Версия для печати

Табысқа жетелейтін төте жол немесе «Бастау бизнес» жобасы қалай өтіп жатыр? Избранное

Пятница, 24 Июль 2020 03:07 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3789 раз
Оцените материал
(0 голосов)

za kompyuterom 4 14055106

Шымшаһарда өз кәсібін бастауға ниеттілердің қатары жыл санап көбейіп келеді. Биылдың өзінде кәсіпкерлік негіздерін оқуға 2500 адам өтінім берген. Оның мыңнан астамы жобаны сәтті аяқтап, сертификатқа ие бола бастаған. Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отырған «Бастау бизнес» жобасы карантиндік режим енгізілгелі онлайн форматқа көшіпті. Сала мамандарының қашықтан қызмет етуі қалай жүзеге асып жатыр? Онлайн оқудың орайын таба алды ма? Осыны сіз бен біз бірге білейік…

Қазір ел ішінде «жұмысты үйде отырып та атқаруға болады. Кеңседе кешке дейін отырудың қажеті шамалы» деген пікір қалыптасты. Көздерін жеткізіп барып айтып отырған пайымдары – бұл. Енді біреулері болса «жұмыс орныңда жауапкершілікті жақсы сезінесің» деген ұстанымда. Бұл әлеуметтік желідегі пікірлердің легі. Ал өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім меңгерушісі Әділжан
Датқаев пандемия кезінде әрбір азаматтың денсаулығы маңызды деп біледі. Ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы қызметкерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылып, кеңес беру қызметі онлайн форматқа көшірілгенін айтады.

5– Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, бүгінде 80 пайыз қызметкерлер қашықтан жұмыс істеп жатыр. Тиісінше, біздің жобаларымыз да онлайн форматқа ауысты. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша биыл 1850 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту көзделген болатын. Жоба түлектерінің 30 пайызына қаржылық қолдау немесе грант бөлінеді деп меже қойғанбыз. Алайда «Бастау бизнес» жобасына сұраныстың өсуіне және халықтың ынтасына сәйкес, қатысушылардың санын 4000-ға дейін көбейттік. Бүгінгі таңда оқыту жүйесін жүзеге асыратын atameken.co платформасына 2500 шымкенттік жобаның бірінші ағымына қатысуға өтінім берген. Ал былтырғы Жастар жылына орай «Жас кәсіпкер» аталымы бойынша 1400 жас, «Бастау бизнесті» 2955 адам оқыды, - дейді Әділжан Әбдіқайырұлы.
Әділжан Датқаев аталған жобада екі түрлі сертификат қарастырылғанын айтады. Бірі бизнес негіздерін оқығаны үшін берілсе, екіншісі тесттен жақсы нәтиже алып, өз бизнес- жобасын ұсынғандарға жобаны сәтті аяқтағаны туралы сертификат табысталады екен. Екінші жағдайдағы түлектер мемлекеттік гранттар мен микроқаржы ұйымдарының 6 пайыздық жеңілдетілген несиелерін алуға үміткер бола алады. Биылғы жылдың бір ерекшелігі көпшілік «стипендия» деп келген қаражат төленбеген. Ә. Датқаев бұл ақшаны жобаға қатысушылардың оқуға келіп-кетуіне қарастырылғанын айтады. Оқыту онлайн өткендіктен, тиісінше жолақысы да қысқартылған.
– Бастауды оқып бітіргесін қорытынды тест тапсырады, сосын бизнес жоба жазатын конструктор ашылады. Бизнес жобасын осында толтырады. Толтырған жобаны Нұр-Сұлтан қаласында арнайы эксперт-маркетологтар бағалайды. Қатысушылар жобаны аяқтады деген сертификат алу үшін эксперттер тексерген жобадан мүмкін болатын 30 баллдан 18 балл жинауы керек. Жинай алмаса, қатысты деген сертификат береді. Жобаны аяқтады деген сертификат алған кез-келген адам грантқа қатысу үшін Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіреді. Арнайы комиссия алдында өз жобасын осы жерде қорғайды. Халықты жұмыспен қамту орталығында комиссияға жобаны онлайн /оффлайн қорғайды. Ал комиссия құрамына қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері кіреді. Сабақтар 21 күнге жоспарланады. Бұл деген сөз 21 күн бойы оқу дегенді білдірмейді. Сабақты тез игеретіндер ары кетсе, 8-9 күнде бітіруіне болады. Ол енді қабілетіне байланысты. Бұл жерде жоба қатысушыларына кәсіпкерліктің негіздерін, басты қағидаларын үйретеді. 12 модуль, 52 сабақ, - дейді Ә.Датқаев.
Ал 8 жылдан бері кәсіпті енді бастағандар мен бизнесмендерге маркетингтік зерттеу, қаржылай есептеу, болжам жасау, сату, өнімдерін өткізу, сынды кәсіпкерлік негіздерін үйретіп жүрген бизнес-тренер әрі жеке кәсіпкер Анар Мұхамедқалиева аталған жоба халыққа балық емес, қармақ ұсынатын бағдарламаның бірі деп біледі.
1– Біздің жобаға қатысатын көпбалалы, жұмыссыз, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтар, елге оралған қандастардың арасында цифрлық сауаттылығы төмен азаматтарымыз бар. Оларға онлайн оқыту кезінде алдымен платформаны қолдануды, содан соң бизнес бастаудың негізгі қағидаларын оқыттық. Онлайн форматта оқыту әдісі бірінші жыл болған соң, әрине бастапқыда кемшіліктер кездеседі. Бірақ қазіргі таңда, онлайн платформасы қажетті деңгейде жұмыс жасап, тыңдаушылырымызға үйлерінде отырып-ақ, кәсіпкерлік негіздерін үйренуге қолайлы мүмкіндік туғызуда. Оқуды аяқтаған соң, қатысушылар жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз грант ала алады. Ең бастысы оларды бизнес-тренерлер 12 ай бойы сүйемелдейді, - дейді ол.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында төртінші жыл қатарынан, бизнес-тренер болып жұмыс атқарып, жұмыссыздарды кәсіпке баулып жүрген Ерболат Әмірханов та жобаның тиімділігін тілге тиек етті.
IMG-20200719-WA0008– Қазіргі таңда оқу Atameken.co және Open Study.kz cайттары арқылы жүзеге асырылуда. Бастау бизнес жобасына қатысып, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренемін деген адамдар өте көп. Мұны бізге оқуға тіркеліп жатқандардың санына қарап байқауға болады. Атап айтсам, қазір 2-ші топты оқыту кезеңі жүріп жатыр. Жалпы екі топты қоса алғанда 230 адам тіркелген. Осындай үдеріспен 20 бизнес жаттықтырушы дәріс өткізіп келеді. Барлығы өз жұмыстарын жетік меңгерген бизнес-тренерлер деп айтуға болады. Оқу 10-маусымда басталды. Курсты аяқтау мерзімі - 21 күн деп белгіленген. Оқу курсы 52 видеосабақ пен тесттерден құралған. Бір күнде қатысушыларымыз 11 сабақты оқып, меңгеруіне болады (лимит). Әр қатысушы, оқу процесі кезінде бизнес-тренермен тікелей жұмыс жасап, консультациялар алады. Жалпы, оқу курсы, қандай кәсіп ашып, кәсіпті дұрыс жүргізу дағдыларына үйретіп, болашақ кәсіпкерлерді дайындап шығарады. Мына індет барша адамзатқа өз зардабын тигізіп жатқанын және әлі біраз уақытқа созылатынын ескере отыра, барша қазақстандықтарға сабырлы болып, бірлесе отырып, барлық қиындықтарды жеңеміз деп сенемін, - дейді Е. Әмірханов.
Жобаны сәтті аяқтап шыққан жас кәсіпкерлердің пікірін білу мақсатында түлектермен тілдескен едік. Анар Абдурашитқызы аталған жоба жайлы туыстарынан естіп, бірден жолдама алуға асыққанын айтады.
3– Жұмыспен қамту орталығынан жолдама алуға екі күндей уақытым кетті. Онлайн оқу уақыт жағынан өте тиімді болды. Видеосабақтар түсінікті етіп әзірленген. Ауыл шаруашылығын жүргізіп, егіншілікпен айналыссам деймін. Үлкен көлемде анар, құрма, жаңғақ (фисташки) ексем деген жоспарым бар.
Біздің мемлекетімізде көп мөлшерде тонналап саудалайтын анар баулары жоқ. Ол шет елдерден келеді. Осы кәсіпті отбасымызбен қолға алып, дамытсақ деген ой келді. Қазіргі кезде мемлекет тарапынан каржылай әлеуметтік қолдаулар бар. Соның ішінде өте жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарапайым халықты бизнес бастауға бейімдеп, тиісті білім беріп, нақты шаруаны игеруге қол ұшын беруде. Бизнеске қолдау, шағын бизнесті дамыту - бүгінгі күннің өзекті мәселесі. «Бастау бизнес» сияқты жобалардың берері көп. Жұмысты неден бастау қажеттігін ұғындыратын оқу курсының берері көп. Бизнес-жоспар жасау, оны дамыту, шағын кәсіпкерлікке бет бұру - тыңғылықты еңбек пен терең білімді қажет етеді.
Қазіргі оқу курстары арқылы және мемлекеттік бағдарламалар арқылы көпбалалы ата-аналарға, аз қамтылған отбасыларға, жастарға өте жақсы көмек болып жатыр, - дейді жас кәсіпкер.

P.S. Берілген мүмкіндікті қалт жібермей, уақыт пен ресурстарды тиімді пайдалана білген әрбір азамат қашанда қоғамда көш ілгері жүретіні ақиқат. Ал өз кәсібін дамытып, еліміздің экономикасына үлес қосуға ынталы жандардың қатары артқаны қуанышты еселей бермек.