Желіден тапқан миллиондар...

Пятница, 22 Ноябрь 2019 06:01 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3631 раз

Сапар – кәсібін интернетпен байланыстырған жас. Дәлірегі, маркетолог. «Promotion marketing agency» ЖШС-нің негізін қалаушы кәсіпкердің қарамағында өзі секілді еңбекқор 10 жұмысшысы бар. Бүгінде ірі компаниялар мен кәсіпкерлерге әлеуметтік желі арқылы өнімдерін сатуға көмектесіп жүр. Қолынан іс келетін адамға бизнес ашып бере алады. Бізді қызықтырғаны оның бизнесі емес, білімі еді. Өйткені, Сапардың жоғарғы білімі туралы дипломы жоқ. Есесіне, 21 жасында миллионер атанды.

DSC 9396

Жұмысқа тұруға асықтым

Шымкенттегі колледждердің бірінде ақпараттық технологиялар мамандығын тәмамдаған Сапар Әбдірахманның еңбек жолы өзге қатарластарына қарағанда ертерек басталған. Бір өкініштісі, үш жылдық арнаулы білімімен жұмысқа орналасу мүмкін болмапты. Содан ол арман қуып елордаға аттанады. Алайда тәтті қиялы іске аса қоймаған көрінеді. Құрылыстан бір-ақ шыққан жас шаштараз, даяшы, асаба, әнші болып күнелтуге тура келген сәтсіздікке толы кездерін қазір жымиып еске алады.

– Білім алып жүрген жылдары көздегенім тек қызыл диплом болатын. Сондағы бар ойым ата-анамды үздік бағаға бітіріп қуантамын деп түсініппін. Жетісайдан бала арманымен келген Сапардың шырайлы шаһардағы студенттік жылдары зымырап өте шыққанын да байқамай қалдым. Бәрінен де жұмысқа орналасу қиынның қиыны болды. Жарты жылдай екі қолға бір күрек таппай, сандалып жүріп алдым. Ақыры бір мәнісі болмаған соң, тәуекелге бел буып еліміздің бас қаласына аттандым.

Онда ағам жұмыс істейтін. Көптің қатарында бөліп-жармай реті келген жұмысты істеуге тура келді. Ағам темір жол саласында бір бос жұмыс орынның барын айтты. Оқыған мамандығым бойынша жұмыс істеймін-ау деген іштей қуаныш сезілді. Бірақ ол қуанышым көпке ұзамады. Аты дардай компанияның іші толған орыс тілді кадрлар жиналған. Бес ай әрең шыдадым, – дейді Сапар Мұқтарұлы.

Жоғары оқу орнына түсуге емес, Сапар жұмысқа орналасуға асыққанын айтады. Сөйтіп жүргенде кәсіпкер ағаларынан ұсыныс түсіп, тауарын сатып көзге түседі. Бір айда тапқан табысы да көңілге демеу болыпты. Сонда жеке кәсібін бастауға ниеттенген. Алматыда интернет маркетинг бойынша сабақ алып, осында жүріп алғашқы миллионын тапқан. Бір жылдан бері еліміздің үшінші мегаполисінде қазақша интернет жарнамасымен айналысады.

– Барды бағаламаймыз. Қазір мүмкіндіктер дәуірі. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы пайда табуға болады. Инстаграмнан тапқан табысыммен он отбасыны асырап отырмын. Тиыннан теңге құрап жүріп, үйлендім. Ұлым бар. Жалқаулыққа салынған жастардың емес, үнемі ізденісте жүретін жандардың қатарынан табылғым келетін.

Армандар алдамайды. Мақсатымның орындалып жатқанына қуанамын. Бастысы дүниенің соңына түскен жоқпын деп түсінемін. Замандастарыма ақыл-кеңесімді айтып жүремін. Тіпті, табысқа жету жолындағы өзімнің жеке семинар-тренингтерімді өткіздім. Бас-аяғы 5000-ға жуық адам қатысыпты. Бұл да бір жетістік деп білемін, – дейді маркетолог.

Арманым – инвестор атану

«Алма піс, аузыма түс» демей-ақ қолдағы бар мүміндікті жарата білген Сапардың алға қойған мақсаттары айқын, жоспары нық. Бір қызығы ол әр салада өз мүмкіндіктерін сынамақ. Жарнамамен тағы екі жыл айналысса, келесі үш жылда IT-маманы ретінде танылмақ. «Оған колледжде алған білімім жеткілікті» дейді. Ал, ең үлкен арманы – инвестор атану.

75

– Талапшыл басшымын деп айта аламын. Әріптестерім әр үш ай сайын жаңарып отырады. Оның өзіндік сыры бар. Бір орында тұрақтап қалуға болмайды. Онда өсу байқалмайды. Үнемі адам өз-өзін жетілдіріп отыруы керек. Спортпен күнделікті шұғылдану қажет. Әлемге әйгілі бизнесмендердің өмірлік ұстанымдарына зер саламын.

Ұқсамасақ та, тырысып бағамын. Нәтижесін уақыты келгенде көреміз. Қазір тұтынушылардың қазақ тілге деген сұранысын арттыру үшін мейілінше жарнаманы қазақша береміз. 20 компаниямен серіктеспіз. Қаланың дамуы экономикаға оң әсерін тигізсе, жастардың ой-өрісі, танымының дамуы халықтың әл ауқатын арттыруға әкеледі.

Жаппай кәсіп ашып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, әрине. Заманның сұранысына сай, бәсекеге қабілетті болу керек деп ойлаймын. Сонда ғана дамыған елдердің қатарына енеміз. IT саласы арқылы сервистік қызметтердің сапасын арттыруды басты назарға алып отырмыз. Тауарды сіз іздеп бармайсыз, олар сізді іздеп үйіңізге келетін жобалар жасаймыз,– дейді ол.

ТҮЙІН.

Халықаралық сарапшылардың болжамдарына сәйкес, 2023 жылға қарай электрондық коммерцияның әлемдік нарығы 2,8 трлн АҚШ долларына дейін жетеді-мыс. Ал еліміз цифрлық жүйеге толық көшті деуге әлі ерте. Бір ғана тамақтану орындарына тоқталсақ. Шымкентте 1500-ден астам мейрамхана болса, соның тек 20 пайызында ғана онлайн төлем жүйесі бар. Ал базарлар мен сауда орындарындағы сатушылардың тек қолма-қол есеп айырысатыны айтпаса да түсінікті жағдай. Ал Сапар секілді жастардың кәсіпкерлерге цифрлық сауатты үйретуі ішкі әрі отандық өнімнің нарыққа енуіне үлкен септігін тигізері анық. Жастар жылы бізге не берді деп емес, біз Жастар жылында не тындырдық дейтін Сапардай алғыр өрім жігіттер ел үшін қызмет істеуден жалықпаса... Ал ол санаға сілкініс алып келетіні сөзсіз.

ФОТО: Береке СЕЙІТЖАППАР