Гүл – сұлулық, бизнес Избранное

Пятница, 07 Февраль 2020 03:41 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 1402 раз

Есігінің алдында үйіргелік жері бар қала тұрғындары шағын жылыжай салып, голландиялық раушан гүлдер өсіруімен айналысуына болады. Бұл бизнес туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы шығарған бизнес жобалар кітабында жан-жақты айтылған.

DSC00680

Гүл өсіруге арналған дайын бизнес-жобаны іске асыруға 3,3 млн. теңге қажет. Құйған қаржыны 14 айда өтеп алуға болады. Жалпы бұл кәсіпкерлік тиімді бизнестің қатарына кіреді. Өйткені, гүлге деген сұраныс қоғамда ешқашан азаймаған. Гүлсіз өмірді елестету мүмкін емес. Біреуге ізет көрсетсек, құрметтесек, ізгі ниетімізді білдіру үшін гүл береміз. Әсіресе қызға сезімді жеткізудің бір тәсілі гүл сыйлау екені белгілі. Тіпті ресми кездесулердің өзінде қонақтарды гүлмен қарсы алмаймыз ба?!

Көріп отырғанымыздай, өмірде адамдар бір-бірімен қарым-қатынасты нығайту, тіршілікке сән беру мақсатында гүлді жиі пайдаланады. Онсыз дүние де сұлу емес секілді. Гүл өсіру пайдалы кәсіп болғандықтан алған өнімді де өткізу оңай. Ал, оны жылыжайда өсірудің көптеген артықшылықтары бар. Мәселен, мұндай жағдайда кәсіпкер ауа райына тәуелді болмайды. Өсімдіктер қоршаған ортаның зияндылығынан сақталады. Жылу мен ылғал гүлдерге бірдей таралып, таза сумен суарылады.

Өнім көлемін көбейте отырып, одан түскен табысты жаңа технологияларға жұмсап, тауардың өзіндік құнын азайтуға болады. Негізінде жылыжай бизнесі Қазақстанның оңтүстік өңірінде жақсы дамыған. Оның үстіне осы салада табыс тауып жүрген бизнес өкілдері солтүстік өңірлерде жылыжай салып, коммуналдық төлемдерге шығындалғаннан гөрі ол жақтарға оңтүстіктен тасымалдаған тиімді деп есептейді.

Бүгінде елімізде мерекелік шаралар, атаулы датаға байланысты түрлі банкеттер, тойлар жиі өтуде. Сондықтан гүлді алатын клиенттер әрдайым табылады. Осы дайын бизнес жоспарда көрсетілгендей жылыжай салу үшін 100 шаршы метр жер қажет. Жылыжай сырты поликорбонатпен қапталады. Керекті қаржының 300 мың теңгесін кәсіпкер жеке өз қалтасынан шығарса, қалған 3 млн теңгені грант есебінде ұтып алуына болады.

Гүл өсірудің шебері ретінде әлемде Нидерланды елі танымал. Нидерландық селекционерлер осы кезге дейін гүлдің небір түрлерін сұрыптап шығарды. Голландиялық раушан гүлдерді міндетті түрде сол елде өсіру шарт емес. Жылы ауа райы, топырағы құнарлы жер болса болды. Елімізге келіп жатқан раушан гүлдердің тап сол Нидерландыдан импортталып жатпағаны айқын. Сондықтан неге оларды өзімізде өсіріп, пайдасын өзіміз көрмеске?!

Голландиялық раушан гүлдердің түрі сан алуан. Олар қауызы мен жапырағы, иісі, бір сабақтағы гүл санына қарай көптеген түрге бөлінеді. Әдетте мұндай гүлдер кесілген соң ұзақ уақытқа шыдайды. Ол кемінде екі апта мерзімді алуы мүмкін. Бұл күнде адамдар құмыраға отырғызылған раушан гүлдерге көбірек таңдау жасайтын болған.

Гүл өсіру сырттай қарағанға қарапайым кәсіп болып көрінгенімен, біраз тәуекелге баратын бизнес. Қазақстанда одан нақты қанша табыс түсетіндігі жайлы ресми дерек жоқ. Дегенмен, бейресми ақпаратқа сүйенсек, ішкі нарықтағы пайдасы 100 млн доллар көлемінде көрінеді. Сонымен бірге, елімізге жыл сайын 30 млн доллар шамасында гүл импортталады. Қазақстанда саудаланатын гүлдің негізгі тұтынушылары Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының тұрғындары саналады. Жалпы сатылымның 70-80 пайызы осы екі қалаға тиесілі. Мәселен бір Алматының өзінде мыңнан астам гүл салоны бар. Бұл есепке базарлар мен жеке сауда орындары кірмейді. Яғни Шымкент бағбандары үшін өнімін өткізетін жер әрдайым табылады деген сөз.

Гүл бизнесі Қазақстанда төрт түрлі жолмен қалыптасып отыр. Мәселен, гүлді сырттан тасымалдайтын компаниялар бар. Немесе оны кейбір шаруашылықтар өзімізде өсіреді. Бұдан бөлек көтерме және бөлшек саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлер де гүл саудасының көрігін қыздырып отыр. Ал, ғаламтор арқылы гүл сатудың көрсеткіші елімізде әлі төмен деңгейде, небәрі 1-2 ғана пайызды құрайды екен. Дерек бойынша ішкі нарықтағы гүлдің 30 пайызы жергілікті өнім болса, қалғаны сырттан әкелінеді. Қазақстанға гүл экспорттаушы елдер қатарында Эквадор, Нидерланды және Колумбияның үлесі басым. Қытай мен Өзбекстаннан да импортталады.

rose freedom plantation

Шетелдік гүлдерге тәуелділікті азайту мақсатында елімізде соңғы 3-5 жылда жылыжай шаруашылықтарын дамыту, гүл өсірушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету қарастырылуда.
Кәсіпкерлікте табысқа кенелудің бірден-бір жолы – өндіріс шығыны төмен болуы керек және өнім баға жағынан бәсекелестікке төтеп беруі қажет. Дегенмен, бәсекелестер қарсыласын шығынға батыру үшін бағаны күрт төмендетіп жіберуі мүмкін. Өйткені олардың бағаны арзан ұстап тұруға өндірістік қуаттылығы мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жағдайда нарыққа енді кірген кәсіпкер жарнамаға көбірек көңіл бөлгені жөн.

Голландиялық раушан гүлдер өсірілетін жылыжай мына талаптарға сәйкес болуы қажет. Жылыжай биік, іштегі жылуы қатаң бақылауда, ылғалды, желдетілген, аздап жарықтандырылған болуы керек. Және тамшылатып суару әдісі мен сапалы тыңайтқыш қолданылуы тиіс. Раушанды отырғызарда топырағы алдын ала дайындалады. Мәселен, 1 шаршы метрді құнарландыру үшін 10 келі торф, 20 келі қи, 30 грамм суперфосфат және осыншама күкірт қышқылды аммоний қолданылады. Дегенмен топырақты тыңайтудың басқа да түрлерін пайдалануға болады.

Топырақ температурасы 12 градусқа көтерілуі және раушан гүл көшеттері 2 шаршы метрге 20 данадан егілуі тиіс. Сонымен бірге 1 метр тереңдікте және арақашықтығы 5 метрден дренаж жүйесі жүргізіледі. Күн сәулесінің раушан гүл жапырақтарына түсіп тұрғаны абзал. Сондай-ақ алғашқы гүлшанақ пайда болған кезде бутонды майыстыру қажет екен. Сонда қуат нәрі гүлдің бойына кетпей, тамырында жинақталады.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.