ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫ: бюджеттік тәртіпті нығайтуда қандай жұмыстар атқарылды? Избранное

Пятница, 29 Апрель 2022 04:36 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 8100 раз

Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы өткен жылы мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігіне аудит сапасын жақсартуда маңызды жұмыстар атқарды. Тексеру комиссиясының аудиторлық және сараптамалық-талдау қызметі ҚР Президенті мен Есеп комитетінің алға қойған мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге, өңірдегі қаржылық және бюджеттік тәртіпті нығайтуға бағытталған.

103

 

Өткен жылы қала бойынша 93 аудит объектісінде 9 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, 65 502,9 млн теңге мемлекеттік аудитпен қамтылған. Аудит барысында анықталған қаржы тәртібін бұзушылықтардың жалпы сомасы 21 890,7 млн теңгені құрады. Оның негізгі үлесі қаржы бойынша – 15 633,6 млн теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы – 4 525,0 млн теңге, тиімсіз жоспарланған қаржы сомасы 1 732,2 млн теңгені құраған.
Анықталған 15 633,6 млн теңге қаржы тәртібін бұзушылықтардың 154,0 млн теңгесі – бюджетке түсімдердің уақтылы және толық түспеуі, 85,7 млн теңгесі – бюджет қаражатын дұрыс пайдаланбау, 15 393,9 млн теңгесі бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті әзірлеу барысындағы тәртіп бұзушылықтар болып табылады. Бұл орайда, орын алған қаржы тәртібін бұзу фактілері мен кемшіліктердің негізгі себептері – бюджет қаражатын пайдалану барысында тиімді бақылаудың жоғы және сапалы мониторинг жүргізілмеуі. Сондай-ақ, мердігерлер және жеткізушілер келісімшарт міндеттемелерін тиісінше орындамай, бухгалтерлік есепті және қаржылық есептілікті жүргізуде білімнің жеткіліксіздігі де құқық бұзушылыққа соқтырған.
Аудит барысында анықталғандай, қалпына келтіруге және өтеуге жататын қаражаттың жалпы сомасы 31 368,6 млн теңгені құраған, қалпына келтірілгені (өтелгені) – 16 177,3 млн теңге немесе есепті кезеңге 100%. Оның ішінде, қалпына келтірілгені – 15 934,1 млн теңге, өтелгені – 243,1 млн теңге. Қалған 15 191 331,4 мың теңге қаржының қалпына келтіру және өтеудің мерзімі келмеген.
Өткен жылы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын, тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау, өңірлік тұрақты қорларды қалыптастыру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын дамытуды қаржыландыру негізділігі және бөлінген қаржыларды пайдалану тиімділігі бойынша бірқатар маңызды аудиторлық іс-шаралар жүргізілді. Сондай-ақ, Есеп комитетінің тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылдан өтпелі білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыруға бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігіне сараптамалық-талдау шарасы аяқталды.

119


Есепті кезеңде аудиторлық іс-шаралар қорытындысымен мемлекеттік аудит объектілеріне барлығы 392 тапсырма мен ұсынымдар жолданып (260 тапсырма, 132 ұсыным), оның 377-і толығымен орындалған (250 тапсырма, 127 ұсыным), қалған 15-нің (10 тапсырма, 5 ұсыным) мерзімі келмеген.
Осы тұста аудит нәтижесімен қалыптастырылған біздің ұсыныстарымыз өңірдегі қаржылық тәртіпті күшейтуге ғана емес, сондай-ақ, экономика салаларындағы заңнамалық актілерді жетілдіруге, бюджет ресурстарын пайдалану тиімділігін жоғарылатуға, мемлекеттік басқарудың тұрақты және тиімді жүйесін құруға да бағытталғанын атап өткен жөн.
Тексеру комиссиясы жолданған нұсқамалардың қорытындысымен және әкімшілік-құқық бұзушылық туралы материалдар бойынша барлығы 227 лауазымдық тұлға жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 122-і – тәртіптік жауапкершілікке, 104 – әкімшілік-құқықтық жауапкершілікке, 1 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Өткен жылы аудиторлық тексерулердің қорытындысы нәтижесінде анықталған фактілер жөнінде 11 аудит материал белгіленген тәртіпте процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданып, 1 материал экономикалық тергеп-тексеру департаментінде ҚР ҚК-нің 189-бабы, 4-бөлігі 2-тармағымен қылмыстық ісі тіркеліп, қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 68-бабының 2-бөлігіне және ҚР ҚПК-нің 35-бабының 1-бөлігі 12-тармағына сәйкес ақталмайтын негізбен өндірістен тоқтатылған (1 материал бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде).
Сондай-ақ, уәкілетті органдарға әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жалпы 182 материал жолданған (оның ішінде, 104-не қатысты айыппұл салынған, 78-і қаралуда). Жылдың қорытындысымен салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 7,6 млн теңгені құраған.
Өткен жылы заңнамалық базаны жетілдіру бойынша жұмыс жалғасып, есеп комитетіне және Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика, Қаржы министрліктеріне мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпы 81 ұсыныс жолданды.
Айта кететін жайт, жұмыс сапасын жетілдіруде жыл сайын Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы қызметкерлерінің біліктілігі арттырылуда. Бүгінде мамандарымыздың көбісі дерлігі халықаралық аудитор сертификатына ие.
2020 жылғы 17 қыркүйектегі №7-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметіне бағалау жүргізу бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандартына сәйкес, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының 2021 жылғы қызметін бағалау қорытындысымен Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының қызметіне 94 балл беріліп, республикадағы тексеру комиссияларының арасында үздіктер
қатарынан орын алды.
Биыл тексеру комиссиясының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – еліміздің табысты дамуында әлеуметтік-экономикалық маңызы бар аудиторлық және сараптамалық-талдау шаралар кешенін жүргізу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын мүлтіксіз, сапалы және уақтылы орындау болып табылады.

Нұржан НӘЛІБАЕВ,
Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.