Бизнес бастап жатқан жастар көп Избранное

Среда, 09 Декабрь 2020 05:02 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 1089 раз

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы бизнеске бейімі бар жастарды қолдауға, олардың бизнес жоспар құруына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Содан да болар бүгінде кәсіпкерлікпен айналысып, өз ісін ашып жатқан жастар аз емес. Солардың қатарында шымкенттік Нүркен Сералиев пен Фатхулла Насыров бар.

Екеуінің бизнес жобасы екі түрлі. Бір-біріне ұқсамайды. Дегенмен екеуі де өзіне лайық істің көзін таба білуімен өзгелерге үлгі.
нуркенМысалы, Нүркен Сералиев былтыр «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша арнайы курстан өтіп, 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған. Бұл қаржыға бүгінде кәсібін дөңгелетіп, табыс тауып отыр. Нүркеннің мамандығы – тіс дәрігері. Қаладан «Art Stom» атты жеке стоматологиялық кабинет ашып, халыққа қызмет көрсетуде.
Өзінің айтуынша мемлекеттік грантқа рентген аппаратын сатып алған. Соның арқасында қызмет сапасы артып, клиникаға келушілердің саны артқан. «Алғашқы кезде күніне 5-6 адам қабылдайтынмын. Бүгінде олардың саны екі есеге көбейді» – дейді ол.
Әлемде соның ішінде Қазақстанда орын алған пандемияға байланысты елімізде жарияланған алғашқы төтенше жағдай кезінде стоматологиялық клиника жұмысы біраз уақытқа дейін тоқтап тұрды. Бүгінде жұмысы қайта жанданып, күнделікті режим бойынша келуші науқастарды қабылдап жатыр.
Мемлекеттің беріп отырған осындай мүмкіндігін пайдаланып, кәсібін жолға қойған Нүркендей азаматтың іскерлігі әлбетте көпке үлгі.
фатхуллаАл Фатхулла Насыров бизнестің қыр-сырын үйрететін оқыту бағдарлама ойлап тауып, қазір оны студенттерге үйрете бастады. Кезінде оның өз тігін фабрикасы болған. «ПК» АГФ group» ЖШС құрылтайшыларының бірі.
– Бизнес ашуда жобаның үлкен-кішісі деген ұғым болмауы керек. Екеуінде де қажырлы қайрат, табандылық, істі соңына дейін жеткізу қасиетке ие болуың керек. Картоп сат немесе әжептеуір кәсіпорын болсын бәрібір бизнестің аты бизнес, – дейді ол. Оның пікірінше кәсіпкерлік саласында айырмашылықтар болмайды емес, болады. Ендеше ол қандай ерекшеліктер? Бұл жауаптар оның жеке өзі кәсіпкерлік, менеджмент, маркетинг, қаржылық және инвестициялық іс-әрекеттерді үйрететін жоғары оқу орындарындағы мамандықтарға арнап ойлап тапқан «Бизнес-практикум» бағдарламасында айтылады.
Фатхулланың сөзінше әлбетте ілім іздену маңызды, бірақ сонымен қатар жастардың бойында бизнес ашуға деген құштарлық сезім болуы керек екен. Бизнесмен алғашқы дәрісін Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында өткізді. Оның ойынша өміршең бизнес құрудың, ертең жабылып қалмайтын кәсіп бастаудың құпия-сыры нарықта сұраныс тудыратын, бұрын-соңды болмаған өнімдер ұсыну, яғни Чан Ким мен Рене Моборн бестселлерінде айтылғандай жабайы бәсекелестікке ұрынып қалмау үшін Көгілдір мұхит стратегиясын ұстану. Дегенмен алқызыл мұхитқа тап болған күннің өзінде белгілі бір алгоритмге негізделген іс-әрекеттерді жасау арқылы су бетінде қалықтап қалуға мүмкіндік табуға болады. Ендеше ол қандай алгоритм, қай қағидаларды сақтаумен Сіз бизнесіңізді табысқа шығарасыз? Мұның барлығын алдын ала жазылып қойған жоғары оқу орнының студенттері кәсіпкердің бизнес-практикум курсында біле алады. Айтпақшы, бұл дәрістер ақысыз. Тегін.
– «Бизнес-практикум» бағдарламасы бұл кәсіпкерлер палатасы мен бизнестің өзара ықпалдасуынан туған нәтиже. Оның негізгі мақсаты – құбылмалы нарыққа тез бейімделіп кету үшін жастардың құқықтық және экономикалық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ оларды болашақ кәсіпкер етіп тәрбиелеу үшін бойларында нағыз бизнесменге лайық қайраткерлік пен мәдениеттілік қалыптастыру. Сонымен бірге жас өрендер көрнекі бизнес-кейстердің көмегімен экономика мен шағын бизнестің қыр-сырларын, шағын және орта бизнесті жүргізудің ерекшеліктерін, шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің негіздерін және бір кәсіпке қаржы құю мен инвестициялаудың мүмкіндіктерін оқып үйренеді. Бизнес әліппесін оқыту барысында түрлі дебаттық пікірсайыстар, рөлдік және іскерлік ойындар, әрқилы ситуациялық оқиғалар және бизнеспен айналысып жүрген азаматтармен сұхбаттар ұйымдастырылады,–дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мәдина Тұрсынбекова.
Бағдарламаның ұзақтығы аптасына екі сағатттан 24 сағатты құрайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша шәкірттер қаладағы табысты бизнес жобалармен таныса отырып солардың мысалымен өздерінің білім деңгейін көтереді әрі кәсіпкерлік негіздерін бастан-аяқ үйреніп шығады. Соның арқасында студенттер бизнес-идеялар ойлап табуға, жеке өзінің кәсібін ашуға жұмсалатын қаржылық шығындардың есебін есептеп шығаруға мүмкіндік алады.
Өз кезегінде Фатхулла Насыров курстан өткен шәкірттерге бағдарлама дәрісі аяқталған соң да аяққа тұрып кеткенше бизнесін жүргізуге көмектесуге уәде беріп отыр.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.