Агросаланы дамытуда 8 жаңа жоба жүзеге асырылады Избранное

Среда, 04 Март 2020 03:49 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3158 раз

Шымкент қаласында егін салу, мал ұстау күнкөрістің негізгі көзі болмаса да мегаполисте ауыл шаруашылығы басты салалардың біріне кіреді.

84087212 802791230235457 8146982288207380480 o

Агросаланы дамыту мақсатында шаһарда 8 ірі ауыл шаруашылығына бағытталған жобаларды іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, «Таза өнім» шаруа қожалығы әуежай маңынан 6 гектарға жылыжай салмақ. Бұдан бұрын аталмыш шаруашылық 3 гектар жылыжай жобасын жүзеге асырған. Сонда жылыжайдың жалпы көлемі 9 гектарға ұлғаяды. «Shymkent Agro Holding» ЖШС Абай ауданынан мың басқа арналған ешкі асырайтын ферма ашуды жоспарлап отыр. Ал, «Жұлдыз» шаруа қожалығы сағатына 2,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорынды іске қосады.

Тағы бір компания «Дары Сайрама» ЖШС өндірісін кеңейту мақсатында сағатына 3 тонна өнім шығаратын қалбырлау цехын қолға алады. «Шарипов» шаруа қожалығы болса, Мәртөбе ауылынан 5 гектарға жылыжай салуды көздеуде. Және бір «Рассвет» деп аталатын шаруа қожалығы 200 басқа арналған сүт фермасын ашуға ниеттеніп отыр. «Шымкент құс» ЖШС өндірістік қуаттылығы жылына 2 мың тоннаны құрайтын құс етін өндіретін кәсіпорынды іске қосуды жоспарлауда. Соңғы жоба – «Бесқара» ЖШС «Бадам» су қоймасы маңынан 142 гектарға алма бауын екпек.

Аталмыш жобалардың барлығы да биыл жүзеге асырылатындар. Жалпы биыл 20-дан астам инвестициялық жобалар іске қосылатын болады. Олардың жалпы құны 13 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды. Сондай-ақ осы жобалардың арқасында 1550 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Аталмыш жобаларды жүзеге асыруға қажетті қаражат «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, «Агрокредиттік несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы тартылса, инвестицияның қалған бөлігі кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен құралды.

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының биылғы жылға белгілеген негізгі жоспары бойынша жаңадан салынатын жылыжайлар көлемін қосымша 30 гектарға ұлғайтып, оның жалпы аумағын 213,8 гектарға жеткізбек. Соның ішінде өнеркәсіптік жылыжайлар 86,1 гектарға артады. Сондай-ақ 1165 гектарға қарқынды бау отырғызылып, оның жалпы көлемі 1404,2 гектарға ұлғая түспек. Сонымен бірге биыл сыйымдылығы мың бастан жоғары 12 мал бордақылау алаңы іске қосылып, бордақыланатын өгізшелер саны 24 мың басты құрап, ссоның есебінен сойылған мал етінің экспортын өсіру жоспарда тұр.

Яғни қалалық ауыл шаруашылығы басқарамасы агросаладағы жалпы өнім көлемін 104 пайызға, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 104 пайызға және өткен жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігін 103 пайызға арттыруды көздеп отыр.

Енді ресми деректерге қысқаша көз жүгіртсек, қаланың жалпы жер көлемі 116,3 мың гектар болса, соның жартысынан астамы ауыл шаруашылығы мақсатына жарамды жерлерге жатады. 2018 жылы 25,7 мың гектар жер игерілсе, былтыр бұл көрсеткіш 26,8 мың гектарға ұлғайған. Өткен жылы егілген ауыл шаруашылығы дақылдары ішінен көкөніс, бақша, картоп, мал азығы, майлы және дәнді дақылдардың барлығын қосқанда 78,7 мың тонна өнім жиналды. Өнім көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама артқан.

Бұның бірнеше басты себебі бар. Мәселен соңғы жылдары көптеген суармалы жерлер қайта қалпына келтірілді, агротехнологиялық іс-шаралар мерзімінде жүргізілді, өндіріске ылғал үнемдеу және тамшылатып суару технологиялары енгізілді, сондай-ақ егістік жүйесі әртараптандырылды. Сонымен бірге былтыр 29,4 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Ал, бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 1972,5 мың теңгені құраған. Бұдан өзге ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 1 111,2 млн теңге инвестиция тартылған. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша экспортталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 129,6 млн АҚШ долларына жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 92,5 млн АҚШ долларына артық.

Қаладағы 27 канал коммуналдық меншікте. Ресми дерек бойынша, былтыр «Көк», «Шымкент», «Чумчак», «Жаңа Сайрамсу оңжағалау», «Сай ниже водопада» каналдарын күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, бүгінде олар мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал, «БМК», «Сасық-1», «Чинат-1», «Улух», «Ханка» каналдарын күрделі жөндеуге байланысты жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуға жіберілді. Қалада 80,7 мың ірі қара, 95,4 мың ұсақ мал, 14,8 мың жылқы, 1058,9 мың үй құсы бар.

Былтыр 14,1 мың тонна ет, 45,7 мың тонна сүт, 123,2 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Сонымен қатар агроиндустриалды аймақ құру үшін 136,29 гектар жер учаскесі «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның иелігіне берілді. Аталған аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 30-ға тарта кәсіпорын мен өнеркәсіптік жылыжайлар салу жоспарлануда. Шымкент қаласынан және облыстардан келген өнімдер осындағы қоймаларда сақталып, сұрыпталады және фитосанитарлық бақылаудан өткізілетін болады.

Сондай-ақ қайта өңдеуге немесе экспортқа да осы агроиндустриалық аймақтағы қоймалардан жіберіледі. Бүгінгі таңда бұған инвесторлар тарту мақсатында аймақтың презентациясы жасалынып, ол ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы шетелдердің елшіліктеріне жіберілді. Қазіргі таңда инвесторлар мұнда өнеркәсіптік жылыжайға арналған 4 жобаны және биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем дайындау мен сүт өңдеу зауытын салу бойынша бір-бір жобадан жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Бұдан бөлек былтыр шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 4 721,5 млн теңге көлемінде арзан пайызды несиеге қол жеткізді. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 11 жобаға жоғарыда аталған қаржы институты несие бөлді.

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметі бойынша биылға осы бағдарламаны қолдау мақсатында 500 млн теңге бөлу қарастырылып отыр. Бұл қаражат алынған несие пайызының біраз бөлігін субсидиялауға жұмсалады. Осы күнге дейін басқарма арқылы 5 агроөнеркәсіптік кешені субъектісі несие алған. Ереже бойынша аталған бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкердің жобасы бұрыннан жұмыс істеп тұрған болуы шарт. Яғни стартап жобаларға, былайша айтқанда енді ғана қолға алынатын жаңа бизнес бастамаларға бұл бағдарлама бойынша несие берілмейді.

71524969 701547087026539 8961185599356665856 o

Стартап жобалар екінші деңгейлі банктердің көмегімен «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде жылдық мөлшерлемесі 6 пайызбен қаржыландырылады. Ол үшін жаңадан жеке іс бастағысы келген азаматтар банкке қаладағы Жұмыспен қамту орталығынан анықтама мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан сертификат әкеп өткізуі керек.

Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қаладағы Халық банкі, «Агрокредиттік корпорациясы», Банк центркредит, АТФ банк сынды қаржы институттары 15 пайызбен несие береді. Оның 9 пайызы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы субсидияланады. Сонда кәсіпкер бар-жоғы алған несиесін 6-ақ пайыздық үстемемен қайтарады. Бұл бағдарлама бойынша жобаның ауқымдылығы мен кәсіпкерлік нысанның табыстылығына қарай 300 млн теңгеге дейін несие беру қарастырылған.