Қойма көп болса, қарын да тоқ, баға да тұрақты Избранное

Пятница, 05 Июнь 2020 04:33 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3281 раз

Естеріңізде болса, мамырдың бас кезінде Түркістан облысының қырыққабат еккен диқандары өнімді жинауға келгенде өткізетін жер таба алмай, ақыры амалдары таусылған соң халыққа тегін таратуға мәжбүр болған еді.

67

 

Сол кезде диқан қауымы ерте пісетін қырыққабаттан 300 мың тоннадай өнім жинаған. Алайда коронавирус індетінің таралу қаупін болдырмау үшін әлемдегі көптеген елде карантин шектеулерінің енгізілуіне байланысты өнімдерін арадағы меморандум келісімдеріне қарамастан көршілес Ресейге өткізе алмаған. Сұраныстың болмауынан өнім егіс басында қалып қойып, оның бір келісінің бағасы сол уақытта 10-15 теңгеге дейін арзандап кеткен еді. Қырыққабат үш күннің ішінде экспортқа жөнелтілмесе, өзінің тауарлық құнын жоғалтады екен. Карантин салдарынан өнімін өткізе алмаған түркістандық диқандар осылайша амалсыз біраз шығынға батты. Осы проблемаға байланысты елде заманауи қоймалар салу қажеттігі жайлы үлкен мәселе қозғалды. Тіпті бұл мәселе Үкімет деңгейінде көтеріліп, бұл бойынша ведомство тарапынан тиісті шешімдер қабылданды. Бүгінгі таңдағы күн тәртібіне сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын мұндай қоймаларды әр аймақтан ашу жөнінде арнайы ұсыныстар да қарастырылып жатыр.

68


Осы орайда Шымкент сауда-логистикалық аймағы (СЛА) бірден ойға оралады. Бастапқыда бұл кешен жоғарыда аталған мәселені шешу мақсатында құрылған еді. Ендеше СЛА-ның қазіргі жұмысы мен жай-күйіне тоқталып өткенді жөн көрдік.
«Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ таратқан мәліметке сүйенсек, Шымкенттің іргесіндегі заманауи қоймалар жүйесі 2015 жылы құрылған. Қазіргі таңда онда 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 32,9 млрд теңгеге тең. Аймақта барлығы 194 мың шаршы метр қойма салу көзделген, соның 36,4 мың шаршы метрі пайдалануға берілген. СЛА-ның жер аумағы 92 гектарды құрайды. Инфрақұрылым құрылысына 22,5 гектар, инвестициялық жобаларға 69,5 гектар жер бөлінген. Бүгінде аймақта 6 гектар ғана бос жер қалды.
СЛА логистикалық тұрғыдан өте қолайлы аумақта орналасқан. Ол әуежайдан 2 шақырым, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінен 4 шақырым, трансазиялық теміржол магистралінен 0,5 шақырым қашықтықта орналасқан.
Осы күні «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен 1,7 млрд теңгеге аймақтың инфрақұрылым жүйелері жүргізілді. Атап айтқанда, автомобиль жолы (4 шақырым), теміржол тұйығы (2 шақырым), электр тарату сымдары мен қосалқы электр станциясы (10 МВт), қуаттылығы 9 л/сек су жинағыш мұнара, кәріз және тазасу жүйелері (6,6 шақырым), табиғи газ құбыры (4,7 шақырым), сондай-ақ телефон байланысы желісі тартылды.
Бүгінгі таңда аймақта нақты 2 жоба іске қосылған. Тағы 2 жобаның құрылысы жүріп жатса, 2 бизнес бастаманың жұмысы, керісінше, тоқтап тұр. Игерілген 1 теңге бюджет қаржысын 12 теңге жеке инвестиция жапты. СЛА аумағында кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету мақсатында кедендік ресімдеу орталығы қызмет атқарады.
Сауда-логистикалық аймағында кәсібін жүргізіп жатқан қос компанияның бірі – «Continental logistics Shymkent» ЖШС. Жобаның құны 15 800 млн теңгені құрайды. Компанияның иелігіне 35 гектар жерде орналасқан А класты қоймалар, контейнерлік аумақ және сұрыптап-буу кешені кіреді. Аталмыш серіктестікте 140 адам жұмыс істейді. Жоба құрылысының І кезеңі 2017 жылы аяқталған. ІІ кезең құрылысын 2020-2021 жылдары аяқтау көзделіп отыр. Бүгінгі таңда аумағы 21 мың шаршы метр құрғақ және климаттық, контейнерлік қоймалар іске қосылған. Осы қоймаларда жылына 345 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға болады.
СЛА аумағында өз кәсібін іске асырып жатқан екінші компания – «Kazakhstan Logistics Group» ЖШС. Серіктестіктің 14 гектар алаңда В класты қоймалары, өзге де көкөніс сақтау құрылымдары бар. Компанияда 95 адам еңбек етеді. Мұнда да құрылыс екі кезең бойынша жүргізілді. І кезең 2017 жылы аяқталып, 15 360 шаршы метр қойма пайдалануға берілді. ІІ кезең құрылысын аяқтау мерзімі 2020-2021 жылдарға жоспарланып отыр. Нәтижесінде қойма алаңы қосымша 22 140 шаршы метрге ұлғаяды. Қазіргі таңда құрылыстың ІІ кезеңі аясында болашақта салынатын нысанның жер аумағын тегістеу жұмыстары жүруде. Жобаның инвестициялық құны 5,9 млрд теңге тұрады. Қоймалардың өнімдерді сақтау қуаттылығы жылына 195 мың тоннаны құрайды.
Жалпы келешекте әр өңірде және республикалық маңызы бар қалаларда көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін ашу күтіліп отыр. Мұндай ұсынысты Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Және аталмыш орталықтарды құруға қазынадан 237,5 млрд теңге қарастырылмақ. Бүгінде бұл жоспарды іске асыру мақсатында бірнеше қала, өңірде кешен құрылысына арналған жер телімдерін ресімдеу басталды. Шаруалар өздерінің өнімдерін осы орталықтарға әкеп өткізе алады. КТО-да өнімдерді сақтау, қайта өңдеу және тарату қызметтері көрсетіледі. Жоспарға сәйкес аталмыш кешен арқылы ауыл шаруашылығы өнімдері
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге, Қытай мен Орталық Азияға экспортталады. Министрдің айтуынша,
Қазақстанның сауда нарығы заманауи талаптарға сай емес, сонымен бірге, өнімдер сақтайтын қоймалар жеткіліксіз. Соның салдарынан көктемде әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасы 4,2 пайызға қымбаттаған. Егер өнімдер қоймаларда сақталып тұрса, маусым кезінде жергілікті нарықта көкөніс және басқа да азық түрлеріне тапшылық орын алмас еді. Ал нарық заңына сәйкес сұраныстың артуы бағаның өсуіне әкеп соқтыратыны белгілі.
Дей тұрғанмен, диқаншылықты көп жылдан бері кәсіп етіп келе жатқан елге белгілі кәсіпкер, «Амангелді» ЖШС директоры Нұрлан Құралов басқаша пікірде. Елімізде қоймалар саны жеткілікті деген кәсіпкердің айтуынша, баға өсімін болдырмау үшін жерін жыртып, егінін еккен немесе малын баққан әр диқан мен шаруаға өзінің өнімін қайда апарып сатамын десе де ерік беру керек екен. Ең бастысы, фермерде өнімінің сапасын растайтын тиісті құжаттары болуы шарт.
– Бұрын ауылдан келген шаруа өсірген азын-аулақ өнімін қаланың кез келген нүктесінде саудалай беретін. Ешқандай құзырлы мекеме олардың саудасына кедергі жасамайтын. Соның нәтижесінде халық ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді жерден әрі арзан сатып алатын. Қазір кәсіпкерлерге өнімдерін олай сатуға заң рұқсат етпейді. Жиған-тергенін саудалағысы келсе, супермаркет, базардағы делдалдармен келісім-шартқа отыруы қажет. Бұл, өз кезегінде, арада бәсекелестікті азайтып, тауар бағасының өсуіне алып келетін басты себептерді бірі. Сондықтан шаруаларға бұрынғыдай ерік беріп, тауарды сату мәселесінде құқықтарын кеңейту қажет. Шаруа өнімін қайда апарып сатса да өзі білсін. Тек бір ғана шартты орындаса болды. Ол – өнімнің сапас», - дейді кәсіпкер.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.