...Төртінші бағыт. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру. Бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды коридор өтеді. Жалпы, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 пайызға өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтады. Енді транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Заманауи шешімдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмысқа өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын қамтамасыз ету керек.

(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы
дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауынан)

shymkala 9-3

Жер бетіндегі халықтың тұтынушылық сұранысы көбейіп, өндіретін өнім көлемі еселеп артқан сайын соншама жүкті тасымалдау мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Адам баласы мыңдаған тонна тауарды бір нүктеден екінші нүктеге жеткізу мақсатында жаңа технологияның соңғы мүмкіндіктерін пайдалануда. Халқы тығыз орналасқан қалалар мен елдімекендер маңайында жолайырықтарымен қоса ірі қоймалар пайда бола бастады.

Көлік-логистикалық орталық деп аталатын мұндай кешен енді Шымкентте те бар. Алып кешен 2017 жылдың 6 желтоқсаны күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей телекөпір барысында іске қосылды.

92 гектар аумақта алғаш болып іске қосылған нысан – «Continental Logistics Shymkent» компаниясы. Жобалық құны 15 796 млн теңге болатын нысанның мақсаты – тауарды жинау және сақтау. Мамандардың айтуынша, мұндағы негізгі артықшылық – нысанның қолайлы жерде орналасуында. Ең алдымен әуежайға жақын және теміржол бар. Тауарларды автокөлік жолдарымен және теміржолмен жеткізуге болады. Бұл кешен тәулік бойы жұмыс істей алады.

shymkala 9-1

Жалпы, көлік-логистика орталығы аумағында қазіргі таңда 8 инвестор өз жобаларын жүзеге асыруда. Инвестицияның жалпы көлемі 35,6 млрд теңгені құрайды. Аумағы – 242 500 шаршы метр. Жобаның маңызы мультимодельді көлік-логистика орталығында болып тұр.

Мамандардың айтуынша, толық қуатына қосылғанда мұнда жылына 1 миллион тонна тауар өткізуге болады. Кешен барлық халықаралық стандартқа сай келеді.

«Оңтүстік» көліктік-логистикалық орталығы Қазақстанның еуразиялық көлік-логистикалық хабына айналуы
жобасы бойынша мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылған. Аумағы – 92 гектар. Бүгінгі таңда іске
қосылған қоймалардың жалпы аумағы 18 326 шаршы метрді құрайды.

 

Жобаның бірегейлігі мен маңызы – Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет жалпы температуралы және режимі бақыланатын қоймалар пайда болады. Мұнда кедендік рәсімдеу, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау аймағы бар. Көлік-логистикалық орталық аумағында бұған қоса бір терезе қағидасымен көрсетілетін уақытша сақтау қызметі болады.

Көлік-логистикалық орталықтағы қоймалар екі класқа жатады. "А" класына жоғары сапалы материалдардан салынған заманауи бір қабатты ғимараттар кіреді. Қоймалардың осы санатын салуда қолданылатын материалдар мен технологиялар әлемдік және халықаралық стандарттарға сай келеді.

shymkala 9-4

"А" класты қоймалардың биіктігі 8 метр және одан жоғары. Мұндай қоймаларда:

– сөрелер;
– тауарларды есептеу және байланыс жүйелері;
– олқылығы жоқ, таймайтын әрі тегіс едені;
– өрт қауіпсіздігінің дабылы;
– өртті автоматты түрде сөндіру жүйелері (ұнтақ немесе спринклерлі типті);
– температураны реттеу мүмкіндігі бар жүйе;
– гидравликалық пандустары бар автоматты қақпалар (биіктігі реттелетін);
– қоймамен біріктірілген кеңселер;
– бейне-бақылау жүйесі;
– күзет дабылы;
– орталық желдеткіш жүйесі;
– бөлек интернет/байланыс желісі болуы тиіс.

 

"В" класты қоймалар – көп қабатты немесе бір қабатты, төбесінің биіктігі 4,5 метрден 8 метрге дейінгі капиталды құрылыс. Мұндай типті қоймалар:

– бетон немесе асфальт едендермен;
– өрт қауіпсіздігі дабылымен;
– жүк түсіруге арналған
пандустармен;
– күзет жүйесімен;
– қажет телекоммуникациямен (телефон желісі және интернет);
– АБК кеңселері;
– температуралық режимі бар
камералармен жабдықталуы тиіс.

Опубликовано в Экономика

«Шымкент-Ташкент» бағытындағы автобустардың жол ақысы арзандады. Бұл туралы автовокзал қызметкерлері мәлімдеді.

Алғашқы кезде көрші елге қатынайтын қоғамдық көліктерде жолаушылар 3200 теңгеден төлесе, енді бір адамға билет құны 2400 теңгені құрап отыр. Ал, жеті жасқа дейінгі балалар үшін жолкіре тегін.

Бүгінде автобустар Ташкент қаласына тәулігіне екі рет, таңертең және кешкісін жүруде. Екі елдің шекарасындағы кеден бекетінен өткеннің өзінде бір бағытқа 3,5 сағаттай уақыт кетеді.

Еске салайық, көп жылдардан кейін Өзбекстан еліне қайта жол ашылып, екі ел арасынан бағыттағы автобустар жолаушы тасымалдай бастаған болатын. Алғашқы автобустардың легі осы жылдың 5 қаңтарында жолға шыққан еді.

Опубликовано в Қала

Шымкент – шағын кәсіпкерлік дамыған шаһар. Қалада соңғы жылдары өндіріс орындарының саны артып, жұмыссыздардың қатары азайып келеді. Оған қоса, қаланың туристік әлеуеті де зор.

5a1ce7c6726b6

Шаһарда азаматтарды жұмыспен қамту, бұқаралық спортты дамыту, жол салу жұмыстарына да көңіл бөлінуде. 2017 жылы да қалада индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде бірқатар кәсіпорындар ашылды.

Жалпы, 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында Шымкент қаласында жалпы тіркелген бизнес субъектілердің саны 75 988 бірлікке жеткен. Шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған жұмысшылардың саны – 139712 адам.

Қалада 498 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Қаңтар-қараша айында Шымкент қаласының өнеркәсіп кәсіпорындарында қолданыстағы бағамен 368 299,3 млн теңгенің өнімі өндірілді, немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,1%-ға артқан. 

makeИндустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы шеңберінде Шымкентте 2017 жылы 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған еді. 11 айдың қорытындысы бойынша бірқатар өндірістер іске қосылды. Мәселен, «Рахат-Шымкент» ЖШС (вафельді түтікшелерді шығару), «Корпорация Сити-Строй» ЖШС (заманауи асфальт-бетон зауыты), «Бумпром» ЖШС (Қағаз-картон өндірісі), «Шымкай» ЖШС-і (жиһаз жасау өнеркәсібі), «ДезФумекс» ЖШС-і (асфальтбетон өндіру зауыты) жұмысын бастап кетті. 

«Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС және «ЫРЫС» МҚҰ арқылы қала бойынша 2017 жылы қаңтар – қазан айларында 1 103,0 млн теңгеге 121 жоба мақұлданып, оның ішінде 117 жоба 766,1 млн теңгеге қаржыландырылған. 

Бүгінде Шымкентке туристерді тарту бойынша да бірқатар жұмыстар қолға алынған. Өңірдің ішкі туризмін дамыту, туристік іс-шаралар ұйымдастыруға көңіл бөлінуде. Деректерді сөйлетсек, 2017 жылдың 11 айында қалаға шетелден 27 700 адам қонақ болып келген. Ал ішкі туризм көресткіші 76 100 адамға жеткен. 

Жалпы, «ONTUSTIK» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының көмегі бойынша биыл облыста 2 мыңнан астам кәсіпкер жеке кәсібін бастады. Орталықтан кәсіпкерлерге 3 мыңға жуық рұқсат құжат алынуына көмек көрсетілген. 

Биыл кәсіпкерлік негіздері курсын аяқтаған 705 кәсіпкер 2,5 млрд теңге көлемінде қаржы алып, өз бизнестерін дамытуға кіріскен. 

 

Көшелер жөнделіп, аяқжолдар салынды

2017 жылы Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 13,32 млрд теңге қаржы қаралды. Оның ішінде 91 көшені орташа жөндеу (64,32км) және 12 көшеге аяқ жол салу (19,122 км) жұмыстарына 1 229,324 млн теңге қаржы бөлінген. 

gagarin

2017 жылы аяқталған құрылыстарды айта кетелік. Қалада Жібек жолы көшесін қайта құру (Пазиков көшесінен Кіші айналма жолына дейін), кіші айналма жолды қайта құру (Жібек жолы көшесінен қалалық қоқыс орнына дейін ПК 63+00-ПК 107+00), Әл-Фараби көшесін қайта құру (Темірлан тас жолынан А-2 автом. тас жолына дейін), Б.Момышұлы көшесін қайта құру (Сүлейменов көшесінен Қожанов көшесіне дейін) құрылыс жұмыстары аяқталды. 

Сонымен қатар, ішкі орам көшелеріндегі күрделі жөндеу нәтижесінде Жиделі шағынауданындағы Бекназар, Тұрдалиев, Беркімбаев көшелері, Ақниет шағынадуданындағы Шұғыла, Асқартау көшелері, Жайлау шағынауданындағы 5-ші көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Сондай-ақ, биыл Рысқұлов көшесіндегі «Самал» базарының аумағында жер асты жаяу жүргіншілер өткелі салынып, пайдалануға берілді. 

2017 жылы 8 нысанға жалпы сомасы 1 785,026 млрд теңгеге ішкі орам көшелерін қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстарын атқару көзделген. 

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, 2018 жылы 173 көшені күрделі жөндеу, орташа жөндеу, аяқ жол салу, ағымдағы жөндеу және ішкі орам көшелерге шағал тас төсеу және 3 көпірдің құрылыс жұмыстарына 11 006,099 млн теңгеге бюджеттік өтінім беріліпті.

 

12942 азамат жұмысқа орналасты

shymkla-103-2

Қалада азаматтарды жұмыспен қамту – өзекті мәселенің бірі. Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің 11 айында атқарған жұмыстарын айта кетейік. Осы уақыт аралығында Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығына» 17950 азамат жұмыс іздеп келсе, соның ішінде 12942 азамат (72,1%) жұмысқа орналастырылды. 

Оның ішінде: ашылған жаңа жұмыс орындарына 1833, бос жұмыс орындарына 7445, қоғамдық жұмысқа 1571, әлеуметтік жұмыс орындарына 1970, жастар практикасына 1694, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 3424 азамат жолданды. 28 адамға шағын несие берілді.

 

31 177 сәби дүниеге келген

Оңтүстік – алтын құрсақты аймақ екені мәлім. 2017 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша Шымкент халқының саны 940 072 адамға жетті. Бұл – ресми дерек. 1 қаңтар мен 20 желтоқсан аралығында Шымкентте 31 177 сәби дүние есігін ашыпты. 

Өңірімізде әлеуметтік саланы дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Жыл бойы жүзеге асқан жұмыстар да ауқымды. Облыстық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметіне сәйкес, биыл әлеуметтік сала бойынша өңірде 134 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 82-сі жаңа білім беру ұйымдары болса, 39 денсаулық сақтау, 7-уі мәдениет және спорт, өзгеде 6 нысан құрылысы. Сала мамандарының айтуынша, жоғарыда аталған білім ошақтарының 79-ы жаңа мектеп, ал қалған 3-уі кәсіптік білім беру ұйымдары. Осы нысандардың 27-нің құрылысы өткен жылы басталған екен. 

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен республикалық, облыстық бюджет қаржысынан жүргізілген білім нысандарының 32-сі биыл ел игілігіне берілсе, қалған 50 білім беру ғимараты келер жылы тапсырылады деп жоспарлануда.

Қорыта айтқанда биыл облыста 32 мектеп пен 34 денсаулық сақтау нысаны, 2 мәдениет үйі мен өзгеде 2 нысан пайдалануға берілді.

 

Еңбегі сіңген спорт шеберлері дайындалды

sport-2-840x559

Шымкентте салауатты өмір салтын ұстанушылар да артып келеді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша, қалада спортпен 237, 8 мың адам шұғылданады. Бұл – қала халқының 25,6 пайызы. 

Жалпы, өңір спортшылары 2017 жылды жемісті аяқтады. Жерлестеріміз Ел чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 400 алтын, 396 күміс, 393 қола медальға қол жеткізсе, Азия чемпионаттарында 78 алтын, 53 күміс және 42 қола медальға ие болды.

Опубликовано в Қоғам

«Біздің алдымыздағы ең басты міндет – халықты жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз кеңістік ұйымдастыру. Осы тапсырманы орындау мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасы қолға алынады. Қазақстан мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Осы мақсатта барша кәсіпкерлерді мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесуге шақырамын. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, мұндай азаматтар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады».

(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050:
бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауынан)

pandustar-97-3

 

Шымкентті кедергісіз қала деп атауға бола ма? Шаһарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қаншалықты жағдай жасалған? Әсіресе, қоларбамен жүретін мүгедектерге арналған пандустар мәселесі қалай шешімін табуда?


Еліміздің Конституциясында мүгедектерге қоғаммен етене араласу үшін тең мүмкіндіктер жасаудың құқығы тайға таңба басқандай белгіленген. Ол туралы мемлекет басшысы өз Жолдауында на нықтап көрсеткен. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлініп келеді. Олардың әлеуметтік жағдайын жасаудан бастап күнделікті қажеттерін өтеуі үшін көмек көрсетілуде. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап түрлі оқу курстары ұйымдастырылған. Арнайы бор орындар жәрмеңкелері де ұйымдастырылып тұрады. Мұның барлығы мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қоғамнан тыс сезінбеулері үшін жасалуда.

Дегенмен, мүгедектердің жүріс-тұрысында қиындықтар туындайтыны жасырын емес. Олар шығып-түсетін пандустары талапқа толық сай келеді деуге болмайды. Мұны алысқа бармай-ақ қаламыздағы түрлі нысандарды аралап көріп, көз жеткізуге болады.

Жалпы, Шымкент қаласында 29 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Олардың 1 мыңнан астамы мүгедектер арбасына таңылған. Өкініштісі сол – мүгедек жандардың қала ішінде емін-еркін жүріп-тұруы қиындай түскен. Тосқауыл көп. Ең бастысы – пандустың талапқа сай болмауы.

pandustar-97-2

Стандартқа сәйкес пандустың ені 100 см, көлбеу бұрышы 6 градустан аспауы керек. Биіктігі 70 немесе 95 сантиметрлік екі деңгейлі тұтқасы болуы шарт. Жолдың ашық баспалдаққа немесе пандусқа қосылатын жердегі алаң аумағы 160х160 сантиметр, ішке кіретін есіктің ені 90 см кем болмағаны жөн. Едені тайғанамайтын материалдан жасалуы қажет. Немесе тұтқыш төселуі керек.

 

Ал бұл талаптар қаншалықты орындалып отыр?

Мүгедектер әлеуметтік нысандарға кедергісіз кіруі керек. Олар да өзге адамдар секілді өмір сүруге құқылы. Өздеріне тән қажеттіліктері де бар.

Мысалы, Шымкенттің орталық Әл Фараби ауданы әкімдігінің мамандары бастаған бір топ қаланың орталық көшелеріндегі жағдайды тексеруге шықты. Алғашқы үш нысандағы пандустардың жағдайы үш түрлі болып шықты. Мысалы, Тәуке хан даңғылы мен М.Х.Дулати көшесінің қиылысындағы кафенің есігіне «Жиналмалы пандус бар» деп жазылған. Топ құрамындағы қоларбаға мінген азаматты көрген кафе даяшылары екі белтемірді алып шықты. Олар баспалдаққа бұрандамен бекітіліп, пандус қызметін атқарады екен. Бірақ, мүгедек азамат түгілі пандустарды сынау үшін мүгедектер арбасына мінген дені сау жігіттің өзі пандуспен жоғары шыға алмады. Тіпті, әкімдік қызметкерлерінің бірі қоларбаны артынан демеп, көмектескенінің өзінде кафеге еркін кіру мүмкін болмады. Себебі, пандус тік орнатылған және арбаның дөңгелегі тигеннен қимылдай бастайды. Яғни, пандустың аты болғанымен, заты сай болмай шықты.

Дегенмен, барлық жердегі жағдай жыларман халде емес. Олай дейтініміз, әкімдік мамандары тексерген екінші нысан – Тәуке хан даңғылының бойындағы қалалық №1 емхана. Мұндағы пандус талапқа сай болып шықты. Яғни, тік көтерілмей, алыстан басталып, біртіндеп жоғарылай береді. Үсті шатырмен жабылған, екі шетінде қолмен ұстайтын жақтау темірі бар. Ал ең бастысы, дімкәс азаматтардың емхана қызметкерлерін шақыруына арналған қоңырау бар. Содан хабар алған медбикелер келіп, науқастың ішке кіруіне көмектеседі.

 

panАл үшінші нысандағы пандус тіпті ерекше. Ол Тәуке хан даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысындағы үлкен сауда орталығында орнатылған. Бұл ғимаратқа кіру баспалдағы биік болғанымен, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шағын жеделсаты қойылыпты. Оның да қоңырау нүктесі бар. Пандусқа жақын келіп, жеделсаты алаңшасына өтесіз. Сосын батырманы бассаңыз, іштен күзетші шығып, жеделсатыны жоғары көтеретін жүйені іске қосады. Одан кейін қоларбадағы жанның ішке кіруіне көмектеседі. Сыртқа шыққанда да осылайша шығарып салады.

 

Сәндібек Сүлейменов, І топ мүгедегі:

– Осыдан 30 жыл бұрын абайсызда пойыздың астына түсіп, екі аяғымнан айырылдым. Жас кезімде протез аяқпен жүрдім. Қазір қартайғасын жүру оңай емес. Сондықтан арбамен жүремін. Алайда қалада қоларбамен жүру өте ыңғайсыз. Жаяу жүргінші жолдарында кедергі көп. Пандус орнатылмаған. Болғанның өзінде икемге келмейді. Себебі ені тар, тік, екі жақты тұтқасы жоқ. Ал бір мекемеге барсаң табалдырықтан не есіктен кіре алмайсың. Әзірге мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар үшін табалдырықтан биік тау жоқ сияқты. Сондықтан көбісі үйден шықпауға тырысады.

 

Жанет Тұрбеков, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы:

– Жасыратыны жоқ, бірқатар нысандардағы пандустар талапқа сай келмейді. Өкінішке қарай, біз ол нысандардың иелеріне шара қолдана алмаймыз. Тек пандусты талапқа сай орнатуы жөнінде құлақтандыру жасаймыз. Ал шара көру тек медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының құзіретіне жатады. Ол мекеме мүмкіндігі шектеулі азаматтың арызы негізінде арнайы комиссия құрып, шағымда көрсетілген нысанның иесіне ескерту жасайды. Олқылық орындалмаса, айыппұл кесуі де мүмкін.

Жалпы, мүгедектер үшін кіреберіс кедергілерінің, табалдырықтың болмағаны дұрыс. Бұл олардың кедергісіз жылжуына мүмкіндік бермейді. Халықаралық талаптар бойынша ғимаратта табалдырықтың бар болуы мақұлданбайды.

Рас, қаладағы нысандарда арнайы пандустар орнатылған. Бірақ, олардың дені талапқа сай келмейді. Әсіресе, қыс мезгілінде пандуспен жүру қиын.

Осынау өзекті мәселе мүгедектер бірлестігі мен қоғамдық ұйымдардың назарынан тыс қалған емес. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтық альянсы да мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлуге назар аударып келеді. Қазіргі қоғамда мүгедектік әлеуметтік тұрғыда шеттетілген немесе қоғамнан тыс қалған адам деген мағына емес, әлеуметтік статустың бірі ретінде қабылданады дейді альянс мүшелері. Қазіргі таңда мүгедектік адамдардың театрға, саябақтар мен спорт алаңдарына баруын шектемейді, қолынан келер іс атқаруына кедергі келтірмейді. Сонымен қатар мүгедектік бірқатар құқықтар мен жеңілдіктерге ие. Осыған орай облыстық азаматтық альянс мемлекет тарапынан көрсетілетін, күннен күнге артып келе жатқан қолдаулармен бірге дені сау азамат пен мүгедек жанның арасындағы айырмашылықты азайтуды мақсат тұтады».

 

Сөз соңында...

Арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шенеуніктер мен жауаптылардың алдына барып жан-айқайын айтпақ түгілі, қала көшелерімен жүрудің, дәріхана, ауруханаларға жалғыз өзі барудың өзі мұң болып тұр. Себебі Шымкенттегі жол бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жол соқпақтардың жиектері биік, арбамен жүруге ыңғайсыз. Ал кейбір жерлерде тіпті, пандус жоқ. Ал Шымкент – Қазақстандағы үшінші мегаполис. Ендеше, қаладағы барлық тұрғынның әлеуметтік статусына қарамай тең дәрежеде өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуы керек.

Опубликовано в Қоғам

Шымкентте жол-көлік оқиғаларының 90%-ы – жолдың сапасыздығы, жүргізушілердің жаяу жүргіншілер жүретін жолға қарамауы және жол белгілеріне жауапсыздықпен қарауынан орын алады екен.

Жол бойында орын алатын келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жауапты сала мамандары өз жұмыстарын күшейтуде. Шымкентті қауіпсіз қалаға айналдыру сол мақсаттың бірі. Осы мақсатта, 10 ақпараттық жол белгі, 350 метр «жасанды кедергі», 100 «Балалар сақ болыңдар» белгісі қойылған. Ал жыл соңына дейін 30 көшеге жарық беретін жаяу жүргіншілер жолы мен 17 жаңа бағдаршам қойылмақ.

Опубликовано в Қала
Пятница, 10 Ноябрь 2017 05:27

Жолаушы, жолыңды біл!

жаяу жүргіншінің құқығы мен міндеті қандай?

Қалада жаяу жүргіншілердің жолды бей-берекет кесіп өтуі тиылар емес. Әдетке айналғандай. Ал кейбір жаяу жүргіншілер жолағынан өту тұрғындар үшін қауіпті болып тұр. Таяуда «Дархан» автовокзалының тұсындағы жолаушылар өткелінде келеңсіз жағдайға куә болдық. Екі баласын ерткен азаматшаны автокөлік қағып кетуге сәл қалды. Абырой болғанда, жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік жүргізушісі тізгінді тартып үлгерді. Жүргізуші қайда асығады, жолаушы ше?

DSC 5928

Мұндай жағдайлар көп-ақ. Бейбіт күнде жолдан өту қауіпке айналған. Оған қоса, жаяу жүргіншілердің тәртіпке бағынбай, жүргізушілердің жұмысына кедергі келтіруде.
Жылдың басында Рашидов көшесіндегі жаяу жүргіншілер өткелінің маңынан кейуананы қоғамдық көлік қағып өткен еді. Ол көрініс әлі көз алдымыздан кетер емес. Асыққан жүргізуші де, аптыққан жолаушылар әлі де көп.
Ресми деректерді келтірейік. ОҚО Жергілікті полиция қызметінің 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жол қозғалысы саласында анықталған құқықбұзушылықтар мыналар: көлік құралдары жүргізушілерінің белгіленген жүру жылдамдығын арттыруы – 2636, жолушыларды тасымалдау және жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 30134, жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 2853 дерек тіркелген.
Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігіне жаяу жүргіншілердің қатысы бар. Облыс аумағында осындай 652 жол көлік оқиғалары тіркелсе: оның 77-і қаза тауып, 627 тұлға әртүрлі дене жарақатын алған.

DSC 5899

Жаңа бағдаршамдар орнатылды

Шымкент қаласының көшелерінде әр күн сайын орта есеппен 150 мың көлік жүреді. Әсіресе, балабақша мен мектептердің маңында жол кедергісін орнату және жаяу жүргіншілер жолағын сызу – өте өзекті мәселе. Әр аудан әкімдігінің халықпен есеп беру кездесулерінде бұл мәселе айтылып келеді. Жыл басында қалалық мәслихат депутаты Е. Дәрменов Ерімбетов көшесінің бойынан жол кедергісін орнату қажеттігіне назар аударған еді.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев бізге қалада жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Жол қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірқатар шаралар жүзеге асқан. Мәселен, 17 нысанға жаңа бағдаршам орнатылды. Қала көшелерінің бойына 350 метр жасанды жол кедергілері, 30 дана жарық шамы бар белсенді жол белгілері, 1600 дана катафоттар, 10 дана ақпараттық-көрсеткіштік жол белгілері, 100 дана «Абайлаңыз, балалар!» ақпараттық жол белгілері орнатылған.

 

«Біз үйреніп қалғанбыз»

Қаладағы № 35 бағыттың жүргізушісі Сәдуақас Райымбековтың пікірін білдік. Олар негізінен қаланың орталық көшелері бойынша қатынайды. Оның пайымдауынша, Байтұрсынов көшесінде жолды алаңсыз кесіп өтетіндер көп. Бұл әсіресе, «Спорт» шағынауданы, «Студенттер» және «Гарант» аялдамасының жанында көп байқалатынын айтты. Жүргізуші бізге «бұл жағдайға үйреніп қалғанбыз ғой» дейді жымия. Бұл мәселені айыппұлды көбейтіп қана шешуге болатынын айтады.
Ал такси жүргізушісі Берік Есенов те бұл тұрғыда өз ұсынысын айтты. «Халықтың мәдениетін, санасын көтермей бұл мәселені шешу қиын. Жалпы, менің ұсынысым мынадай: жол ережесін балабақша, мектептен бастап оқушылардың санасына сіңдіру керек. Мұғалім, балалармен сәлемдесіп болғаннан кейін, осы жолда жүру ережесі туралы күнделікті айтып отырса, сонда ғана, бұл мәселе тыйылар еді».
Жалпы, белгіленбеген жерден кесіп өтетіндерге 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Оған пысқырып жатқан ешкім жоқ. Қазір қалалық ЖПҚ тарапынан, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бірлесе жол қауіпсіздігін сақтауда бірқатар жұмыстар атқарғанын атап өттік. Әрі қарай да жол белгілерін орнату жұмыстары жалғасады.
Қала көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін ол жерлерге жаяу жүргіншілер жолақтары сызылуы тиіс. Жалпы, қалада әлі де жол кедергілері, жолақтар жетіспейді. Бұл мәселе бойынша ОҚО ІІД Әкімшілік полиция тарапынан қала әкімдігі мен Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныстар жолдануда. Жасанды жол кедергілерін қоюдың тәртібі бар.

 

Санаға сілкініс керек

Осыдан үш жыл бұрын «18» шағынауданда да бұл мәселе өзекті болатын. Аялдама тұсынан жерүсті өткелі салынып, мәселе толық шешімін тапты. Қазір адамдардың бәрі өткелден өтуге үйренді.
Қалай десек те, жолда жүру тәртібіне бағынып, белгіленген жерден өту өзіміз үшін керек. Өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін әрі жүргізушілердің де тағдырына бей-жай қарамауды ойласақ. Бұл ретте адамның санасы өзгеруі тиіс емес пе?!
Жоғарыда сөз еткен «Дархан» автовокзалы тұсындағы жаяу жүргіншілер жолағы ретке келтіріледі. Н. Сүгірәлиевтың айтуынша, жол белгілерін айқын етіп көріну үшін ағаштарды кесуге қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне ұсыныс беріліпті.

 

Сіз не дейсіз?

IMG 20171107 100111Пернекүл КЕРІМОВА,
ата-ана:

Күнделікті ескертіп отырамын

– Мен өз перзенттерімнің қауіпсіздігін әрдайым бақылап отырамын. Екі қызым бар. Бірі 4-ші, бірі 5-ші сыныптың оқушысы. Олар № 7 техникалық лицейде оқиды. Онда барлық қауіпсіздік белгілері сақталған. Мұғалімдер тарапынан үнемі айтылып, хабарлама, хаттар таратылады. Ешқандай қауіп жоқ. Бірақ балаларыма ылғи бағдаршамнан өтуге кеңес беремін. Әрі үлкен адамдармен бірге өтуін ескертіп отырамын. Жаяу жүргіншілер жолағынан өту оқушылар үшін өте қауіпті. Өйткені, үлкендердің өзі ол жерден абайлап өтеді ғой.
Бұл жағдайға тек ата-ана ғана емес, мұғалімдер де жауапкершілікпен қараса деймін. Кейде сынып жетекшісінің уақыты бола бермеуі де мүмкін. Сол себепті, көбіне үйде ата-аналардың өздері айтқаны дұрыс.

 

muratМұрат МЫРЗАҚҰЛОВ,
қала тұрғыны:

Жүргізушінің тағдырымен ойнамайық

– Жалпы, бұл – адамның мәдениетінің өлшемін аңғартатын мәселе. Қанша асығыс болып жатсаң да, тәртіпке бағынуы керек. 2-5 минут кешіксең де тәртіпке бойұсын. Осы аралықтың ішінде келеңсіз жағдай болып кетуі мүмкін. Жүргізушілердің де тағдырымен ойнамау керек. Жаяу жүргінші де, жүргізуші де тәртіпке бағынса, жол-көлік оқиғалары болмас еді. Көп жағдайда жүргізушілер жылдамдықты асырып жіберетіні рас.
Бұрынғыға қарағанда қазір жағдай түзелген. Қоршаулар қойылып жатыр. Кейбір адамдар өтіп кете беретіні рас. Әлі де жолақтар қойылмаған жерлер бар. Дегенмен, шалғай шағынаудандарға көптеп қойылуы керек. Жалпы, бұл мәселеде заңды қатаңдату керек деп ойлаймын.

Дерек пен дәйек

  • – көлік құралдары жүргізушілерінің белгіленген жүру жылдамдығын арттыруы – 2636, жолушыларды тасымалдау және жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 30134, жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын бұзуы бойынша – 2853 дерек тіркелген.
  • – 17 нысанға жаңа бағдаршам орнатылды. Қала көшелерінің бойына 350 метр жасанды жол кедергілері, 30 дана жарық шамы бар белсенді жол белгілері, 1600 дана катафоттар, 10 дана ақпараттық-көрсеткіштік жол белгілері, 100 дана «Абайлаңыз, балалар!» ақпараттық жол белгілерін орнатылған.
Опубликовано в Қала
Среда, 08 Ноябрь 2017 04:30

Жолдар жөнделуде

Қаланың аулалары ретке келтіріліп, су құбырлары жөндеуден өтті.

DSC 7484

Қазір шаһардағы қазылған көшелер жөндеуден өтуде. Атап айтсақ, А.Байтұрсынов көшесіндегі су құбырларын жөндеу жұмыстарынан кейін қазылған көше қайта қалпына келді. Сонымен қатар, Б.Әлімбеков, К.Цеткин, Қапал батыр, С.Рахмани көшелері ретке келтірілуде. 

Айта кетейік, жыл басынан бері қаладағы «Жиделі», «Ақниет», «Жайлау» шағынаудандарының көшелері мен мектептердің кіреберістері, жалпы 7,471 шақырым жол күрделі жөндеуден өткен.

Опубликовано в Қала

Шымкент қаласының «Жұлдыз» және «Жалын» тұрғын алабтарындағы құрылысы жүріп жатқан асфальт жолдары таяуда пайдалануға берілмек.

 

«Текесу» тұрғын алабындағы орташа жөндеуден өтіп жатқан жолдың жалпы ұзындығы 6 шақырымнан асады. Құрылыс жұмыстарын «Корпорация сити» ЖШС-і атқаруда. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытының жанындағы жалпы ұзындығы 3,49 шақырымдық атауы жоқ көше жолы құрылысын «ҚазСәулетҚұрылыс» ЖШС-і жүзеге асырып отыр. Сондай-ақ, «Жұлдыз» тұрғын алабындағы Саяжай жолын орташа жөндеуден өткізу міндеті «Север Юг Универсал» ЖШС-не тапсырылған.

Опубликовано в Қала
Понедельник, 16 Октябрь 2017 04:12

Қаланың кіреберіс қақпалары

тазалық пен тәртіпке бастайды

REN 9

Қалада көлік кептелісін азайту әрі шаһардың сәулеттік келбетін арттыру мақсатында жолдар абаттандырылып, жолайрықтар салу жоспарлануда. Мұндай жобалар негізінен үлкен даңғылдардың қиылысында, үлкен тас жолдардың аумағында жүзеге асырылатыны мәлім. Ол жүргізушілердің тәртіпті сақтау әрі уақытын үнемдеуді бағдарлайды, әрине. Ендігі мәселенің бірі – қалаға кіреберіс бағыттағы жолдарды абаттандыру, кіреберіс қақпа орнату. Заман талабына үндесетін, келбеті алыстан көз тартатын, еңселі қақпаларды орнатар уақыт жеткендей.

 

Қақпасына қарап, қаласын таны

Бүгінде қалада автотұрақтар ретке келтіріліп жатыр. Аудандарға, елдімекендерге жолаушылар тасымалдайтын шағын автобустарға да қатаң талап қойылуда. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бірқатар шараларды бастап кетті. Көліктерге компанияның аты жазылуы керектігі жөнінде талап бар. Мұның бәрі де жолаушылар тасымалы саласында жауапкершілікті арттырып, тәртіпті қадағалауға үндейді. 

almaty-baghyty

Қала көркі мен тазалығы – мәдениеттің өлшемі. Тазалық, тәртіп, жарасымдылық болса еңбек те өнімді болып, тұрғындардың да көңіл күйі жақсарады. 

Жалпы, қала көркi кiреберiстен танылатынын газетімізде бұған дейін жазып едік. Бірқатар мәселелер айтылған. Кез келген қаланың кіреберіс босағасының тазалығына, тәртібіне әрі сәулетіне қарап баға беріп жатамыз. Расында, шетелдік туристердің де, қонақтардың да алдымен көзі түсетіні осы аумақ емес пе?!

almaty-baghyty-2

Алматы бағыты

Шымкентте тұрғындардың саны миллионға жуықтаса, көліктердің саны да үш жүз мыңға жақындады. Өңірдің әр шалғайынан келетін көліктер, қала маңындағы елдімекендерден нәпақасын айырып жүргендер де көбейіп келеді. Осыған сай қаланың кіреберіс жолдарын ретке келтіру, абаттандыру мәселесі жыл өткен сайын өзекті бола түсуде. 

Батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғаған транзиттік «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі де аяқталды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, Шымкент қаласының үлкен магистральдық жолдарына – Түркістан, Ташкент, Алматы бағыттарына кіреберіс қақпа орнатылуы тиіс. Бұлар тоғыз жолдың торабында орналасқан республикалық маңызы бар бағыт саналады. 

Осы орайда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары аталған үш бағытқа кіреберіс қақпаларды орнатуда бірқатар жұмыстарды қолға алған. Эскиз жобалары дайын. Орнатылар аумақтардың схемасы да көрсетілген. Бөлім басшысының орынбасары Жеңіс Байымбетовтың айтуынша, үш бағытқа да сәулеттік формасы бірдей нұсқа әзірленген. Шығыс стилі мен қазіргі заманның сәулетіне сай дайындалыпты. 

tashkent-baghyty-1

– Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. 20 қыркүйек күні қала әкімінің аталған кіреберіс қақпа құрылысын жобалау жөнінде Қаулысы шықты. Оған сай, эскиз жобаларды, жобалық-сметалық құжаттарын дайындадық. Әр бағыт бойынша қақпаның жалпы құрылысының жобалық құны – 150 млн теңге. Оның ішіне көгалдандыру, абаттандыру да кіреді, – дейді бөлім басшысының орынбасары. 

Шымкент тереңнен сыр тартатын көне қала болғандықтан, сәулеттік жобалар да ұлттық нақышта бедерленіп, тарихи келбетті танытып тұруы тиіс. Қаламыздың көнелігін білдіретін атрибуттардың болуы маңызды. Бөлім мамандарының дайындаған эскиздік жобаларынан осыны байқадық. Алдымен ұлттық нақышта болуына, заманауи талаптарға сәйкестендіруге баса мән беріліпті. 

tashkent-baghyty-2

Ташкент бағыты

Алматы, Түркістан, Ташкент бағытындағы нұсқаның әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мәселен, Түркістан бағытындағы қақпа шығыс стилінде жасалған. Көлік аялдайтын орын, дүкендер болмақ. Үшеуінің де формасы бірдей болғанының да өз себебі бар. Жеңіс Жайлауұлы оны бізге Шымкент республикалық маңызға ие шаһар болғандығымен түсіндірді. 

Бүгінде қалалық құрылыс бөлімі жобалық-сметалық құжаттарды нақтылау жұмыстарын жүргізуде. ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтсе, одан кейін қалалық мәслихаттың сессиясына қаржы бөлуге ұсынылады. Мәслихат депутаттарының қолдауымен қаржы бөлініп, әрі қарай құрылыс жұмыстары да жоспарға сай басталады.

 

Қала дамыса, сана дамиды

turkistan-baghyty

Жол – адамзатты игілікке бастайтын, қарым-қатынасты жалғайтын алтын көпір. Ал қаланың кіреберіс босағасы алыстан көзге шалынып тұрса, тұрғындардың пейіл-пиғылы түзеліп, көңілін қуаныш кернеп жүрер еді. Қалаға кіргеннен жылылық, қуаныш лебі есіп тұрса, қандай жарасымды!

Таяуда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаев бастаған топпен рейдке шықтық. Қаладан аудандарға қатынайтын жолаушылар көлігінің талапқа сәйкестігін, құжаттарының дұрыстығын тексеру мақсатында. Дәл күре жолдың бойында, Ташкент бағытынан қалаға кіреберістегі бұрынғы ескі қақпаның маңында бірқатар заңсыздықтар анықталды. Сөйтсек, жүргізушілердің көбісінің жолаушыларды тасымалдайтын куәлігінің уақыты өтіп кеткен. Оларға жол-патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ал енді бірінің сақтандыру полисінің мерзімі жарамсыз болып шықты. Мәселен, Мақтарал ауданының тұрғыны, жасы елуден асқан жүргізушінің мұндай халде жүргеніне алты айдан асқан. Осы жағдай дәл кіреберіс қақпа маңында болғаны ой салды. 

Жүргізушілер неге салғырттыққа жол береді? Үшінші мегаполиске келе жатқанын естеріне түсірмейтіні неліктен? Мұның бәрі самарқаулық, бойкүйездік емес пе?! 

Егер, біз айтқандай, қалаға кіреберіс босаға алыстан көзге шалынып тұрса, бұл мәселенің де шешімі табылар еді-ау. Тұрғындардың да, жүргізушілердің де санасы сергек болар ма еді?!

Опубликовано в Қала
Пятница, 13 Октябрь 2017 05:00

Жол құрылысымен танысты

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Тассай» және «Нұртас» шағынаудандарындағы жол құрылысымен танысты.

IMG-20171012-WA0038

«Нұртас» шағынауданында жалпы ұзындығы 13 шақырымнан асатын 13 жол салынуда. Құрылысты аралау барысында қала әкімі жергілікті тұрғындармен әңгімелесті.

Зейнеткер Мелдебек Әділбаев атқарылып жатқан жұмыстар үшін әкімдікке алғысын айтты. 

– Бес жыл бұрын біз осында көшіп келгенде жарық та, газ да, жол да болмаған еді. Ал қазір, тіпті, кәріз жүйесін де тартып берді. Осындай проблемаларды шешіп бергендеріңізге рахмет! Себебі, үйімізге коммуналды қажеттіліктер жеткізілуінің нәтижесінде біздің жағдайымыз да жақсара түседі. Одан артық не керек? Ең бастысы, үйіміз жылы, – дейді тұрғын. 

IMG-20171012-WA0041

Шағынаудандағы негізгі жолды Астана даңғылымен қосатын жол құрылысы аяқталған соң көлік саласының қызметкерлерінде осы ауданға тағы 9 жаңа көлік бағытын жіберу мүмкіндігі болады.

Ал «Тассай» шағынауданында Тәуке хан көшесін салу жұмысы жалғасуда. Дегенмен, айта кетер бір мәселе бар. Ол – көшенің кеңейтілуіне байланысты бірнеше учаске сүріледі. Үйлердің иелері учаскелерін босатып беруге қарсы емес, дегенмен, созылып кеткен процедуралардың салдарынан олар өтемақыны әлі алған жоқ. Тұрғындар қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа осы туралы айтып берді.

Шымкенттің әкімі тұрғындарды мұқият тыңдап, бұл мәселені шешуге тиісті бөлімге тапсырды. «Бұл жерде сіздердің жобаларыңыз жүзеге асырылып жатқандықтан, осы сияқты мәселелердің мүмкіндігінше тез шешілуін сіздер қадағалауға тиіссіздер. Жол құрылысын кідіртуге болмайды», – деді шаһар басшысы.

Опубликовано в Қала
Страница 1 из 8