Салық декларациясын жаппай тапсыру қашан басталады?

Пятница, 20 Март 2020 19:03 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4470 раз

unnamed

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылға дейін микро және шағын бизнес компаниялары салықтан босатылады.

Үш жыл бойы арнаулы салық режимдерін қолданатын шағын бизнес өкілдері корпоративтік табыс салығын, әлеуметтік салықты және бірыңғай жер салығын төлемейді. Дегенмен төмендегі кәсіпкерлік бағыттарға салықтық жеңілдіктер қарастырылмаған. Олардың қатарына есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымын іске асыру, акцизделетін өнім өндіруді немесе көтерме саудада өткізу, астық қабылдау пункттерінде астық сақтау, лотерея ойнату, ойын бизнесі, радиоактивті материалдар айналымын жүзеге асыру, банк және сақтандыру нарығындағы қызметтер, аудиторлық, бағалы қағаздар нарығындағы бизнес, кредиттік бюро ісі, күзет қызметі, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымын жүргізу, жер қойнауын пайдалану мен кен іздеу, пайдалы қазбаларды, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері бензин, дизель отынын және мазутты бөлшектеп саудалау, сыртқы экономикалық қызмет секілді бизнес түрлері жатады.
Шымкент қаласы Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Шайхыдин Аязовтың мәлімдеуінше, салық кодексінің жаңа ережесіне сәйкес патент негізінде арнаулы салық режимін кәсіпкерліктің мынадай түрімен айналысатындар қолдана алады. Олар қосымша жұмыскерлерді пайдаланбайтындар, бірнеше бизнесі барлар, сылақшылар, ағаш ұсталары, еден төсеушілер, қабырға қаптаушылар, бояушы және шынылаушылар, таксистер, көлікпен жүк тасымалдаушылар, сыйақы немесе белгілі бір шартпен жылжымайтын мүлікті басқарушылар, сурет, аударма саласындағы кәсіпкерлер, мүлікті, көлік құралдарын, ойын-сауық және спорттық керек-жарақтарды, бейнежазбалар мен дискілерді басқа да жеке тұтыну заттары мен тұрмыстық тауарларды, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын, есептеуіш техника мен кеңсе машиналарын жалға берушілер, спорт, мәдениет, қосалқы білім, өнер салалары бойынша жеке тәлімгерлер, компьютер және перифериялық жабдықтарды, коммуникациялық құралдарды, тұрмыстық техниканы жөндеушілер, шаштаразшылар, маникюр, педикюр жасаушылар, ветеринарлар, үй шаруашылығымен айналысушылар, жер учаскелеріне байланысты жалпы қызмет көрсетушілер, жүк тасушылар, музыкалық аспаптар жасау мен жөндеушілер және үй жануарларын өсіретін шаруалар.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап шаруа немесе фермерлік қожалықтар арнаулы салық режимі негізінде түскен табысына қарай салық төлеуге міндетті. Осыған дейін жүзеге асырылып келген Салық кодексіндегі «тіркелген салық» түрі биылдан бастап өз күшін жойды. Сонымен бірге ойындарға салынатын қосымша салық та жойылды. Дегенмен ойын автоматтары, дербес ойын компьютерлері, боулинг, карта, бильярд ойындары арқылы табыс тауып отырған кәсіпкерлер корпоративтік табыс салығынан босатылмайды. Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленуіне байланысты салық мөлшерлемесіне толықтырулар енгізілді. Осыған сәйкес Шымкент қаласына қарасты елдімекендерге салынатын жер салығының базалық мөлшерлемесі өсті. Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің базалық құны 36 мыңнан 60 мың теңгеге көтерілді. Биыл темекі өнімдерінің акциздік ставкалары 13,8 пайызға қымбаттады. Бұл темекіні бақылау конвенциясын іске асырудан туындаған шара. Үкімет қаулысына сәйкес жанар-жағармай өндірушілердің көтерме саудаға шығарған 1 тонна бензинінің акциздік құны 24435, бөлшек саудада 24935, ал импорттау 24435 теңгені құрады.
—Камералдық бақылау нәтижесінде заңбұзушылық анықталған жағдайда мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушіге пошта арқылы немесе электронды түрде хабарлама жібереді. Шешімді алған уақыттан бастап салық төлеуші бес жұмыс күні ішінде салық органына немесе сотқа шағымдана алады. Егер еңбекке уақытша жарамсыз болса, жарамсыздық мерзімі аяқталғаннан кейін он күн ішінде шағым түсіріп үлгеруі қажет. Салық кодексінде көзделген жалпыға бірдей декларациялау 2020 жылдан 2021 жылдың қаңтарына ауыстырылды. Мүлікті жариялау ісі кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жауапты мемлекеттік лауазымдағылар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілер мен оларға теңестірілгендер, Қазақстан Республикасының сайлау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, банктер мен банк қызметі, сақтандыру, бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес мүлкін жария ету міндеттелген тұлғалар, жалпы аталған азаматтар мен олардың зайыбы салық декларациясын тапсырады.
Екінші кезең – 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Мұнда мемлекеттік мекемелердің жұмыскерлері мен олардың жұбайы, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері жұбайларымен қоса қанша мүлкі бар екенін декларацияда көрсетеді.
Үшінші кезеңде, яғни 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер жұбайларымен бірге дүниесін декларациялайды.
Қалған санаттағы азаматтардың барлығы төртінші кезеңге сай 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жаппай салық декларациясын толтыруға көшеді, – деді салық органының өкілі Ш.Аязов.
Маманның айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан патент негізінде арнаулы салық режимін қолдана отырып бірыңғай жер салығын төлеген және осы режимдегі салық бойынша кәсіпкерлік қызметін жүзеге асырған бизнес өкілдеріне бақылау-кассалық машиналарымен есеп айырысуды міндеттейтін заң нормасы қабылданды. Онлайн бақылау-кассалық машиналарды міндетті қолдану туралы ереже телекоммуникациялық желілері жоқ аймақтарға жүрмейді.
Қаратау аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ш.Аязовтың айтуынша бақылау-кассалық машиналар ел ішінде «көлеңкелі бизнестің» жолын кесуге және халық арасында салық мәдениетін қалыстыруға бағытталған. Маманның пікірінше әсіресе салық мәдениеті бүгінгі таңда елімізде онша дамымай отыр. Салық органы өкілінің айтқанына құлақ түрсек, республикамыздың салық туралы заңы өзінің жұмсақтығымен ерекшеленеді. Біздегі салық кодексінде өзге мемлекеттермен салыстырғанда көп жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, Батыс елдерінде салық төлеуден жалтарғандар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өйткені оларда заң күшті әрі салық мәдениеті де жоғары деңгейде қалыптасқан.

 

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Последнее изменение Воскресенье, 22 Март 2020 19:22
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.