Жаздағы сапалы жұмыс қыста жауратпайды

Среда, 13 Август 2014 03:56 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5598 раз


«Қыс шанаңды жаз сайла» деген бабалардан қалған аталы сөз жазда жиі айтылады. Әсіресе, қаланы жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар мен жауапты мекемелердің дайындығын пысықтау барысында. Жылдағы дәстүр бойынша жаз бойы қыстың қамын жасау бағытында қыруар шаруа тындырылады. Қаржы жұмсалады, есеп беріледі. Дегенмен, атқарылған істің деңгейі мен сапасын қыс айларында ғана нақты сезіне аласыз. Айтайын дегеніміз, қатты аяздарда сыр беріп, тұрғындардың наразылығын тудыратын кейбір оқиғалар жөнінде емес, бүгінгі дайындық барысы туралы еді.

Шымкентте 1753 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оның ішінде солтүстік аумағы бойынша 932, оңтүстік аумағы бойынша 821 тұрғын үй бар. Сол 1753 түрғын үйдің 1081-інде ішкі жылу жүйелері 61 %-ға дайын екен. «Қала нысандарын 2014-2015 жылдары жылу беру маусымына дайындау» бойынша  қала әкімдігінде өткен алқалы мәжілісте осындай мәлімет келтірілді.  Тұрғын үй қорының дайындығы  былтырғы жылмен салыстырғанда 22 %-ға дайын. Қала әкімі Д.Сатыбалды төрағалық еткен жиында қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов жылу  нысандарын алдағы күзгі-қысқы маусымға
дайындау, ұйымдастыру - техникалық жұмыстарын реттеуге  бағытталған  іс-шаралардың барысы
жайында есеп берді.  Айта кетелік, арнайы құрылған қалалық штаб осы мәселе бойынша бұған дейін 6 мәжіліс  өткізіпті.
«3-Энергоорталық» АҚ-ы жылу маусымының дайындық жұмыстарына бөлінген  808,5 млн.теңге қаржының 411,0 млн.теңгесін игерген. Дегенмен, мекеменің стансасында орналасқан №2 турбогенераторында күрделі  жөндеу  жұмыстары бекітілген кестеден әзірге кешігуде. Бұл орайда, қала әкімі тиісті  мекеме басшыларынан есеп алды. Сондай-ақ, қала шаруашылығының қысқы мерзімге дайындығын қамтамасыз ететін «ЛТД-Тұрмыс» және «Югдорсервис» ЖШС-нің балансындағы арнайы қар күрейтін, ыңғайластырылған құм сеуіп, артатын техниканы қыс маусымына дайындау қажеттігін атап өтті. Қалаға тиесілі барлық нысанның жылу беру маусымына сақадай сай болып, халықтың қыстан қысылмай шығуын міндеттеді. Сапасыз атқарылса жаз бойғы еңбектің жоққа шығатынын ескертті.
Алқалы мәжілісте келтірілген деректерге жүгінсек,  «3-Энергоорталық» АҚ-на қарасты барлығы 8,14 км жылу жүй-елерінде қайта құру жұмыстарын іске асыру үшін 308,3 млн.теңге бөлінген. Бұл қаржының 138,4 млн.теңгесі, яғни 45 пайызы игеріліпті. «3-Энергоорталық» АҚ-ның бөлек орналасқан қазандықтарына 723 тонна көмір қажет. Өткен жылыту маусымынан қалғаны 104 тонна көмір. Сондай-ақ, кәсіпорындарға 30 000 тонна мазут қажет, ал былтырдан қалғаны 1500 тонна. Жылуды тұтынушылардың қарызы да аз емес. Жиналғаны 1225,5 млн. теңге (89,1%). Тұрғындардың 2011-2014 жылдары пайдаланған жылуға дебиторлық қарызы  2014 жылдың 1 шілдесіне  611,0 млн.теңге болыпты. Оның 375,8 млн.теңгесіне сот орындарына талап-арыз жолданып, 288,5 млн.теңгеге сот орындарының шешімі алынған. Қаланың оңтүстік бөлігіндегі магистралдық 1,92 км жылу жүйелерін қайта құру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 83 млн.теңге қаржы бөлініп, жұмыстар «Казсантехмонтаж» ЖШС- мен мерзімінен 40 күн бұрын толық орындалған. Сондай-ақ, шаһардың оңтүстік бөлігіндегі 3,8 км ішкі орамдық жылу
жүйелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 30 млн.теңге, қаланың солтүстік бөлігіндегі 25,8 км ішкі орамдық жылу жүйелерінің жөндеу жұмыстарына 160,0 млн.теңге бөлінген. Мердігер «Қуатжылуорталық-3» МКК-ы жөндеу жұмыстарының 46 %-ын ғана орындаған.
Апта басындағы мәліметтер бойынша аудандардағы ішкі жылу жүйелерінің дайындығы төмендегідей:
- Абай ауданында 424 үйдің 340-ы  (72%); Еңбекші ауданында 535 үйдің 340-ы (63%); Әл-Фараби ауданында 794 үйдің 433-і (54%) дайын.

Диас НҰРКЕНҰЛЫ.

Последнее изменение Среда, 13 Август 2014 04:05
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.