Идеядан бизнеске дейін немесе кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетіктері

Среда, 19 Февраль 2020 03:58 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 991 раз

Бүгінде кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау шаралары жыл санап жақсарып, тиісінше бизнес субъектілерді қаржыландыруға айтарлықтай көңіл бөлінуде. «Бизнестің жол картасы -2020» мемлекеттік бағдарламасын Үкімет 2025 жылға дейін ұзартуы да соның бір айғағы. Яғни, ел тұрғындары үшін бизнес әліппесін үйреніп, өз ісін бастауына мүмкіндіктің жаңа көкжиегі ашылып отыр деген сөз. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Шымкент қалалық филиалының директоры Алмас Тастанов үшінші мегаполисте шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған жұмыстардың барысын әңгімеледі.

IMG-20200210-WA0008

– Алмас Құлмаханұлы республикалық маңызы бар қаланың кәсіпкерлік әлеуеті қандай, ілгерілеу бар ма?

– Шымкенттің кәсіпкерлік әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Шымшаһарда кәсіпке бет бұрғандар да көбейді. Олар қаланың қазынасын толықтырып қана қоймай, тауарлар мен қызметтердің түрін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мұрындық болып отыр. Бұған дейін қаламызда оңтүстік өңірі үшін бір ғана филиал болатын. Ал Шымкент қаласы бойынша қордың бөлімшесінің құрылғанына жарты жылдан асты. Осы жартыжылдықта да қомақты жұмыстар істелді. Көрсеткіштер бар. Қаржылық емес бағыт бойынша 1 000-нан астам кәсіпкерге тегін кеңес бердік. 300-ге жуық кәсіпкердің құжатын екінші деңгейлі банктерге рәсімдеуге көмектестік.

Ал қаржылай қолдауға ие болғандарға тоқталып өтсем, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Үш бағыттан тұратын бұл бағдарламаның негізгі мақсаты — қалалалар мен ауылдарды қамти отырып кәсіпкерліктің қанатын кеңейту болып табылады. Бұл бағдарламада бұрынғыдай субсидия мен қордың кепілі беріледі. Енгізілген өзгерістің әрі ерекшеліктің бірі – франшиза беру бағыты енгізілді. Бұл кәсібін енді бастағандар үшін екінші деңгейлі банктерге төлем қабілеттерін растауда тиімді. Жалпы өткен жылы 59 жобаға субсидия бөлінді. Кредит сомасы – 10 млрд теңгеден асады. Кепіл беру бойынша 30 жобаны қолдадық.

Кепіл заттың сомасы 921 млн теңгені құрады. Яғни, кәсіпкерлер осынша қаражатқа қол жеткізіп, өз кәсібін дөңгелетіп жатыр. Бұдан басқа, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған тағы бір бағдарлама — нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы. Бұл бағдарлама арқылы бизнес-жоспарды іске асыру үшін «Даму» қорының кепіл беруімен жылына 6 пайызбен 20 млн теңгеге дейін шағын несие алуға болады. Шілде айында аталмыш бағдарламаға 618,0 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат үш банкке орналастырылды. Атап айтсақ, «Halyk Bank», «Сбербанк», «Forte bank». Бұл бағдарлама асында 110 жоба қаржыландырылды.

Оның ішінде 42 жобаға кепіл бердік. Кепілдік – ол алғалы тұрған қаражаттың бастапқы 20 пайыздық сомасы. Ал үшінші қаржылық бағдарлама қарапайым заттар экономикасы бойынша жалпы сомасы 3, 1 млрд теңгені құрайтын 10 жобаға қолдау көрсеттік. Жоғарыда айтып өткен көрсеткіштердің барлығы өңірдегі кәсіпкерлердің қатары өскенін айғақтайды.

– Бағдарлама бойынша қаржы алу үрдісі қалай жүргізіледі?

– Егер сіздің бизнесіңіз бағдарламаға қатысушыларға арналған экономиканың басымды салалардың тізіміне енсе, сіз екінші деңгейлі банктерде несие рәсімдеу кезінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиеге кепіл беру сияқты мемлекеттік қолдау шарасын пайдалана аласыз. Алдымен, кәсіпкер банкке барып, несие алуға келісім алады, ол несиелік комитеттің үзіндісі ретінде беріледі. Шағын бизнестің жобаларын жеке меншік несие берушілер де бағалай алады. Банктегілер әрине, жұмыспен қамту, табыс туралы әдемі жазылған сөздердің бәрін оқиды, бірақ ең алдымен ол жобаның өміршеңдігіне қарамақ.

Кәсіпкер несиелік комитеттен үзінді алған соң әкімшілік жанындағы аймақтық үйлестіруші кеңеске (АҮК) барады. Бұл комиссияның 50%-ын Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері құрайтындығын еске салып өткім келеді. Хаттаманы алған соң кәсіпкер «Дамуға» келеді, онымен субсидиялау келісімшарты және кепілдікке қоятын мүлігі жетпесе, кепілдік келісімшарты жасалады. Сосын қор оның тұрақты қаржылық агенті болады.

Қолыңызда дайын бизнес жоспар болу керек. Эксперт-мамандар оны бағалап, микрокредит беру мүмкіндігі не мүмкін еместігі туралы қорытынды шығарады. Яғни, бір жылдан соң бизнесі тоқырауға ұшырамайтыны жөнінде зерттеп, зерделейді. Немесе интернет арқылы үйінен шықпай-ақ білуіне, 1418 Call-орталығына хабарласып кеңес алуына болады. Ең бастысы – идея. Жүргізе алатынын дәлелдесе, біздің тарапымыздан қолдауға ие болады.

– Бизнесте гендерлік саясатқа ерекше ықылас танытуда. Әйелдердің үлесіне тоқталып өтсеңіз.

– Соңғы жылдары ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 25,17 пайыз деңгейінде қалып отыр. Бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал 2050 жылы кем дегенде 50 пайызға жеткізу керек деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарлама іске асқаннан бастап субсидиялауға 260 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ал бағдарламаны ұзартқанда алдағы бес жылдыққа 421 млрд теңге қаржы қаралмақ.

Яғни, бір жарым есе көп. Жалпы ұлттық өнімнің үлесін жоғарылатуға бағытталған бағдарламаның тиімділігі осында. Өткен жылы гендерлік саясат бойынша біздің өңірдегі кәсіпкерлердің 25 пайызын әйелдер, ал 75 пайызын ерлер құраған. Жаңадан бизнес бастағандардың өзінде әйел азаматтардың үлесі басым. Олардың көпшілігі сұлулық салондары мен тігіншілік бойынша дәріс алды. Тәтті пісіріп сататындары да бар.

– Бізде кәсіп ашуды айтпағанда тұтынушылық несиеге дәніккендер көбейді. Кәсіп бастаушылардың қаржылық сауаттылығы қай деңгейде? Кәсіпкерлердің несиені өтей алмай қалуы сынды жайттар кездесе ме?

– Орынды сауал. Дегенмен әзірге аталған бағдарлама аясында мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпкерлердің ісін жүргізе алмай қалуы, несиесін қайтара алмауы сынды мәселелер болған жоқ. Себебі кәсіпкерлер негізінен өздері жақсы білетін, бұрын-соңды істеп көрген кәсіптерін дамытуға күш салып жатыр. Банктерге орналастырылған қаражат толығымен қайтарылуға жатады. Несие алған кәсіпкерлерге талап бойынша несие алу мерзімінің үштен бір бөлігіне тең уақытта каникул берілуі мүмкін. Яғни кәсіпкер толық аяғынан тұрып кеткенше несиесін банк талабына сай жеңілдетілген кесте бойынша төлей тұрады.

Осыдан 5-6 жыл бұрын кәсіпкерлер бизнес ашуға деп ақша алып, ол қаражатын мақсатсыз жұмсағандары болды. Бірақ қазір алдымен сауатын арттырып кейін қаржылай қолдау шараларын жүргіземіз. Төлем қабілеттілігі маңызды болып табылады. Өйткені аталған бағдарламада бөлінген қаражатты қайтара отырып ішкі өнімді, еңбек күшін арттыру көзделген. Ал тұтынушылық несиеге тоқталсақ, рас, көптеген азаматтардың екінші деңгейлі банктер алдында берешегі бар.

Бірақ жыл санап бізде кредит алу мәдениеті қалыптасып келеді. Ақша-несие саясатында да оң өзгерістер көп. Өзім алдымен барлық қажеттіліктермен танысып алуға, ой елегінен өткізіп бір сәт ақылға салып іс бастауға кеңес берер едім. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – адамды еңбекке баулып, табысқа қарай ұмтылысын ынталандырып, қолдау қажет. Ал табысты болу кәсіпкердің еншісінде.

– Әңгімеңізге рақмет.