Версия для печати

Жеңіл өнеркәсіптің жеңіл емес проблемалары

Среда, 26 Февраль 2020 03:53 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4515 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласына ҚР Парламенті Сенатының экономикалық саясат, инновациялық және кәсіпкерлік даму комитетінің бір топ депутаты Ә.Құртаев, С.Жақсыбеков және Д.Әділбеков жұмыс сапарымен келді. Іссапар мақсаты «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жағдайы және өнімділігі жоғары бизнестің даму қарқыны» тақырыбында өтетін Парламенттік тыңдаулар қарсаңында Шымқалада көшпелі жиналыс ұйымдастыру мен жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындар жұмысымен танысу.

 DSC0235

Сенаторлар қаладағы бірнеше тоқыма кәсіпорындарын аралап, жұмыстарын көрді. Басшыларымен тілдесіп, саладағы түйткілді мәселелер төңірегінде келелі ой қозғап, өзара пікір алмасты.
Сенат депутаттары ат басын бұрған «Гаухар» тігін фабрикасы негізінен мемлекеттік тапсырыс бойынша мектеп формаларын, тұрмыстық тоқыма бұйымдары мен күштік құрылымдарға арналған киімдер тігеді. Бүгінгі таңда кәсіпорын Ресейдің құқық қорғау органдарына және «Роснефть» компаниясының мамандарына тапсырыс бойынша жұмысшы киімдерін тігіп жатыр.

Фабрика басшысы Ә.Халбаева Ресей нарығына кіру, ол жақтың тендеріне қатысу өте қиын, әкімшілік кедергілер көп екенін айтып қалды. Ал, «неге халыққа арналған киімдер шығармайсыздар, егер мемлекеттік тапсырыс болмай қалса, жұмыстарыңыз тоқтап қалады ғой» деген сенаторлар сауалына кәсіпорын басшысы: «иә, әзірге күнделікті киюге арналған киімдер тіге алмаймыз. Себебі, нарықта бәсекелестік өте жоғары. Әсіресе баға жағынан отандық өндірушілер бірден ұтылып қалады. Сондықтан мемлекеттік тапсырыспен күн көруге мәжбүрміз. Жалпы отандық жеңіл өнеркәсіп саласында шешілмеген проблемалар шаш-етектен. Толғандырар мәселелер өте көп» деген ойын жеткізді.

Соған қарамастан тігін фабрикасы қал-қадірінше жұмыс өнімділігін арттыруға, инновациялық технологияларды меңгеруге барынша тырысып жатыр. Мәселен, пішу жұмыстары бүгінде фабрикада 3D технологиясының көмегімен атқарылады. Сондай-ақ мұнда күштік құрылымдарға арналған киім тігу барысында су өткізбейтін ең соңғы үлгідегі заманауи маталар қолданылады. Ал, арнаулы киімдердің өзінің ассортименті бірнеше түрге көбейген. Өз кезегінде кәсіпорын басшысы баға ұсынысы бойынша тендерге қатысу фабрика жұмысының уақыт пен өнім сапасына біраз кері әсерін тиігізіп жатқанына тоқталып, сол үшін бұл мәселені шешудің тиімді жақтарын қарастырып көру қажет деген ұсынысын білдірді.

 DSC0446

Депуттар мұнан соң «AZALA Textile» ЖШС фабрикасына ат басын тіреді. Кәсіпорын құрылтайшысы Б.Жамаловтың бастауымен сенаторлар мақта талшығын өңдеуден бастап, одан жіп иіру әрі қарай ол жіптен мата тоқу секілді өндірістік процестермен жақынырақ танысты. Компания 15 мың тонна мақта өңдеп, жылына 14 млн қума метр мата тоқиды. Алайда бұл дайын өнім емес, шикізат болып саналады. Келесі кезекте бұл «шикі мата» Италияға жөнелтіліп, ол Қазақстанға боялып, дайын өнім болып қайта импортталады. Сондықтан кәсіпорын басшылығы мүмкіндігінше шикізатты өз елімізде өңдеп, шетелге тек дайын өнім түрінде экспорттау қажеттігіне назар аударды.

Дегенмен фабриканың сапалы маталары, төсек-орын жабдықтары, ванна халаттары мен сүлгілер Қазақстаннан гөрі Италия мен Германия елдеріне жөнелтіліп жатыр. Айталық компания шығарып жатқан өнімнің 90 пайызға жуығын шетелдік экспорт құрайды. Мұнда да жоғарыда көтерілген проблеманың бар екендігі белгілі болды. Яғни, бұлардың да мемлекеттік тапсырысқа көбірек арқа сүйейтіні, бірақ қазір сол тендерден маза қашып тұрғаны айтылды. Сондықтан отандық өнімді қолдау үшін фабрика директоры Г.Садықбекова республикаға, облысқа бағынышты мекемелерді мемлекеттік тапсырыс кезінде сапалы жергілікті кәсіпорынның өніміне көбірек таңдау жасауға шақырды.

Түстен кейін ҚР Парламенті Сенатының экономикалық саясат, инновациялық және кәсіпкерлік даму комитетінің төрағасы С.Жақсыбеков бастаған депутаттар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында болып, «AZALA Cotton», «Бал Текстиль» және «АГФ-групп» тоқыма фабрикаларына бас сұқты.

 DSC0502

Іс-сапар соңында сенаторлар арнайы экономикалық аймақ әкімшілігінде жеңіл өнеркәсіп саласында жергілікті бизнес өкілдері жиі кез болатын негізгі проблемаларды ортаға салды. Өзара пікір алмасып, аталған проблемалардан шығудың жолдарын бірлесіп қарастырды. Өз сөзінде С.Жақсыбеков қиындықтарға қарамастан елімізде жеңіл өнеркәсіп қарқынды дамып келе жатқанын, жалпы бұл салаға мемлекет ерекше назар аударып отырғанын, себебі жеңіл өнеркәсіпте халықтың көп бөлігі жұмыс істейтіндіктен оның қоғамдағы әлеуметтік маңыздылығы өте басым екендігін атап өтті.

Сондықтан тоқыма өнеркәсібіндегі бүгінгі ахуал, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардағы жағдай әлде де терең талдау мен зерттеуді қажет етеді. Сондай-ақ депутаттар жиын соңында жергілікті тоқыма фабрикалары шығарып жатқан өнімдердің сапасы бағасына сәйкес келу керек, ең басты – талап отандық өнімдер бәсекеге қабілетті болуы қажет, ал өндіріс орындары еңбек өнімділігін арттырудың түрлі жолдарын қарастырулары тиіс деген ой қорытты.