Шеткі аумақтар шет қалмайды

Пятница, 19 Июнь 2020 04:21

93563641 3198372613520627 8715103365073207296 n

Шымкент қаласы республикадағы үшінші мегаполис мәртебесін алғалы шаһар кәдімгідей өзгерді. Қаланың қазынасы молайып, соның есебінен жылдар бойы қордаланып келген көптеген әлеуметтік мәселелер шешімін таба бастады.

Қала аумағының және тұрғындар санының өсуі мегаполистің жаңа даму концепциясын әзірлеуге негіз қалады. Сәулеттік жоспарға сәйкес Шымкенттің шеткі аумақтары да орталықпен бірге гүлденіп, көркейеді.
Қала үшінші мегаполис мәртебесін алған жылы Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке жұмыс сапарымен келген болатын. Сонда Елбасы: «Шымкент өз алдына дербес республикалық маңызы бар қалаға айналды. Бұл шаһарға көп мүмкіндіктер сыйлайды. Сонымен бірге мұның өзіндік жауапкершілігі де бар. Ол ең алдымен бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Ғалымдардың болжамына сай келешекте адамдар осындай ірі қалаларда шоғырланып өмір сүретін болады. Урбандалу соңғы ғасырларда әлемде қарқынды дамыған қоғамдық процесс. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қала алмайды. Адамдардың қалаларға шоғырлануы елімізде де біраздан бері жүріп жатыр, соның нәтижесінде Қазақстан жерінде осындай әлі бірнеше үлкен мегаполистер пайда болады. Ғалымдар келешекте бәсекелестік мемлекеттер емес, мегаполистер арасында өрбитінін болжап айтып отыр. Осы жағынан келгенде Шымкент іргесіндегі Ташкент шаһарымен әрі бәсекелес әрі экономикалық сауда әріптесі болудан өзіне көп пайда алады деп есептеймін. Сондықтан өнеркәсіп, сауда-саттық тұрғысынан Шымкент көрші елдің астанасымен теңдей дәрежеде байланыс орнатуға тырысуы керек» деген еді Шымкент қаласы активімен өткен жиында.
Бүгінде қала Елбасының осынау тапсырмасы негізінде алға қадам жасап келеді. Өз кезегінде қойылған биік мақсаттарды орындауға Шымкентке жаңадан қосылған аймақтардың тигізер пайдасы орасан болып тұр. Өйткені жаңа кәсіпорындарды іске қосу, ауыл шаруашылығы өнеркәсібін дамыту қосымша жер аумағын, еңбек күшін талап етеді. Ал бұл сұранысты қаланың құрамына өткен елдімекендер толықтай қанағаттандыра алады.
Түркістан облысына қарасты аудандардан қалаға өткен ауылдар мегаполистің даму концепциясына сәйкес оң өзгерістерге бағыт бұрып келеді. Бұрынғы кезде жолы нашар, газ, суы жоқ, сығырайған жарықпен отыратын ауылдар инфрақұрылымы түзеліп, дәл қаланың деңгейіндей дәрежеге жете бастады.
Мұны Мәртөбе ауылының тұрғыны, кәсіпкер Мұрат Гелашвили де растайды.
— Қазір өзімізді қаланың нағыз тұрғыны ретінде сезінеміз. Себебі, ауылішілік жолдар түгел асфальтталды, көшенің жиегіне суағарлар орнатылды. Шымкент пен Алматыны жалғайтын күрежолдың да құрылысы бітуге таяу. Ауылда жарықтан, судан ешқандай проблема жоқ. Қысқасы тұрмыс тауқыметінен арылып, жайлы өмірдің арқасында бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз. Ең бастысы ауылда береке-бірлік бар. Қазақ пен түрік ұлтының өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп, бар қиындықты бірге жеңіп, қуанышты бірге бөлісіп келеді. Жұмыссыздықты азайту мақсатында қала әкімдігі тарапынан өнеркәсіптік жылыжайлар құрылысын дамытуға көп қолдау көрсетіліп жатыр. Жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер субсидия басқа да жеңілдіктер алып, мемлекет көмегінің арқасында көпшілігі аяққа тұрып кетті. Қазір ауыл жастары негізінен осындай жылыжайлар кешенінде жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Ал, ауылда соңғы жылдары жабық кешенде ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру кең өріс алған. Соның есебінен де мәртөбеліктерге жұмыс көп. Сондықтан көпшілігі ешқайда кетпей, өз ауылының гүлденуіне үлес қосып жатыр. Өз басым Мәртөбенің қала аумағына қосылғанына ерекше ризамын, – дейді М.Гелашвили.
Қаладағы елдімекендер шеткі аумақта болса да шет қалып қойғанды білдірмейді. Мегаполис өзінің жер ресурстық, адами капитал, өндіріс, мәдениет тұрғысынан бәсекеге қабілетті болуы үшін шет аумақтарды дамытуға бірінші кезекте мүдделі. Сондықтан Шымшаһардың түгел атырабында басталған инженерлік және инфрақұрылымдық құрылыстар жаңа кезеңге бағыт бұрған алғашқы бастама.

 

 

b468bd3016f23cfabe41c19ba07c80243ba59411

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» мекемесінің былтырғы талдау, агромелиоративтік зерттеу жұмыстарына сүйенсек, Шымкент қаласындағы жалпы суармалы жер көлемі 25330 гектарды құрайды. Өткен жылы соның 25203 гектары пайдаланылып, қалғаны тыңайтуға қалдырылған.

Егістікті әртараптандыру, шаруашылықты цифрландыру...

Шымкент қаласы аумағының жер қыртысы еңіс болып келеді. Суармалы алқаптардың шамамен 7% тегісте, 76% еңісте орналасқан. Егістіктегі жерасты суы 3 метрден төмен деңгейде болса, тұздылығы 0-3 г/л аралығында. Былтыр 1 мың гектарға тамшылатып суару әдісі енгізілді. Сондай-ақ, 171 гектар суармалы жерге жылыжай салынды.
Қала аумағындағы су нысандары «Қазсушар» РМК ТФ «Бадам-су» өндірістік бөлімі мен «Су метрология» филиалдарының меншігіне қарайды. Сонымен бірге 2019 жылы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының теңгеріміне Текесу (сыйымдылығы 481 мың м3) және Ақжар су қоймалары (сыйымдылығы 723 мың м3) алынды. «Су метрология» филиалына «Сайрам су» су торабы қараса, стратегиялық маңызды 2 су қоймасы Бадам мен Тоғыс және 3 су торабы – Жоғарғы Бадамсу, Төменгі Бадамсу және Қос диірмен «Бадам су» өндірістік бөлімінің иелігінде.
Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарындағы суармалы жерлер заңды немесе жеке тұлғаларға уақытша пайдалануға берілген.
Ауыл шаруашылығын дамытудың түрлі бағдарламаларының және жүргізілген ауқымды реформалардың нәтижесінде 2022 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешеннің табыс үлесі 23 пайызға ұлғаяды деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, өнімділіктің артуына егіс алқаптарын әртараптандыру саясаты өз пайдасын тигізуде. Дәстүрлі дақылдардың орнына мал азығы, майлы, бақша дақылдары көбірек егіле бастады.
— Ауыл шаруашылығы саласында тұқым нашар болса, өнім де төмен болады. Өнімді көбейту мақсатында тұқым сапасын жақсарту жұмыстары қолға алынуда. 2018 жылға дейін еліміздегі 300-ге жуық тұқым шаруашылығы субсидия есебінен қаржыландырылып келді. Бұл жүйе қазір өзгерген. Енді әр тауар өндірушіге егістігінің 4 пайыз жеріне элиталы немесе III репродукцияға дейінгі тұқым егу үшін несие беріледі. Шарт бойынша диқан бір жылдан соң несиенің 30 пайызын қайтарып, бастапқыдағы 4 пайыз егістігін 25 пайызға ұлғайту керек. Сонда 3 жылда фермер III репродукцияға дейінгі тұқымды өзі өндіретін болады.
Сонымен бірге, егіншілікті, оның ішінде жыртылатын жер мен жайылымды цифрландыру іске асырылады. Бүгінгі таңда 54 субсидия түрі болса, соның барлығы да автоматтандырылады. Әр шаруашылыққа соған сай картограмма жасалынады. Онда қожалық туралы бүкіл ақпарат жинақталады. Бұрын шаруалар 64 түрлі субсидия алатын. Қазір оңтайландыру нәтижесінде оның саны 54-ке қысқарды. Алдағы уақытта субсидия алу тәртібін толықтай цифрлы жүйеге көшіру күтіліп отыр.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы министрлігі 100 шаруа қожалығын GPS жүйесі арқылы орталықтан басқаруды тәжірибе ретінде сынақтан өткізіп көруде. Осының негізінде келешекте елімізде 2 мың фермерлік қожалық цифрлы жүйеге көшіріледі, — деді «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РМК мекемесінің басшысы Мейіржан Эсанбеков.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Qoldau.kz» порталы арқылы қажет тыңайтқыштарға, аммофос пенаммиак селитрасына электронды өтінімдер бере алады.
Өткен жылғы мәлімет бойынша қалада 18,5 га егістік жер, 118,9 га жайылым, 37,5 га көп жылдық екпелер цифрландырылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
Шымкенттің егін шаруашылығында негізінен астық, жеміс, көкөніс, жүзім өсіруге басымдық берілген. Жылдан-жылға көкөніс, картоп, күнбағыс егілетін алқаптар мен үйіргелік егістік аумағы ұлғайып келеді.
Былтыр жаздық бидай 50 га, жоңышқа 50 га, азықтық жүгері 60 га, бұршақ дақылы 24 га кемісе, жаздық арпа 37 га, дәндік жүгері 125 га, картоп 264 га, көкөніс 258 га, бақша 898 га артқан.

 

precision irrigation headvisual-graded

 

Жылыжайға – инвестиция, Каналдарға – механикалық тазалау

– Ауыл шаруашылығы саласына заманауи агротехнологиялар енгізбей, жетістікке жету өте қиын, - дейді М.Эсанбеков. — 2019 жылы жаңа технологиямен 25 га қарқынды бау және 5,5 га жүзімдік егілді. 2015-2019 жылдар аралығында қарқынды бау көлемі 275,54 га жеткізілді.
Былтыр ЖК «Шарипов» фирмасы 2 гектар жерге өнеркәсіптік жылыжай салды. Жылына 600 тонна көкөніс өндіруді жоспарлап отыр. Жобаға жұмсалған қаражат 600 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек, «Оңтүстік FOOD» 3 га жылыжай кешенінде жылына 800 тн көкөніс өсірмек (жоба құны – 750 млн теңге), «AltCompanyInvest» 5 га жылыжай кешенінде жылына 1000 тн көкөніс өсірмек (жоба құны – 700 млн теңге), «Арман Групп» 3 га жылыжай кешенінде жылына 800 тн көкөніс өсіреді (жоба құны – 700 млн теңге), «Altcompanyinvest» ЖШС және «Колесников»ЖК, «Мажитова» ЖК, «Зәуре» ШҚ секілді агрофирмалар өнеркәсіптік жылыжай жобаларын жүзеге асырмақ. Олардың қатарында Мәртөбе ауыл округінде орналасқан өнеркәсіптік деңгейде жылыжай шаруашылығын алғашқылардың бірі болып қолға алған «КазАгроном» ЖШС де бар.
Өз кезегінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өнеркәсіптік жылыжай салуға – 4 086,8 млн теңге, жеміс шырынын өндіруге – 21,5 млн тг, көктемгі дала жұмыстарына 10 млн теңге арзандатылған несие бөлген. Инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу үшін республикалық бюджеттен 236,1 млн теңге қаражат субсидияланды.
Сонымен қатар қала аумағында 2,5 мың гектар жер терең қопсыту технологиясымен өңделді.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 3 288,8 млн теңге бөлініп, оның 2285,7 млн теңгесі 8 бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге таратылды.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 30 жобаның тізбесі жасалып, 5 жоба «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несие алды. Мәселен, аталмыш бағдарламамен «Alt company invest» ЖШС 4 га өнеркәсіптік жылыжайға 950 млн теңге, «Зәуре» шаруа қожалығы» фирмасы 4 га құрайтын жылыжай құрылысына 850 млн теңге инвестиция тартты.
Суармалы жерлердің ауданы мен өнімділінің азаюына ирригациялық жүйелердің нашарлауы мен топырақтың тозуы да тікелей әсер етеді. Ирригациялық жүйенің бұзылуына канал арналарының деформацияға ұшырауы, жан-жағын қамыс пен жабайы өсімдіктердің басуы секілді себептер кіреді. Осылардың кесірінен каналдардың су өткізгіштік қабілеті төмендетіп, ағын су шығынының мөлшері артады.
2019 жылғы жоспарға сәйкес тағы да 82,1 км канал механикалық жолмен тазаланып, 269 текше метр қоқыс лай-ұйықты тазаланды, қоқыс полигонына шығарылды. Оның ішінде: Еңбекші ауданында – 46 км (Көк, Темір, Чумчак, Текесу, Янгибай, Шымкент), Қаратау ауданында – 17км (Өтеміс, Бозарық), Абай ауданында – 19,1 км (Қызыл сеңгір, Гүлдіреуін-1, Гүлдіреуін-2, Гүлдіреуін-3 және Сасық) каналдары механикалық тазалаудан өткізілді.
2019 жылдың II жарты жылдығында тағы да 5 каналды күрделі жөндеу үшін жобалық сметалық құжаттамасын дайындауға 36 795 мың теңге қаржы бөлуге ұсыныс берілді. Каналдарға тоқталсақ, олар Еңбекші ауданындағы БМК, Абай ауданындағы Сасық-1, және
Қаратау ауданындағы Чинат-1, Улух, Ханка каналдары.
Қала аумағындағы ауыл шаруашылығы егістігі жерлерін ағын сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Сайрам су өзенінің бойынан Балдыберек, Сайрамсу және Қасқасу өзендері тоғысатын жерден Сұлтанбек су қоймасын салу жөнінде тиісті басқармаға ұсыныс жолданды. Аталмыш жоба іске асырылса, қаладағы суармалы алқаптар шілде-тамыз айларында ағын су тапшылығына ұшырамайды, нәтижесінде шаруа қожалықтары жерді тиімді игеріп, мол өнімге қол жеткізеді.
2019 жылға белгіленген жоспарға сәйкес 82,1 шақырым канал механикалық тазалаудан өткізілді. Сонымен қатар, Жаңа Оңжағалау Сайрамсу каналының 150 метр жері бетонмен қапталды. Көк каналындағы жарамсыз күйге түскен 6 бетон лоток қайта құйылып, қалпына келтірілді. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде каналдардағы судың ағыс көлемі 80-85 пайызға артты.
Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы, топырақтың құнарлылығы, өсірілген дақылдардың өнімділігі су сапасына да байланысты. Осы ретте негізгі су көздері – Сайрам су, Бадам су қоймасы және Бадам өзенінен тарайтын магистралды каналдан 20 су үлгісі (суару кезеңі алдында, вегетация кезеңінде және суару кезеңінен кейін) алынып, зертханада талданды. Сараптама нәтижесінде ағын судың сапасы жоғары деген қорытынды берілді.

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр қалалық кәсіпкерлер палатасының отырысында сөйлеген сөзінде 22 маусымға дейін, яғни, карантин уақыты аяқталғанша тойхана, мейрамханалар жұмыс істемейтінін айтты. Әйткенмен, карантин мерзімінің аяқталуы ойын-сауық нысандарының ашылуын білдірмейді. Барлық шешім соңында, эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданады.

76

1b42d44c-8c00-48b0-9dbf-5eaf85bdbf90

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының берген мәліметіне сүйенсек, мегаполистегі мобильді жұмыспен қамту орталықтары төтенше жағдай кезінде жүзден астам адамды жұмысқа орналастырған.

Ең басты жаңалық қаладағы «Атамекен» қолдау орталығының 10 мобильді жұмыспен қамту бекеттері өз жұмыстарын қайта бастады. Төтенше жағдай енгізілген сәттен бүгінгі күнге дейін аталмыш орталықтар онлайн режимінде қызмет көрсетіп келген еді. Барлық орталықтар адамдар көп шоғырланатын жерлерде орналасқан.
«Атамекен» қолдау орталығы арқылы жұмысқа орналасуға, тегін курс оқуға, бизнесті бастау бойынша ақпараттар алуға болады. Сондай-ақ мұнда бос жұмыс орнын таңдауға немесе жаңа мамандық алуға көмектеседі. Мобильді жұмыспен қамту орталығында менеджер-кеңесшілер және жеке қабілетті дамыту мамандары қызмет көрсетеді.
Бұл жұмыспен қамтуға арналған мобильді бекеттерді құрудағы негізгі мақсат – жоғарыда айтылғандай халықты жұмыспен қамту, қысқа мерзімді курстарға оқыту, жұмысын жоғалтқан немесе мамандығы бойынша жаңа жұмыс таба алмағандарға кәсіптік бағдар беру, сонымен бірге психологиялық тұрғыдан қолдап қуаттау.
– Орталықтардағы менеджерлер өтініш білдірушілерді базаға тіркейді, кәсіпорын базасында өткізілетін «Еңбек» бағдарламасы бойынша оқитындардың тізіміне енгізеді. Бұдан өзге ісін жаңабастаған кәсіпкерлер бизнес негіздеріне үйрететін «Бастау Бизнес» жобасына қатыса алады», – дейді Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Олжас Жансейітов.
Оның айтуынша, осы жылдың 14 наурызы мен 11 мамыры аралығында Шымкент қаласының мобильді жұмыспен қамту орталықтарынан 13 119 адам кеңес алса, олардың 332-і жаңа жұмыс орындарына жіберіліп, 215-і ресми түрде жұмысқа орналастырылды. Атап айтқанда, олардың қатарында «Электромонтаж», «Фиркан», «Azala textile», «Pioneer Grain Products», «Гаухар» ШФ, «Шымкент-Құс», «Рахат-Шымкент» секілді кәсіпорындар және мектептер мен аурухана, емханалар бар.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты 2020 жылдың 14 мамырынан бастап мобильді жұмыспен қамту орталықтары қалыпты жұмыс режиміне көшті. Жұмыс уақыты - 10-00-ден 18-00-ге дейін жалғасады.

Мобильді жұмыспен қамту орталықтары төмендегі мекенжайлар бойынша орналасқан немесе мына байланыс телефондары арқылы хабарласып, қажетті ақпаратты алуға болады:

• 1) Айна базары - 8 708 777 95 17,
• 2) Қырғы базары- 8 708 777 95 12,
• 3) Автонұр базары- 8 708 777 95 21,
• 4) Алаш базары- 8 708 777 95 20,
• 5) Самал базары- 8 708 777 95 19,
• 6) Атлант СО - 8 708 777 95 18,
• 7) Hyperhouse СО - 8 708 777 95 16,
• 8) ХҚКО (орталық) стадион - 8 708 777 95 15,
• 9) Орталық саябақ - 8 708 777 95 14,
• 10) Әл-Фараби алаңы- 8 708 777 95 13.

IMG-20200413-WA0088

Сәуір айының алғашқы күндерінде орын алған қолайсыз ауа райының салдарын Шымкенттің коммуналдық шаруашылық қызметкерлері әлі жоюмен келеді.

Естеріңізде болса, сәуірдің 8 күні жаңбыр жауып, күн суытып, соңы қарға ұласқан болатын. Сулы қардың салмағын көтере алмаған тал-теректердің бұталары сынып, кейбір ағаштар тамырымен құлады. Соның кесірінен қалада апатты жағдай орын алды. Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, сол күнгі жауған қардан 1202 ағаш құласа, 14 761 тал-теректің бұталары майысып сынған.
Табиғаттың тосын мінезі қаладағы электр жүйелеріне де зақым келтірді. Ағаштардың құлауынан көше бойындағы бағаналардың электр сымдары үзіліп, 8 мың абонент жарықсыз қалды. Коммуналдық шаруашылыққа жауапты мекеменің мәліметі бойынша, қаладағы 483 жерде электр сымдары үзіліп, электр трансформаторлары істен шыққан 45 жағдай тіркелген. Арада екі күн өткен соң апаттар қалпына келтіріліп, шағынаудандардың басым бөлігіне жарық берілді. Дегенмен кейбір көше тұрғындары көпке дейін жарықсыз отыруға мәжбүр болды. Жарықсыз қалған көшелерді электр жүйесіне қосуға «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің апатты бригадасы жұмыла кірісті.
Жауын-шашынның салдарынан қалада мұнан өзге де апатты жағдайлар туындаған. Басқарманың келтірген дерегіне сүйенсек, шаһардың 18 аумағында су тасу оқиғасы орын алған. Апатты жою мақсатында «ЛТД Тұрмыс», «ЮгДорСервис», «Бәйтерек Л.Б» ЖШС-лардың бригадалары жедел іске кірісіп, нәтижесінде 940 текше метр су сорылды.
Табиғат құбылысынан келген осындай зардаптарды жоюға коммуналдық шаруашылық қызмет саласы бар күш-жігерді жұмылдырып, жұмыс жүргізуде.
Ал, «Қазгидромет» РМК-нің инженер синоптигі Арайлым Маханованың айтуынша, сәуірдегі қардың жаууына солтүстік-батыстан келген суық ауа ағымдары әсер еткен. Соның салдарынан 8 сәуір күні күндіз жаңбыр жауып, түс қайта ол жылбысқы қарға айналды. Сол күнгі түнгі температура -1 көрсетсе, 9 сәуірде түнгі ауа температурасы -2 градусқа дейін төмендеді. Қардың қалыңдығы 22 см.--ге жетті. Маман мұндай күннің күрт суытуы сәуір айында бұдан былайғы күндерде болмайтынын болжап отыр. Алдағы аптада күн ашық әрі жылы болмақ. Күндізгі температура 20-24 градусқа дейін жылиды.

 

92844904 267278954431600 6419403264726401024 n

Коронавирус індетінің салдарынан нарықта бастапқы кезде баға тұрақсыздығы орын алғаны рас. Ел Үкіметі дереу жағдайды қолға алып, ең керекті азық-түлік тауарларына мұқтаждықты болдырмау, бағаны қымбаттатпаудың әрекеттерін жасады.

Соның нәтижесінде бүгінде базарларда, жабық сауда орындарында азық-түлік бағасы біршама тұрақталды. Бұған нақты көз жеткізу мақсатында қаладағы бірнеше сауда орындарын аралап қайттық. Сонымен жетінші сәуірдегі жағдайға сәйкес «Қазыбек» әмбебап базарындағы кейбір азық-түлік тауарларының бағасы мынадай: жоғары сұрыпты 50 келілік 1 қап ұн-9500 теңге, макарон (5 келі)-1300 теңге, күріш (5 келі)-1800 теңге, 1 сұрыпты 1 қап ұн-7,5-8 мың теңге, 1 келі күріш—280-320 теңге, 1 келі макарон-260 теңге. Сатушылар бағаның біраз көтерілгенін айтады. Ресейлік 5 литр пісте май осыдан екі күн бұрын 1800 теңге еді. Қазір 2 мың теңгенің үстіне шыққан. Жұмыртқа күн сайын бір теңгеге қымбаттауда. Мұны саудагерлер еліміздегі азық-түлік қорының жеткіліксіздігімен байланыстырады. Олардың айтуынша, халықтың осыншалықты күріш пен ұнды қаптап, майды бес-алты құтыдан тасып әкеткен жағдайды енді көруі екен. Соңында сатушылардың өздерінің де қорлары таусылуға шақ қалыпты. Оның үстіне инфляция да бағаның өсуіне түрткі болып отыр. «Әкімдіктің пәрменімен әйтеуір ұнның бағасы 300-400 теңгеге арзандады», – дейді сатушылар. Сондай-ақ қазір «Қазыбек» әмбебап базарында шекер - 270, картоп - 140-160, пияз-140, сәбіз - 140 теңгеден сатылуда. Пияз бағасына соңғы бір-екі күнде 20 теңге қосылған.
«Қырғы базарда» да көзге ұрып тұрған бағаны көрмедік. Мұндағы азық-түліктің құны басқа сауда орындарының тауар бағаларымен шамалас деңгейде. Әрине базар болған соң кей өнімдер басқаларға қарағанда қымбаттау, кейбір түрі арзандау болатыны түсінікті. Енді шымкенттіктер жиі баратын базардағы бағаларға көз салсақ: шалғам - 250, сорты төмен жергілікті қызанақ - 350, оның ташкенттік түрі - 500, қырыққабат данасы - 250, қияр - 250, қарақұмық - 400-450, күріш (байдала сорты) -400, элита түрі - 350, картоп-120-170, пияз - 130, сәбіз - 140, 25 келілік 1 сұрыпты бір қап ұн - 4500, макарон - 280 теңгеден сатылып жатыр.
Сатушылар сауда қатарларының алдына Капсий голд арқылы ақша аударатын телефон нөмірлерін жазып қойып қойған. «Адамдар тауарды қалай сатып алып жатыр» деген сауалымызға саудагерлер әрқилы жауап берді. Бірі көпшілік жұрттың саудада онлайн жүйесімен төлем жасауды таңдап жатқанын айтса, өзгелері әлі ешкім Каспий голдпен есеп айырыспағанын, сондықтан тауарды қолма-қол ақшамен саудалап отырғанын жеткізді. Жасыратыны жоқ, онлайн-кассаны көбінесе жастар немесе орта жастағы адамдар қолданса, егде тартқан кісілер сол бұрынғы қолма-қол ақшалай төлем әдісін қолай көреді.
Қаладағы бірден-бір азық-түлік тауарларын саудалайтын ірі дүкендердің бірі «Магнумнің» де жекелеген азық түрлерінің бағасын шолып өттік. Мұнда сатылымға қойылған тауарлардың бағасына келсек, сәбіз - 145, пияз - 127, қызылша - 139, биылғы қырыққабат - 285, картоп - 179, іріктелген картоп - 209, былтырғы қырыққабат - 117, жұмыртқа (30 данасы) - 905, іріктелген жұмыртқаның 10 данасы-355, ресейлік 5 литрлік күнбағыс майы - 2309, бірінші сұрыпты 10 келілік ұн - 2029, шекер - 195, күріштің лидер сорты - 237, ақ маржан түрі - 265, макарон (5 келі) - 1389, бөлке нан (400 грамм) 125 теңгеден тұр. «Магнумде» бағасы арзан әлеуметтік азық-түліктер сатылмайды.
Әкімдік бұл әлеуметтік жобаны «ГраМад» сауда дүкенімен бірлесіп жүзеге асыруда. Сондықтан соңғы аялдаған сауда орнымыз осы «ГраМад» болды. Ашылғанына көп уақыт өте қоймаса да ірі сауда желісінде адам қарасы үзілген емес. Арзандатылған бағамен әлеуметтік азық-түліктер босататын дүкен болғандықтан адамдар өзіне қажетті тауарларды осы жерден сатып алғанды жөн санайды. Сонымен «ГраМадтың» кейбір азық түрлері бойынша бағаларын тізбектесек, алдымыздан мынадай тізім шығады: 4,4 литр күнбағыс байы - 2396 теңге, макарон - 219 теңге, күріш (лидер, наймир камолино) 333 теңге, 2 келілік макарон-590 теңге, картоп - 111 теңге, сәбіз - 120 теңге, пияз - 114 теңге, қызылша - 145 теңге, алқызыл түсті қызанақ - 985 теңге, қияр - 355 теңге, санаты жоғарысы - 920 теңге, тартылған ет - 2000 теңге, сиыр еті - 3100 теңге, жылқы еті - 2300 теңге.
Бір ескеретіні, сауда қатарларында әлі ескі өнім. Баға арзандау үшін көкөністердің, картоптың биылғы егілгені жергілікті базарларға, басқа да сауда нүктелеріне түсе бастау керек. Сонда ескі өнімдердің бағасы өзінен-өзі төмендейді.

 

 

59a3d2f7c40432e53cd94dc6b19e7c4c XL

Коронавирус індетінің таралуын тежеу мақсатында әкімдік тарапынан қолма-қол ақшамен есеп айырысуды жеке кәсіпкерлік нысандарында, сауда ұйымдарында тоқтату, карточкалық жүйеге көшіру туралы шешім қабылданғаны белгілі. Осыған орай біз бірнеше дүкен иелерімен тілдесіп, жаңа талаптардың қаншалықты орындалып жатқанын біліп қайттық.

Қаладағы «Тимур» шағын маркетінің иесі Бауыржан Үсенов қолма-қол ақшамен есеп айырысады. Ереженің шыққанын білмейтінін, енді естіп тұрғанын жасырмады. Карточка қабылдайтын құралы да жоқ екен. Өзінің айтуынша, карточка жүйесімен төлем қабылдау тиімсіз. Өйткені әр төлемнен 2,5 пайыз алым ұстап қалады.
— Мен секілді шағын дүкені бар кәсіпкерлер қалада көп. Бірақ олардың барлығы құрылғы арқылы сауда жасайды деп айта алмаймын. Себебі, әр затқа осы жүйені пайдаланғаның үшін пайыздық үстемеақысы бар. Мәселен, бір күндік саудадан түскен пайданың карточкадан ұсталатын алымын есептегенде әжептеуір ақша болады. Ал мен сатушыға бір, карточка салығына бір шығындалғым келмейді. POS-терминал операциясын жүргізудің тірлігі көп. Оның өзіне бір есепші ұстау керек. Содан соң карточкадан алынған ақшаны алу үшін банкке барасың. Қазіргі төтенше жағдайда банкке кіру де қиын. Кезек күтесің. Сондықтан бұл жағдайда кәсіпкер бірінші уақытынан, екінші қаржысынан ұтылады. Мен қазір тауар бағасына 20 пайыз үстеме қосам. Егер мәжбүрлі түрде онлайн саудаға көшсем менен алатын пайызына бола мен де амал жоқ тауар бағасын өсіруіме тура келеді. Төтенше жағдайға байланысты ырықсыз карточка төлемін жүргізуге заң арқылы міндеттелсек, әрине, заңға бағынамыз да, – деді кәсіпкер.
«Қуаныш» шағын азық-түлік дүкенінің сатушысы да осы тақілеттес пікір айтты. Өзінің аты-жөнін көрсетпеуді өтінген ол дәл қазіргі жағдайда шағын кәсіпкерлерді жазаға тартса да саудасын толықтай карточкалық жүйеге ауыстыра алмайтынын жеткізді.
—Менің POS-терминалым бар. Бірақ интернет баяу болғандықтан жөнді істемей жатыр. Сондықтан қолма-қол немесе «Каспий голд» төлемі арқылы ақша қабылдаудамыз. Жеке дүкен иелерін карточкалық құрылғылармен төлем жүргізуді міндеттеуден бұрын алдымен тауар әкелетін фирмалардың онлайн саудаға көшуін талап ету керек. Олар мәселен, тауар әкелсе, сіз карточкамен қабылдай қойдыңыз дейік. Сонда фирма өкілдіктерімен қалай есеп айырысасыз? Банкке барып ақшаны әкелем дегенше, мына жақта олар сізді сарыла күтіп отырмайды ғой. Міне, сол үшін қолма-қол ақшасыз операцияны бірінші кезекте тауар таситын фирмаларға міндеттеу қажет. Интернет те қазір өте баяу. Соның кесірінен дүкен тұрмақ жұрт банкоматтардан ақшаларын шешіп ала алмай жатыр. Иә, ең алдымен инфрақұрылым мәселесіне, талаптардың орындалуына жайлы жағдай қалыптастырып берсе игі бола еді, – деді ол.
Интернет демекші, расында да оның баяулығы қаладағы банк өкілдіктерінің алдында жиналған қарақұрым халықтан-ақ байқалады. Мәселен Рысқұлов көшесі бойындағы Каспий банк пен Халық банкінің алдында адамдардың кезек күтіп тұрғанын көрдік. Маржан есімді қыз Каспий банк қызметін пайдалану үшін таңертеңгі оннан бері екі сағат бойы кезек күтіп тұрғанын айтады.
—Алдымда әлі қаншама адам бар. Кезегімнің қашан келетінін білмеймін. Қазір банк клиенттерді қабылдамай жатыр, мамандары операциялық база істемей қалды деп жатыр. Алайда қолма-қол төлем жүргізуді тоқтату туралы шешімді естіген жоқпын. Ондай хабарды білмеймін деп ағынан жарылды ол.
«Карточкаға ақша салуға ғана болады екен. Қалған қызметтерді көрсетіп жатқан жоқ. Айтуларынша база істемей тұр» дейді Халық банкінен қайтып келе жатқан бір келіншек бізбен тілдесу барысында.
Бірақ тұрғындар бір нәрені түсінуі керек. Бұл қатаң шаралар коронавирус індетінің таралу қаупін азайту мақсатында жасалып отыр. Өйткені көзге көрінбейтін вирус ақша арқылы да адамға жұғуы мүмкін. Вирустың бір жаманы заттардың бетінде бірнеше уақыт бойы сақталып тұра береді. Тіпті індеттің осы таралу көзін жою үшін Қытайдың Ухань қаласы мен Хубей провинциясында айналымда жүрген ақшалар халықтан түгел жиналып алынып, Орталық банктен жаңасы басылып шығарылған еді. Оған қосымша қолма-қол ақша төлемі операциясын жүргізу де тоқтатылған-ды. Міне осындай шаралар енді бізге де қажет болып тұр. Осыған жұрт түсіністікпен қарап, аурудан ықтият болудың амалдарын барынша жасағаны жөн. Өз кезегінде кәсіпкерлер де жоғарыдан түскен талапты орындап, індеттің алдын алуға өздерінің тарапынан үлес қосса дейміз.
Бұл қорқытқандық емес, бірақ шындығы сол – шағын және ірі сауда орталықтары мен дүкендер карточка немесе онлайн жүйесімен төлем жүргізбесе, соған лайықты жағдай қарастырмаса, ондай сауда нүктелерінің иесіне әкімшілік жаза қолдану қарастырылған, тіпті иелігіндегі дүкенін жауып тастауы да мүмкін. Сондықтан бәріміз індетпен күресте тізе қосып, бірінші кезекте пайданың жағын емес, денсаулық мәселесін ойлауымыз керек.

 

 

Шымкент қаласының бір топ туристік агенттігі орын алған төтенше жағдайға байланысты ақпарат берді. Олардың айтуынша, коронавирус індетінің тарауының кесірінен бүкіл әлемде туризм саласы зардап шегуде.

Соның ішінде қазақстандық туристік ұйымдар да бар. Осы орайда олар халыққа басу айтып, карантиндік уақыт аяқталғанша туристерді сабыр сақтауға шақырды.
Саяхатшылар жұмсаған төлемақылар 15 сәуірден кейін біртіндеп өтеледі. Немесе жаз, күз мезгілінде жағдайдың оңалуына қарай туристерге тиімді бағыттар ұсынылады. Сонымен бірге саяхатшылардың төлемдері АҚШ долларының сол кездегі бағамы бойынша қайтарылып беріледі.
– Негізінде қауіпті індеттің жер жүзіне тарап кетуі күтпеген оқиға болды. Мұндай жағдайда ешкім кеткен шығынды өтемеуге құқылы. Бірақ туроператорлар клиенттердің қамын ойлап, алдағы уақытта да туристер алдында абыройын жоғалтпау ниетінде, өз ықыластарымен ақшаларын қайтарып беруге бекініп отыр. Бірақ дәл бүгін емес. Індеттің беті қайтсын. Жағдай қалпына келген соң қайтарылады, - деді «Quanysh» туристік ұйымының директоры Роза Шүкенова.
17 наурызда сыртта жүрген шымкенттік туристердің көпшілігі елге оралды. Шетелдерде әлі де 3 мыңға жуық қазақстандық турист бар. Оларды елге қайтарумен «Қамқор» компаниясы айналысуда. Олардың арасында қаншауы шымкенттік екені әлі белгісіз. Шетелдерде қалып қойған жерлестеріміз Отанға оралғанша жұмыстар жалғаса бермек.

 

Страница 1 из 3