Пятница, 09 Февраль 2018 05:16

Әкімдікпен Whatsapp арқылы байланысады

shymkala-11-1

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі әлеуметтік желі арқылы халықпен байланысты жақсарту үшін Whatsapp мессенджерін іске қосты.

Әкімдік аталған байланыс арқылы облыс жұртшылығымен ашық диалог орнатуды мақсат ете отырып, жергілікті атқарушы биліктің қызметін жетілдіруді және қоғамдағы түйткілді мәселелерді дер кезінде шешуді көздейді. Бұл туралы аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Енді өңір халқы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері мен басқа да өтініштерін WhatsApp қосымшасы арқылы 8 702 198 53 23 байланыс нөміріне фото немесе жазбаша түрде жолдай алады.

Ал келіп түскен өтініштерді салалық басқармалардан құрылған жұмысшы топ назарға алып, нәтижесін өтініш берушіге жолдайтын болады.

Опубликовано в Қала

...Сегізінші бағыт. Тиімді мемлекеттік басқару. Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді. Әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керек. Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режимінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс.

(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік
революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты
Қазақстан халқына Жолдауынан)


DSC 2355

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміздің дамуы үшін қажет негізгі 10 міндет атап көрсетілген. Соның ішінде тиімді мемлекеттік басқару саласына да ерекше мән беріліп отыр. Атап айтқанда «Бір терезе» қағидаты бойынша халыққа және бизнес өкілдеріне қолайлы мемлекеттік қызмет көрсету міндеті қойылған. 

Өмірінде қандай да бір құжат рәсімдеп көрген қала тұрғыны жақсы біледі – бұған дейін бір анықтама алу үшін қаланың әр түкпіріне шапқылап, әуре-сарсаңға түсуге тура келетін. Жауапты мекемелердің бірінен екіншісіне сабылып, табалдырығын тоздырып жүргенде ұзын-сонар кезекке тап болып, құжат рәсімдеу уақыты 2-3 күнге созылып кеткен кездер шымкенттіктердің есінен әлі шыға қоймаса керек.

Енді, міне, ондай қиындық артта қалды. Алдымен халыққа қызмет көрсету орталықтары, бертінде фронт-офис қызметі пайда болды. Бүгінгі әңгімеміз де осы кеңсенің бас маманы Гүлжамал Жұмабековамен өрбіді.

 DSC 2352

Әкімдіктің үлкен қабылдау кеңсесі

Ия, фронт-офисті қабылдау кеңсесі деп атағанда біз қателескен жоқпыз. 

Шымкентте 2016 жылдың қазан айында ашылып, қызмет көрсетіп келе жатқан мекеме шынында да шаһар әкімдігінің алып қабылдау кеңсесі іспетті. ТМД-да баламасы жоқ. Алғашында «Фронт-офис» деп аталған мекеме атауы кейінірек «Халықтық кеңсе» болып өзгерді.

– Біздің мекеме Шымкент әкімдігінің кеңсесі қызметін атқарады, – деп түсіндірді Шымкент қаласы әкімдігі аппараты жалпы бөлімінің бас маманы Гүлжамал Ералықызы. – Қалалық әкімдікке қатысты құжаттың барлығы осы кеңседе қабылданады. Содан кейін ол құжаттарды тиісті мекемелер мен бөлімдерге жібереміз. Халықтық кеңсені ашудағы мақсат – тұрғындардың құжат рәсімдеуде әуре-сарсаңға түспеуі, әкімшілік кедергілермен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құжат рәсімдеуді жеңілдету.

Халықтық кеңсе «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Сондықтан бұл мекеме ашылғанда халыққа қызмет көрсету орталықтарына үйреніп қалған тұрғындардың қуанышында шек болған жоқ. Енді ше, енді бұған дейінгідей әр ұйым-мекемені іздеп, сабылудың қажеті жоқ. Бір орталыққа келіп, арыз жазсаңыз болғаны. Ары қарай жауапты күту ғана қалады.

 DSC 2402

Ашық әкімдік

Халықтық кеңсеге тапсырған арыз-өтінішіңіздің қаралу уақытын қалалық әкімдіктің ресми сайтындағы арнайы бөлімнен көруге болады. Ол «Ашық әкімдік» жобасы аясында іске асырылады. Қала тұрғындары бұл жобаға shymkent.gov.kz/frontoffice сайты арқылы кіре алады немесе байланыс орталығының 545-545 телефонына қоңырау шалуға болады. Бұл бір сөзбен айтқанда ыңғайлы, жылдам әрі заман талабына сай қызмет түрі болып саналады. Бұл үшін құжаттарды қабылдаған мамандар бір көшірмесін арыздың иесіне береді. Сол құжаттағы штрих-код бойынша тәуліктің кез келген уақытында өтініштің қай бөлімге жеткізілгенін көріп отыруға болады.

 

Мамандар

Халықтық кеңседегі мамандардың тындырымды жұмыс істеуі үшін бар жағдай жасалып, соңғы үлгідегі кеңсе техникаларымен қамтамасыз етілген. Мекемеге келген тұтынушылар алдымен кіреберістегі анықтама бөлімінен мәлімет алады. Егер құжат рәсімдеуге қажет қағаздары толық болса, онда маманмен кездесу үшін электронды кезекке тұрады. Терминалдан алынатын мұндай талонмен қазір ешкімді таңқалдыра алмайсыз, дегенмен, электронды кезектің тиімділігі зор. Онсыз да сабылып жүрген тұрғындар кезекке таласып, жүйкесі жұқармайды.

DSC 2412

Кеңседе қазіргі таңда 30 маман жұмыс істейді. Олар қайдан іріктелді деген сауалға келсек...

– Халықтық кеңсенің мамандары алыстан келген жоқ. Осыған дейін қалалық әкімдіктің түрлі бөлімдерінде жұмыс істеп жүрген қызметкерлер, – деп жалғады сөзін Гүлжамал Жұмабекова. – Сол әр бөлімнен бір-бір маманды іріктеп алып, осында орналастырдық. Әрқайсысы өз жұмысын жақсы меңгерген. Ал қала тұрғындарының арыз-шағымына үстірт қарамау, шығарып салма жауап бермеу, азаматтарды әуре-сарсаңға салмау мақсатында бірнеше рет семинар-кеңес өткізілді. Қалалық әкімдіктің құрылымдық бөлімдерінен жауапты мамандар шақырылып, кеңес берді.

Осы 30 маман халыққа 400-ден аса қызмет түрін көрсетуде. Тұрғындардың барлық өтініші мен сұрақтарына Қазақстан заңнамасында белгіленген мерзімде жауап беріледі.

Құжаттар, құжаттар, құжаттар...

Халықтық кеңседе бүгінгі таңда жеке және заңды тұлғалардан мынадай салалар бойынша құжаттар қабылданады: жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, көлік және коммуникация, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, білім беру, кәсіпкерлік, мәдениет, спорт және дене шынықтыру, қаржы, құрылыс және басқа да салалар. Мамандардың айтуынша, 2017 жылы халықтық кеңсеге 67 мың 28 хат келіп түскен. Қазіргі таңда мұнда түрлі мәселелер бойынша күніне шамамен 260-270 азаматқа қызмет көрсетіліп, бір күнде 250-ге жуық арыз-шағым мен өтініш тіркеліп отырады. Олар орындалу үшін күн сайын тиісті аудан және бөлімдерге курьер қызметі арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар мұнда дайын құжаттарды өтініш иесіне тапсыру секторы да жұмыс істеуде. Атап айтар тұс – тұрғындарға қолайлы болу үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мамандары да осында кеңес береді.

Қабылдауға жазылыңыз

Айта кетейік, Шымкент қалалық әкімдігі аппаратының жетекшілері тұрғындарды осы халықтық кеңседе қабылдайды. Ол үшін арнайы кесте түзіліп, ілінген.

Халықтық кеңсенің мекенжайы: Шымкент қаласы. Тұрар Рысқұлов көшесі, №8А. Бұған қоса 2017 жылдың мамыр айынан бастап Абай және Еңбекші аудандары бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында да филиалдары ашылған.

Осылайша Елбасы Жолдауында мемлекеттік басқаруды дамытуда қолға алынатын іс-шаралар жоспары көрсетіліп отыр. Яғни, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «Бір терезе» қағидаты аясында жүзеге асырылуы тиіс. Ол үшін халыққа қызмет көрсетуді қолжетімді ету арқылы жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшудің маңызы айқын.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 02 Февраль 2018 04:53

Насихат тобы жұмысын бастады

Шымкент қаласындағы Әл Фараби ауданы бойынша Елбасы Жолдауына орай насихат тобы жұмысын бастады.

Осыған байланысты аудан активінің мәжілісі өтті. Оған аудан әкімі Бауыржан Қалжанов, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Саттар Қуашбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхан Омаров, аудандық әкімдік қызметкерлері, мұғалімдер мен тұрғындар қатысты.

Алдымен баяндама жасаған Бауыржан Қалжанов Елбасы Жолдауында көрсетілген 10 бағыт бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның ішінде индустриаландырудан бастап адами капиталды дамыту мен жаңа технологиялар бойынша жоспарлар бар.

Мәжілісте Елбасы Жолдауын аудан бойынша насихаттау тобының мүшелері сөз алып, осынау маңызды құжаттың Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласымен үндесіп жатқанын атап өтті. Мұндай кездесулер алдағы уақытта аудан көлеміндегі мемлекеттік мекемелер мен оқу орындарында да өтетін болады.

 

Н.БЕКТАЕВ

Опубликовано в Қоғам

Таяуда Шымкент қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы жаңа жобаны қолға алғаны туралы хабарлаған болатын.

DSC 6339

«Әкімге сұрақ қой» бірегей жобасына сәйкес тұрғындар бір ай көлемінде жексенбі күндері қала басшысына сауал қоя алады. Осыған сәйкес Инстаграм әлеуметтік желісінің пайдаланушылары #әкімгесұрақ хештегімен өткен демалыс күні шаһар басшысына сұрақтарын қойды. Кез келген тақырыптағы сұрақтар #әкімгесұрақ хештегімен таңертеңнен бастап 24:00-ге дейін қабылданды. Шымкенттің әкімі қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беруде.

– «Әкімге сұрақ» айдарына бір күнде 277 сұрақ келіп түсті, – дейді ақпарат орталығының жетекшісі Әйгерім Жұмағұлова. – Бұл сұрақтарды тездетіп қарап, нәтиже шығаруға тырысамыз. Ал жауаптары ертеңінен бастап жариялана бастайды.

DSC 6075

Осыған орай шаһар басшысы Нұрлан Сауранбаев «Әкімге сұрақ» айдарында тұрғындардан түскен өтініштерде көрсетілген мекенжайларға барды.

Соның бірі – Желтоқсан көшесінің тұрғындары 15 жылдан бері өз үйлеріне еркін кіріп-шыға алмайтынына арызданған. Жан-жағына құрылыстар салынып, сауда орындары ашылып, жолды жауып тастаған. Төтенше жағдай орын алса, автокөліктер де жүретін жол таппайды. Бұл мәселе сол жерде шешімін тапты. Қала әкімі бір апта ішінде жолдың кеңейтілетініне сөз берді.

Келесi мәселе – №36 мектеп. 2 жыл бұрын күрделі жөнделген ғимарат тағы да жөндеуді қажет етіп тұр. Ата-аналар құрылыстың сапасыз жасалып, мектепке кіреберістің балалар өміріне қауіпті екенін айтады. Қала басшысы бір апта көлемінде нысанды тапсыру туралы актіні қарап шығатынын айтты. Сонымен қатар балалардың мектеп алдындағы жолдан өтуі де қиындық тудыруда. Мәселенің шешімі осы апта ішінде жолдың жиегіне балалардың суреті салынған макет қоюмен шешілетін болды.

DSC 6075

Тағы бір мектеп, дәлірек айтқанда, жаңа жыл қарсаңында Нұрсәт шағынауданында қолданысқа берілген №130 мектептің де күрмеуі шешілмей тұр. Ата-аналар балаларының жолдан өтерде қауіптенетінін айтады. Енді мектептің бір жағынан аяқжол салынса, екінші жағынан мектепке кіретін қосымша есік орнатылатын болды.

Тұрғындар өз өтініштеріне мұндай тез жауап аламыз деп ойламағандарын айтады. «Әкімге сұрағымды жолдағанда оған назар аударады деп те ойламадым. Ал бүгін әкім өзінің қызметкерлерімен келіп, барлығын өз көзімен көрді. Мұндай шұғыл әрекетке алғысымды білдіремін» дейді өтініш білдірген азаматша.

Айта кетейік, өтініштердің басым бөлігі көлік, жол, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, сондай-ақ баспана алу мәселесіне байланысты болды. Барлық өтініш қаралып, тиісті бөлімдер жұмыс істеуде.

Опубликовано в Қала

Шымкент қаласы әкімдігінің бүгінгі аппараты халыққа жаңашыл әрі тиімді тәсілмен қызмет көрсетудің үлгісін танытып келеді. Соңғы жылдары әкімдікте reseptiоn-қызметі қалыпты тәжірибеге енді.

18622578 1920176601562031 383547120957963116 n

Бұл яғни тұрғындардың әкімдікпен байланыс жүйесін жеңілдететін процесс. Сондай-ақ Қазақстанда тұңғыш рет Халықтық кеңсе Шымкентте ашылды. Мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңаша үлгідегі бұл жаңа орталығы білім, жер қатынастары, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласына орай 400-ге тарта қызмет түрі бойынша өтініштер қабылдай алады.

– Шымкент қаласы әкімдігіне оның аппараты, төрт аудандық әкімдік пен ведомоствоға қарасты 15 бөлім кіреді,– дейді Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының дербес басқарма қызметінің бас инспекторы Алмаз Ижимов. – Әкімдік штаты 509 бірлікті құраса, бүгінде 484 мемлекеттік қызметші қызмет атқаруда. Оның ішінде бір саяси қызметші – қала әкімі, «А» корпусының төрт өкілі, яғни аудан әкімдері бар. Қалғандары– «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілері. Қалалық әкімдік қызметкерлерінің орташа жасы 36,5-ті құрайды. Олардың ішінде 29 жасқа дейінгілері – 163, 30 бен 39 аралығындағылар – 165, 40-49 жас аралығындағылар – 80, ал 50 жастан жоғарылар – 76 адам.

DSC 2425

Әкімдік қызметкерлері түгелге дерлік жоғары білімді. Оның ішінде төрт маман Қазақстан Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясын бітірген, екі қызметкер «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдің жоғары оқу орындарында білім алған. Төрт қызметкер осы бағдарлама бойынша шетелдік, 15 маман қазақстандық жоғары оқу орындарында магистр дәрежесін иеленген. 122 қызметшінің екі және одан да көп мамандығы бар.

Шымкент қалалық әкімдігінде бір ғылым докторы, екі ғылым кандидаты жұмыс істейді.

DSC 2419

–Биыл «Б» корпусындағы қазақстандық мемқызметшілер аттестациядан өтті. Осы сынақта біздің қызметкерлер түгелдей өздерінің жоғары кәсіби біліктілігі мен білімділігін көрсете білді,– дейді А. Ижимов. – Аттестация қорытындысы бойынша 340 қызметші өз лауазымдарына лайық деп табылды. «Б» корпусының 369 өкілінің 15-інің қызметін жоғарылату ұсынылды.

Ия, халық қызметшілері саяси сауаттылығымен де, кәсіби біліктілігімен де мемлекеттік саясатты мерейлі атқарып келеді.

Опубликовано в Қоғам

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының тікелей эфирінде тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жауап берді. «Әкім сағаты» хабарында өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша баяндама жасады. 2 сағатқа созылған тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан 600-ден астам сұрақ түсті.

19059972 1325982694184733 9121410058189174491 n

Сауалдардың басым бөлігі негізінен, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, коммуналды шаруашылық, білім, денсаулық сақтау, туризмді дамыту, т.б., маңызды салаларға қатысты болды. 

– Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінде 50 мың отбасыны біріктірген 468 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Тасқын судың алдын-алу әрі егістік алқаптарды суландыру мақсатында өзендердің бойынан 16 су қоймасын жүргізу жоспарлануда. Оған 9,3 млрд. теңге қаралып, нәтижесінде 17 мың алқапты суландыру көзделуде. Биыл елді мекендерді газдандыру және електр энергиясымен қамту жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылады, – деді өңір басшысы тікелей эфирде. 

Облыста биыл 57 елдімекен көгілдір отынмен қамтылады. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 14,1 млрд теңге жұмсалмақ. Жалпы, өңірдегі 844 елдімекеннің 300-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. 

Облыстың елді мекендерін 2017-2020 жылдар аралығында газдандырудың кешенді іс-шара жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, 2020 жылға қосымша 383 елді мекенді газдандыру көзделіп отыр. 

Жансейіт Қансейітұлы 2021 жылға табиғи газбен қамтылған елді мекендер санын 683-ке немесе 2 млн. 720 мың тұрғынға жеткізу межеленіп отырғанын атап өтті. 

Өңір басшысы тұрғындардың ауыз су мәселесіне қатысты сұрақтарына да жауап берді. Бүгінде аймақта елді мекендердің 73 пайызы ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада 4-ші орында. Арнайы қабылданған бағдарламаға сай алдағы жылдары 844 елдімекеннің 701-іне ауыз су жеткізіледі. 

Сұхбат барысында жауап беріліп үлгермеген сауалдардың жауабы алдағы уақытта облыс әкімінің ресми сайтында жарияланбақ.

Опубликовано в Саясат

Аптаның алғашқы күнінде 32 мың тұрғыны бар «Қайнарбұлақ» саяжайында «Қазпошта» АҚ-ның жаңа бөлімшесі пайдалануға берілді. Жаңа ғимаратта жергілікті тұрғындар үшін 100-ден астам қызмет түрі көрсетілетін болады.

SAM 3239

Айта кетейік, бірер ай бұрын Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың жергілікті тұрғындармен кездесуінде бұл мәселенің өзектілігі сөз болған еді. Онда тұрғындар сәлемдеме жолдау, қаржылық аударымдарын жасау, зейнетақы мен жәрдемақысын алу үшін де қала орталығына баратынын айтып, мәселені оңтайлы шешіп беруді сұраған. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, ел игілігіне беріліп отырған осы бір шағын ғана ғимаратта азаматтар коммуналдық қызмет түрлеріне төлемдер жасап, тіпті, ұшақтар мен теміржол қызметіне де билеттерге тапсырыс бере алады. 

SAM 3255

– Жалпы, қала аумағында 35 ірі қалалық пошта байланысы, 100-ге таяу бөлімшесі бар кәсіпорын үшін бұл әрине, айрықша сәт. Тұрғындардың талап-тілегіне орай, барлық қызмет түрлерін ұсынатын боламыз, – дейді «Қазпошта» АҚ ОҚО филиалының директоры Әлия Сүгірбаева.

Опубликовано в Қала

Бүгінгі күннің түйінді мәселелерінің бірі – діни экстремизм. Егер дінді мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды факторлардың бірі деп қарайтын болсақ, ол ішкі тұрақтылықтың кепілі екеніне дау жоқ. Сондықтан да бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – дәстүрлі дініміздің дұрыс насихатталуына баса назар аудару болмақ. Батыс пен Шығыстың үлкенді-кішілі елдерінің басты мәселесіне айналған діни экстремизмнің түп-тамыры қайда жатыр және онымен күресудің жолдары қайсы? Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбековпен осы тақырып аясында сұхбаттасқан едік.

DSC 0010– Қанат Жұмағұлұлы, қала аумағында «Діни экстремизмнің алдын алу» және «діни экстремизмге қарсы күресу» ұғымдары іс жүзінде қалай жүзеге асып жатыр?

– Татулық пен тұрақтылық – елдің ішкі саясатының басты басымдығы және республикамыздың өрлеп-өркендеуінің қажетті алғышарты болып табылады. Сондықтан, мемлекетте оларды қамтамасыз ететін тұтастай бір жүйе қалыптасқан.

Бүгінгі күні дін секілді өте нәзік саладағы тұрақтылыққа төнген сын тегеуріндер мен қатерлер экстремизм түрінде бой көтерді. Идеология, теріс пиғылға үндеу не болмаса лаңкестік әрекеттер арқылы діни экстремизм өзіне жол салып жатыр.

Күні кеше ғана Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілдерімен кездесуінде Елбасы ел ішінде діни құндылықтар дұрыс дәріптелуі қажеттігін айтқан болатын. Теріс ағымдарға тойтарыс берудің маңызы зор. Ол үшін имамдар мен ұстаздардың сауатын арттыруға басымдық берілуі тиіс. Сонымен қатар, Елбасы саладағы жұмыстар рухани жаңғыру идеясымен қабысуы керектігіне жеке тоқталды. Ислам діні – адамгершілік пен ақиқат діні. Тазалық пен ізгілікті ғана насихаттайды. Оның қазақтың ата дәстүрімен астасып жатқан тұстары көп. Демек, қазақтың рухани өмірінің бір парасы. Бұл орайда ата дінді ұлықтап, насихаттап жүрген имамдарға жүктелетін міндет зор. 

Шымкент қаласында қазіргі таңда 134 діни бірлестік пен филиалдар әділет органдарынан тіркеуден өтіп, қызмет атқаруда. Оның ішінде: исламдық бағыттағы – 103 мешіт, исламдық емес – 31 діни бірлестік тіркелген. 

Қаладағы жалпы білім беру мекемелерінде оқушылардың сабақ уақыты барысында мешіттерге жұма намазға, шіркеулерге бейсенбілік, сенбілік шараларына кетуіне тосқауыл қою күннің басты мәселесі. Осы орайда, қаладағы 125 мектепте «арнайы орталықтар» құрылды. Көше бойындағы көрнекі орындарға діни экстремизмнің алдын алу бағытында тақырыптық баннерлер орнатылған.

Ағымдағы жылы ЖОО және орта арнаулы оқу орындарында 26 кездесу ұйымдастырылып, оған 2,5 мың студент, жалпы білім беру мектептерінде 42 кездесу өтіп, оған 4650 оқушы қатысты. Ал өзге де мекемелерде 23 кездесу ұйымдастырылды. 

Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, діни саладағы экстремизмге тойтарыс беріп, ымырасыз күресуге тиіспіз. Діни экстремизммен күресу мемлекеттік органдардың қызметіне жатады. Яғни, адам құқықтары мен азаматтардың бостандықтарын, Конституция негіздерін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыру, көпконфессиялы еліміздің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін экстремизм қатерінен қорғап, экстремизмнің алдын алу, анықтау, жолын кесу және оның салдарын жою, сондай-ақ экстремизмнің жүзеге асуына жол ашатын себептер мен алғышарттарды анықтап, жойып отыру – мемлекеттік органдардың басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, заңнамалық деңгейде экстремизмнің тамырын терең жаюға мүмкіндік бермейтін алғашқы кезеңінен бастап оны залалсыздандырып отыруға басымдық беріледі.

Экстремизмнің алдын алу бағытында ақпараттық-насихаттық шаралар кеңінен жүзеге асырылуда. Ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, белсенді жұмыстар атқарылып келеді. Топ құрамына имамдар, дінтанушылар, ғалымдар, дін істері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері кіреді. Жұмыс барысында ақпараттық-насихаттық топтар халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтуға тырысады, бұл жұмыстарда бірінші кезекте, әрине, жастар ортасы кеңінен қамтылуда. 

DSC 0022

– Ислам дінінің атын жамылған теріс пиғылды жат ағымдардың әрекеті қаншалықты бақылауға алынған?

– Ислам дінінде фундаментализм, экстремизм және терроризм деген ұғымдар мүлде жоқ. Өйткені, ислам деген сөздің өзі бейбітшілік және тыныштық деген сөз екенін біз бүгінгі жастардың санасына сіңіруіміз керек. Сондықтан да қазір бүкіл әлемді алаңдатып отырған экстремизм мен терроризмдердің түп-төркінін діннен емес, керісінше басқа себептерден іздеу керек. Негізінен дін адамдардың бойында имандылықты, жақсылық жасауға деген құлшынысты оятып, пенделік әрекеттерден аулақ болуды қалыптастырады. Діни экстремистік ұйымдар қатарына көбінесе жастарды тартады. Сондықтан да діни экстремизмнің алдын алу, одан сақтанудың жолын насихаттайтын кездесулерді жиі ұйымдастырып отырудың маңызы зор.

2011 жылдың 11 қазанында Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданған болатын. Осы Заңның кіріспесіндегі «Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын, әр адамның ар-ұждан бостандығы құқығын растайтынын, Қазақстан Республикасы азаматтарының діни нанымына қарамастан, тең құқылы болуына кепілдік беретінін, халықтың мәдениеті мен рухани өмірін дамытуда ханафи мазхабындағы ислам және православиялық христиан діндерінің тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни төзімділіктің және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады» деген сөздерден-ақ ислам дінінің адамдарға қаншалықты қамқор дін екеніне көз жеткізуге болады. Мұсылмандар бір-бірімен «Ассалаумағалаәйкум» деп амандасады. Осы сәлем сөздің мазмұны – «мен саған бейбітшілік» тілеймін деген сөз. Осындай мейірімділікке толы пиғылдағы мұсылмандардың адам қанын төгуге шақыруы мүмкін емес. Қазіргі кезде жиһад деген сөзді теріс түсінушілік орын алды. Терістігі сол – жиһадты қолға қару алып, адам өлтіру немесе күш қолдану деп түсінеді. Біздің дінде адам баласының ақылы қабылдап тұрған нәрсеге қарама-қарсы ештеңе жоқ. Сондай-ақ, адамның ақылы мен табиғаты қабылдай алмайтын нәрсені күштей алмайды. Құран кәрімде бейкүнә адамды өлтіру немесе бейбіт жатқан адамдарды қыру туралы аят жоқ. Тек адам өз Отанына немесе отбасына қауіп төнген жағдайда оны қорғауға міндетті. Жиһад сөзінің тағы бір мағынасы – адам мал-мүлкімен де жиһад жасай алады. Егер кез келген адамның өз отбасынан артылып жатқан дүниесі немесе мал-мүлкі болса жетімдерге, жағдайы жоқ отбасыларына, мүгедектерге беруіне болады. Не болмаса, халықтың игілігіне жарайтын ғимараттар тұрғызса сол жиһад болады. Ендеше қазіргі жиһадшылардың теріс әрекеттері бұл сөздің мән-мағынасын исламға қарсылық ретінде өзгертіп жүр. Сондықтан да діни экстремизмнің алдын алу үшін ең алдымен діни сауаттылық аса қажет. Алла Тағала адамдарға мынандай қағида нұсқаған: «егер білмесеңдер білім иелерінен келіп сұраңдар». Бұл орайда, қазір қала мешіттерінде арнайы «патуа» бөлімі жұмыс істеуде. Сол жерге келіп, жан-жақты мағлұмат алуға болады.

– Демек, бізде құқықтық таным бар. Енді, не жетіспейді?

– ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы басым міндеттердің бірі – радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы іс-қимыл екені барлығымызға аян. Аталған бағдарлама аясында қоғамда, ең алдымен, жастар ортасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сондай-ақ, конфессияаралық бейбітшілік пен келісім орнаған, діншілдер мен атеистік көзқарасты ұстанған азаматтардың да құқықтары сақталатын және құрметтелетін зайырлы мемлекет – Қазақстан Республикасының дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес тұрғындарда діни сананың қалыптасуына ерекше назар аударылатыны атап өтілген болатын. Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінде экстремизм, оның ішінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресу, оның алдын алу туралы аз насихатталып жатқан жоқ. Діни ағым барлық дінде де бар. Діни экстремизм дегеніміз осындай әртүрлі топқа бөлінген діндерден шыққан. Теріс ағымдағы дінді ұстаушыларды ажырата білу барлығымыз үшін керек.

Елбасы лаңкестерді түбегейлі жоюға мемлекеттің күш-жігері жететінін нық сеніммен айтып келеді. Дегенмен, бүгінгі жағдай діни экстремизммен құқық қорғау орындары ғана емес, бүкіл қоғам болып күресу керек екеніне көз жеткізуде. Өйткені, әр жерде бір бұрқ ете қалатын лаңкестік әрекеттерден қаншама жазықсыз адамдар шейіт болды. Қазақстанда әртүрлі конфессиялардың жайлы, қауіпсіз өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасалған. Сонымен қатар, жат пиғылды діни бірлестіктердің кері әсерлері туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға жеткізіп, құқықтық-түсіндіру жұмыстарын осындай шаралар арқылы жүзеге асырудың нәтижесі зор. Оның себебі де түсінікті. Өйткені, соңғы жылдары діни мәселенің ушығып, жат ағымдардың ашық көріне бастауы бәрімізді алаңдатып отыр. Өздеріңізге белгілі, 2015 жылдың қаңтарынан бастап көптеген нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданып, күшіне енді. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне де экстремизм мен терроризмге қатысты біршама жаңа баптар енгізілді. Біз үнемі бұл өзгерістер жайлы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Опубликовано в Сұхбат

Бауыржан ҚАЛЖАНОВ, Әл-Фараби ауданының әкімі:

DSC 0196Шымкентте жылдан жылға халық саны артып, қала миллионға жетудің аз-ақ алдында тұр. Қазақстандағы үшінші мегаполиске ат басын бұрған саяхатшылар Шымкенттің көрікті жерлерін араламай қайтпасы анық. Біздің мақтанышымызға айналған «Тәуелсіздік», «Орталық», «Қиял әлемі», «Дендро» cаябақтары, «Зообақ», «Әл-Фараби», «Ордабасы», «Наурыз» алаңдары және қалаға келген қонақтың басым бөлігін «күтіп алатын» Теміржол вокзалы – Әл-Фараби ауданына қарасты аумақта орналасқан. Демек, ірі мегаполиске тән өркениетті қалыптастыру, Шымшаһардың шырайын еселеп, қала тұрғындарының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүргізуде ауданға жүктелетін жауапкершілік зор. Осы орайда Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжановпен қала орталығының тыныс-тіршілігі жайлы сұхбаттастық.

– Бауыржан Ахметәлі-ұлы, Әл-Фараби ауданында атқарылған жұмыстар жайлы жақында халыққа есеп бердіңіз. Бүгінгі сұхбатымызды қала тұрғындарының мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі жайлы ойыңыздан бастасаңыз.

– Біздің аудан аумағында көпқабатты үйлер мен мекемелер тығыз орналасқан. Тіпті, адам көп жиналатын саялы орындардың басым бөлігі Әл-Фараби ауданына қарасты. Сондықтан қажеттілік те, талап-тілек пен тұтынушылық та соған сай болады. Бірақ, әр адамның көзқарасы әртүрлі. Мәселен, көпқабатты үйдің алдына біреу балалар ойнайтын алаңша сұраса, екінші біреу көлік тұрағына орын іздейді. Сол түрлі ой-пікірді бір бағытқа бұру оңай емес. Бұрын тұрғындар өз пәтеріне ғана жауапкершілік алатын. Тіпті үйінің балконы мен кәріз, су құбырлары тозып жатса да ауыстырмайтын. Тұрғын үйлердің кіреберіс дәлізі тоз-тозы шығып, жертөлесінен жағымсыз иіс шығып жататын. Ал аулаға жаны ашитын адам кемде-кем болатын. Қазір олай емес. Тұрғындар пәтерінен бөлек, кіреберіс дәліздің есік-терезесін түгендеді. Бөтен адам кіре алмайтын темір есік орнатып, оны тек сол үйдің тұрғындары кодпен аша алады. Ауланы тазалап, ағаш егіп, орындық орнатумен шектелмей, осы тазалықты қызғыштай қорып отыратын азаматтар бар. Олар аулаларды жарықтандыруға өтініш жазатын. 2016 жылы Әл-Фараби ауданындағы көпқабатты үйлердің ауласын жарықтандыру жұмыстары 99%-ға орындалды. Ал қазір халық бейнебақылау құрылғысын орнатуды сұрай бастады. Бұл біріншіден, тұрғындардың қала тазалығына, қауіпсіздігіне қосқан үлесі болса, екінші жағынан сананың жаңғыруын көрсетеді. Халықтың сұранысы да дамыған заман ағымына қарай өзгере бастады. Мәдениет деген талғамның биіктігі емес пе?!

– Демек, қаланың көркеюіне тұрғындар бейжай қарамайтын болғаны ғой?

– Халықтың қала өміріне етене жақын араласуы біздің де жұмысымызды жеңілдетеді. Әл-Фараби ауданының аумағы көп қабатты тұрғын үйлердің аула, ішкі орам жолдарын тазалау бойынша 7 учаскеге бөлінген. Әр учаскеге аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітілген. Біздің мамандар көпқабатты үй басқарушылары мен көше, ауыл билерінің басын қосып, осы салада түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейдтік іс-шаралар, байқаулар ұйымдастырып отырады. Жыл басынан бері тұрғындардың қатысуымен 5 рет қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Дегенмен, ауданның 210 мыңнан астам тұрғыны бар. Көше бойына, арық-атыз жүйелеріне қоқыстарды кімдердің тастап кеткенін мамандар көріп үлгермейді. Осы орайда көлігімен кез келген жерге қоқыс төгіп кететін адамдарды суретке түсіріп, WhatsApp нөміріне немесе әлеуметтік желіге салатын қала тұрғындарының бізге көмегі тиіп жатыр. Сол айғақтарға сүйене отырып, заңсыздыққа қарсы шаралар қолға алынып, кінәлілерге айыппұл салынды.

– «Таза қала» акциясы аясында көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Бұрындары саябақтағы ағаштардың қураған күзгі жапырағы көктемге дейін аршылмай жататын. Ал соңғы жылдары қай мезгілде барсақ та, саябақтың тазалығына куә боламыз. Осы бағытта мамандардың жұмысына тоқталып өтіңізші.

– Әл-Фараби ауданындағы кенеттен пайда болған қоқыс қалдықтарын тазалау жұмыстарына «Бәйтерек-ЛБ» ЖШС, «Нұр-Сәт» ЖШС, «Бек-Асыл» ЖШС мекемелері жауапты. Ал елдімекендерді абаттандыру және көріктендіру ісін («Қазақ зағиптар» қоғамдық бірлестігінің) «Тұрар» ЖШС корпоративтік қоры мекемесі атқаруда. Аталған мекемелермен қазіргі уақытқа дейін 1246,67м³ қоқыс полигонға шығарылды. 217 қураған ағаштар кесіліп, 3 795 тал санитарлық қырқудан өтті. 5 рет өткен сенбілікке 33 техника мен 10 200-ден астам адам қатысып, 38 шақырым ирригациялық арықтар тазартылды. 1 320 түп ағаш көшеттері отырғызылып, 265 м3 күл-қоқыс шығарылды. Жалпы, 2017 жылғы Әл-Фараби ауданына қарасты шағынаудандар мен елдімекендерді санитарлық тазалықпен қамтамасыз ету жұмыстарына қалалық бюджеттен 58 млн теңге бөлінді.

– «3 Қуатжылуорталық» МКК қызмет көрсетуін бастағалы жылу энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстарында өзгеріс орын алып, тұрғындар тарапынан айтылатын шағымдар азайды ма? Келесі жылу маусымына дайындықты қай кезден бастайсыздар?

– Келесі жылыту маусымына дайындық сәуір айында басталып кетті. Әл-Фараби ауданы аумағында жылу қабылдайтын 610 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. 2016-2017 жылғы жылу маусымында «Қуатжылуорталық-3» МКК осы тұрғын үйдің барлығына қызмет көрсетті. Көпқабатты тұрғын үйлердегі тазалық пен жылуды сақтау мақсатында кіреберіс дәліздің есік-терезелерін бүтіндеу, істен шыққан тік құбырларды ауыстыру тұрғындардың жауапкершілігінде екенін жаңа айтып өттім. Осы бағытта біздің мамандар түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жыл басынан бері 21 жұмыс істемейтін тік құбыр анықталып, ауыстырылды. 18 кіреберіс алаңдарының есігі мен 81м² фрамугаларды тұрғындар өз күшімен орнатты.
Сонымен қатар, жылу энергиясын үнемдеп, тиімділігін арттыру мақсатында 56 көпқабатты тұрғын үйге жылу есептегіш құралы орнатылды. Көпқабатты үй тұрғындары алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға қызығушылық танытып, үнемділікке бет бұрса, келесі қыс маусымы басталғанға дейін көптеген шаруаны тындыруға болады.

IMG 6128

– Ал «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлерге қандай көмек көрсетілуі мүмкін?

– Бұл бағдарлама шеңберінде 2015 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 30 көпқабатты тұрғын үй анықталып, оның 13-іне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу үшін бюджеттен қаражат бөлінді. Атап айтқанда, Молдағұлова көшесіндегі №7, Республика даңғылындағы №19, 25а, 31, Быковский көшесіндегі №2, 5, Володарский көшесінде орналасқан №2а, 2б, 2в, Майлықожа көшесіне қарасты №13, Байтұрсынов көшесіндегі №9, Жангелдин көшесіндегі №22а және Верещагин көшесіндегі №73а көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңартылды.
2017 жылы 12 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Қаражат бөлінген соң бұл мәселелер де оң шешімін табатын болады.

– Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, Әл-Фараби ауданының аумағына да жаңа елдімекен енгені белгілі. Елдімекендердің жағдайы қандай?

– Әл-Фараби ауданына қарасты 365 орталық көшелерге толығымен асфальт төселген. Дегенмен, елдімекендерде әлі тас төсеуді қажет ететін көшелер бар. Мемлекет басшысының саясатын негізге ала отырып, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясындағы жұмыстарда елдімекендерді көркейту мәселесін де назардан тыс қалдырмаймыз. Қала аумағына енген тұрғын алаптар мен елдімекендерді көркейту жұмыстарын облыс әкімі де, шаһар басшысы да жіті қадағалайды. Осы орайда басты назарға алынған шаруалар – елдімекен көшелеріне атау беру. Қазір 60 көшеге атау беру үшін тұрғындардың ұсынысы мен келісімін негізге ала отырып жасалған хаттаманы онамастика бөліміне тапсырдық. Сұранысқа қарай «Сәуле» «Текесу» басқа да елдімекендерде шағал тас төсеуді қажет ететін көшелер бар. Мұның барлығы күн тәртібіне енген. Реті келгесін айтайын, көшенің көркін еселеп, тартымдылығын арттыру мақсатында, тұрғындарды үйлерін бірегей түспен әрлеуге шақырамыз.

– Аудандағы әлеуметтік нысандардың әлеуеті қай деңгейде?

– Әл-Фараби ауданына қарасты 24 мектеп, 22 балабақша бар. Соның бірі «Сәуле» шағынауданындағы №76 жалпы орта мектеп оқушылары үш ауысыммен оқитын. Мұнда 1200 орындық жаңа мектеп салу 2016 жылдың жоспарына енген. 1934 жылдан бері оқушылардың кәдесіне жараған №79 орта мектептің де жанынан 600 орындық жаңа ғимарат салу қажеттілігі анықталды.
Әлеуметтік нысандардың алдында жол белгілерін орнату бойынша 21 мектептің жанына жаяу жүргіншілер өткелі, дыбыстық жолақ және жылдамдықты тежеу кедергісі, бағдаршам қажеттілігі анықталған. №79, №84 мектептердің жол белгілерін жаңарту бойынша біздің әкімдік тарапынан Шымкент қаласының білім бөліміне сұраныс хат жолданды. «Текесу» тұрғын алабындағы №121 мектептің алдына жол белгілерін орнату бойынша Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хат жолдады.

DSC 0205

– Жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?

– Әл-Фараби ауданының тұрғындарына «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының мақсаттары мен міндеттерін түсіндіріп, «Өрлеу» жобасын кеңінен насихаттаймыз. Жұмыссыздық деңгейі 5-10 жыл демей-ақ, соңғы 2-3 жылмен салыстырғанның өзінде екі есеге жақсарғанын байқауға болады. Қазір елімізде жастардың кәсіпкерлікті қолға алып, өз ісін бастауына мүмкіндік мол. Бір ғана қажеті – тәуекел деп бел буып, іске тас-түйін болып кірісуі. Кейде «бұрынғыдай завод-фабрика салынса» деген тілектерді құлағым шалып қалады. Қазір техниканың дамыған заманы. Бұрын бірнәрсені жасап шығару үшін адамның күші қажет болатын. Ауыр механиканы басқару үшін әр адамға бір жұмыс жүктелетін. Ал қазір олай емес. Қарапайым ғана мысал, медициналық қолғапты жасап шығаруға бүгінде арнайы техника мен оны таратып, тасымалдау, сату ісіне 10 шақты адам жұмылса жетіп жатыр. Яғни, бұрынғы 50-100 адамның жұмысын бір ғана техникаға жүктеп, тетігін дер кезінде басу керек. Міне, сондықтан да біз халықты жаңа заманның техникалық мүмкіндіктерін пайдаланып өз кәсібін ашуға шақырамыз. Соның салдарынан жұмыссыздықтан құтылсақ, тағы бір жақсы жағы – әр адам өз кәсібін ашып, әл-ауқатын арттыруға қол жеткізеді.

– Халық денсаулыған жақсарту бағытында көпшілікті алаңдататын қиындықтар жоқ па?

– Әр азамат соңғы жаңалықтарды мұқият зерделесе, медицина саласында алаңдауға негіз жоқ. «Аймақ, аудан, ауыл» қағидасы бойынша халық арасында өткізілетін ақпараттық-түсіндірме жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынған. Қазақстанда халықтың 17%-ы ғана медициналық сақтандыру жүйесін пайдаланады екен. Жыл басында Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты
Қазақстан халқына Жолдауымен барлығымыз таныстық. Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында медицина саласының мамандары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін іске қосуды қолға алды. Сәуір айында еліміздің түкпір-түкпірінде жергілікті емханаларда МӘМС бойынша тіркеу басталғанын және оның тиімділігін түсіндіру бағытында жұмыстарға
Әл-Фараби аудандық әкімдігінің қызметкерлері де үлес қосуда. Бұл бағытта халық арасында 10 рет жиналыс ұйымдастырылды. Орталық көшелердің бойларындағы жекеменшік кәсіпкерлік нысандар мен мекемелерге пандус орнату бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу тұрақты түрде жалғасады. 2016 жылы бұл орайда 272 нысанға пандустар орнатылған болатын. Түсіндіру жұмыстары нашақорлықтың алдын алу мен дін, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытында да тұрақты жалғасын табуда.

– Бүгінде облыстық прокуратураның бастамасымен қоғам тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз қала» жобасы аясында көптеген жұмыстар қолға алынуда. Әл-Фараби ауданында халық тығыз шоғырланған. Айтыңызшы, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі қаншалықты қамтамасыз етілген?

– «Қауіпсіз қала» жобасы аясында жұмыссыздық, қаңғыбастық, маскүнемдік және нашақорлық салдарымен күресу сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында іс-шаралар жоспарлы түрде өтуде. Көпқабатты тұрғын үйлердің дәлізі қараусыз кездері «пәтер ұрлығы» көп тіркелетін. Қазір тұрғындар терезелерге әйнек салып, кодпен ашылатын темір есік қойып, аулаға шам орнатқалы бұл қылмыс түрі азайды. Дегенмен, тұрғындар ауладағы тәртіп пен тазалықты қадағалау үшін бейнебақылау құрылғысын орнатуға ықыласты. Әл-Фараби аудандық прокуратурасы мен аудан әкімі аппараты және жергілікті полиция қызметкерлері бірлесіп, тұрғындарымен, үй комитеті төрағаларымен 23 рет кездесу ұйымдастырып, бейнебақылау құрылғысын орнату тиімділігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, көпқабатты тұрғын үйлердің 157 кіреберіс дәлізіне, 185 аулаға және 64 пәтердің жеке есік алдына тұрғындар өз есебінен бейнекамера орнатты. Халық билікпен бірге жұмыс істегенде ғана нәтиже болады. Әкімдік қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізгенде алғашқы болып қолдаған тұрғындар өздерінің қауіпсіздігімен қатар, қаланың өсіп-өркендеуіне де үлес қосып отыр.
Ал түрлі деңгейдегі құқық бұзушылықты бұлтартпай дәлелдеу мақсатында Әл-Фараби ауданындағы демалыс орындары мен орталық көшелерінде бейнебақылау құрылғылары іске қосылған. Осы құрылғылардың көмегімен тазалық пен тыныштықты, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Дегенмен, қаланың бақылау камерасы орнатылмаған тұстарында қоқыс тастап кету, көлік тонау қылмысы басылмай тұр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса береді.

– Әл-Фараби ауданының биылға жоспарлаған жұмыстары қандай болмақ?

– Аудан аумағында инфрақұрылым жүйелерін дамыту, жаңарту, қайта қалпына келтіру жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Қала орталығының санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп, көркейту және көгалдандыру жұмыстарын күн сайын жақсартуды көздейміз. Кедейлікті төмендету үшін халықты жұмыспен қамтып, жұмыссыздар санын азайту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды Елбасымыз Жолдауында атап өткендей бұрынғыдан да күшейте бермекпіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Ақмарал ӘШІРОВА

Опубликовано в Сұхбат

image-22-12-16-18-47-1Халық қалаулылары жайлы әңгімеміздің бүгінгі кейіпкері – Шымкент қаласы мәслихатының VI шақырылымында сайлаушылардың басым даусына ие болған депутат Марат Сәрсекұлы Тамабаев. Менім мандатына ие болған халық қалаулысы жыл басынан бері нендей жұмыстар атқарды? Сайлаушыларымен байланысы қандай?


«Алдияр Геотон» ЖШС директоры Марат Сәрсекұлы бұған дейін ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде ұзақ жыл қызмет етіп, полковник шенінде зейнетке шыққан. 14 348 сайлаушысы бар №21 сайлау округі бойынша 9352 дауысқа ие болып, 2016 жылдың наурыз айынан бері қалалық мәслихаттың депутаты міндетін атқарып келеді. 

 

№21 сайлау округіне – 2014 жылы Шымкент қаласының аумағына Сайрам ауданынан енген «Базарқақпа», «Абдулабад», «Тұрдыабад», «Шаңырақ» және Төлеби ауданынан енген «Тоғыс», «Айнатас», «Маятас», «Елтай», «Жыланбұзған» тұрғын алаптары қарайды. Депутат жыл басынан бері сайлаушыларымен 20 кездесу ұйымдастырып, нәтижесінде құзыретті мекемелерге 15 депутаттық сауал жолдаған. Онда ауызсу, электр энергиясы, жол құрылысы мен ережелері, мектеп, балабақша және медициналық қызметке жүгіну барысында туындаған мәселелер көтерілген. Ұсыныстың барлығы қаралып, өз шешімін тапқан. Атап айтқанда, тұрғындарға бұған дейін жергілікті амбулаторияда медициналық анықтама берілмеген. Еңбекке жарамсыздық парағын алу үшін қала орталығындағы емханаларға қатынауға мәжбүр болатын. Сырқаты дендеп, жұмысқа жарамай тұрған науқас күні бойы ауруханадағы кезекте тұруға мәжбүр. Депутаттың ең алғаш қолға алған жұмысы – қызуы көтерілген жандарды орталықтағы емханаға сабылудан құтқару болды. Еңбекші аудандық әкімдігі мен медицина саласының мамандарына халықтың сұранысын жеткізген М.Сәрсекұлы науқас адамның еңбекке жарамсыздық парағын немесе сабақтан қалғаны үшін берілетін үш күндік анықтама қағазын жергілікті амбулаториядан алуға мүмкіндік туғызды. Ветеринариялық қызметтің көмегімен қала сыртын жайлаған қабаған иттер мен иесіз мысықтарды аулау жұмыстары ұйымдастырылды. Қоғамдық көлік жүргізу жолға қойылып, олардың кестеге сай қозғалуы пысықталды. Қауіпті жерлерге жол белгілерін, бағдаршам орнату мәселелері оң шешімін тапты. «Тоғыс» тұрғын алабындағы Нефтеразведка тұрғындары жолға шығатын баспалдақ қала бюджетінің есебінен жаңартылды. «Елтай» тұрғын алабындағы тозығы жеткен көпірді қалпына келтіру жұмыстарын депутат қаржыландырған. Енді тұрғындар жүріп өтетін 3 шақырымдық жол үш есеге қысқарды.

20161206 123451

– Тұрғын алаптарда жол мәселесі әлі де өзекті. Орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың маңайын ретке келтіру, халықтың қауіпсіздігі үшін қажетті жол белгілерін орнату, жарықтандыру және аяқ жолдар салу бағытында жұмыстарды жалғастыра бермекпіз, – дейді Марат Тамабаев.

 

Үшемге көмек бере аламыз ба?

М. Тамабаев тұрғын алаптардың жайынан бөлек жеке мәселесімен қабылдауына кіретіндерге де уақыт бөледі екен. Соның бірі – Гүлноза Орынбаева. 2014 жылы үшемдерді дүниеге әкелген жас ана бір шаңырақты 4 отбасы паналап отырғанын айтып, көмек сұрады. Бала күтіміне байланысты үйде отырған Гүлноза сол күнге дейін ешкімнен ешқандай жәрдем сұрамағанын алға тартып, баспана мәселесін шешіп беруді өтінді.

daputat 27

– Г. Орынбаеваның отбасындағы жағдайымен таныстым. Мұқтаждық басым екеніне көз жеткізгендіктен әзірге тек тұрғын үй кезегіне тұруға көмектесе алдым. Ал баспана мәселесін шешіп беру қыруар қаржыны талап етеді. Дегенмен, пәтер кезегінде тұрғандардың аз емес екенін ескерсек, кезек жуық арада келмесі анық. Орынбаеваның отбасылық жағдайына байланысты үшемдердің анасына пәтер беру мүмкіндігі болмаса да, үй салып алу үшін жер телімі берілгені дұрыс деп есептеймін, – дейді Марат Сәрсекұлы.

Бір қазаннан тамақтанатын 20 жанның жағдайы мен ерекше сүйіншіден үміті бар үшемдердің тіршілігі бізді «мәселенің барлығы халық қалаулысының ұсыныс хатымен шешіле салар ма екен?» деген ойға тіреді.

 

20160806 193245Қабылдау қалай өтуде?

Халық «бізге керегі заңды білу» дейді. Олар заңды жетік меңгерген маманнан кеңес алып, құқықтық көзқарастарын қалыптастыра алғанына дән риза. Депутаттың қабылдауына қатысып, әр азаматтың сұрағын мұқият тыңдап, заңды түрде қандай қадамдар жасауға мүмкіндігі барын түсіндіретініне куә болдық. Бір қызығы, Марат Сәрсекұлы қабылдау уақытын шектеуге асықпады. Әр айдың бірінші сейсенбісі, сағат 10:00-ден 13:00-ге дейінгі аралықты «Базарқақпа», «Абдулабад», «Тұрдыабад», «Шаңырақ» тұрғындарына арнаса, келесі күнгі қабылдауын Қазығұрт аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөліміне қарасты «Тоғыс», «Айнатас», «Маятас», «Елтай», «Жыланбұзған» тұрғындамен өткізеді екен. 

Шымкент қаласына жаңадан қосылған тұрғын алап халқы түрлі сұрақтарымен депутатқа күнделікті қоңырау шалып хабарласа алады. Сонымен бірге, Whatsapp қызметі арқылы да сұрақтарына тиісті жауап алып отырады.
«Депутат дидары» айдарының қонағы Марат Тамабаев сайлаушыларды өзі іздеп баратынымен ерекшеленді. Депутатты кеңсесіне іздеп бармай, жергілікті халықпен жұмыс жүргізу бөлімінде күтудің тағы бір артықшылығы – алға тартқан мәселесінің тағдыры не болатынын апталап күтпейтінінде.

 

20161206 114847Самат ЖҮНІСБАЕВ,
Қаратөбе аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы:

– Марат Сәрсекұлы депутаттық мандатын алғаннан кейін халықты біздің бөлімде қабылдауға және бөлім қызметкерлерінің де қатысуына ұсыныс жасады. Біз қуана келістік. Себебі, қала аумағына қосылғанына екі жыл ғана өткен бұл елдімекендерді қала деңгейіне жеткізу үшін қордаланған мәселелерді шешуіміз қажет. Ол үшін халықтың басын қосып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап жүйелеу керек. Осы орайда депутаттың халықты қабылдау жүйесі бізге зор көмек болып, жұмыстың жандануына септігі тиюде. Халық қандай мәселемен келгенін депутат қабылдауында бірге отырып тыңдаймыз.

 

20161206 121128Акрам ИСМАИЛОВ,
Қаратөбе аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің нұсқаушысы:

– Өзекті мәселелерін алға тартып, шешімін іздеген әрбір тұрғын депутатпен қай күні, қай жерде кездесетінін жақсы біледі. Қабылдау тәртібіне сай сұрақтарын міндетті түрде қағазға түсіріп әкеледі. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Марат Тамабаевтың қабылдауына бөлім қызметкерлері түгел қатысамыз. Мәселен, халық судың жайын айтса, біз кейінге қалдырмай бөлімдегі ресми мәліметтерді бірден ұсынамыз. Сол мәліметтер негізінде хаттама толтырып, М.Сәрсекұлына тапсырамыз. Мұндай тәртіппен су мәселесі шешілді. «Базарқақпа» тұрғын алабындағы Терекзар көшесінде 55 метрлік орталық құбырдың жарамсыз болып қалуына байланысты халық ауызсу тапшылығына тап болды. Жаздың күні, ораза айы еді. Бюджеттен қаржы бөлуге ұзақ уақыт кететінін ескерген депутат бұл жұмыстарды өзі қаржыландырды.

 

20161206 121438Сәуле ШАПАЛЕВА,
Қаратөбе аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы:

– Біздің бөлімге қарасты тұрғын алаптарда жылжымайтын мүліктерді қайта заңдастыру, коммуналдық қажеттіліктер, қоғамдық көлікке деген сұраныс кезек күтірмейтін мәселелер еді. Өйткені, жұмысқа орналасу, әлеуметтік, басқа да қызметтерге жүгіну, несие алу, жалпы кез келген мәселе тұрғылықты мекенжай анықтамасымен шешіледі. Ал мекенжай анықтамасын алу үшін облыс аумағынан қалаға енген елдімекендердің құжаты қайта рәсімдеуден өтуі тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, ауызсу тапшылығы, жарықтың сапасыздығы және тұрмыстық қалдықтарды тазарту қызметіне байланысты жасалған келісімшарт мәселесі халықтың көкейкесті сауалына айналған. Үшіншіден, аталған мәселелерді шешу немесе медициналық қызметті пайдалану, оқуға, жұмысқа қала орталығына қатынау үшін қоғамдық көлік қажет болатын. Міне, осы айтылған халықтың сұранысын тыңдаған депутатымыз М.Сәрсекұлы бірқатар мәселе бойынша тиісті мекемелерге ұсыныс жасап, қадағалап, жүйелі түрде шешімін табуға ықпал етті.

Опубликовано в Әлеумет
Страница 1 из 2