Өткірдің жүзімен табысты болам десең, БАРБЕРШОП аш Избранное

Пятница, 20 Ноябрь 2020 03:49 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 404 раз

Барбершоп – ерлер шаш қиятын, сақал-мұртын бастырып, сәнге келтіретін салон. Бұл бизнестің еліміздің нарығына келгеніне аса көп бола қойған жоқ. Шетелде оған сән салонынан бөлек, жігіттердің сұхбат құратын клубы ретінде де қарайды. Иә шетелде жасына, түр-тұлғасына қарамастан барбершопқа ер жігіттердің барлығы да барады. Олардың ішінен өнер жұлдыздарын да, табысты кәсіпкерлерді де, спортшыларды да тіпті қоғам қайраткерлерін де кезіктіруге болады.

836

 

Былайша айтқанда барбершоп қазіргі түсінік бойынша – әмбебап шаштараз. Оның шығу тарихына қысқаша тоқталсақ, «барба» сөзі ағылшын тілінен аударғанда сақал деген мағынаны білдіреді. Ол өткен ғасырдың 30-шы жылдары АҚШ-та пайда болған. Бұл тек ер кісілер келіп шаш, сақал-мұртын ретке келтіретін салон. Бірақ келе-келе барбершоптар сиреп олардың орнын әйелдердің сұлулық салондары басып кетті. Барбершопта клиенттерге қызмет көрсететін адамдарды барберлер деп атайды. Жоғарыда айтқанымыздай барбершоп Қазақстанда басталғанына көп бола қаймаған жаңа бизнес жобаның қатарына кіреді.
Бұл бизнестің жобалық құны үш жарым миллионға жуық теңгені құрайды. Өзін-өзі ақтау мерзімі – 1 жыл. Барбершопты қаладан ашқан тиімді. Өйткені қалада клиент саны басым келеді. Оның үстіне соңғы әлеуметтік зерттеулер бойынша ерлердің арасында сырт келбеттеріне көбірек қарайтын, саулық пен сұлулыққа ерекше ден қоятындар қатары көбейген. Сондықтан да сарапшылар барбершопты өте тиімді кәсіп түріне жатқызады. Алғашында барбершопқа тек бақуатты ер кісілер баратын болған. Барберлерді скальпельмен сақал алатындықтан дәрігерлерге теңейтін. Сақал алушылардың ұстарамен жұмыс істеуде ешкімге аша бермейтін өз құпиясы болатын. Скальпель өте өткір зат болғандықтан онымен жұмыс істеу үшін асқан икемділік пен еп керек. Сондықтан барбершопта қызмет көрсететіндер өз ісінің нағыз шеберлері болып келеді және ол жерге жұмысқа алғанда да үміткерлер қатаң сынақтардан өтеді. Скальпель – өткір ұстара. Адам өмірі үшін өте қауіпті зат. Сондықтан сақал алмас бұрын алдымен оны қолда ұстап үйрену керек. Сол үшін болашақ шеберлер алғашқы тәжірибесінде ауа үрленген кәдімгі шардың бетін әлгі скальпельмен қырып үйренеді екен.
Барбершопта ерлерге қандай қызметтер көрсетіледі? Шаштарын қияды, бояйды, сәндеп қысқартады, сақалдарын жиектейді, рең береді, корольдік стильде бастырады, қол мен тырнақ күтімін жүргізеді, шаш пен сақал-мұрт үлгісінде ерекше бейне мен имидж қалыптастырады. Және тері күтімі бойынша қызмет көрсетеді.
Сақал алушының жұмысы арзан емес, қарапайым шаштаразбен салыстырғанда екі есе қымбат бағада жүреді. Барбершопта сақал бастыру, шаш қиюда «American Crew» «Taconic» «Proraso» секілді әлемдік бренд саналатын ұстаралық заттар пайдаланылады.
Сарапшылар шаш қысқарту сәнінде қала тұрғындарын үш топқа бөліп қарастырады. Бірінші топқа жастар кіреді. Олар жаңадан пайда болған сән үлгілері туралы көп нәрсе біледі және үнемі құлақтары жаңалықтарға түрулі жүреді. Сондай-ақ сән саласындағы өзгерістерге жылдам бейімделгіш болып келеді. Екінші топта ерлер мен әйелдер. Олар сән салонының тұрақты клиенттері. Өз-өздеріне көңіл бөліп, шаштараз, салондарға жиі барып тұрады. Үшінші топтың мүшелері егде жастағы кісілер. Олар көбінесе бағасы арзан шаштаразға барғанды қалайды. Дегенмен арасында люкс санатындағы салонға баратындары аз емес.
Барбершоп ашу үшін орынжай керек. Салоннның орналасқан жері де маңызды рөл ойнайды. Сауда орындарының жанынан ашқан тиімдірек саналады. Себебі сауда нүктесінде адам саны үзілмейді, демек салонға да келушілер қатары сиремейді. Қызмет көрсету бағасын белгілеуде екі қағидат негізге алынады. Біріншісі қызметақы кәсіп ашуға кеткен шығынды жауып, пайда әкелетіндей болуы керек. Екіншісі, басқа салондарға қарағанда оның қызмет сапасы өте жоғары болуы тиіс. Жобаны қаржыландыру көзі жеке қаражаттан бөлек тиімді бизнес-жобаларға берілетін тегін грант та болуы мүмкін. Жоғарыда аталғандай жобаға қажетті 3 млн. теңгеден астам қаражатқа салонға керекті құрал-жабдықтар сатып алынады. Оған мәселен барбершоп креслосы, жуатын орын, шаштараз арбасы, үстелы бар айна, сүлгілер қоятын шкаф, педикюр креслосы, маникюр үстелі, сөрелі шкаф, гардероб, касса аппараты, кіржуғыш машина, теледидар және осы секілді тағы да басқа бұйымдар кіреді. Барбершоп ашқан кәсіпкер жанына жетеуге дейін адамды жұмысшы ретінде алуына болады. Бизнес сарапшылар барбершоптан кәсіпкер жылына 3 миллион теңгеге жуық табыс таба алатынын айтады. Демек алғашқы жылғы табыс кеткен шығынды жабуға жұмсалса, келесі және одан кейінгі жылдардағы табыстар кәсіпкерге таза пайда алып келеді. Бұл салықтық және коммуналдық төлемдерді, шикізат сатып алуды, қызметкерлердің еңбекақысын және басқа да шығындарды алып тастағанда қалатын таза пайда.
Әрине бұл мақалада бизнес жоспардың егжей-тегжейлі сараптамасын, нақты есебін бермедік. Оның себебі қазіргі нарықтық жағдайға байланысты бағалардың да тұрақты болмайтыны белгілі. Сондықтан біз мұнда тек оқырманға ой салуды, осындай бизнес бар екенін, жұртқа жалпылама түсіндіруді, насихаттауды мақсат тұттық. Ал оны әрі қарай тереңдете зерттеу, бастап көргісі келсе нақты іске кірісу әркімнің өз еншісінде.