«Кофе магнаты» Избранное

Пятница, 20 Сентябрь 2019 03:42 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5418 раз

Бобби Мерфи және оның стэнфордтық досы Эван Шпигель бірлесіп жасаған «Snapchat» әлуметтік желісі мол табысқа кенелтіп, өрімдей жастарды миллиардерлер тізіміне қосқаны белгілі. Әлемге әйгілі бақуатты жандардың өмір жолын қазбалай берсек, достарымен кәсіп ашып, табысқа жеткен көп адамды мысалға алуға болады. Талапты жастар өзімізде де аз емес. Тіпті, шымкенттік үш достың бастамасы да Forbes-тің алғашқы бетінде жарқырайтын күн де алыс емес...

 DSC9861

Жас кәсіпкер, «Salem Coffee» және «Global Coffee» кофеханалар желісінің негізін қалаушы Аят Азимовты шымкенттіктер ғана емес, керек десеңіз еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев та біледі. 29 жасында кәсіптің көзін тапқан жігіт қаламызда 13 кофехана ашып, бүгінде 70 адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде ел нарығына енген оның командасы, ендігі әлемдік бренд қалыптастыруды жоспарлап жүр.

– Шырайлы шаһарда туып өстім. Мектеп пен колледжді қалада оқып, жоғары білім алу мақсатында шетелге аттандым. Литвадағы LCC халықаралық университетінде 2009-2013 жылдары бизнесті басқару мамандығы бойынша оқыдым. Қарапайым отбасыдан шықтым. Әкем – кәсіпкер, анам – инженер. Бакалавр мамандығын аяқтаған соң елге оралып, шаңырақ көтердім. Сол жылы анамның жұмыс орны арқылы Польшаға жұмыс істеуге ұсыныс алдым. Онда PR-маманы болып халықаралық компанияда тәжірибе жинадым. Жұбайымның шетелде ұзақ бола алмауы себебінен елге қайтуға тура келді, – дейді кәсіпкер.

Алайда, туған өлкеге оралған оның бірден жұмысқа орналасуы мүмкін болмай, вахталық әдіспен еңбек етуге көніпті. Әлемдегі ең терең және ірі мұнай кеніштерінің бірі болып саналатын «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде төрт жылға жуық аудармашы болып қызмет еткен.

– Серігім Данияр екеуміз онлайн бизнес ашамыз деп 20 мың АҚШ долларын жұмсап, сәтсіздікке тап болдық. Кейінгі кәсібіміз абырой болғанда табысты болды. Жарнама агенттігі арқылы аз-кем қаражат жинадық. Осы кезде қатарымызға Мақсат деген досымыз қосылды. Оның көптен бері ойдан жүрген кофехана ашу туралы ұсынысы үшеумізге де ұнады. Әрқайсымыз 2 млн теңгеден шығарып, жетпеген жеріне несие алып, алғашқы кофе-барды аштық. Мен вахтада жүргенімде серіктерім кәсіпті жүргізіп отырды. Кейін ойлана келе осы жобаға ден қояйын деп шештім. Аудармашылық жұмыспен қош айтысып, кофе өндірісін мықтап қолға алдық, – дейді Аят.

Осылай үш дос екі жылдың ішінде қалада 13 кофехана ашып, қалғаны 25-і республика көлемінде франшиза арқылы іске қосылған. Кәсіпке икем танытқандар әуелі «Salem Coffee» атауының кейін келе шетелдік нарыққа ену үшін ауысқанын айтады.

– Өткен жылы Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы үшінші мегаполиске іссапары барысында бірқатар азаматтардың жобаларымен танысып, алға қойған жоспарларын тыңдады. Бұл кездесу менің ерекше есімде қалды. Алған әсерімді де айтып жеткізу қиын. Біздің командамызға үлкен мотивация болғаны рас. Елбасыға сол кездесуде Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне экспортқа шығамыз деген сөзімізді іспен дәлелдеу үшін жақсылап жұмыс істеп жатырмыз, – деді жас кәсіпкер.

Елімізде ашылып жатқан кофеханалар сан алуан болғанымен, олардың бәрі экспортқа шығуға қауқарсыз дейді кәсіпкер. Ал Аят командасымен шетел нарығына ену үшін арнайы жоспар әзірлеген.
– Ол «Экономия на масштабах» деген бизнес стратегия. Өнімдерімізді төменгі бағамен саудалап, тиісінше кететін шығынды үнемдеу арқылы өзге елдерге бара аламыз.

Біздің өнім халықаралық стандарттарға сай. Жобамыз сәтті жүзеге асқаннан болар, көптеген қалалардан серіктес ретінде бизнес идеяны сатып алып, біздің нұсқаулығымызбен өз кәсібін жүргізіп отырғандар да бар. Оларды қаламызға тарту арқылы мегаполистің ішкі туризмін дамытуға өз үлесімізді қосып жатырмыз деп айтуға толық негіз бар. Біздің франшизаны сатып алуға келген кәсіпкерлер қалада кемі 4-5 күн жүреді. Олар қонақ үйлерде түнеп, мейрамханаларда тамақтанады. Ал бос уақыттарында қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасайды, – деді жас кәсіпкер.

Кофеханалар желісінің иесі кәсіпкер Аят бизнесті 14 пайыздық несиемен бастағанын, басында қаржылық қиындықтарға тап болғанын, бүгінде кәсіпкерлер үшін 6 пайыздық несие тіпті сыйлық секілді екендігін сол жиында айтқан екен.

– Бұл – өте дұрыс бастама. Біз кәсібімізді бастағанда тұтынушылық несиені 14 пайызбен алғанбыз. Ол кезде несие алу 18 пайыз болған. Сондықтан 14 пайыздық үстемақыға ерекше қуанғанбыз.

Ал қазір кәсібін бастаймын деген кәсіпкер үшін 6 пайыздық үстемақымен несие беру – мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. Әрине, жас кәсіпкерлер үшін өте жағымды жаңалық, - дейді ол.

"Армансыз адам қанатсыз құспен тең"

 DSC9863

Жастар жылында түрлі шаралар мен форумдарда сөз алып өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген Аят Азимов үшінші мегаполисте орта және шағын бизнесті несие алып дамытуға болатынын айтады.
– Шет мемлекет немесе еліміздің өзге қалаларынан келген қонақтар қаламызда бизнесте бәсекелестіктің аз екенін жиі айтатыны бар.

Егер жұмыссыз жастар жеңілдетілген 6 пайыздық үстемеқымен несиеге 3 млн теңге алып кәсіп ашса, онда екі жылда 400-500 мың теңге көлемінде ай сайын табыс табуына болады. Бұл жерде әрине қаржылық сауаттылық қажет. Алдымен бизнес жобаңыз, нақты жоспарыңыз айқын болуы шарт. Қайда жүрсем де замандастарымды кәсіп ашуға шақырамын. Өзім осы саланы оқығандықтан, біз бәрін есептей келе шешім қабылдаймыз, – дейді ол.

Әлеуметтік желілерде белсенді қолданып, көп жастарға кеңестерін бөлісіп жүрген Аят қолы қалт еткенде белгілі кәсіпкерлермен сұхбаттасқанды ұнатады екен.
– Көп оқығанның пайдасын көріп жүрміз ғой. Өзім де «Мемлекет және бизнес» атты іскерлік тақырыбында кітап жазуды ойланып жүрмін. Кәсіпкерлерден де сұхбат алып жүргенім осы бір игі істің алғашқы қадамдары деп қарауға болады. Сол материалдар кітапқа енеді. Ол екі тілде жарық көретін болады.

Ал жақын бес жылдықта өзімді дамыған мегаполистегі ірі компанияның басшысы ретінде елестетемін әрі осы мақсатқа жетуге бар күшімді саламын, – дейді Аят Азимов.

P.S.

Қазақ қазір әл-ауқатын көтеріп, тұрмыс жағдайын түзеудің қамымен жүр. Араларында байып кеткендер де, жеңіл жолмен келген дүниені қарпып қалудың жолын таппай әуре-сарсаңға түскендер де бар. Кәсіп ашып, таза байлыққа кенелгісі келетіндер де кездеседі. Алайда, олардың ішінде соның нақты тетігін білмейтіндер баршылық. Олар да Аят пен оның достары секілді ізденсе дейсің... Әйтпесе, еріншектіктің шыңына жетіп, масылдыққа бой алдырып бара жатқандаймыз.

Последнее изменение Пятница, 20 Сентябрь 2019 04:18