Екiншi кезең бәсекелестiктi арттырады

Пятница, 19 Сентябрь 2014 09:00 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4029 раз

Елбасы тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасынының Үкіметі биылғы наурыз айының соңында «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспарды» бекіткен болатын. Бүгінгі таңда жекешелендірудің екінші толқыны басталып та кетті.

Жекешелендірудің екінші толқыны шеңберіндегі атқарылатын іс-шаралар барысында әлеуметтік саладағы нысандардың қызмет бағыттарын ауыстырмауына баса көңіл бөлінбек, сондай-ақ, мемлекет пен бизнесті ажырату, яғни нарықтық экономикада мемлекеттік монополияның үлесін азайту көзделеді. Жекешелендіру бәсекелестікті арттырады, яғни Қазақстан экономикасының дамуына орасан зор әсерін тигізеді. Нысандарды жекешелендіру кезінде сатылған кәсіпорындардың бәсекелестік қабілеттілігінің нарқын нақты бағалауға мүмкіндік беретін корпоративтік басқару мен кәсіпорынның менеджментін жақсартуға ерекше назар аударылмақ. Сонымен қатар, Елбасы жекешелендірудің барлық үдерісі ашық және жариялы жүргізілуін міндеттеді.
ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Дәленовтің мәлімдеуінше, ағымдағы жылы жекешелендіруге ұсынылатын нысандардың саны 295-тен 305-ке артып отыр. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте вице-министр бүгінде барлығы 43 нысан сатылғанын хабарлады. Республикалық меншік бойынша жекешелендірудің екінші толқыны басталғалы бір нысан, коммуналдық меншіктен - 17, холдингтер бойынша - 8, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар бойынша - 18 нысан өткізілген. «Бүгінгі таңда сатылымның жалпы сомасы 1 339 млн. теңгені құрады, бұл бастапқыдан 1,35 есеге артық», – деді Р. Дәленов.     
Сатылған объектілер бойынша ерекшеліктер бар, мысалы, 43  объектіден 27-сі артықшылықпен сатып алу құқығымен конкурссыз сатылған. Заңнамаға сәйкес серіктестіктегі үлес бірінші кезекте қазіргі бар қатысушыға ұсынылады. Сатып алушылардың 24-і жеке тұлға, 17-сі резидент - заңды тұлға, 1-уі резидент емес. 2-уі – жеке кәсіпкер.  Елбасымыздың тапсырма¬сын орындау мақсатында республикалық сарапшылық жұмыс топ құрылған. Талдау жүргізу нәтижесінде республика бойынша жекешелендіруге ұсынылатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тізімі жасалынды.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Р. Исаеваның баспасөзде жарияланған сұхбатындағы мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 12 мамырдағы «Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 наурыздағы №280 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №429 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жекешелендіруге жататын коммуналдық меншіктегі 28 ұйымды жекешелендіру және «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-тың құрамындағы 5 ұйымды бәсекелестік ортаға беру туралы шешім қабылданған. Осы жұмыстарды ұйымдастырып, іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында Оңтүстік Қазақ¬стан облысы бойынша 2014-2016 жылдары жекешелендіруге жататын коммуналдық меншіктегі ұйымдардың сату кестелері бекітілген. Облыс бойынша жекешелендіруге жататын нысандардың 6-уы 2014 жылы, 8-і 2015 жылы және 14-і 2016 жылы жекешелендіріледі деп жоспарланған. Нысандар ғаламтор желісінде орналастырылған www.gosreestr.kz тізілімнің веб-порталы арқылы электронды аукцион және коммерциялы тендер жүргізу жолымен жекешелендіріледі.
Облыс бойынша 2014 жылы 6 мекеменің, яғни «Техникалық инспекция», «Сәулет және қала құрылысы», «Жардем Шаруа», «Алатау» шаңғы базасы», «Оңтүстік көлік» және «Шардара балық питомнигі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің мемлекеттік үлестерін әртүрлі пайызда жекешелендірудің ағылшын әдісімен, электронды аукцион арқылы сауда-саттыққа қою жоспарланған. Олардың бірі, яғни «Техникалық инспекция» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 51 пайыз мемлекеттік үлесі 2014 жылғы 2 шілдеде өткен электронды аукционда 1063,8 мың теңгеге сатылды. Қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес басымдық жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің мемлекеттен басқа жекеменшік заңды тұлға ретінде құрылтайшысы болған жағдайда тәуелсіз бағалаушы бел¬гілеген бағада бірінші кезекте сатып алу мүмкіндігі сол құрылтайшыға беріледі. Сатып алынбаған жағдайда сауда-саттыққа шы¬ғарылады.
 «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басшылығының мәліметіне сәйкес, «Тұран құрылыс» және «Құрылыс сапа» серіктестіктерін жекешелендіру бойынша шешімдер қабылдау ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларына жоспарланып отыр. Бұдан басқа, «Оңтүстік–Шымкент» акционерлік қоғамы басқарушы органдарының құрамына өзгерістер енгізіліп, «Шымкент қалалық коммуналдық базарлары», «Автострой-Шымкент», «Иран-Бақ Оңтүстік» серіктестіктерінің жарғылық қорындағы «Оңтүстік–Шымкент» АҚ-тың үлестері сатылмақ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Су қымбаттай ма? Меншiгiңiзде не бар? »