Туризмді дамыту тұраламауы тиіс Избранное

Пятница, 31 Октябрь 2014 08:01 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5717 раз

Шымкентте алғаш рет халықаралық туристік форум өтті.  «Шымкент» конгресс-орталығында билік, бизнес, ғылыми қауымдастық, қоғамдық ұйым өкілдерімен инвесторлар басқосып, Оңтүстікте туризмді дамыту мәселесіне қатысты ой қозғап, шешу жолдарын қарастырды. Қазақстанның бес аймағы мен әлемнің 18 елінен келген мамандар, шетелдік инвесторлар тәжірибе алмасты. Оңтүстіктегі бірнеше демалыс орындарының таныстырылымы кезінде инвесторлар қызығушылығын білдірді.

1378962833Форумда бірнеше демалыс орындары таныстырылды. Құны 230 миллион теңгені құрайтын «Қасқасу тау-шаңғы базасын» салу үшін 55 гектар жер телімі бөлінген. Аумағы 900 гектарды құрайды. Бір мезгілде 7-8 мың адамға қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Төлеби ауданындағы бұл демалыс орнына инвесторлар тарапынан қызығушылық аз емес. Онда ұзындығы алты шақырымға жететін аспалы жол мен элиталық қонақүй кешені қызмет көрсетпек. Қазір ол жерде инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқын алуда. Ал, Сарыағаштың шипалы суынан ем іздеп келушілердің қатары жылына 100 мыңнан асады екен. Осы ретте, «Көктерек» курорттық аймағын салу қолға алынбақ. Құрылыстың құны-120 миллион АҚШ доллары. Шардара қаласында да жағажай ашылады. Жобаның құны-187,5 миллион АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар, аудандағы аэродромды қалпына келтіру жұмыстары да жоспарлануда.

Айта кету керек, соңғы жылдары әлем бойынша туризмге аса мән берілуде. Әсіресе, Үндістан, Қытай, Америка секілді алпауыт елдерге барушылардың легі артып отыр. Мәселен, АҚШ жыл сайын 100 мыңнан астам турист тартуды мақсат етіп қояды екен. Қазақстандық Туристік Қауымдастығының президенті Роза Асанбаеваның айтуынша, ОҚО-нан қос Жібек Жолы өтеді. Оның көнесі ЮНЕСКО қатарына кірген. Ал жаңасы әлемдік маңызы бар Батыс-Қытай Батыс-Еуропа автожолы. Отандық туризм инвестицияға зәру. Бұл салаға жұмсалған қаржының қайтарымы ұзақ болғанымен, түсер пайдасы бар. Қауымдастық тарапынан жасалған жоспар бойынша, 2020 жылдары елімізде туристтердің 23 пайызы жағажай демалысын, ал 25 пайызы тауда демалуды таңдайтын болады. Ал, ОҚО-да экологиялық, киелі орындарға саяхат, жағажай және емдеу- сауықтыру туризмінің болашағы зор. Тек, инфрақұрылым мәселесіне ден қою қажет.

Сондай-ақ, Болашақта Шымкентте конвеншн орталық ашылады. Бұл ұйымның қызметкерлері Шымкентте туризмге қатысты түрлі іс-шаралар өткізбек.

Алдағы уақытта туризмді дамыту
бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүргізілмек. Солардың алғышарты ретінде халықаралық форум соңына қарай, инвестициялық компаниялар бірнеше меморандумға қол қойды.  

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.