Әлемдік экономика қалыбын өзгертуде Избранное

Среда, 23 Декабрь 2020 04:14 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5572 раз

20181212115812

Қазақстан Тәуелсіздіктің 30-шы жылына аяқ басты. Ғасырдың тағы бір жылы қорытындыланғалы отыр. Осындай кезеңде еліміздің жеткен табыстары мен жетістіктерін таразылап, сарапқа салатынымыз рас. Шынында да экономикалық тұрғыдан біз қаншалықты тәуелсіз елміз?

KuatДей тұрғанмен қазіргі таңда талас тудырмайтын бір ақиқат бар. Ол – әлемді шарпыған дағдарыс салқыны Қазақстанды да айналып өтпеді және одан әл-әзір құтыла қоймайтыныз анық. Екіншіден, экономикалық өсім де тез арада орындала қоятын үдеріс емес. Алайда, түн қанша ұзақ болса да таң атпай қоймайды демекші, рецессиядан кейін міндетті түрде экономикалық өсімнің болатыны заңдылық. Қазір әлемде орын алып жатқан процестің бірі – экономикалық ескі жүйенің жойылып бара жатуы. Оны Үкімет те, халықаралық ұйымдар да бір жағынан қолдап отыр. Мәселен, солардың ішінде Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі секілді көптеген ірі қаржы институттары бар. Олардың әрқайсысы ғаламдық қаржы жүйесіне орай өз болжамдарын айтуда. Бірақ барлығының ұстанымдары біреу. Ол – экономика да табиғат сияқты алма-кезек ауысып, дамып отырады.
Дегенмен, бұл экономикалық өрлеу мен табиғат циклдерін дәлме-дәл салыстыру деген сөз емес. Екеуінде өзіндік өзгешеліктердің бар екенін байқау қиын емес. Ертеректе дөңгелек пен бу машинасын ойлап табу адам санасында, тұрмысында технологиялық революцияға алып келген жоқ па?! Қазір біз техникалық үдерістер одан да тез дамып бара жатқан цифрлық технолгиялар заманында өмір сүрудеміз.
Әлемдік өзгерістерге көз жүгіртер болсақ, бүгінде кейбір күштер экономикалық жүйедегі бірполярлықты күйрете бастады. Бұған бір шетінен дүниежүзілік пандемияға ұласқан Covid-19 індетімен күрес те себеп болып отыр. Державалық мемлекеттердің кейбір қарсы топтары әлемдік экономикалық байланыстар тепе-теңдігін бұзуға әрекет жасауда. Бұл өз кезегінде өндіріс, сауда саласының біртұтас тізбегін үзіп, экономикалық депрессияға ұрындыруы мүмкін. Бәріміз білетініміз, бұрын көптеген елдерге жат болған, белгісіз инфекция Азия құрлығынан тарап, бүкіл әлемді жаулап, жаһандық проблемаға айналды. Осылайша пандемиядан медицина, оның соңынан әлемдік экономика тұралады. Әлбетте, бұл оқиға жаһандық ауқымда зор экономикалық сілкіністер әкелді. Оның әсері әлі алдағы бірнеше жыл көлемінде сезілетін болады.
Коронавирус эпидемиясы пайда болғанда қаржы нарығында құлдырау процестері бірден басталып еді. Экономистердің қорқынышын үдеткен, пессимистік болжамдар жасауға түрткі болған осы жағдай болды.
Саяси және экономикалық жүйелердің деградациясы бұрыннан басталған. Індет құланның қасуына мылтықтың басуы болды.
Енді ескі экономикалық құрылым қирандыларының орнында шаруашылықты басқарудың жаңа тәсілі пайда болады деп күтілуде. Бұл құндылықтар төңкерісін, пайда түсінігінің өзгеруін және мемлекет рөлінің артуын білдіреді. Осыларды іске асыру дамыған экономикаға қол жеткізу қажеттілігінен туындап отыр.
Үкіметтің шектеу шаралары әлемдік экономика қалыбын өзгертуде. Сарапшылар адамдар індеттің өзінен емес, бұрын-соңды болып көрмеген экономикалық рецессия мен «суицид эпидемиясының» кесірінен көбірек зардап шегеді деген болжам айтуда. Геосаяси белгісіздік пен популизм және ұлтшылдық пен протекционизм қазірдің өзінде экономикаға біраз зардабын тигізді. Олардың күшеюі көлік және өндірістік байланыстардың әлсіреуіне әкеп соғуда. Сонымен қатар, пандемия мен жоғарыда аталған кедергілер жаһандану үдерісін тоқтатуы мүмкін. Бұдан бөлек экономиканы «виртуалдандыру» процесі дамуы ықтимал. Яғни, тауарлар мен адамдардың физикалық қарым-қатынасын онлайн режимдегі интернет алмастырады. Сондай-ақ, экономиканың кейбір салалары басқаша түрленіп, құрылым, мазмұны өзгереді деген де болжам бар. Қалай болғанда да, алдағы уақытта қоғамды ғаламдық жаңғыртулар, ұлы төңкерістер күтіп тұр, ең бастысы, бәріміз соған дайын болуымыз керек.
Дайындалу демекші,
Қазақстанның да Ресей сияқты пандемияның экономикалық салдарын көптеген елдермен салыстырғанда аз шығынмен жеңе алу мүмкіндіктері жетерлік. Ол – дайындықтың нәтижесі. Ресей мен Қазақстанда тәуелсіздік қорлары жинақталған. Бұл біздің елдерге қысқа мерзімде пандемия сын-қатерлеріне тиімді жауап беруге мүмкіндік берді.
Қазақстан енді мұнай, газ және ураннан басқа экспортқа шығара алатын баламалы өнімдерге көшуі керек.
Бұл ауыл шаруашылығы, сондай-ақ, тау-кен және химия өнеркәсібі өнімдері болуы мүмкін. Алайда химия өнеркәсібі көптеген жұмыс орындарын құрмайды, оны дамыту үшін мемлекеттік ресурстар жеткіліксіз. Сондықтан Қазақстанға бұл бағытта өте көп инвестиция қажет. Сондай-ақ инвестицияларды нақты және жалпылай құқықтық тұрғыдан реттеп отыру керек.
Осы бағытта Үкімет бүкіл посткеңестік мемлекеттерге қолайлы ортақ құқықтық аумақ қалыптастыра алды. Сонымен қатар, халықаралық қаржы мен арбитраж орталықтары бар сот алаңын жасақтады.
Және Еуразиялық экономикалық одақ құруда, «Бір белдеу - бір жол» бастамаларында идея көтерген әрі қолдаушысы болған да біздің ел.
Транзиттік ағындар Қазақстан аумағы арқылы өтіп, Батыс Еуропа порттары мен Батыс Қытайдағы қалаларды байланыстырған жағдайда ғана Ресей мен Қазақстанға тиімді болары сөзсіз.
Қазақстан, сонымен бірге, ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміз үлкен сұранысқа ие бола бастады. Бұл біздің дәстүрлі артықшылығымыз, ендігі жерде біз соны толық пайдалануымыз керек.
Қазір барлық қазақстандық компаниялар өздерінің айналым капиталын оңтайландыруда, дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын әзірлеп, оны жүзеге асыруда. Олар, сондай-ақ, капиталды көп қажет ететін инвестициялық жобаларды кейінге қалдырып отыр немесе қайта қарастыру үстінде. Пандемия тұсында жобаларды іске асырудың арзан нұсқаларын таңдап жатыр.
Білім беру саласы әрқашан ең жақсы инвестиция болып саналады, ал дағдарыс – бұл жаңа ілім алу, дағды қалыптасрыу, көшбасшылық және басқарушылық машықтарға үйрену үшін қолайлы уақыт.
Сондықтан осы бағыт бойынша іс-шараларды нәтижелі жүргізе алсақ, дағдарыстан тезірек шығуға мүмкіндік туар еді.

Қуат ҚАЛЫҚҰЛОВ,
экономика
ғылымдарының
кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.