Тұрғындарға түсіндірілуде

Пятница, 31 Октябрь 2014 07:09 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3663 раз

Биылғы кыркүйектен бастап қолданысқа енген заң бар мүлікті жария етіп, заңдастыруға мүмкіндік береді. Елімізде үшінші рет өткізіліп отырған бұл шараның экономикалық тиімді тұстары жөнінде айтқан болатынбыз. Сондай-ақ, қаламыздағы аудан әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссиялар да тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

aa5045f13216477abf2a0e16a08acd59 XLМысалы, Еңбекші ауданы әкімі аппаратының жанынан құрылған мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссияға 147 тұрғын мүлкін заңдастыру мақсатымен келіпті. Олардың құжаттары қаралып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Ал, құжаттары түгел тоғыз азаматтың өтініштері қабылданыпты. Құны 18 миллион теңгені құрайтын екі мүлік жария етілген. 28 миллион 257 мың теңгені құрайтын бес құжат иелеріне кері қайтарылыпты. Кері қайтарылу себебі әрбір құжат иесіне түсіндіріліпті.

– Тұрғындарға мүлікті заңдастыруға қандай құжаттар қажет екені, мүлікті жария ету жөніндегі комиссия заң талаптарына сәйкес, өтініш 30 күн ішінде қаралып, шешім қабылданатыны айтылуда. Кері қайтарылған құжаттар бойынша да жан-жақты түсініктеме берілуде. Мысалы, 190 - орамның тұрғыны Жанар Қасымова үйін заңдастыру үшін техникалық паспортын, тәуелсіз сарапшылардың қорытындысын және өзге де қажетті құжаттардың барлығын өткізді. Алайда, комиссия мүшелері құзырлы мекемелерден сұрау салған кезде, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінен Қасымованың үйі жартылай қызыл сызықта екендігі анықталды. Сондықтан, бұл азаматшаның құжаттары қайтарылды. «Мирас» шағынауданында тұратын Болат Есбергенов те үйін заңдастыру ниетін білдіргенімен, комиссия тарапынан құжаттары қайтарылды. Өйткені, оның баспанасы мен көршісінің үйінің арасы 1,5 метр. Бұл аралық тиісті талапқа сай емес. Қазір мемлекеттік сәулет құрылыс мекемесінің талабы бойынша, көрші үйлердің арасы 3 метр болуы тиіс. Есбергеновтың өткізген құжаттарының барлығы дұрыс болғанымен, комиссия оның мүлігін заңдастырудан бас тартты. Енді ол өзінің көршісінен заңдастыруға қарсы еместігі туралы келісімін нотариалды түрде алып келсе, комиссия мүшелері оның құжаттарын толық қабылдайды. Міне осындай жәйттер, яғни заң талаптары тұрғындарға түсіндірілуде және бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізіледі, - дейді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары
Досалы Амангелдиев.

Еліміздің аумағында тұрған, оған құқықтары ҚР-ның заңнамасына сәйкес рәсімделген жылжымайтын мүлікті жария ететін азаматтар мүліктің орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органға жеті құжат тапсырулары тиіс:

өтініш-2 дана, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түп нұсқасымен), тұрғылықты мекенжайы туралы анықтама, техникалық тексеруді жүзеге асыратын сарапшының қорытындысы, мүлікке құқық белгілейтін құжаттың нотариат куәландырған көшірмесі, жылжымайтын мүлік нысанының техникалық паспорты, мемлекеттік актінің куәландырған көшірмесі.

Құжаттарды Еңбекші ауданы әкімдігінде дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-18.00 аралығында жұмыс істейтін арнайы комиссияға әкеліп өткізуге болады.

Последнее изменение Пятница, 31 Октябрь 2014 11:34
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.