Шымкентте газ тапшылығы тағы да сезіле бастады. Бұл туралы редакциямызға бірқатар қала тұрғындары хабарласып, қалада сұйытылған мұнай газы жоқ екенін, болған күннің өзінде талоны бар көлік жүргізушілеріне ғана сатылып жатқанын алға тартты. Кейбір бекеттерде газ болғанымен, оның өзіне ұзын-сонар кезекке тұратындарын айтып шағымданды. Осыған орай, біз мәселенің мән-жайын білмек болып, бірқатар газ құю бекеттеріне арнайы барған едік.

lpg station 0204 

ГАЗ ЕКI ЕСЕ АРЗАН

Қалада газбен жүретін «темір тұлпарлар» саны күн санап артып келеді. Оның себебі түсінікті. Жанар-жағармайға қарағанда екі есе арзан түседі. Соңғы 3-4 жылда көліктеріне газ қондырғысын қойдыруға ниет білдіргендер қатары да көп. Солардың бірі – Алмас Исабаев. Бензиннен газға көшкелі бері әжептеуір ақшасы үнемделген. Мәселен, бұрындары аптасына 3 мың теңгеге бензин құйса, қазір әлдеқайда аз ақша жұмсайды. Бүгінде бензиннің бір литрі – 129 теңге болса, ал газдың бір литрі 60 теңге.
– Газ қондырғысын 130 мың теңгеге орнаттым. Бірден көліктің багын толтырып аламын. Соның өзі 1,5 аптаға жетеді. Соңғы кезде газ тапшылығы сезіле бастады. Әсіресе, айдың аяғында газ құю қиынға соғады. Лажсыздан жанар-жағар маймен жүруге тура келеді. Кейде кезегім келіп жетем дегенше 7-8 сағат уақыт кетеді. Кейде газ барлығымызға жетпей, таусылып қалуы да мүмкін, – дейді қала тұрғыны А.Исабаев.
Расында да, біз барған кейбір жанар-жағармай құю бекеттерінде газ бар болғанымен, талонмен таратылады екен. Ал енді бірінде кезекке тұрғандар көп.

7,5 МЫҢ ТОННА ГАЗ ЖЕТКIЗIЛЕДI

Ресми мәлімет бойынша, облыста 14 мыңға жуық көлік газбен жүреді. Бұл тек тіркелгендері ғана. Өкінішке қарай, көптеген көлік жүргізушілері көлігіне газ қондырғысын орнатқанымен, құжаттарын рәсімдемеген. Осы ретте, ресми емес мәліметтерге сүйенген мамандар облыста олардың саны 40 мыңнан асуы мүмкін екенін айтты.
Газ тапшылығы шілде айының соңына қарай ушыққан еді. Сол кезде ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газбен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұралхан Шәріпов тілшілер үшін арнайы брифинг өткізіп, Оңтүстікте сұйытылған мұнай газына қатысты тапшылық мәселесі шешілетінін және оның көлемі артатынын мәлімдеген болатын. Ол облысқа қажетті сұйытылған көгілдір отын газ таратушы ұйымдардың сұранысы бойынша министрлікке әр айда өтінім берілетінін және комиссия шешімімен оның көлемі анықталып, бөлінетінін айтқан еді. Бұл жолы да Н.Шәріповке хабарласқанымызда, тамыз айында 7,5 мың тонна сұйытылған мұнай газының жеткізілгенін және оның өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 1,1 есеге артық екенін мәлімдеді.
– Маусым айында облысқа 6300 тонна көлемінде газ берілсе, ол сәуір айымен салыстырғанда 500 тоннаға артық. Ал шілде айына қажеттілік 6500 тоннаны құраған. Бірақ, 7 мың тонна газ жеткізілді. Облыста автокөліктердің үнемді, экологиялық таза отынға өтуі қарқынды болғандықтан, газ тапшылығы да едәуір сезіледі. Мәселен, өңірімізде 13 мың 888 автокөлік сығымдалған газбен жүреді. Бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Ал көлігіне газ қондырғысын орнатқандардың техникалық төлқұжатын заңды рәсімдемегендер қатары да аз емес. Осының салдарынан аймақтағы бекеттерде газ тапшылығы туындап отыр. Қыркүйек айында 7,5 мың тонна сұйытылған мұнай газын аламыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді Н.Шәріпов.
Қазіргі таңда дүниежүзінде 18 миллион көлік құралы табиғи газбен жүреді екен. Еуразиялық одақтың арнайы комиссиясының шешімі бойынша, 2020 жылға дейін елдегі көліктердің 50 пайызы газға көшуі керек. Бұл ретте, комиссия мүшелері газбен жүретін көліктердің экологиялық жағынан таза және қоршаған ортаға зиянын тигізбейтінін ескерсе керек.

ОҢТҮСТIКТЕ 47 МЫҢ 172 КӨЛIК ТIРКЕЛДI

info69-1   info69-2

 

Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің www.stat.gov.kz сайтындағы мәлімет бойынша, 2016 жылғы қаңтар-маусым аралығында Қазақстан
Республикасында 335847 жеңіл автомобиль тіркелген. Бұл – өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 5,7 пайызға жоғары. 1 шілдедегі мәлімет бойынша, жеңіл автокөліктердің жалпы саны – 6053,4 мың бірлікті құрады. Соның ішінде тіркеуден шығарылғаны – 2195,7 мың болса, тіркелгендері – 3857,7 мың. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 47 мың 172 автокөлік ресми түрде тіркелген. Айта кетейік, соңғы мәлімет бойынша, Шымкент қаласында жеңіл көліктердің саны 200 мыңнан асады.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 27 Июль 2016 04:29

Жанармай қымбаттамайды

ҚР Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Асқар Жалдинов бензин мен дизель отыны бағасының қымбаттайтыны туралы қауесеттерді жоққа шығарды. Бұл туралы ол өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.

«Әлеуметтік желілерде бензиннің барлық маркалары мен дизель отыны бағаларының қымбаттайтыны туралы ақпараттар жариялана бастады. Мұның барлығы жалған. ҚР Энергетика министрлігі бағаны өсірейін деп жатқан жоқ. Өйткені, АИ-92, 95 бензинінің бағасы нарық арқылы сұраныс пен ұсыныс негізінде реттеледі. Бүгінгі таңда АИ-92 бензинінің бір литрі – 125 теңге тұрады», – деп жазады А. Жалдинов.
Сонымен қатар, оның айтуынша Энергетика министрлігі дизель отынының бағасына қатысты мемлекеттік реттеу жүйесін алып тастауды ұсынып жатыр. Әйтпесе, тағы да дизель тапшылығы орын алуы мүмкін. Айта кетелік, Қазақстанда қазіргі таңда дизель отынының бір литрі – 97-99 теңгеден сатылуда.

Опубликовано в Экономика