Версия для печати

ӨЗ ҚАЖЕТІҢДІ ӨЗІҢ ӨНДІРМЕЙ экономикалық тұрақтылыққа жету қиын Избранное

Пятница, 12 Июнь 2020 04:16 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3981 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Короновирус пандемиясы халықтың ой-санасы мен өмір салтына ғана әсер еткен жоқ, ол ел экономикасының құрылымын қайта қарау керектігін де айқындап берді. Наурыз айында қарапайым медициналық бетперде тапшылығының жұртты әбігерге салуы шикізат экспортына тәуелді экономиканың қаншалықты солқылдақ екенін көрсетті. Оның үстіне төтенше жағдай режимінің қашан да экономикалық салдары болатыны белгілі.

84

 

Иә, мемлекет осындай қиын-қыстау кезеңде жедел әрекет етіп, дағдарысқа қарсы іс-шаралар топтамасын қабылдап жатыр. Соның ішіндегі ең елеулісі – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыруға қосымша 100 миллиард теңге бөлінуі дер едік. Халқымыздың азық-түлігін, киімі мен басқа да күнделікті тұтынатын заттарын өз елімізде өндірмейінше, жұртты жаппай жұмыспен қамтып, оның тұрмысын жақсарту мүмкін еместігіне биліктің әбден көзі жетті.
Осыған орай біз еліміздің сыртқы саудасындағы экспорт-импорт арақатынасына көз жүгірткен болатынбыз. Сонымен…

Шикізатқа тәуелділіктен арыла алмай отырмыз

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жариялаған ресми деректерге қарасақ, еліміздің жалпы сыртқы сауда айналымы 2019 жылы 96,8 миллиард АҚШ долларын құраған. Әрине, бұл 2013 жылдың соңына дейін жалғасқан экономикалық өрлеу кезеңіндегі 140 миллиард долларлық көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Бірақ, 2016 жылы бұл көрсеткіш 48 миллиардқа дейін құлдырағанын ескерсек, өткен жылы еліміздің экономикалық жағдайы біршама оңалғанын айтуға болады.

78888


Ресми мәліметтер Қазақстан экспортының жалпы көлемі 57,7 миллиард, ал импорт 38 миллиард АҚШ долларын құрағанын көрсетіп отыр. Бір қарағанда сыртқы сауда айналымының 60 пайызын экспорттың құрауы өте жақсы көрсеткіш. Алдыңғы қатарлы дамушы елдердің талайы осы деңгейге жете алмай әлек. Бірақ, экспорттың құрылымына көз жібергенде мәселенің бәрі судың бетіне шығады. Өйткені, Қазақстан экспортының 85 пайыздан астамын мұнай-газ, химия өнеркәсібі, металлургия, тау-кен өнеркәсібі және астық құрап отыр. Яғни, шикізат өнімдерін шығарып тастасақ, Қазақстан шетелдерге бар-жоғы 7,5 миллиард АҚШ долларының төңірегінде өнім сатады деген сөз. Әрі бұл импорттан шамамен 5 есеге аз. Міне, бұл ел экономикасының жағдайы күрделі екенін, оның шикізатқа қаншалықты тәуелді болып отырғанын көрсететін деректер.
Экономиканы диверсификациялау. Үкіметтің бұл іспен айналысып келе жатқанына кемінде 15 жылдан асты. Шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы қабылданып, оның аясында барлық өңірде жүздеген жаңа кәсіпорын құрылғаны мәлім. Дегенмен, мына деректер диверсификациялаудың нәтижесі ойдағыдай болмағанын көрсетіп отыр: қазақстандықтар тұтынатын тоқыма бұйымдарының 84 пайызы, фармацевтика өнімдерінің 85 пайызы, машина, өндірістік құрылғылар мен жабдықтар, электроника және цифрлық техникалардың 65 пайызы және азық-түлік өнімдерінің 40 пайызы шет мемлекеттерден келеді екен.
Қазақстанға келетін 38 миллиард долларлық импорттың ішінде не бар десеңіз, оның 25 пайызын әлгі айтқан машина, өндірістік құрылғылар мен жабдықтар, электроника және цифрлық техникалар құрайды. Статистика комитеті импортталатын азық-түлік өнімдерін түрлі категорияларға бөліп көрсетіпті. Шетелден келетін азық-түліктің ішінде ең көбі – түйіршіктелген және ұнтақ түріндегі тамақ өнімдері. Тауарлардың бұл тобы Қазақстанға келген жалпы импорттың 16 пайызын құрайды. Ал дәнді дақылдар, ет-сүт және май өнімдері мен басқа да азық-түлік түрлерін қоса есептесеңіз, бұл көрсеткіш 30 пайыздан асады. Сонда кең-байтақ әрі шұрайлы даламыз, егін салып, мал бағуға бейім халқымыз бола тұра жыл сайын шетелдерден шамамен 10 миллиард АҚШ долларына азық-түлік сатып алып жүрміз.

Ол аз десеңіз, қазақстандықтар жылына шамамен 2 миллиард 400 миллион долларға киім, аяқ киім мен өңделген тері, жіп, мата-тоқыма бұйымдарын сатып алады. Шеттен келген дәрі-дәрмектерді сатып алуға отандастарымыз шамамен 5 миллиард АҚШ долларын жұмсайды екен. Осыдан кейін Мемлекет басшысының «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қосымша қаржы бөлу жөніндегі тапсырмасының қаншалықты өзекті екенін байқау қиын емес.

Отандық өнеркәсіптің үш артықшылығы

Елімізге белгілі экономист Рахым Ошақбаев kursiv.kz сайтына берген сұхбатында қарапайым заттар экономикасын құру үшін, ең алдымен, кеңестік кезеңде жақсы көрсеткіштерге жеткен отандық жеңіл және тамақ өнеркәсібін қалыпқа келтіру керегін айтады.

79


– Қазақстанда кеңестік кезеңде жеңіл өнеркәсіп айтарлықтай жақсы дамыған еді. Тоқырау жылдарында бәрінен айрылып қалдық. Негізі қарапайым заттар өндіру үшін тым қымбат құрал-жабдықтың, керемет инновациялық технологияның және өте жоғары деңгейлі кадрлардың қажеті жоқ. Сәйкесінше, мұндай жобаларға құйылатын инвестицияның да көлемі шағындау болады. Ал ең бастысы, бұл өнімдерге үлкен сұраныс бар. Еуразиялық экономикалық одақты, сапалы, экологиялық таза азық-түлікке зәру Қытайды айтпаған күннің өзінде төлем қабілеті мен тұтыну деңгейі біртіндеп артып келе жатқан отандық ішкі нарықтың өзінің әлеуеті мол. Әрине, инфрақұрылымды қалпына келтіруге, мамандарды қайта даярлап, логистиканы дұрыс жолға қоюға қомақты инвестиция мен біраз уақыт керек. Дегенмен, біз осы істің үдесінен шықсақ, мемлекеттің экономикалық әлеуеті де, халықтың тұрмысы да күрт жақсарады, – дейді Р.Ошақбаев.
Сарапшының айтуынша, қарапайым заттар экономикасын құруда Қазақстанның арқа сүйейтін 3 түрлі артықшылығы бар. Біріншіден, бізде өзімізден шығатын сапалы әрі арзан шикізат мол. Екіншіден, еліміздің энергия қоры мол. Үшіншіден, басқа елдермен салыстырғанда бізде арзан жұмыс күші жеткілікті. Бір-екі ай курстан өткізіп жіберсе, кез келген істің көзін табатын, айына 300–400 АҚШ долларына жұмыс істеуге дайын жүздеген мың отандасымыз бар. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2,1 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткендер санатына жатады екен. Бірақ, олардың көбі өзін-өзі тиімсіз әрі тұрақсыз жұмыспен қамтығандар. Амалдың жоғынан жүргендер. Зауыт-фабрикалар жаппай ашылып жатса, міне, сол адамдар дайын тұрған жұмысшылар армиясы болар еді.

Шымкент қарапайым заттар экономикасының Орталығына айнала алады

Экономикаға қуат беретін басты сала – өнеркәсіп десек, бүгінде Шымкент қаласында осы бағытта айтарлықтай жетістіктер бар. Мәселен, соңғы 3 жылда мегаполисте 24 кәсіпорын ашылды. 1300 тұрақты жұмыс орны пайда болды.
Өткен жылы «Альянс» компаниясының жіп иіру фабрикасы қайта іске қосылды. Ол бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған еді. Мұнан бөлек қаладағы арнайы экономикалық аймақта «Oxy Textіle», «Хлопкопром-целлюлоза», «Бал Текстиль», «Назар текстиль» секілді бірқатар компания табысты жұмыс істеп келеді.

80


Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының деректері бойынша, қазір қалада 2 индустриялды аймақ бар. Бірақ, онда бос жер жоқ. Электр қуаты жетпейді. Газ қысымы төмен. Осы мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында алдағы 3 жылда жаңада 2 индустриялды аймақ ашылады деп жоспарлануда.
Оның бірі – аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Бұл аймаққа инвесторлардың қызығушылығы зор. Бүгіннің өзінде 20 жоба (тамақ, құрылыс және металлургия, медицина, машина жасау салалары) бойынша ұсыныс түскен. Мұнда тартылатын инвестиция көлемі 20 млрд теңгені құрайды. Жобалар іске қосылғанда 1 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Екіншісі – «Агроиндустриалды аймақ». Онда ауыл шаруашылығы өнімдері терең өңделеді. Мұнда да жалпы құны 109 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асады және кемінде 1 мың жұмыс орны пайда болады.
Нәтижесінде қалада жаңа өнім түрлері шығарылып, өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылғы 562 млрд теңгеден 800 млрд теңгеге көбейеді деп күтілуде.
Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес алдағы 3 жылда шетелдік инвесторлардың қатысуымен (Оңтүстік Корея, Ресей, Қытай, Түрік, Өзбекстан, Испания, Франция) кемінде 15 жоба іске асырылуы тиіс.
Оған 2,5 млрд АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылуы көзделген. Нәтижесінде тағы 2 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылады. Осының бәрі елімізде қалыптаса бастаған қарапайым заттар экономикасының ірі орталықтарының бірі Шымкент болуы әбден мүмкін екенін көрсететіндей.

Кезек күттірмейтін төрт проблема

Осындай ауқымды жобалардың жүзеге асқанына қарамастан ішкі нарықта импортты алмастыру ісінің ақсап тұрғаны қалай? Кәсіпорын қожайындарының және сарапшылардың көтеріп жүрген мәселелерін жинақтай келіп, тез арада шешімін табуы тиіс 4 жүйелік проблеманы атап көрсетуге болады.
Біріншіден, бізде табиғи монополиялардың тарифтері қымбат әрі әділетсіз. Кейбірінде тарифтерге өндірістік емес шығындардың 60 пайызына дейін енген. Басқаша айтқанда, шағын кәсіпорын ашқан отандық кәсіпкер ақшаны электр қуаты үшін ғана емес, монополист компания басшыларының зәулім сарайлары мен «мерседестері» үшін де төлейді. Мемлекет осы салаға қатаң бақылау орнатса, жеңіл өнеркәсіптің тынысы ашылар еді.
Екінші себеп – логистика мен инфрақұрылымның нашарлығы. Өңірлерде фабрика ашқан кәсіпкер дайын тауарын үлкен нарықтарға көп шығын шығармай жеткізгісі келеді. Қазақстандағы бірден-бір тиімді тасымал әдісі – теміржол. Фабрика теміржол тұйығына жақын орналасқан күннің өзінде
Қазақстанда жүк вагоны тапшылығы деген проблема бар. Сала мамандары мұны отандық өнеркәсіптің сабақты кеселі деп айтады.
Үшінші проблема – қымбат несиелер. Билік инфляция деңгейі шарықтап кетпеу үшін екінші деңгейлі банктер беретін несиелердің пайыздық үстемақысына шектеу қоймай отыр. Бірақ, арзан несие болмаса, өнеркәсіп те дамымайды, халықтың тұтыну деңгейі де көтерілмейді. Демек, Үкіметтің либералистік көзқарастарын шетке ысырып қойып, экономикаға, оның ішінде қаржы секторына батыл араласатын уақыты жетті.
Төртінші және ең өзекті мәселе – әділ бәсекелестіктің болмауы. Еліміз Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан нарықтағы талаптар мен ережелер де ортақ. Алайда, осы Одақтың кейбір мүшелері өздеріндегі «көлеңкелі нарықта» жұмыс істейтін кәсіпорындарға көз жұма қарап отыр. Осы елдерден бізге техникалық талаптарға сай емес, сапа сертификаты жоқ, кеденде өзіндік құны төмендетіп көрсетілетін контрафакт тауарлардың көптеп келетінін отандық кәсіпкерлер талайдан бері айтып жүр. Сапасы сын көтермейтін, есесіне тым арзан тауарлар барлық ережелерге сай өндірілген отандық тауарларды нарықтан ығыстырып бара жатқаны рас. Олай болса, отандық нарықты сапасы әрі арзан импорттың экспанциясынан қорғайтын кез жетті.
Міне, билік осындай жүйелік проблемаларды жолға қойса, елімізде қарапайым заттар экономикасы құрылып, алдағы онжылдықта елімізде жұмыссыздық мәселесі біршама шешіледі әрі халықтың әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарады. Осы тұста, әсіресе, Шымкент қаласының бұл тұрғыдағы әлеуеті зор екенін айта кеткен жөн.