Рухани байланыс нығая түспек

Пятница, 22 Июнь 2018 04:54

Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жариялап, достық пен бауырмалдықтың жаңа белесіне қадам жасады. Бұл дін қайраткерлері үшін де үлкен мүмкіндік, татулығымызды тұғырлауға септігін тигізетін тарихи шешім болғаны анық. Осындай екі елдің достық әріптестігі аясында Шымкентте «Бауырлас елдердің рухани ортақ құндылықтары» атты халықаралық форум өтті.

DSC 2679

Форум жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Өзбекстан Бас мүфтиі Усманхан қажы Алимов бастаған бір топ делегация, мемлекет және қоғам қайраткерлері – Розақұл Халмұрадов, Шалатай Мырзахметов, Мархабат Байғұт, ҚМДБ ғалымдары мен жергілікті 600-ден астам имам қатысты.
Халықаралық форумда Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы «Ұлы дала төсіндегі ислам» тақырыбында баяндама жасады.
– Қазақ-өзбек бауырластығын арттырып, ортақ тарихымыз бен мақсат-мүддемізді нығайтып, ұлы дала өркениетінің өзегі болған асыл дінімізді насихаттай түссек деген ізгі ниет баршамызды шырайлы Шымкент шаһарына топтастырып отыр. Бұл басқосу – қазақ-өзбек бауырластығын одан әрі нығайтып, мәзһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап алуға септігін тигізетіні сөзсіз. Қазақстан мен Өзбекстан ғұламалары биылғы Рамазан айы мен Ораза айтын бір күнге белгілеп, ауызбіршілік пен діни татулықтың жарқын үлгісін паш етті. Осы ретте Өзбекстан мүфтиі, қадірлі ағамыз Усмонхон қажы Алимов хазіретке Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің мұсылман жамағатын ынтымаққа ұйыстыра түсетін шараларды, атап айтқанда, көшпелі семинарлар, ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, тәжірибе алмасулар, т.б. игі жобаларды бірлесе атқаруды ұсынамын. «Ұлы Жібек жолы және Орта Азияның рухани әлемі» атты халықаралық форум ұйымдастырсақ деген ниетіміз барын жеткізгім келеді, – деді Бас мүфти.
Сондай-ақ, халықаралық форумда «Ханафи мәзһабы және дәстүрлер сабақтастығы» және «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» тақырыптарында секция отырыстары өтті. Дін ғұламалары мен дінтанушылар, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері дін елді біріктіретін, ізгілікке шақыратын ұғым екеніне тоқталып, діни жоралғыларды бір ізге түсіру, кереғар ағымдармен күресуді күшейту туралы ұсыныстарын айтты.
Мінберде баяндама жасаған Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Усманхан қажы Алимов түбі бір, діні бір, мәзһабы бір қазақ-өзбек халқының рухани байланысы жаңа деңгейге көтерілгеніне айрықша тоқталды.
Жалпы, биыл Орта Азия елдерінің Ислам ғұламалары Рамазан айы мен Ораза айтын бір күнге белгілеп, ортақ пәтуаға келген еді. Бұл тарихи шешім – екі елдің діни ауызбіршілігіміздің жарқын үлгісі. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында бірлескен игі шараларды жүйелі түрде жүзеге асыру міндеті тұр.
Кездесуде тараптар діни саладағы қарым-қатынасты күшейту, қазақ-өзбек тілінде діни кітаптарды бірлесе шығару, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, тәжірибе алмасу, екі елдің қасиетті жерлеріне зиярат жасау рәсімдерін ұйымдастыру, ғылыми жобаларды жүзеге асыру сынды іс-шаралар төңірегінде өзара уағдаласты.
Форумда Розақұл Халмұрадов, Шалатай Мырзахметов, Мархабат Байғұт сынды қоғам қайраткерлері сөз алып, халықаралық жиынның жұмысына сәттілік тіледі, ізгі ниеттерін жеткізді.
Сонымен қоса облыстың имам-молдаларына бүгінгі дін қызметкерлерінің келбеті, жұмысқа деген жауапкершілік, дін мен дәстүрді насихаттаудың мәні мен маңызы, дін мен зайырлы қоғамның үйлесімі, ислам және ғылым, қазіргі діни ахуалды жақсартудың жолдары, т.б. тақырыптар төңірегінде дәріс жүргізіліп, насихат айтылды. Қазақстан халқы ассамблеясының ғимаратында өткен Бас мүфтидің дәрісін 800-ге жуық имам-молда тыңдады.
Соңында халықаралық форумға қатысушылар арнайы қарар қабылдады.

Бүгінгі Шымкент – өзгерген, өркендеген шаһар. Қаланың бет-бейнесі қалыптасып келеді, сәулеті келіскен мәдениет, бизнес ғимараттары көбейген. Үшінші қалада талап пен талғам жоғарылайтыны да белгілі жәйт. Енді тазалықпен, адамдардың мәдениетімен де өзгелерге үлгі болуымыз қажет. Біз бүгінде қолда барымызды бағалап, баянды ете алдық па? Қаламыздың бренді болуға не лайық? Осы тұрғыда ойласып көрейікші.

DSC 4290

Барымызды баянды ете білсек

Жалпы, көпшілік күнгей өңірдің халқын еңбекқор санайды. Расында, шымкенттіктердің пейілі кең, жаны жомарт. Шағын кәсіпкерлік шарықтап тұр. Қаланы жасыл қалаға айналдыруда да бірқатар ілкімді істер қолға алынған. Көктем де Оңтүстіктен басталады дейміз ғой. Елбасының да «Адамға өмір бір рет беріледі. Оны Шымкентте сүру керек» деген сөзі бізді арқаландырып, жігерімізге жігер қосады. Шымқала – расында күннің шуағы мол төгілетінімен, адамдардың мейірбандығы, адал еңбекті сүйетін еңбекқор тұрғындарымен айрықша аталады.
Біз ендігі кезекте осынау артықшылықтарымызды айшықтап, мегаполис қаланың символына айналар дүниелерді анықтайтын да сәт келді. Қаланың бренді мен трендін тек елімізге ғана емес, әлемге әйгілей алсақ, қане! Ендігі сұрақ: қаламыздың символы не болуы тиіс? Шымкент шаһары десе есіңізге не түседі? Әрине, әркім әрқалай ойлап, түрлі құндылықтарымызды санамалап берер.
Белгілі археолог Бауыржан Байтанаев «Шымкент – Қазақстандағы ең көне қала» деп мәлімдеген болатын. Шымкенттің 2200 жылдың тарихы бар. Тарихи мәліметтерге жүгінсек, Шымқаланың негізі б.з.д. II ғасырда қаланған. Бұған археологиялық қазба жұмыстары дәлел. Деректерге назар аударсақ, Шымкент атауы «қала-бақ», «жасыл қала» мағынасын береді.

DSC 3946

Символ «шым» болуы керек пе?

Осыдан төрт жыл бұрын газетімізде қаланың символы не болуы керек деп мәселе көтергенбіз. Біраз ойлар айтылған. Белгілі сәулетші Бақытжан Әшірбаев «Шым» ұғымы Шымкенттің басты символы болуға лайық дегенді меңзеген. «Меніңше, Шымкенттің символы «шым» болуы керек. Біле білсек, «шым» деген атының өзі өзгеше. Біздің бойтұмарымыз іспетті. Қазіргі уақытта шетелдерде шөпті үйлердің үстінде өсіруді қолға алған. Міне, Шымкенттің символын мен осылай елестетемін. Мәселен, үйдің қасбеттерін жыл сайын сырлаймыз. Енді солардың бәрі шыммен жасалса қандай әдемі. Әрине, символ міндетті түрде бір ғимарат болуы шарт емес. Қаланың бәрі өзінше бір символ болып қалу керек. Біз «шым» брендімен жасыл экономикаға бет бұрамыз» деген еді.
Әрине, бұл құптарлық идея. Ойдан ой туады. Осы орайда мына бір дерекке көз салсақ. Былтыр Шымкенттің гүл алаңшаларына 1 миллионнан астам қызғалдақ егілген болатын. Нақты айтқанда, қала аумағында қызғалдақтың 1 миллион 300 мың тұқымы егілді. Осылайша гүлдің саны екі есеге көбейген. Бір айта кетерлігі, гүл тұқымдары сәулетшілер мен суретшілердің бірлесіп сызған эскизіне сай егілген. Осы гүлдер көктемде қалаға әр берді. Негізінен Голландиядан әкелген гүлдің сұрыптары. Сары, қызыл, көк, алқызыл, күлгін секілді 6 түрлі түс бар. Әрине, қаланың барлық көшелерінде жайқалып өскен гүл шаһардың символы іспетті болғаны рас. Қазір әлемдік нарыққа Голландия шығарып жатқан қызғалдақ түрлерінің атасы осы біздің елдікі ғой. Қаламыздан бар болғаны 20-25 шақырым жерде «Қызғалдақтар алқабы» бар.
Бұдан бөлек, «Жасыл желек» мемлекеттік мекемесінен жыл сайын қалаға 90 мыңға жуық жай және қылқан жапырақты көшет беріледі. Олардың барлығы қаланың орталық көшелеріне, мектеп және көпқабатты үйлердің аулаларына отырғызылады. Осылайша катальп, қарағаш, боз арша, шаған, қараған, үйеңкі, емен және бұталар мен өзге де ағаштар қала көшелерінің ажарын аша түседі.
Сондай-ақ, бүгінде «Шатқал» бағдарламасы арқылы да қаншама тал-теректер отырғызылды. Мұның бәрі де қаланың абаттанып, жасыл желекке орануына септігін тигізуде.

Қоғамның талқысына салу қажет

Әрине, бүгінде Шымкенттің символы болуға лайық дүниелер бар. Пікірлер де әртүрлі. Кейбіреулер күннің жыл бойы беттен сүйіп тұратынын алға тартып, брендіміз Күн болу керек дейді. Географиялық ендік бойынша да, табиғаты бойынша да Күнге ең жақын өңір – біздің облыс. Күн, жүрек, бәйшешек – осы үшеуін үндестіріп, жылылықтың символы етуді құптайды.
Әрине, бұл орайда тарих пен ғылым, білімді де естен шығаруға болмас, сірә. Себебі, Шымкент – жастардың, білімнің ордасы. Шымкент – тыныс-тіршілігі қайнаған алып шаһар.
Мұны әбден зерделеп, қоғамның талқысына салу қажет. Әрине, қаланың символы шаһардың беделін биіктетіп, мәртебесін асыратыны сөзсіз. Шымкенттің өз бренді мен тренді қалыптасатын уақыт жетті. Әлемнің кейбір қалалары сәулеттік нысандары мен зәулім ғимараттарымен танымал. Кейбірі ұлттық құндылықтарын брендке айналдырып отыр. Онда әрбір қала өзінше бір мегаполис. Бірі туризм арқылы табыс тапса, екіншісі өндірісімен әйгілі.
Үшінші мегаполис атағы Шымкент қаласына өзіндік бренді мен трендін қалыптастыруға зор мүмкіндік бермек. Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанбақ. Ол да жоғымызды түгендеп, барымызды баянды етудің алғышарттарының бірі емес пе?!

Сіз не дейсіз?

Махаң

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:

– Оңтүстікті, оның ішінде Шымкентті шырылдай қорғап, жетістіктеріне сүйініп, кемшіліктеріне күйініп жүрген жандардың бірі ретінде қатты қуанулымыз. Осы өзгерістерге лайық болуға тиіспіз. Бұл өзгерістер маған не береді-ей деп емес, мен қаланың көсегесін көгертуге қандай үлес қосамын деп толғанып, жұмыла жұмыс істегенде ғана мақсатқа жете аламыз. Қаланың қазіргі логотипі – қазақ қызғалдағы өте жақсы. Оны өзгертудің қажеті жоқ. Қайта оны одан бетер нығайта, насихаттай, түлете түсу керек-дүр. Ал брендке келсек, ол біреу емес, негізгі бағыттар бойынша бірталай нәрселерді айрықшалап шығарып, дәлелдеп, дәйектеп, таныта түспек керек шығар.

sultanova

Төреайым СҰЛТАНОВА, қалалық мәслихат депутаты:

– Өздеріңіз білесіздер, бұл – маңызды мәселе. Қазір қызғалдақ гүлі көше бойларына көптеп егіліп, қаланың көркін ашып тұр. Тіпті темір қоршауларға дейін отырғызылған. Жалпы, қызғалдақ пен Күнді бір-бірімен үйлестіріп, символ жасау идеясын да қолдаймын. Бұл бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Ардагерлеріміз, зиялы қауым өкілдерімен ақылдасып шешетін мәселе. Бір қарағанда – еңселі Бәйдібек би ескерткіші де символ болуға лайық. Бізге, негізінен, жастарымызға көбірек тәрбие беретін құндылықтар бренд болуы керек.

Қалшабек

Абай ҚАЛШАБЕК, ақын, Назарбаев зияткерлік мектептері ПШО менеджері:

– Шымкенттің ең басты артықшылығы – қазақылығынан айрылмағаны. Сондықтан Шымкенттің символы да қазақы болуы керек. Нақты мына нәрсе бренді болу керек деп айтуға қиналып тұрмын. Өйткені, расында да біздің аймақта құндылық көп. Дегенмен символдың ғылым, білім, кітапхана (мысалы, ежелгі Отырар кітапханасы) төңірегінен алыстамағаны дұрыс деп ойлаймын.

Шымкент – салауаттылыққа бет түзеген қала. Бүгінде үшінші мегаполисте бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындардың үлесі 30 пайызға жуықтапты. Дәлірек айтсақ, 26,5 пайыз. Бұл – қуантарлық жағдай. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл басынан бері қалада 197 іс-шара өткізілген. Әрине, қала халқының саны өскен сайын спортқа сергек қарайтын тұрғындардың көбейгені де заңдылық.

1 voleybol muzhchiny2

Қазіргі меже – 26,5 пайыз

Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметіне сәйкес, бұл бағытта талдау жұмыстары жүргізілген. Соларды рет-ретімен айтайық, ендеше. Жыл басынан бері қалада 197 іс-шара өткізілсе, оған қатысқандардың жалпы саны – 38 511 адам. Ал ұлттық спорт түрлерін насихаттау бойынша жыл басынан бері 39 іс-шара ұйымдастырылыпты. Тиісінше, оған 1855 адам қатысқан.
Қалада дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар бойынша пайыздық көрсеткішке назар аударайық. Қазіргі таңда мұндай тұрғындардың жалпы саны 252 960 адамға жетіп отыр. Бұл – қала халқының 26,5 пайызы. Дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын 6-дан 18 жасқа дейінгі тұрғындардың үлесі – 88 633 адам. Осыдан екі жыл бұрын қаламызда 193 870 адам бұқаралық спортты серік еткенін жазғанбыз.
Енді тарқатып айтар болсақ, жалпы орта мектептерде 88 633 адам, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шұғылданушылар – 19 473, балалар мен жасөспірімдер спорт-аула клубтарында – 1548 адам және т.т.
Ал мүгедек жандардың дене шынықтырумен тұрақты түрде шұғылданатындары – 597 адам.
Әрине, бұқаралық спортқа да, кәсіби шұғылданатындар үшін де ең алдымен спорт нысандары қажет. Шымқала – алып шаһар. Бізге еңселі, халықаралық стандарттарға жауап беретін нысандар салатын уақыт жетті. Қазіргі жағдайды айтар болсақ, қалада жалпы 804 спорт нысаны бар. Оның ішінде: стадион – 3, спорт сарайы – 1, спорттық құрылғылар кешені – 6, спорттық кешендер – 11, спорттық манеж, ату алаңы – 5, жазықтықты құрылғылар – 433, теннис корттары – 33, жүзу бассейндері – 8, спорт залдар– 229 және орнатылған спорт залдар – 65.

«Шымкент-Аренаның» құрылысы басталады

Қала тұрғындары үшін қуанышты жаңалық – 427 гектарды құрайтын «Shymkent city» шағынауданында «Шымкент арена» спорт кешені салынады. Облыс әкімі өткен жылғы қорытынды есеп беру кездесуінде осылай деген еді. Осы құрылыс биыл басталғалы отыр.
«Шымкент арена» спорт кешенінде негізінен күрес пен атлеттер залы, сауда мен тамақтану және әкімшілік блоктары, қонақ үй, бассейн қарастырылған. Жобалық құны 17,2 млрд теңге болатын кешен заманауи құрылғылармен жабдықталмақ.
Шымкент қалалық құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, спорт кешенін салуға қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жоспарда тұр. Негізінен, құрылыс биыл басталады.
Кейде жарыс өткізетін жер таппай қиналатынымыз бар. Бізге мұндай ғимарат керек-ақ. Әрине, жеңістің бастауы – жүйелі тірлікте.
Қалада көптеген фитнес орталықтары, футбол алаңшалары ашылуда. Бірегей фитнес орталығы – «Royal Club Fitness & SPA» спорт-сауықтыру кешені халықаралық талаптарға сәйкес. Сол себепті халықтың фитнес орталықтарға деген қызығушылығы да артқан. Қалтасы көтерсе жас та, кәрі де жайлы жаттығу залдарына барғанды қош көретіні рас.
Таяуда ғана «Аламан» футбол алаңдары кешені де ашылып, жастар мәз-мейрам болған еді. Көптеген «Street workout» алаңшалары да тұрғындардың игілігіне берілді.

Кәсіпкерлер де қолдау көрсететін шақ

Елбасының халықтың 30 пайызын бұқаралық спортқа жұмылдыру тапсырмасы бар. Бұл – маңызды меже. Үшінші мегаполис болып жатқан қалада, тіпті, спорттың дами түсуі заңдылық.
Жалпы, қалада бұқаралық спортты дамыту үшін спорт сарайлары, ареналар көптеп салынуы тиістігін бұған дейін де талдап, өз ұсыныстарымызды айтқан едік. Бұл – туристерді тартудың да бір жолы. Яғни, спорттық туризмді дамыту үшін қазірден қолға алынуы тиіс шаруа бұл. Еңселі ғимараттарда әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізе алсақ, шетелден жанкүйерлер, спортшылар ағылып келмей ме?!
Тағы бір айта кетер мәселе – қазір бәсекенің заманы. Спорт кешендері нарыққа бейімделіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Оған тұрғындар да үйренгені жөн. Талап осы.
Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Намазбай Әбдіқұлов та осыны меңзейді. Бұған жағдай бар. Енді тұрғындар да өз денсаулықтарына немұрайлы қарамай, уақытын текке өткізбей, спортпен шұғылданғаны жөн. Бағалар да әбден қолжетімді.
Әрине, бұл орайда кәсіпкерлердің де қолдау көрсететін сәті. Жоғарыда атап өткеніміздей, еңселі ғимараттар салуға, туған қаласына бұқаралық спортпен шұғылдануға жағдай жасауға атсалысқаны құба-құп. «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтылмаған. Таяуда ғана «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының іске асуында кәсіпкерлер зор үлес қосқаны айтылды. Ендеше, осынау кезеңде қаламызда халықты, жастарды салауатты өмір салтына шақыратын жобалар мен спорт нысандарына деген көзқарас оң болуы тиіс.

why11

Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс XXIX сессиясында тарихи шешім қабылданды. Шымкент қаласының әкімдігі мен мәслихаты Шымқалаға республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге ұсыныс жасау туралы бірлескен шешімге қол қойды. Осылайша көптен күткен құжат облыстық мәслихаттың сессиясына ұсынылды.

DSC 4650

Сессияға облыс әкімі Ж.Түймебаев, қала әкімі Н.Сауранбаев, қалалық мәслихаттың депутаттары мен қала активі қатысты. Алдымен қала әкімі Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесін алудың құжаттамалық рәсімдеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
– Елбасымыз Шымкентті миллионды қала деп жариялағаны мәлім. Өткен аптада қала тұрғындары қатысқан конференциялар өтті. Жаңа статус беру мәселесі Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінде де талқыланып, барлық сала өкілдері тарапынан қолдау тапты.

DSC 4596

Мегаполис-қаладағы ендігі мүмкіндіктерді қалай іске асырарымыз бәрімізге байланысты. Біз ата-баба дәстүрінен қалған істерді жалғастырып, шаһарды қазіргі талапқа сай, әрі жасыл, әрі қауіпсіз қалаға айналдыруымыз қажет. Бұл жағдай қаланың әрбір тұрғыны үшін маңызды оқиға, – деді Нұрлан Ермекұлы.
Республикалық маңызы бар қала мәртебесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері ұлғайып келеді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та қаланың үшінші мегаполис болуы еліміз үшін маңызы зор құжат екенін атап өтті.
– Мінеки, маңызы зор тарихи оқиғасының куәсі болып отырмыз. Елбасымыздың бастамасымен 2014 жылдан бастап қаланы миллион тұрғынға жеткізуге күш салынды. Сол уақыттан бері қала халқының саны жеделдеп өсті. Қаланың жаңа статусы өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша айрықша маңызға ие. Ұлы жібек жолы бойындағы бұл шаһардың тарихы мен тамыры тым тереңде жатыр. Мұның бәрі бізге зор қуаныш пен қатар жауапкершілік жүктейді. Шымкент халқы да бұл бастаманы қызу қолдады. Қаланың миллионыншы тұрғыны мамыр айында дүниеге келді. Оның кім екенін таяуда салтанатты түрде жариялайтын боламыз. Қаланың экономикалық, әлеуметтік көрсеткіштері өсуде. Өндірістік, ауылшаруашылығы, сауда саласында да әріптестік дами түсуі тиіс. Шымкент қаласы әкімінің аппараты, мәслихаты мен бөлімдеріне, жалпы, ауқымды жұмысқа үлес қосқан баршаңызға алғысымды білдіремін.
Шымкенттің жаңа дәуірі басталмақ. Туған өлкеміздің туының биіктен желбіреуіне барлығымыз еңбектене берейік! – деді облыс әкімі.
Жансейіт Қансейітұлы облыс әкімдігі және облыстық мәслихат бұл мәселені жеделдетіп шешетінін айтты.
Сондай-ақ, сессия соңында облыс әкімі Шымкент қаласының әлеметтік, мәдени дамуына үлес қосқан бірқатар азаматты марапаттады. Облыс әкімінің төс белгісімен қалалық мәслихат депутаты Еркін Сатқанбаев және Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хаты қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Сейітжанов, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбеков және т.б. азаматтарға салтанатты жағдайда тапсырылды.

Арнайы құтқару қызметі іске кіріседі

Понедельник, 04 Июнь 2018 04:03

Қалада төтенше жағдайлардың алдын алу, түрлі келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында арнайы құтқару қызметі жұмысын бастамақ.

DSC 1869

Таяуда қала әкімдігі мен мамандандырылған арнайы құтқару қызметінің өкілдері бірлесе меморандум түзді.
Арнайы құтқару қызметінің басшысы Андрей Фридовский БАҚ өкілдеріне арналған брифингте бұл қызметті егжей-тегжей түсіндіріп берді. Оның айтуынша, құтқарушылар негізінен науқастарды және мүгедектерді тасымалдау кезінде, дауыл мен желдің салдарынан бүлінген ғимараттарды қалпына келтіруге, үйдің немесе көліктің есігі ашылмай қалғанда, құлау қаупі бар ағаш бұтақтарын кесу қажет болса, көпқабатты тұрғын үйлерде жеделсаты қызметі істен шықса, сондай-ақ, пеш мұржаларын тазалау қажет болғанда көмек беруге даяр.
Жалпы, арнайы құтқару қызметі жаңа технологиялы құралдармен жабдықталады. Бұл қызметтің ай сайынғы бағасы қала тұрғыны үшін 80 теңге болып белгіленіп отыр. Құтқарушылар 1 шілдеден бастап жұмысын бастамақ. Әрине, ақылы қызметті пайдалану тұрғындардың өз еркінде дейді мамандар.
Айта кетейік, мұндай құтқару қызметі Қарағанды қаласында соңғы 15 жылдан бері жұмыс істейді. Ал Шымкент әкімдігі әлеуметтік желілерде тұрғындар арасында құтқару қызметінің жаңа түрі бойынша сауалнама өткізген еді. Сауалнамада 242 тұрғын өз пікірін қалдырып, олардың 150-і мұндай қызметтің тиімділігіне сенім білдіріпті.

ҚАЗАҚ КӨРГЕН ҚАСІРЕТ

Понедельник, 04 Июнь 2018 03:52

Тарихта қазақ халқына зауал әкелген сол бір қасіретті жылдар еш ұмытылмайды. 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің маңызы артып келеді.

1

Шымкенттегі «Қасірет» мемориалына жиналған көпшілік Алаш арыстарын еске алып, бүгінгі бейбіт заманға тәу етті. «Алаштың арманы – азаттық таңы» атты іс-шара құндылықтарымызды қастерлей білуге үндеді. Еске алу жиыны алдымен «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Одан кейін көпшілік «Қасірет» кешені жанына жиналып, зобалаң құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Өскелең ұрпаққа тарихтағы қасіретті кезеңдердің маңызын ұғындыру мақсатында Алаш қайраткерлеріне арналған «Тұлғалар тағылымына тағзым» атты театрландырылған қойылым көрсетілді.Жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Тар жол, тайғақ кешкен» жылдары құрбан болған боздақтарымызды еске алудың маңыздылығына тоқталып өтті.

DSC 2476

– 1930 жылдардан бастап Кеңестер одағындағы науқан барлық халықтарға үлкен қасірет әкелді. Сол кездегі тарихи мәліметтерге қарасақ, түрік ұлттарының ішінде саны жағынан ең көбі қазақ халқы еді. Халқымыздың тарихындағы қасірет болашаққа сабақ болуы керек. Уақыт – күрделі құбылыс. Көп нәрсені ұмыттырып жібереді. Дегенмен, бабаларымыз бастан кешкен қиыншылықты ешқашан ұмытпауымыз қажет. Бізде әлі қолға алатын жұмыс көп. Қиындықтардың орнын толтыруға қаншама жылдар кетті. Осындай еске алу жиынында тек Құран оқып, бата беріп қана қойылмай, өткенге сабақ, болашаққа салауат айтылуы керек. Қазіргі жағдайдың өзінде халқы аштан қырылып, босқын болып жүрген халықтар көп. Тәуелсіздіктің таңын аңсап жүргендер аз емес. Сол себепті бейбіт күннің бағасын білейік, – деді облыс әкімі.
Алаш арысы Қошке Кемеңгерұлының шөбересі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті
Қайырбек Кемеңгер де атасы жөнінде тебірене сөйледі. Өзі Омбы жерінде дүниеге келген. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1994 жылы атажұртқа оралыпты. Алаш арыстарының өшпеген рухын, сынбаған намысын еске алудың жастарға берер тағылымы мол екенін айтты.
Сондай-ақ, іс-шарада облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі мен облыстық және қалалық мемлекеттік архивтің көрмесі ұйымдастырылды. Онда мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қолданған заттары мен құпия әрі сирек кездесетін құжаттары көпшілік назарына ұсынылды.
Расында, өткен ғасырдың қасіретті кезеңдерінен сабақ алуымыз үшін бүгінгі жетістіктерді бағалай білуге тиіспіз.
Айта кетсек, республикада 4 миллионға жуық халқымыз ашаршылықтан көз жұмса, 113 мың адам қуғын-сүргiнге ұшырап, 25 мың зиялы азамат жазықсыз атылды. Осы қасіретті жылдары Оңтүстiк Қазақстан облысы бойынша 2500 адам «халық жауы» ретінде құрбан болды. Ал ұрпақтары «халық жауының баласы» атанып, өмiрдiң қиындықтары мен азаптарын бастарынан кештi. Осылайша миллиондаған адамның өмірін жалмаған қаралы кезең ел жадынан өшпек емес.

Рамазан – 12 айдың сұлтаны. Бұл айда қайырымды істер көбейеді: Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі ашылатын берекелі ай. Шүкіршілік, шыдамдылық, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттер бойымызда толысатын шақ. Аллаға шүкір, бүгінде қала бойынша 208 орында ауызашар беріліп, 52 мешітте тарауих намазы оқылып жатыр. Құлшылыққа құлшынған жамағаттың қарасы көп.

IMG 767

Ауыз бекіту уақыты не себепті өзгерді ?

Қасиетті айдың қарсаңында қаладағы мешіттер күрделі жөндеуден өтіп, жаңа мешіттер ел игілігіне берілді. Қаладағы Абай ауданында Сансызбай Қарсақбайұлы ұрпақтарының демеушілігімен жаңа мешіт есігін жамағатқа айқара ашты. Мешіттің құрылысы 2017 жылы басталған болатын. Бір жылдың ішінде аяқталып, ел игілігіне берілген имандылық үйі «Дін ислам мешіті» деп аталады.
Биыл қасиетті ай бірқатар жаңалықтармен есте қалмақ. Ең әуелі Оразаның басталу уақыты бір күнге кейінге шегерілуі болды. Ел мұсылмандары 17 мамырдан бастап ауыз бекітті.
Пайғамбарымыз
Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оразаны айдың тууына қарап бастап, айдың тууына қарап аяқтаңдар. Егер ай көрінбесе, шағбан айын отыз күнге толтырып, бастай беріңдер» деген.
Бұған дейін қасиетті ай 16 мамыр күні басталатыны жарияланып қойған-тұғын. Ғалымдардың зерттеулерінің нәтижесінде өзгертуге тура келді. Бұл – табиғи құбылыс. Жалпы, Рамазан айының басталуын нақты анықтау шариғи үкімдер мен астрономиялық есептер негізінде жүзеге асады. Алғашқы кезеңде мұсылмандар жаңа туған айды көзбен көретін. Ғылым мен технология дамыған заманда мұсылмандық күнтізбе шариғи үкім мен ғылыми зерттеулер негізінде жасалады.
ҚМДБ ғалымдары бұл жағдайды былайша түсіндіріп берді. Мұсылман жұртшылығы Рамазаннан бұрын болатын шағбан айының жиырма тоғызы күні кешке қарай жаңа айдың (Рамазанның) тууын күтулері керек. Жаңа ай көрінсе, онда келесі күні ораза ұстайды. Егер көрінбесе, сол айды отыз күнге толтырып, оразаны бастайды. Бірқатар мұсылман мемлекеттерінің ғалымдары осы хадисте айтылған шағбан айының 29-ыншы күні 15 мамырға, ал 30-ыншы жұлдызы 16 мамырға сай келетінін мәлімдеген еді. Ал астрономиялық есептер 16 мамырда жаңа айдың туылатынын көрсетті. Ал 17 мамыр Рамазан айының алғашқы күні болып есептеледі.
ҚМДБ еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінен жаңа айдың көрінуіне қатысты ресми мәлімет сұратқан. Аталмыш мекеме 16 мамырда астрономиялық құралдар көмегімен жаңа айды көруге болатынын мәлімдеген. Осыған орай ҚМДБ Ғұламалар кеңесі шариғи үкім мен отандық астрономиялық ғылыми зерттеу нәтижесіне орай 17 мамырды Рамазан айының бірінші күні деп белгіледі.
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Бақтыбай
Бейсенбаев БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында кеңірек түсіндіріп берді.
– Тәуелсіздік алғаннан бері мұндай жағдайды өз басым бірінші рет көріп тұрмын. Халықта да сондай шығар. Бірақ бұл Ислам әлемінде болатын құбылыстардың бірі. Хижри жыл санауы бойынша Рамазан – 9 ай. Ол күндерде 28 немесе 31 деген күн жоқ. Айда 29-на немесе 30 күн болады. Хижри жыл санауы бойынша 33 жылда бір рет айырмашылық болады. Яғни, сондай уақыт кезеңінде бір жыл қосылып отырады. Жаңа туған ай 16-на көрінбей қалатын болғандықтан ауыз бекіту осылай бір күнге ауыстырылды, – дейді бас имам.
Сондай-ақ, көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері де Рамазанды 16-на басталады деп белгілеген еді. Кейіннен оларда да мерзім ауысты. Белгілі дінтанушы ғалым Ерсін Әміре фейсбуктағы парақшасында Сауд Арабиясында, БАӘ, Мысыр, Палестина, Иордания және тағы басқа араб елдері де қасиетті Рамазан айын бейсенбі күні қарсы алатынын жазды. Сол себепті ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің бұл шешімі өте орынды болғанын айтады.

208 орында ай бойы ауызашар болады

IMG 844

Биыл облыстық мешіттің жанынан Ақылдастар алқасы құрылғанынан көпшілік хабардар. Облыстық мешіттің бас имамы Ақылдастар алқасының қасиетті айдағы облыс тұрғындарына үндеуін де облыс тұрғындарына жария етті. Онда жалпы бұл айда сауапты іске ұмтылып, күнәлі істерден аулақ болуға шақырады. Дастарханға ішімдіктің қойылмау керегін еске салды. Сонымен қатар құдайы ас пен жиындарды күндізгі уақытта емес, ауызашқаннан кейін өткізуге үндейді.
Шүкіршілік, қасиетті айдың құрметіне қала көшелерінде, аудан-ауылдарда құттықтау плакаттары, билбордтар ілінді. Біздің мұсылман ел екенімізді танытатын үгіт-насихат жұмыстары көзге көрінерлік.
Бүгінде Шымкент қаласында 208 орында ай бойы ауызашар ұйымдастырылады. Мұның өзі үлкен жетістік. Сондай-ақ, қаланың 52 мешітінде ауызашар беріліп, тарауих намазы оқылуда. Ондағы қарилардың көпшілігі – жергілікті шәкірттер. Түркиядан арнайы келген ұстаздар да бар.

Ынтымағы жарасты, бірлігі бекем

Өзіміз Еңбекші ауданындағы «Әл-Біләл» мешітінің жамағатымыз. Мешітіміздің ынтымағы жарасты. Бірлігі бекем. Күн сайын мұнда 200-ге жуық адам ауыз ашады. Әрі 500-ге жуық адам тарауих намазын оқиды. Мұнда 29 күн бойы ауызашар берілмек. Құлшылыққа құлшынған жамағаттың қарасы көп. 18 жасар қари да көпшіліктің көңілінен шығып келеді.
Қалалық мешіттің бас имамы Бақдәулет Әбдірахмановтың айтуынша, 1 маусымнан бастап жамағатқа арналған сауат ашу курстары жұмыс істей бастайды.
Тағы бір атап өтерлігі, қазір ауа райы да ауыз бекіткен жамағатқа қарайласып тұрғандай. Қоңыр салқын. Бұл да Жаратушының өз құлдарына деген мейірімі шығар.
Бұл айда халқымыз сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік сияқты қасиеттерді бойларына қалыптастырады. Сауаптардың да еселеп жазылатын айы. Ал күнәлі істердің де үкімі осындай. Ендеше, тыйым салынған істерден тыйылып, сауапты істе жарысайық, құрметті мұсылман бауырлар!

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, «Асыл арна» телерадиокомпаниясының бас директоры:

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Осы аралықта нендей шаралар жүзеге асты? Бүгінде жастарымызды дәстүріміздің құндылықтарына тәрбиелеуде, санасын сергек етуде қолға алынған іс-шаралар көңілден шыға ма? «Асыл арна» рухани-ағартушылық телеарнасының көздеген мақсаты, атқарылып жатқан насихатының негізі міне, осы рухани құндылықта жатыр. Таяуда Оңтүстікке келген сапарында телерадиокомпанияның бас директоры, ҚР мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Мұхамеджан Тазабек мырзамен жастар тәрбиесі, Астананың 20 жылдығын тойлау мәселесіне орай сұхбат құрған едік.

М.Тазабек

– Мұхамеджан аға, Ораза айының басталуы қарсаңында Оңтүстікке қош келіпсіз! Бұл ай да рухани тазару, рухани жаңғыру сипатындағы салауатты, сауапты ай екені белгілі. Осы орайда әңгімемізді «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен сабақтастыра бастасақ қалай қарайсыз? Өзіңіз білесіз, бұл бағдараламаның қабылданғанына да бір жыл толды. Жастарымыз рухани жаңғыру дегенді қалай түсініп-түйсініп жүр?

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы санаға соны серпіліс, халыққа үлкен серпін бергені анық. Оның сипаты елдің түкпір-түкпірінде әр түрлі жағдайда көрініс беруде. Рухани жаңғыру деген ұлттық болмысымыздың нәрлі тамырларының өзегін тану. Десек те, әйтеуір «рух» деген сөзді қосып, құрғақ ұрандап жүрген адамдар да бар. Ал негізінен рухани жетілдіретін, елге, жұртқа пайда келтіретін ауқымды іс-шаралар атқарылып жатқанын да айта кеткен жөн. Оның ішінде Оңтүстік өңірінде де бірқатар игі істер қолға алынуда. Жетістіктерді ел көріп, жұрт куә боп отыр. Бұл жерде рухани тамырларымыз, тарихымыз бар. Яғни, рухани құндылықтарымыз бастауынан тұнып, ел-жұртқа жолданып жатыр. Өзім жетекшілік ететін «Асыл арна» телеарнасы рухани ағартушылық әрі отбасылық құндылықтарды насихаттайтын арна болғандықтан, бұл мәселе біздің оң жамбасымызға келді деп айтуға болады. Бағдарламаларымыздың 99 пайызы осы рухани жаңғырумен үндеседі. 

Жақында «Ұлттық аударма бюросы» шет тілдерден жүз кітапты тәржімалап шықты ғой. Аллаға шүкір, Тәуелсіздіктің арқасында, ауызбіршілікпен өсіп-өркендеудің арқасында бүкіл әлемнің даналықтары мен ғылымның жинақталаған тұжырымдары ана тілімізде, біздің алақанымызда тұр. Мұны рухани жаңғыру емес деп кім айтады? Рухани жаңғыру деген шартты сөз ғой. Оның астары, өзегі, тамыры бар. Тасырламай-ақ терең ағатын өзендердей өрнегі бар. Осы нәрселерге әрқайсымыз шама келгенше қызмет етіп, Елбасының бізге ұран етіп, темірқазық етіп көрсеткен бағытын дұрыс бағамдай алсақ, ұлтқа да, ұрпаққа да пайдасы мол іс болмақ.
Мұндағы үлкен шаруаның бірі – тарихты таразылау. Тарихи сананы ояту мақсатындағы іс-шараларға бөлінген қаражат өз орнында жұмсалған секілді. Ұлттық арна «Алаш» қайраткерлерінің өмірінен сериал түсірді. Сол арқылы әрбір алаш қайраткерінің тұлғасы, оның өмірі және мақсат-мүддесімен танысуға бүгінгі ұрпақ жаңа мүмкіндік алды. Және біздің шетелдегі қандастарымызбен байланыстарымыз биік деңгейге жетіп, солардың мүмкіндіктері арқылы Еуропамен, түркі тілдес мемлекеттермен байланысымыз жаңа деңгейге шықты.

 

– Таяуда белгілі қаламгер Мархабат Байғұт ағамыз «Шоу мен шуларға көбірек бой алдырып бара жатқандаймыз» деген пікірін айтқан-тын...

– Ол да өте орынды айтылған сөз. Түрлі жұлдыздың онсыз да өтіп жатқан концертінің сахнасына төлтаңбаны іліп немесе онсыз да шығып бара жатқан кітаптың бірінші бетіне жаңғыруды жазып қоюмен шаруа бітті деп жүргендер бар. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дейді. Сол сияқты қазіргі уақытта кемшілік те бар, жетістіктер де жоқ емес. Солардың барлығын тұтас қарайтын болсақ, түпкілікті нәтиже дұрыс болады деп ойлаймын.

 

«Дәстүр деген өмірдің өзі»

 

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014-2018 жыл аралығын «Дін мен дәстүр жылы» деп жариялады. Осы аралықта нендей шаруалар жүзеге асты?

– Меніңше, ауқымды жұмыстар аталған жылдар аяқталғанмен, шаруа тоқтамайды, жалғаса береді. Осы төрт жылдың ішінде ең басты атқарылған нәрсе – ұйықтап жатқан көптеген рухани клеткалар оянды. Ескі тарих еске алынды. Жаңа тарих жаңғырды. Біздің дініміз не нәрсеге басымдық береді? Дәстүріміздің бастауы қайда жатыр? Дін қай жерден бастап дәстүрге айналады? Дәстүр қай жерден бастап дінге кірігеді? Осы мәселелерге байланысты кітаптар шықты. Кездесулер өтті. Теледидарда қаншама сұхбаттар берілді. «Асыл арнаның» өзінде бірнеше бағдарламалар осы дәстүр мен дінге тұтастай арналды. Сондықтан, бұл бағдарлама да өз дәрежесінде, өз нәтижесін берді деп айта аламын. Бірақ адам тәрбиесі оның өмірден өткенше жүретіні секілді, дін мен дәстүр насихаты да сондай. Әрдайым естен шығарылмай, айтылып тұруы тиіс.
Теріс ағымның жетегінде жүргендердің қателесуінің бастауына қарайтын болсақ, дәстүрлі тәрбиеден алыс адамдар екенін байқайсың. Дәстүрлі ортадан алыстағандар. Себебі, дұрыс сенім мен дәстүрлі тәрбие бар жерде радикализм мен экстремизмге орын жоқ. Өйткені, дәстүріміз бізді төңірегімізбен санасуға, әрбір нәрсенің астарына үңілуге тәрбиелейді. Дәстүр сол дінді ұстанған ұлттың өмірлік тәжірибесінің жемісі. Ұстанған көзқарастары мен өмірлік тәжірибесінің жемісі. Содан келіп дәстүр шығады. Дәстүр қалыптасумен, өмір сүру дағдысымен пайда болады. Сондықтан, дәстүр деген ол – өмірдің өзі.

 

– Таяуда ғана Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаевпен кездестіңіз...

– Дін істері және азаматтық қоғам министрімен біраз мәселені талқыладық. Өздеріңіз білесіздер, біздің арна мен ҚМДБ, министрлік арасында өзара меморандум түзілген. Осындай келісімшарт аясында Дархан Аманұлына өз өтінішімізді айттық. Рухани-ағартушылық бағыттағы арнамыздан көбіне қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері эфирге көп шығады. Ал мемлекеттік қызметкерлер, ресми адамдардың халыққа мемлекеттің діни саясаты жайында эфирге қонақ болуы өте сирек. Сол себепті, көптеген ресми адамдар, депутаттар дін заңы жайында, діннің төңірегіндегі көптеген мәселелер жайында біздің арнамыздан халыққа өз пікірлерін білдірсе деген өтінішімізді жеткіздік. Өйткені біздің рухани аудиториямыз әрдайым бізден осыны сұрайды. Осы талабымызды орындауға министр уәде берді. Бірінші болып өзі «Асыл арнадан» тікелей эфирде мемлекеттің дін саясаты жөніндегі сұрақтарға жауап бермек. 

Ақпарат айдыны жыл сайын кеңейіп жатыр. Адамдардың талғамы да өсті. Соған сәйкес, халықаралық байланыстарды күшейтіп, өзге де озық елдердің үлгісін жұмыс үрдісімізде пайдалануға тырысып жатырмыз. Соның нәтижесінде Түркияның мемлекеттік «ТРТ» арнасымен келісімшартқа қол қойдық. Олардың тәжірибе алаңында біздің техникалық мамандарымыз, журналистеріміз, жүргізушілеріміз іс-тәжірибеден өтіп бастады. Контент алмасу процесі басталды. Екіншіден, Малайзияның «Хижрет» деген телеарнасымен екі жақты ынтымақтастық орнаттық. Мұның бәрі де мемлекеттің қолдауымен, ҚМДБ-ның ұйытқы болуымен, Бас мүфтидің батасымен іске асқан шаруалар. Жұмысымыздың аясын кеңейтіп, кеңістігін ұлғайтып жатырмыз. Бұл – сыртқы жағдай. Ал ішіміздегі жұмыстарға келер болсақ, өзіміздің аудиториямызды ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып қалыптастырудамыз. Яғни, хабарларымызды дінтанушылар, исламтанушылар, әлеуметтанушылардың статистикаларына, солардың күнделікті зерттеулері мен талдауларына әрдайым зер сала отырып дайындауға мүмкіндік алдық. Көрерменге бірінші кезекте не қажет? Мінеки, биылдан бастап бағдарламаларымызды ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, жаңаша түрде түзіп жатырмыз. Ол да біздің қол жеткізген үлкен жетістіктеріміздің бірі.

 

Астананың тойын дүркіретіп өткізудің сөкеттігі жоқ

– Өзіңіз бүгінде «Тәлім-тренд» деген бағдарламаны жүргізесіз. Көрермендердің қызығушылығы артып жатқаны байқалады. Жалпы, бұл хабар кімнің бастамасы?

Бұл – бір сұмдық сұңғыла идея емес. Көзге көрініп тұрған, істелінуі керек жұмыс қой. Одан кейін қазір қазаққа бір пайдаңды тигізу үшін үлкен қабілеттің немесе қисапсыз қаржының иесі болуың шарт емес. Біз рухани-ағартушылық отбасылық құндылықтарды насихаттайтын арна болған соң халықпен тікелей байланысқа түсіп, жұрттың сұрақтарын естіп-көріп жүргеннен кейін осындай бағдарлама ашуды жөн санадық. Әрі күрделендірмей, қарапайым қағидаларға сүйене отырып, жұрт ішінде елеусіз көрінгенмен, оның арт жағында қаншама проблема жатқан тақырыптарды көтеруді дұрыс деп таптық. Отбасының кикілжіңі бір қарапайым болмашы нәрседен бастау алады. Ұсақ бір кикілжің, қабақтың қатаюы, жүректің сууынан шаңырақтар шайқалып жатады. Біз осы нәрселерді қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамыз. Ол нәтиже беріп жатыр. «Менің басымдағы кемшілік осы екен ғой» деп күнделікті бір анықтамалық немесе бір нұсқамалықты оқыған секілді жақсы қабылдап жатқан көрермендер көп. Бір атап өтерлігі, осы бағдарламамызды Түркияның «ТРТ» арнасы да түрік тілінде өздерінен көрсетуге шешім қабылдап отыр. Міне, бұл да бір жұмысымыздың аз да болса жемісі ғой.

 М.Тазабек

– Биыл – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы. Мерекені тойлау басталып та кетті. Осыдан екі жыл бұрын «Тәуелсіздіктің 25 жылдығын қалай тойлауымыз керек?» деп өзіңізден сұраған едік. Енді Елорда тойын тойлау жөнінде пікіріңізді білсек.

– Сөз жоқ, бұл тойдың жөні бөлек. Біріншіден, әрине, мазмұндық жағына мән беріледі ғой. Ал мерейтойды аста-төк дүркіретіп атап өтуді де құптаймын. Өз құндылығыңды – егемен еліңнің елордасының мерейтойын мақтанышпен мерекелеудің қандай сөкеттігі бар? Жаңадан ел болып қалыптасып, астана салып, Тәуелсіздікті нығайтып жатқан кезде шығын да шығатын, кішкене пафос та болатын дүниелер керек сияқты. Ол – заңды. Біз бір күнде Еуропа, екінші күні Жапония болып кете алмаймыз. Қазақтың өзінің менталиеті бар, санаспаса болмайтын сабақтасып келе жатқан дәстүрі бар.
Әрине, екінші жағынан мазмұнды, тәрбиеге, ұлттық идеологияға құрылған дүниелер болса, тіптен тамаша. Бірақ, біз бір нәрсені анық білуіміз керек. Астана – бұл Тәуелсіздіктің символы. Елдігіміздің белгісі, сол себептен Астананың тойы елдің, ұлтымыздың тойы. Тәуелсіздігіміздің, мемлекеттігіміздің нышаны. Сол себепті тойды қай жағынан болса да жарқыратып насихаттап, жалпақ жұрт танитындай етіп жарнамалап жатса, оның ерсілігі жоқ деп ойлаймын. Өйткені, Астанаға құйылған қаржы біздің болашағымызға құйылған қаржы. Ол біздің идеологиямызға тұғыр болатын идеялар. Сол себепті ұлттық спорт тұрғысынан болса да, шығармашылық өкілдері тұрғысынан болса да, саясаткерлер мен экономистерді шақырып, әлемдік деңгейдегі идеяларды паш ету болса да өте құптарлық іс. Себебі, Астана әлі толысып көркейе беретін идея. Оған біз бәріміз үлес қосуымыз керек. Өңірлер де Астананың дамуына атсалысуы тиіс.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

Страница 1 из 36