«Қаратау» – көпшілік қаулы

Понедельник, 08 Сентябрь 2014 04:25 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4029 раз

немесе келісіп пішкен тон келте болмайды

Шымкентте жаңадан құрылатын төртінші ауданға атау  беру мақсатында қалалық мәслихат тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауы өтті. Оқушылар сарайында зиялы қауым, мәслихат депутаттары, әкімдік қызметкерлері, ауыл төбе билері мен көше және үй төрағалары бас қосты. Жиынға қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, бірнеше атауларды ұсынды.

Қоғам қайраткері, жазушы Мархабат Байғұт  көпшіліктің атынан «Қаратау» атауын беруді ұсынды.
– Менің ойыма алғашында «Күншуақ» деген атау келді. «Мәртөбе», «Қаратау», «Ынтымақ» деген ұсыныстар да айтылып жатыр екен. Айтылған мәселені жан-жақты зерделей келе «Қаратау» деген атауға тоқталып отырмын – деді М.Байғұт.
Еңбек ардагері  Д.Бопова Әлихан Бөкейханов атауын қоюды ұсынды. Бұдан бөлек, жиылған халық  «Нұрсәт», «Астана», «Алаш», «Күлтөбе»  секілді атауларды ұсынды. Қызу талқылау нәтижесінде, көпшілік төртінші ауданға «Қаратау» атауын берген дұрыс деп шешті.
Қала әкімінің орынбасары  
Бахадыр Нарымбетовтың айтуынша, жаңа ауданның жер көлемі 33 мың 319 гектар, ал болжамды халық саны 210  мыңға жуықтайды. Екі  жоғары оқу орны, 32 мектеп, 3 колледж, 32 балабақша, 23 денсаулық сақтау нысаны, 5 кітапхана, 7 спорт нысаны  болады деп жоспарлануда. Жаңа ауданға Абай ауданынан - «Асар», «Достық», «Ақжайық», «Тассай», «Асар-2» шағынаудандары мен «Қайнарбұлақ саяжайы», «Қайнарбұлақ» тұрғын алабы қосылады. Ал, Әл-Фараби  ауданынан «Бозарық» шағынаауданы мен «Бозарық» саяжайы, «Қайтпас», «Нұрсәт»,  «Тассай», «Мәртөбе», «Таскен», «Қызылсай», «Достық»  шағынаудандары мен тұрғын алаптары қосылады.  «Азат», «Мирас», «Нұртас»,  «Нұрсәт», «Қайтпас»,  «Тассай» шағынаудандары мен «Орманшы», «Өтеміс», «Шапырашты» және «Сайрам» тұрғын алаптары - Еңбекші ауданынан  жаңа  төртінші ауданның құрамына кіретін болады. Бұл жерде қазір көпқабатты үйлер мен әкімшілік ғимараттар салынып жатыр. Тек алдағы екі жылдың өзінде мұндағы тұрғындар 30 мыңға көбейеді деген болжам бар.
Көпшілік тыңдау нәтижесі бойынша қаулы қабылданды. Күн тәртібінде атау беру мәселесі қаралған Шымкент қалалық мәслихаты тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауы хаттамасының толық мәтінін газетіміздің 9 бетінен оқи аласыздар.                                                                                                           

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Таза судан тарықпайды Табиғи газ берiлдi »