Дайындық жұмыстарын тездету қажет

Среда, 06 Август 2014 09:08 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4294 раз

Шымкент қаласының негізгі бөлігін жылумен қамтып отырған «3-Энергоорталық» АҚ мекемесі қыс маусымына дайындық жұмыстарын биыл жылдағыдан ертерек қолға алды. Қала әкімі Дархан Сатыбалды жылу мекемесі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Сапар барысында белгілі болғаны, «3-Энергоорталық» АҚ-на биылғы жылыту маусымы үшін қосымша 723 тонна көмір қажет көрінеді. Өткен жылыту маусымынан қалған қатты отынның көлемі 104 тоннадан аспайды. Сонымен қатар, мекемеге 30 мың тонна әлеуметтік мазуттың қажеттілігі байқалады. Өткен маусымнан қалған мазут көлемі тек 1 500 тонна ғана. Бұл мәселені алдағы уақытта өз бақылауына алатынын жеткізген қала әкімі мекеме басшыларына қысқа дайындықты дер кезінде аяқтауды тапсырды.

- Жоспарлы жұмыстарды белгіленген кесте бойынша жүргізуге әрине, қаржының жеткіліксіздігі де біршама қолбайлау болуда, - дейді «3-Энергоорталық» АҚ бас директорының жалпы және коммерциялық сұрақтар жөніндегі орынбасары Сайлаубай Жақыпов. – Нақты айтар болсақ, тұрғындардың жылуға деген берешегі әлі де болса 629 миллион теңгені құрайды. Жыл басынан бері тек 200 миллион теңге сот арқылы өндіріліп алынды.

Жалпы, қала аумағында барлығы 347 бюджеттік нысан бар. Ағымдағы жылы оның 148-і дайындық актісін алды. Яғни, тиісті жоспар 43 пайызға орындалған.

Кәсіпорынның негізгі құрылғыларының дайындығын пысықтаған қала әкімі мұнан кейін Еңбекші ауданына қарасты М.Сапарбаев көшесінің бойында құрылысы қызу жүріп жатқан құбырларды ауыстыру жұмыстарының барысымен танысты. Еске сала кетсек, өткен қыс маусымында ескірген құбырлар сыр беріп, аталмыш көше тұрғындары көлкіп аққан ыстық судың зардабын тартқан еді. Осындай олқылықтың қайталанбауы үшін биыл турбина-генераторларды ауыстырып, ретке келтіру мақсатында бюджет есебінен 800 миллион теңге қаржы бөлінген.

- Тұрғындарға сапалы жылу жеткізу орайында жасалып жатқан жұмыстар әлі де болса жеделдете түсуді қажет етеді. Себебі, жұмыстар кестеден сәл кешігуде. Құбырларды ауыстыру жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс. Ең бастысы, тұрғындар өздері де қыс маусымына дайындық жұмыстарын нақ осы сәттен атқарып шыққаны жөн болар еді, - дейді БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген қала әкімі Дархан Амангелдіұлы.  

Автономдық қазандықтарда жұмыс істейтін нысандарға қажетті 5460 тонна көмір қазіргі таңда толығымен дайындалып, жеткізілген. Бұдан бөлек, қалалық білім беру нысандарына қажетті 5265 тонна көмір, 155 литр сұйық отын толық дайындалған.

 Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.

Последнее изменение Среда, 06 Август 2014 09:14
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.