұстанымды дәлелдегіміз келеді», – дейді «Атамекен» ҚР ҰКП Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Шұға Наурызбаева. – Осындай пайдалы мәлімет жайлы қалай бөліспейсің, бара сала ақпараттан қалыс қалмасын деп, жолдың шетіндегі машиналарға «Оқыңызшы, бәлкім осы жаңалықты іздеп жүрген танысыңыз бар шығар. Жұмыс. Кәсіп. Біліктілік» деп айқайлап, жадынамаларды тараттым. Қолымды қайтарғандар болған жоқ. Халықтың білгісі келетінін алғашқы сағатта-ақ байқадым. Әріптестерім «Бұл не?», «Шынымен жұмысқа тұруға болады ма?», «Оқудан кейін көмек бар ма?» деген сұрақтарға жауаптарын беріп те жатты. Халықтың қояр сұрағы баршылық.

Иә, сұрағы көптер жауабын алып, «Жас кәсіпкер», «Бастау», «Қысқа мерзімді» оқу курстарына тест тапсырып, оқуға қабылдануда. Кәсіпкерлер палатасының мамандары да жаңа бағдарлама бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға үлкен қызығушылық болады деп күткендерін айтады.

– Кәсіп ашқысы келетін 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарды, жас отбасылар және еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оқуға шақыруымыз туралы хабарландыруға бағдарлама талаптарына сәйкес келмейтін адамдар да өтінім білдірді. Ынта танытқандар арасында студенттер, бала күтімімен үйде отырған келіншектер, зейнеткерлер және қазіргі таңда жұмысбасты, бірақ демалыста жүрген адамдар бар. Бірінші кезекте жастарға кәсіпкерлік істі бастауда осындай теңдесіз қолдау көрсетілуде: гранттық қаржыландыруға қомақты қаражат бөлінді, грант саны көп (Шымкент қаласында – 4 мың грант). Бұдан бөлек «Жас кәсіпкер» жобасына қатысу тегін, қатысушылар
505 мың теңге қайтарымсыз несие және 19 273 теңге көлемінде шәкіртақы алады. Өз жобаларын сәтті қорғағандарға сертификаттар беріледі, ол кәсіп бастауға жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік береді, – деді Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Данияр Дәрмен.

Биыл жоба шеңберінде Шымкенттің 1300 тұрғынын оқыту көзделген. Бірінші лекте 650 жас оқиды, екінші лек тамыз айында басталады.

Қала бойынша бірінші лекке 1040 өтінім қабылданды. Тестілеуде 780 үміткер қажет балл жинады. Оқыту қаладағы 13 нысанда бір мезгілде өтеді. Жастарды арнайы байқау арқылы іріктелген бизнес-тренерлер оқытады.
– Кәсіпкерлік негіздерін игерген қатысушылар бизнес-жоспарларын құрады. Үш апта оқып шыққан соң олар арнайы комиссия алдында бизнес-жоспарларын қорғайды. Бағдарламаның тағы бір жаңашылдығы – қатысушыларға кеңес пен көмекті жеке қабілетті дамыту кеңесшілері береді. Олар адам бойында тұлғалық қасиеттерді анықтап, жетілдіреді, табысқа қандай қасиеттер керегін айтады, – деді Шымкент қаласы ӨКП қаржылай емес қолдау бөлімінің жетекшісі, жоба жетекшісі Лаура Тілеубердиева.

«Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша тестілеуден өтіп, оқуға қабылданғандардың бірі – Ержан Нығмет. Жас жігіттің негізгі мамандығы – зергер.
– Зергер кәсібімді бастағаныма 5 жыл болды. «Жас кәсіпкер» оқу бағдарламасына қатысқалы әлі де білмейтін нәрсемнің көп екеніне көзім жетіп отыр. Бұл жерде өзімнің мақсатымды айқындауды, бизнес-жоспарлау дағдыларын, тәжірибелі үздік бизнес-тренер практиктерден заманауи әдістер бойынша оқып, үлкен бизнесте кездесетін басқа да қиындықтарды, форс-мажор мәселелерін шешуді үйреніп жатырмын. Осындай жан-жақты білім беріп жатқаны үшін «Атамекен» палатасына алғысым шексіз, әлі де білімімді жетілдіре түсіп, алға қойған мақсатыма жеткім келеді, – дейді Ержан.

Еске салсақ, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша екінші лек Шымкент қаласында 13 тамызда басталады. Ал оқу үдерісі 15 тамызда басталады.
Оқуға қатысқысы келетін жастар Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасына және Халықты жұмыспен қамту орталықтарына хабарласа алады немесе services.atameken.kz сайтында арнайы сауалнама мен өтінімді толтыруға болады. Қажет құжаттар: жеке куәліктің көшірмесі, мекенжай анықтамасы.

Анықтама телефоны: 8 7252 39-49-98.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.