Сана сілкінбей, іс ілгері баспайды Избранное

Пятница, 11 Сентябрь 2020 05:18 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 406 раз

831dfa34-03e0-4112-9702-31fcc71252d7

Экономика — еліміздің ең маңызды саласының бірі. Содан болар Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында аталған салаға көп мән берілді. Қордаланған проблемалары ашық айтылып, оларды жоюдың жолдары сараланып, бұл тұрғыда алдағы жоспарлар белгіленді. Және жаңа бастамаларды жүзеге асыру Үкімет пен тиісті ұйымдарға шегеленіп тапсырылды. Осы ретте Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Asyl Arman» корпорациясының бас директоры, бизнес-тренер, бизнес-кеңесші Алма Архабаевамен сұхбатымыз Жолдаудағы экономика мәселелері төңірегінде өрбіді.

— Алма Нұралықызы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында шикізаттық емес экономикаға көшетін кез келгенін атап өткен болатын. Бұл мәселе талай жылдан бері көтеріліп келеді. Неге еліміз нақты нәтижесін көре алмай отыр? Әлде бір кедергілер бар ма?

— Еліміздің егеменді мемлекет атанғанына 30 жылға енді жуықтады. Осы уақыт ішінде республикада көптеген өзгерістер орын алды. Бірінші кезекте экономиканы көтеріп аяққа тұрғызу міндеті қойылды. Біз қолда бар ресурстармен соны жүзеге асырдық. Ол әрине оңай болмады. Өйткені шағын компанияның ішкі жұмысын реттеудің өзі қиын шаруа. Ал мемлекет ауқымында бұл әлбетте өте күрделі міндет екені түсінікті. Кеңес одағындағы қағидасы мүлдем бөлек экономикалық басқарудың бірыңғай жүйесінен кетіп, дербес елдің іргесін қалау мемлекетке оңай соқпағаны анық. Демек 30 жылдық мерзімді қуатты ел жасауға жеткілікті уақыт дей алмаймын. Мұны да дұрыс түсіну керек.
Қазақстан экономикасы шикізат қорына тәуелді ел бол тұра соңғы жылдары индустрия, шағын және орта бизнес саласын дамытуға көп көңіл бөлді. Сервис, ІТ технологиялардың өркендеуіне де жағдай жасалды. Соның нәтижесінде ел экономикасы біртіндеп жаңа сатыға көтеріліп келеді. Иә, аталған
салаларды ертерек қолға ала алмасақ та бүгінгі нәтижесінің өзі жаман емес. Себебі алғашқы кездері оған тиісті инфрақұрылым, мамандар дайын болмады. Қазір ішкі туризмнің дамуы қарқын алып келеді, көптеген ІТ компаниялар отандық қызмет көрсету нарығында сәтті жұмыс атқаруда. Ендігі мақсат өзімізді өзім қажетті тауарлармен қамтамасыз ету, мүмкіндігінше сыртқы өнімдерге деген тәуелділіктен арылу. Осы міндетті жүзеге асыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы қабылданды. Өкінішке қарай пандемия кәсіпкерліктің дамуын біраз тежеп қойды. Жалғыз біздің ел емес, бүкіл әлем қазір індеттің зардабын тартуда. Бұл бір жағынан бізге шикізаттық емес экономиканың қаншалықты маңызды екенін байқатты. Экономиканы осы бағытқа қарай бұрсақ мемлекеттің берік іргесі қаланады. Сонымен бірге дамудың жаңа сатысына көтерілу үшін де білікті мамандармен бірге халықтың сана-сезімі өзгеруі керек. Сол экономикалық жаңғыруларға қоғам дайын болуы қажет. Меніңше өсімнің өзі емес, адамдардың ойлау жүйесін өзгерту ең қиын іс секілді.

— Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуымыз керек деді. Жалпы бұл мәселенің де айтылып келе жатқанына біраз болды. Бүгінде бизнес саласы неге мұқтаж, қандай проблемалар толғандырады?

— Жоғарыда сөз еткенімдей елдегі экономикалық табыстар халықтың болмысының басқа арнаға ауысының нәтижесінде жүзеге асты. Бүгінгі танымал компаниялардың басшылары кеңестік кезеңде өскен, сол дәуірдің тәрбиесін көрген аға буын өкілдері. Қазір олардың ізін жас бизнесмендер өкшелеп келеді. Әрине екі буын салыстыруға келмес. Жастар жаңа заманның талабына бейімделген, өзгеше ойлайды. Дегенмен шағын және орта бизнестің іргетасын кезінде талай қиын кезеңдерден өткен кәсіпкерлер құрайды. Бір кездері мемлекет кәсіпкерлікті дамыту мәселесін төтесінен қойған еді. Себебі шағын және орта кәсіпкерлік мемлекеттік экономиканың қалыбы. Ірі кәсіпорындардың барлығы кезінде майда бизнес бастамалардан өсіп-өнген. Өкінішке қарай бізде отандық брендті тауарлар өте аз. Кәсіпкерлік нысандардың көпшілігі квазимемлекеттік компаниялар немесе соларға қарасты фирмалар болмаса шетелдік бизнес ұйымдары. Өйткені Қазақстан шетелмен тығыз байланыста болғандықтан нарықта сырттан келген компаниялар көп. Еліміздің жерасты байлықтарын игеретін маман да технология да өзімізден болу керек. Иә, биік мінберлерден кәсіпкерлік саласында жеткен жетістіктеріміз мақтанышпен айтылып жүр. Расында да әжептеуір табыстарға қол жеткіздік. Алайда бизнесті дамытудың нақты механизмі, тетіктері әлі толық жетіліп болған жоқ. Адам өмірге кәсіпкер болып келмейді. Кезінде бәрі де бір-бір кәсіптің иесі болған шығар. Бірақ күндердің күнінде адам ойын өзгертіп, іскерлік саласында өзін байқап көргісі келеді. Осындай кезде оған ең бірінші кезекте білім керек болады. Әрине істі бастап аяққа тұрып кеткенше уақыт пен тәжірибенің қажеттігі анық. Мен өзім осы салада қанша жыл еңбек етсем де, әлі күнге дейін білім алудан, күнделікті жаңалықтарды біліп отырудан қол үзбеймін. Өзімнің тәжірибемді жетілдірумен, біліктілігімді асырумен әрекет етіп келемін. Сондықтан кәсіпкерлікке ұмтылған азаматтарды оқыту, бизнес сауатын ашу мәселесін күн тәртібінен түсірмеуіміз керек. Мен шағын және орта бизнестің баяу өркендеуін үш түрлі себеппен байланыстырар едім. Біріншіден, қабылданған саналуан бағдарламалардың тиімділігінің қоғамдағы жаңа өзгерістердің әсерінен төмендеуі. Немесе заман ағымына ілесе алмауы. Екіншіден, адамдардың ақыл-санасының өзгерістерге әлі дайын болмауы. Үшіншіден, кәсіпкерлікті дамытатын тиісті мамандардың, халықаралық тәжірибенің аздығы. Бізде бизнесті қолдайтын нақты жүйе осы күнге дейін қалыптаспаған. Мәселен, кәсіпкер ісін бастады, субсидия алып жатыр делік, ал енді оның кәсібі әрі қарай қалай өркендейді, әлемдік деңгейге қалай көтеріледі? Міне осы жағы бізде кемшін болып тұр.

— Монополияға қатысты да біраз нәрсе айтылды. Соның ішінде экономиканың басты ойыншылары нарықты «меншіктеп» алғандары, оған ешкімді жолатпайтыны жайлы сын тағылды. Бұл туралы ойыңыз қандай?

— Менің жеке пікірім, нарықта әрдайым мықты жеңеді. Мықты деп күш-қуаты, жан-жақпен байланысы бар іскер адамдарды немесе топтарды атайды. Олардың сарапшылары да мамандары да шетінен білікті. Өкінішке қарай ондай әлеует шағын кәсіпкерлерде бола бермейді. Шикізат, өндіріс өзге де ресурстардың нарығы баяғыда бөлініске түсіп қойған. Демек нарыққа алғашқы қадам жасағандар бірте-бірте өсіп, бүгінгі дәрежесіне жетті. Осыдан бес жыл бұрын мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды мықтап қолға алып, бизнесмендердің жаңа толқынын қалыптастыруды бастаған болатын. Алайда кәсіпкерлердің жаңа буынының енді ғана қанаттары қатайып келеді. Сондықтан жаңа бәсекелестер өсіп жетілгенше уақыт пен мемлекеттің оларға көрсететін көмегі қажет. Сонымен бірге халықтың ішкі ой түйсігі әлі онша өзгере қоймаған. Көпшілігі тер төгіп еңбектенбей үлкен табыстарға қол жеткізуді армандайды. Адам өзін дұрыстамай ісінен ешқандай нәтиже шықпайды. Иә, қазір бизнесті бастау оны жүргізу мәселесінде бәрі ашық, мөлдір. Түрлі интернет платформалар, «Даму» қоры, бизнестің құқығын қорғайтын кәсіпкерлер палатасы, басқа да толып жатқан ұйымдар бар. Ендеше бизнестің аяғын шалатын кедергілер бүгінде жоқтың қасы. Алайда кәсіпкерлік саласындағы мәселелерді шешуде немқұрайдылық басым. Мәселен жер қатынастары меншік құқығына қатысты құжаттарда қателік көп. Соның салдарынан халыққа қызмет көрсету орталықтарының, мемлекеттік органдардың алдында адамдар топталып жиналып, кезек күтуге мәжбүр. Міне, осы проблеманы әкімшілік кедергіге жатқызуға болады. Дегенмен адам қаласа кез келген мәселені өзі шеше алады. Егер түсінбесе қазір консультациялық орталықтар мен ұйымдар көп. Сол жақтың мамандарынан кеңес сұраса ешкім жоқ демейді. Керісінше ескі әдетімізбен ары-бері жүруге ерініп, біреулердің қолына ақша қыстырып, мәселені тез шешкенді жөн көріп тұрамыз.

— Президент экономика тақырыбының ішінде ірі квазимемлекеттік сектордағы қаржы институттарын біріктіру мен қызметкерлер санын қысқарту туралы Үкіметке тапсырған еді. Осы мәселе төңірегінде пікір білдіре кетсеңіз...

— Менеджмент тұрғысынан алып қарағанда нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жаңашылдық қажет. Егер өзгерістер қандай да бір мәселенің шешіміне қозғау сала алмаса онда одан ешқандай пайда жоқ. Сондықтан экономикалық көрсеткіштерді жақсартудың екі түрлі жолы бар. Ол көбірек ақша табу мен қаражатты үнемдеу, яғни шығын көлемін қысқарту. Бүгінгі мемлекеттік басқаруды қайта құрылымдау жұмыстарының жүргізілуі, соның аясында әртүрлі тиімді тәсілдердің енгізілуі, цифрландыру ісінің жүзеге асырылуы секілді бастамалардың барлығы да бір мақсатты көздейді. Ол-қазына қаржысын тиімді жұмсау. Өйткені қазіргі уақытта мемлекеттік басқару ісіне қыруар қаражат кетіп жатыр. Оған Үкімет, Парламенттен бастап ауыл-аймақтағы жергілікті басқарушы органдар түгел кіреді. Сондықтан әр салада міндетті түрде жаңашылдық, халықаралық жаңа тәжірибе керек. Онсыз еліміздің келешекте жетістікке жетуі неғайбыл.

— Әңгімеңізге рахмет!

Другие материалы в этой категории: « Пандемия оң өзгерістерге тосқауыл бола алмайды