ШЕТЕЛДІК ТАУАРҒА ТӘУЕЛДІЛІК... Ал, оны азайтуға мүмкіндік өзімізде бар Избранное

Пятница, 16 Август 2019 07:47 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5016 раз

Сырттан тауар алмаймыз

Елімізде сырттан келетін тауар көлемін азайту арқылы отандық өнімге қолдау көрсетуге нақты қадамдар жасалуда. Үкімет те сауда сөрелеріндегі шетелдік тауарлардың 50 пайызын азайтуды көздеп отыр. Ал, Шымкентте 1500-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді десек, олардың басым бөлігі өнім өндіруде шет мемлекеттерден келетін қосалқы бөлшектерді сатып алуға мәжбүр. Осындай жағдайда, өзгенікін өзімізге алмастырып, импорттық үлесті азайту мүмкін бе? Шымкент қаласының Кәсіпкерлер Палатасы үшінші мегаполисте қарапайым заттар экономикасын дамытуда үлкен жобаны қолға алды. Тарқатып айтайық.

358

Сырттан 4 млрд теңгенің тауарын әкеледі

– Шымкентте 239 ірі және 1269 орта кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде 30 өнім өндіруші кәсіпорынға мониторинг жүргізіп, оларда импортты алмастыру бойынша мәселелер бар екенін анықталды. Атап айтқанда, бұл кәсіпорындар өнім өндіру кезінде шетелден кейбір бастапқы шағын материалдарды сатып алуға мәжбүр. Мысалы, «Шымкент құс» фабрикасы солтүстік өңірлерден 1,4 млрд теңгеге азықтық бидай, «Әлем БТ» шұлық фабрикасы Қытайдан 168 млн теңгеге жапсырма, ілгек пен шұлықтарға арналған қағаз қораптар және тағы басқа қажетті заттар әкеледі.
Жыл сайын біздің кәсіпкерлер өнім өндіру үшін 4 млрд теңгенің тауарын сырттан әкеледі. Алайда, олардың барлығын өзімізде өндіруге болады. Тек шағын және орта бизнеске арналған тауашалы (нишевой) жобалары бар. Шымкенттік кәсіпкерлер осы бағытты қолға алып, дамытса дейміз. Сондықтан қазір нақты жұмыстарды бастап кеттік, – деді Шымкент қаласының Кәсіпкерлер Палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.
Нұрлан Қабыштаевтың айтуынша, дамыған елдердегі шағын және орта бизнес 60-70%-ға ірі бизнеспен байланысты, яғни оларға жұмыс істейді.
– Осылайша, бәрі ұтымды позицияға жұмыс істейді. Мысалы: ірі өндірістің майда-шүйдеге басы ауырмайды, қажетті материалды жергілікті өнім өндірушіден алады. Ал, ал шағын және орта кәсіпорындар бір өнімді шығаруға маманданып, оның сапасын арттырады. Бұл екінші жағынан құны арзан, жеткізу мерзімі қысқа әрі өңір экономикасы жоғары көрсеткішке ие, ақша да шет елге кетпейді, – деп еліміз үшін өзекті мәселелердің экономикасы дәуірлеген мемлекетімізде қалай шешіліп жатқанын жүйелеп айтып берді.

359

Ірі кәсіпорындар қолдауға дайын

Шымкентте ірі кәсіпорындардың бірі – «Бал текстиль» кілем зауыты.
Жылына 5 млн шаршы метр кілем шығарып, 4 мың тоннадан астам жіп дайындайды. Кәсіпорынға жүргізілген сараптамада белгілі болғанындай зауыт кілемге қажетті шашақ, үлдір, латекс желімі, өзге де картондарды Ресей, Өзбекстан, Түркиядан алдыртады екен. Ал, бұған кәсіпорын жылына 150 млн теңге қаржы жұмсайды.
– Аталған үш мемлекеттен бөлшекті заттарды алуда ұзақ мерзімді шарт жасап, бүгінде сол өнімдерді пайдаға жаратып келеміз. Аталған шикізаттар аймағымызға жетем дегенше едәуір шығын кететіні жасырын емес. Егер жергілікті кәсіпкерлер бұл заттарды сапалы өндіріп, тиімді бағамен жеткізетін болса, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді «Бал текстиль» зауыты директорының орынбасары Дәулет Канашаев.
Сол секілді, «Евро Кристалл» шыны ыдыстар өндіру зауыты да жылына 200 млн дана шөлмек пен банкалар шығаруға қауқарлы. Мұнда да орау пленкасы, сыпырғыш, бигбегтер және гофротарларды Ресей мен Өзбекстаннан алдыртып, сыртқа 150 млн теңгеге дейін қаржысын береді.
Зауыт басшылығы аталған қосымша заттар жергілікті жерде өндірілсе, оны сатып алуға дайын екенін жеткізді.

Сапалы өнім ұсына ала ма?

Кәсіпкерлік палатасы әл-әзір 30 кәсіпорындағы жағдайды талдады. Жыл соңына дейін өзге кәсіпорындардағы ахуалды анықтап, қажетті қосалқы бөлшектердің тізімін жасауда. Басшы сол арқылы шағын және орта бизнеске келген жас кәсіпкерлерге де жаңа істі бастауға мүмкіндік бар екенін айтады.
– Жыл соңына дейін палатада 4800 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді. Олардың бір бөлігіне зауыттардағы өндірілетін өнімге қажетті заттарды шығаратын жобаларды ұсынатын боламыз. Ол үшін индустриялды аймақта немесе жұмыс істемей тұрған ғимараттардан алаңшалар бөліп, тың кәсіпті дамытуға қолдау жасаймыз, – деді Шымкент қаласының Кәсіпкерлер
Палатасының директоры Н.Қабыштаев.

Мамандар жергілікті кәсіпорындар өндіретін тауардың шетелдіктерден сапа жағынан ешбір төмен болмайтынын айтады.
Жалпы, Қазақстанда металлургия, машина жасау, мұнай, мұнай химиясы, құрылыс материалдары өндірісі, азық-түлік өнеркәсібінде импорттық тауардың үлесі көп. Ресми деректерге сүйенсек, 150 тауар түрі бойынша импорттық тауарға тәуелділік бар екен. Тек құрылыс саласындағы отандық өнімнің үлес салмағы артқан. Үкіметтің өзі қазір қарапайым заттар экономикасын қолдауда арнайы бағдарламалар қабылдап, жобаларды субсидиялаумен қатар, несие кепілдігі инструменттерін қарастыруда. Енді, халыққа керек өндірістік тауарды шығарамын деушілерге үлкен мүмкіндік берілді.
Экономикасы өзге елдерге жұмыс жасайтын мемлекеттердің алға басқан аяғы кері кете беретіні белгілі. Кәсіпкерлік Палатасы ұсынған жобалар бойынша іргелі жұмыстар қолға алынса, бұл қиындықтардан таяу арада шығатынымыз хақ. «Көз - қорқақ, қол- батыр».
Ендеше, іске сәт!

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.