ҚАРАПАЙЫМ ЗАТТАР КӘСІБІНЕ ҚОЛДАУ КӨП Избранное

Среда, 12 Август 2020 04:58 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 695 раз

DSC 0211

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қажеттілігі, әсіресе, қазіргідей індет кезеңінде айқындала түсті. «Көрінбейтін соғыстың» кесірі кәсіпкерлікке де тиіп жатқаны түсінікті. Тұралап немесе жабылып қалған кәсіпорындарға 15 пайызбен несие беріп, оның 9 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидиялануда. Ал, агроөнеркәсіптік кешенде несие үстемеақысының 10 пайызы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 5-6 пайызбен өтейді. Субсидиялау мерзімі инвестициялар үшін 7 жыл және айналым қаражатын толықтыруға — 3 жыл. Бұл – бизнес иелері үшін өте оңтайлы ұсыныс.

Қарапайым заттар дегенді қарабайырлап түсіндірсек, бұл – күнделікті қолданатын тауарлар мен қызметтер. Олардың қатарында тоқыма өнімдері мен жиһаз, азық-түлік өндірісі және басқа да тауарлар бар. Аталған бағытты дамытудың қажеттігі туралы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында атап өткен болатын.
Бұл бағдарламаға шағын және орта бизнес субъектілері де, ірі бизнес өкілдері де қатыса алады. «Қарапайым заттар экономикасы» негізінен 2 бағыттан тұрады. Бірінші – кәсіпкерлік субьектілеріне жеңілдетілген несие бөлу, екіншісі – жоғарыда аталған өнеркәсіп салаларын дамыту. Шымкентте бұл бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлерден құны 87,8 млрд теңге болатын 92 жоба бойынша ұсыныс түскен. Оның 60-қа жуығы мақұлданып, бүгінгі күнге 7,6 млрд теңгеге 37 жоба қаржыландырылды. Бұл жөнінде кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары мәлімдеді.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін құны 23,3 млрд теңгеге 22 жобаны екінші деңгейлі банктермен қаржыландырылады деп жоспарлануда.
Былтыр жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 600 млрд теңге бөлген еді. Оның ішінде 400 млрд теңге – өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерді ынталандыруға, 100 млрд теңге – агроөнеркәсіптік кешенді қайта өңдеуге, тағы 100 млрд теңгесі – агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріске бағытталды.
2025 жылға қарай «қарапайым заттар экономикасы» аясында 16 мың тұрақты жұмыс орнын құрып, бюджетке салық түсімдерін 1,1, трлн теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр. Сол арқылы өндіріс көлемі артып, импорт үлесі 37 пайызға қысқарады.

 

 DSC2456

 

ШИРАТЫЛЫМЫ ЖАҚСЫ ШЫМКЕНТТІҢ КІЛЕМІ

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен несие алған кәсіпорынның бірі – отандық кілем өндірісінің көшбасшысы «Бал текстиль» компаниясы. Кілем фабрикасы, әзірге, Қазақстанда теңдесі жоқ серіктестік болып отыр. «Бал текстиль» әу баста кәсібін түркиялық «Kartal Carpets» компаниясымен бірігіп бастаған. «Kartal Carpets» – түркиялық кілем өндіру нарығында өзіндік орны бар компания.
Шымкенттің «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан бірнеше өндіріс орындарының арасында бұл фабриканың тәжірибесі мол. Өз жұмысын 2013 жылы «Индустрияландыру картасы» бағдарламасы аясында бастаған өндіріс орны тек кілем тоқумен ғана емес, «BCF», «Heat-Set», «Frize» маркалы полипропилен жіптерін иірумен де айналысуда.
Компания басшысы Талғат Ысқақов қажетті шикізаттың Түркия, Бангладеш, Үндістан және басқа да елдерден тікелей жеткізілетінін айтады. Кілемдер Бельгияның жоғары технологиялық «Michel Van De Wiele» қондырғыларында тоқылады. Ал синтетикалық полипропилен жіптері Германия мен Франция елдерінен жеткізілген. «Oerlikon Neumag», «Allma Volkmann», «SUPERBA» фирмаларының заманауи құрылғыларында иіріледі.
– Біздің фабрика 1 жылда 5 млн шаршы метрге дейін кілем бұйымдарын өндіре алады. Ал машиналар шығарылған жылына байланысты түрлі модельдерге бөлінеді. Олардың ішіндегі ең жаңасы ені 5 метрге дейінгі кілемді тоқи алады. Германиялық «Oerlikon Neumag» машинасымен полипропиленнен жіп өндіріледі. Оның жылдық қуаттылығы – 4000 тонна полипропилен жіп. «Полипропиленді жіпті фабриканың өзінде өндіру қаншалықты тиімді?» - дедік кәсіпкерге.
– Германиядан әкелген машинаны орнатып, жіп иіре бастағалғалы кілемнің өзіндік құны 20 пайызға төмендеді. Оған дейін тоқымаға қажетті жіптерді шетелдерден импорттауға мәжбүр болатынбыз. Қазір жіпті фабриканың өз цехында өндіру шығынды біршама азайтты. Айталық, ол бізде тоқылған кілемдердің арзан бағамен сатылуына да ықпал етті. Полипропиленнен жіп өндіру процесіне келсек, алдымен «Oerlikon Neumag» машинасынан шығатын жіп талшықтары «Allma Volkmann» машинасында иіріледі. Бір жіп 144 талшықтан құралса, келесісінде 180 талшық болады. Талшық санына қарай олардың сапасы анықталады. Осы талшықтарды түтілместей етіп ширату үшін Франциядан алдырған «SUPERBA» машинасында ширатылады. Мұнда иірілген жіптер 70-1350 градус ыстық буға піседі. Ыстық буға піскен полипропиленді жіп өзінің бастапқы иірімділік қалпын сақтайды және кілем бетіне ауыр зат қойғанда түгі құлап, сынбайды.
Талғат Жүнісбекұлының сөзінен ұққанымыз, кілем өндірісінде қолданылатын негізгі шикізат көзі – пропилен. Синтетикалық материал полипропиленнің артықшылығы - ширатымдылығы жақсы. Кілемге кететін шығынды барынша азайтады. Есесіне өнімнің құны төмендейді. Ал табиғи шикізат қатарына мақта және бамбук ағашынан жасалған «JUT» жіп өнімдерін атауға болады. Кілемге табиғи шикізат көбірек қолданылған сайын оның халықаралық стандарттарқа сәйкестігі арта түседі. Фабрикада бүгінде 245 адам жұмыспен қамтылған.
«Бал Текстиль» өнімдерін Қазақстанның барлық қалаларында кездестіруге болады. Еліміздегі ресми таратушылардың қатары 400-ден асқаны – осының дәлелі. Сонымен қатар тұрақты түрде тапсырыс беріп, өнімдерді алатын 20-дан астам шетелдік серіктесі бар.
2016 жылы шведтік IКЕА мен Еуропалық экономикалық қауымдастықтың өзге де компанияларымен келісімге келудің нәтижесінде, экспорт көлемін 20-30 пайызға ұлғайтты. Енді «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар кілемдерді Англия, Германия және Ресейдің ірі сауда маркеттерінен кездестіруге болады. Білуімізше, IКЕА мен ЕЭҚ-пен жұмыс істеу деген кәсіпкер үшін зор мәртебе. Міне, сол ИКЕА-ға Қазақстаннан алғаш болып өнімін өткізген де «Бал текстиль» кілем фабрикасы.
Компания директорының орынбасары Дәулет Қанашаев «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 млрд теңге несие алғанын сөз етті. Қарыз көлемінің 50 пайызын инвестициялық мақсатта, 50 пайызына дейін айналым ақшасын алыпты. Яғни, жарты ақшаға бельгиялық жоғары технологиялық «Michel Van De Wiele» қондырғысының соңғы заманауи үлгісін алдырыпты. Одан артылған қаржыға Түркиядан да соған ұқсас қондырғы әкеліпті. «Соның арқасында өніміміз 20-30 пайызға көбейіп жатыр. Жергілікті қазақстандық теңгемен 7 жылға мемлекеттен қарызға алған қаржы өте тиімді мақсаттарға жұмсалуда. Кәсіпкер ретінде теңгемен аз пайызбен несие алу өте тиімді», - дейді Дәулет Есенбайұлы.

 

DSC 0257

 

ОТҚА САЛСАҢ, ЖАНБАЙТЫН ЖАЙМАЛАР

IКЕА-ға тауарын өткізген жергілікті отандық компанияның бірі – «АГФ Групп» ЖШС. Қазақстандағы ең ірі үй текстилін өндіретін компания өнімінің 90% экспортқа шығарады.
Компания тігін саласында 7 жылдан бері бағын сынап келеді. Бастапқы кезден шығаратын өнімі - жәй бүркемелік тордан тігілген мектеп формасы еді. 2015 жылы шведтік IКЕА компаниясымен ресейлік дүкендерге төсек-орын жабдығын тасымалдау келісімшартына отырғаннан кейін өндіріс көлемі одан сайын ұлғайды. Бүгінде «АГФ Групп» ЖК – елімізде әлемдік брендпен тігін тауарын шығаратын жалғыз компания.
– IКЕА компаниясының жеткізушісі болу үшін бізге ойлы-қырлы жолдармен жүруге тура келді. Сертификаттау мен аудиттеудің жолынан өту бір бөлек. Біз өз саламызды жан-жақты зерттеп, оларға қолжетімді бағаны ұсындық. Жаңа қондырғы сатып алдық, қызметкерлерімізді өндірісті сауатты басқаруға оқыттық, - дейді компания директорының орынбасары Фатхулла Насыров.
Шымкент қаласының географиялық жағдайы «АГФ Групп»-қа Қытай, Үндістан, Пәкістан мен Түркиядан, сондай-ақ Ресейден шикізат тасымалдауға жақсы мүмкіндік.
–Біз сыдырма ілгектерді қолданбаймыз, себебі кір машинасында олар «ұшып» кетеді. Түйме қадамаймыз – олар сынып қалады. Олардың орнына IКЕА стандарттарына сай келетін фурнитуралық батырмаларды пайдаланамыз. Ал матаны Қытай, Пәкістан, Түркиядан алдырамыз. Келешекте Үндістаннан әкелуді жоспарлап отырмыз. Өзіміздің немесе көрші орыс пен өзбектің матасын төсек-орын жабдығын тігуге қолдана алмаймыз. Себебі – ол енсіз әрі жіңішке болып келеді. Біз ыңғайлы төсек-орын жабдығын тігеміз, оны матрастың төрт жағынан да қаптауға болады. Біздің матамыз отқа салсаң, жанбайды, түйіршіктеліп, оңып кетпейді, - дейді Ф.Насыров.
Компания күн санап қарыштап дамуда. Олар 2013 жылы бірінші рет ресейлік мектеп формасын тігіп беріп, экспортқа шықты. Дәл қазіргі кезеңде кәсіпорынды экспортқа әбден бейімделген деп ұялмай айтуға болады. Себебі, компания өнімінің 90 % шетелдіктер тұтынады.
– Негізінен төсек-орын жабдығы мен үй текстилінің халат, жұмсақ түкті көрпе сияқты кейбір түрлерін және т.б. шығарамыз. Жыл сайын 1,5 миллион бұйым IКЕА ресейлік дүкендеріне экспортталады. Бұл біздегі ассортименттің қаншалықты көбейіп жатқанын білдіреді, - деп атап өтті Ф.Насыров.
Компанияның отандық тұтынушыларға да ұсынатыны жетерлік. Қазақстан мен Ресей нарығы үшін «АГФ Групп» ЖК Еуразиялық банктің қолдауымен ARUA және SUAVE атты жеке төсек-орын жабдығының бренді пайда болды. Олар 100% экологиялық таза мақтадан жасалады һәм еуропалық өлшемдерге толықтай сәйкес келеді.
2017 жылдан бастап компания бөлшек сауда бағытын дамытып келеді. Шымкент қаласының ірі сауда желілерінде фирмалық дүкендері бар.
Фабриканың кірісі 2-7 % құрайды. Компания директоры Гаухар Насырованың айтуынша, бұл салада мұндай көрсеткіш өте төмен болып есептеледі. Негізі 25–50% болуы керек. Алайда, ол отандық жеңіл өнеркәсіпте өзінен артық табыс тауып жатқандар бар дегенге сенбейтінін айтады.
– Фабриканың қуаттылығы күніне 10 мың бұйым өндіруге жетеді. Өндірілген тауардың 90% - IКЕА-ның тапсырыстары. Олар бізбен мерзімсіз шарт жасасқан, яғни онжылдықтар бойы әріптестік орната алады немесе бірнеше айдан кейін келісімді бұза салуы мүмкін, - дейді ол.
–Біз әлі күнге қайта жабдықталып жатырмыз, - дейді Г.Насырова. – Біздің бас инженеріміз өте мықты маман. Ютубтан жастықтың тысын оңғаратын аппарат көрдік. Инженеріміз дәл сондай құрылғы жасап шықты. Ол шаңсорғыштың үлгісінде жасалған: бұйымды құбырға жақындатып, басқышты бассаңыз, ауа тігілген жастыққапты келесі бетіне жылдам аударып береді. Оның үстіне майда жіптерін де тазалайды. Бұл үдеріс қолмен жасалса 6 секунд, автоматтың көмегімен жасалса 1-2 секунд қана кетеді. Мұндай автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу бізге бір тігінші күніне 400 төсек жаймасын тіге алатын дәрежеге жеткізіп берді, - деді кәсібінің қыр-сырымен бөліскен кейіпкеріміз.
2018 жылы «Жыл кәсіпкері атанған Г.Насырова «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша несие алуын алған. Енді кәсіптерін одан әрі гүлдендіре түссек дейді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бір ғана Шымкенттен 7,6 млрд. теңгеге 37 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді. Бұл еліміздің өзге аймақтарына қарағанда жақсы көрсеткіш деп білеміз. Үшінші мегаполистегі экономикалық және индустриалдық аймақтан әр алуан бағыттағы зауыттар бой көтеріп, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр. Отандық өнімді сату нарығы да жаман емес. Біз жоғарыда келтірген екі компания да өз елімізден бөлек, алыс-жақын шетелдерге өнімін экспорттауда. 2025 жылға қарай мұндай кәсіпкерлердің саны еселеп артады деген болжам бар.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.