Өндiрiс өркендеп, шағын бизнес шарықтауда

Среда, 13 Август 2014 04:48 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5272 раз

Еңбек етсең емерсің. Осы күні кәсіптің көзін тапқандардың қолы алтын. Шағын және орта бизнеске ойысқандар  көктеп, көгеріп жатыр. Технологияның тілін білу керек. Қазіргі нарық заманы осыған үндейді.

Елбасы халыққа арнаған әр Жолдауында осылай демейтін бе еді? Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Мұндағы менің ұстанымым айқын екенін білесіздер, оны талай айтқанмын. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді»,- деген болатын. Осы орайда   үшінші мегаполис Шымқалада кәсіпкерлікке, шағын, орта бинеске қызығушылардың саны артқанын айта кетейік.
Биыл қаңтар-маусым айларында атқарылған жұмыстарды тізбектеп көрейікші. Бүгінде Шымкентте 367 кәсіпорын жұмыс істесе, соның ішінде ірі және орта – 64, кіші – 257, қосалқы – 46. Өңдеу өнеркәсібінің саласында  3 мың 257 адам жұмыс істейді екен.
Жыл басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындарында қолданыстағы бағамен 101 834,9 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 100,1 %.  
ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы  аясында 2010-2013 жылдары құны 39,3 млрд теңге 36 жоба іске асырылып, 3 257 адам жұмыспен қамтылған.
Биыл қолға алынған игілікті істер қандай?  2014 жылы құны 22646,5 млн.теңге 24 жобаны іске асыру межеленген.  1512 жұмыс орнын ашу да.   24 жобаның ішінде 16 жоба осы жылға жүзеленуі тиіс істер.  6 жоба – 2015,  2 жоба – 2016 жылға ауыспалы.  Биыл 16 кәсіп-орын мен өнеркәсіп ашылуы тиіс. Ал  келесі жылға инвестиция құны 4 060 млн. теңге, 248 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін  ауыспалы жобалардың қатарында  «South Textiline» ЖШС ( Түрлі – түсті махер сүлгілер өндіретін фабрика),   «Стекло Мир» ЖШС (Шиша өнімін қайта өңдеу), «NB Partners» ЖШС ( Травертин плита өндірісі,   «Компания Р.Э.Т» ЖШС (Керамикалық кірпіш зауыты және «АВС» ЖШС (Кірпіш зауытының құрылысы)  сынды жобалар бар.
Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімі шағын және орта бизнесті дамыту секторының  меңгерушісі Біржан Сатыбалдиевтің мәлімдеуінше,  жобалардың іске асырылуы жөнінде талдау және мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі.  
Биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін Шымкент қаласында тіркелген бизнес субъектілердің саны  - 80 186 бірлік. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,4 пайызға артқан. Оның ішінде заңды тұлғалар – 16 100 бірлік (19,6 пайыз) шаруа қожалықтар - 219 бірлік ( 44,6 пайыз), жеке тұлғалар – 63 867  бірлік (42,5 пайыз).
Қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілермен 162,1 млрд.теңгенің өнімі шығарылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,6 пайызға жеткен.  Бүгінде  шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған азаматтардың саны – 93 654.  Өткен жылдың тиісті кезенімен салыстырғанда жұмысшылардың саны  7,6 пайызға кемігендігін білдік.  (2013ж.қаңтар–маусым  -  101 343 адам).
2014 жылдың қаңтар-маусым айларында шағын және орта кәсіпкерлерге  екінші деңгейлі банктерден  16 614,0 млн. теңге несие беріліпті. Яғни, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,3 пайызға көбейген.  
«Ырыс» МКҰ-ы 16 инвестициялық жобаны (67,6 млн. теңге) қаржыландырған.
«Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы жылдық қаржы несилері  7% және лизинг несиелері 8%-бен, қала бойынша 2014 жылдың 1-ші  шілдесіне дейін 9 жобаға қаржы бөлінді.
Осыдан  1 ай бұрын испандық технологияны арқау еткен  «Қаз агроном» ЖШС-і жылыжайының құрылысымен танысқанбыз. Сайрам ауданынан қалаға кіреберістегі Мәртөбе ауылында құрылыс қайнап жатыр.   3 гектар аумақ келешегі көздің жауын алар көкөніс алқапқа айналмақ.  Жетекші Мұрат Гелиашвилидің бастамасына  сүйсіндік. Жоба құны 1 019, 0 млн. теңге. Кәсіпкерлер жылына мың тонна қияр алуды межелеп отыр.  100 адам  тұрақты жұмыспен қамтылады.
Технологияның тілін білмей іс өнбейді. Әдетте көпшілік израилдік технологияны оң көретін. Елдегі жылыжайлардың басым бөлігі де осыған арқа сүйеп келді. Енді.. Испандық технологияның игілігін көрмекке әрекет басталып кеткендей. Мұрат Гелиашвили бастаған кәсіпкерлер  испандық «Rufera» компаниясының технологиясына тоқталыпты. Мұрат мырза Испанияға арнайы барып қайтқан. Бұл технологияның басты ерекшелігі – қуаттылығында. Төбесі екі жаққа да ашылып-жабылады. Зәулім сарайдай төбесінің биіктігі 6 метрге жуық.
Құрылысты қазан айында аяқтау жоспарда. Сөйтіп, жылыжай өнімдерімен облыс қана емес республиканы қамтитынын айтады М.Гелиашвили.  «Шетелге де шығарармыз»,- деп болашақ ойларымен де бөліскен. Ішіміз кәдімгідей жылып қалды.
Рас, жылыжай салудан бізге жетер өңір жоқ. Елдегі жылыжайлардың 70 пайызы біздің облысқа тиесілі екен.
Расын айтқанда, кәсіпкерліктің көкжиегін көңейту үшін мемлекеттен қолдау зор екенін ұғынып отырмыз. Бәрі де халық игілігі үшін. Кәсіпкердерді қолдау орталығы, несие ұйымдары да сіз бен біздің игілігіміз үшін қызмет етіп отыр. Тек ынта-ықыласыңыз болсын. Кәсіпкерлікке ұмтылыңыз ағайын!
Т. ҚАСЫМ

Еңбек етсең емерсің. Осы күні кәсіптің көзін тапқандардың қолы алтын. Шағын және орта бизнеске ойысқандар  көктеп, көгеріп жатыр. Технологияның тілін білу керек. Қазіргі нарық заманы осыған үндейді.

Последнее изменение Среда, 13 Август 2014 06:02
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.