Версия для печати

Экономика жақсармайды

Пятница, 20 Март 2020 19:01 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3863 раз
Оцените материал
(0 голосов)

fy5bdfn5

«Жығылғанға жұдырық» демекші, коронавирус әлемді әлекке салып жатқанда мұнайлы елдердің бір-бірімен экономикалық жауласуы жаһандағы жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді.

ОПЕК ұйымына кіретін елдердің жиынында мұнай өндірісін қысқарту туралы ұсыныс айтылады. Алайда Ресей бұл ұсынысты қабылдамай, «қара алтын» өндірісін азайтуға келіспейді. Бұған жауап ретінде Сауд Арабиясы керісінше өндіріс көлемін ұлғайтып, төмен бағада сатуға көшеді. Бұл мұнай нарығында тұрақсыздық тудырып, «қара алтын» құнының күрт құлдырауына әкеп соқтырады. Бұдан бірінші кезекте мемлекеттік табысы шикізатқа байланған елдер зиян шекті. Сарапшылардың болжамынша брент маркалы мұнайдың баррелі 20 долларға дейін арзандауы мүмкін. Дәл осындай экономикалық қырғи-қабақтық сексенінші жылдардың соңында орын алып, нәтижесінде КСРО-ның күйреуімен аяқталған еді. Ресей мен Сауд Арабиясының арасындағы экономикалық соғыс қайта басталған сыңайлы. Бұл жолы жеңіс кімге бұйыратыны әлі белгісіз. Белгілісі Ресей рублі соңғы күндері долларға шаққанда біршама құнсызданды. Оның соңынан ұлттық валютамыздың да құны төмендеді. Әр ел бұл текетіресте өзінің абыройын сақтап қалуға тырысып жатыр. Ресейлік экономистер мұнай баррелі 25 долларға түскен жағдайда ұлттық қордағы 10 трлн рубль елді 10 жыл асырауға жететінін мәлімдеуде. Алайда басқа экономистер тобы бюджет кірісі негізінен мұнайдан түскен пайдамен толығатынын есепке алып, бұл қаражат әрі кетсе 2 жылда таусылатынын хабарлады. Оның үстіне мұнай өндірісінің өзіндік құны Ресейде Саудиямен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Мәселен, көрші мемлекетте ол 20-45 доллар аралығын құраса, Сауд корольдігінде бар-жоғы 2,5 доллар ғана жұмсалады. Мұнай соғысында АҚШ-тың да жағдайы мәз болмай тұр. Өйткені «қара алтын» бағасының арзандауы сланс өндірісін табыссыз кәсіпке айналдыруы ықтимал. Сондықтан «Ақ үй» басшылығы жағдайды реттеу үшін Ресей мен Сауд Арабиясын бір келісімге келуге шақырып жатыр.
Еліміздің бюджеті әлі де шикізат экспортына тәуелді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылды. Соның арқасында қаншама өндіріс орындары пайда болды. Бір ғана Шымкенттің өзінде 2 индустриялық аймақ, 1 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеуде. Соңғы жылдары «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қолға алынды. Ондағы мақсат – күнделікті тұтынатын халыққа қажетті тауарлар өндірісін жандандыру. Себебі көптеген азық-түлік және басқа да тұтынушылық тауарлар елімізге негізінен шетелден импортталуда.
«Қазақпарат» агенттігі келтірген соңғы дерекке сүйенсек, Үкімет отырысында баяндалған мәліметке сәйкес импорттық тәуелділікті азайту үшін мемлекет «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыруға 400 млрд теңге бөліп отыр. Бұдан бөлек «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы несиелендіру шегі 7 млрд теңгеге дейін ұлғайып, салалық шектеулер алынып тасталмақ.
Сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау білдіру үшін Президент Жарлығымен салықтық тексеруге 3 жылдық мораторий жарияланғаны белгілі.
Осы саланы зерттеу нысанына айналдырған М.Әуезов атындағы ОҚМУ оқытушысы Г.Өтемісованың айтуынша 1995 жылдың 24 сәуірінде қабылданған «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР заңы салық жүйесіне оңтайлы өзгерістер әкелді. Бүгінде салықтар мен алымдар санының 46-дан 11-ге қысқартылуы, салық салу принциптерінің дүниежүзілік тәжірибеге сай өзгертілуі, халықаралық салық салу тәртібінің енгізілуі, салықтардың нышанына, белгілеріне қарай топталуы, сонымен қатар, бұл құжаттың көптеген заңдармен тығыз байланыстылығы, салықтық әкімшіліктің жаңа ережелері еліміздегі салық саясатын жоғары деңгейге көтерді.
Әрине мемлекеттің нарықтық экономикалық қатынас талабына сай даму кезінде салық жүйесінің де бір орында өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Алайда қысқа уақыт аралығында қабылданған өзгерістер мен толықтырулар өзінің оңды нәтижесін көрсете білді.

 

Әділет СӘБДЕН

Последнее изменение Воскресенье, 22 Март 2020 19:22
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.