×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

70 жаңа аялдама орнатылды

Пятница, 06 Октябрь 2017 10:37

jana-aialdama 79

Шымкент қаласының орталық санатындағы көшелерінде биыл заманауи үлгідегі жаңа 90 аялдама тұрғындардың игілігіне беріледі. Қазіргі таңда, оның 70-і орнатылған.
Француз үлгісіндегі шыны аялдамаларда жарнамаға арналған стенд, аялдама аты жазылатын тақтайша орнатылып, қоғамдық көлік бағыттарының жүру сызбалары көрсетіледі. Және онда бей-берекет сырылған жарнама қағаздары үшін қатаң айыппұлдар қарастырылған.

Жаңа аялдамалар үшін жергілікті бюджеттен 83 миллион теңге қаржы жұмсалған. Ал ондағы ескі аялдамалар қала аумағына қосылған елдімекендер аумағына орналастырылуда.
Сала мамандарының айтуынша, қала аумағында әлі де болса, 200-ге таяу аялдаманың жетіспеушілігі сезілуде.

DSC 4988

«Шымкент – сәулетті қала. Тарихқа тұнып тұр. Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы. Халқының саны бір миллионға жетерлік қаланың көркі бүгінгісінен де көркем болады». Елбасы Н. Ә.Назарбаев Шымкентке келген жұмыс сапарының бірінде осылай деген еді.


Шындығында, Шымкент біз білетін, біз көріп жүрген қалаға бірден айнала салған жоқ. Оның бүгінгі дәрежесіне жетуіне, еліміздегі үшінші қала мәртебесіне көтерілуіне талай азамат тер төкті. Солардың ішінде Әбдіғани Ташқараев ағамыздың есімі алғашқылардың бірі болып аталады. Қызмет жолын қарапайым құрылысшы болудан бастаған Әбекең Шымкенттегі көпқабатты үйлердің алғашқы іргетасын өзі бастап қалаған. 

tashkaraev

Саналы ғұмырын Шымқаланы абаттандыру, көркейту, жаңғырту жұмыстарына арнаған «ҚР Құрметті құрылысшысы», «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» Әбдіғани Ташқараев құрылыс саласына кездейсоқ келген адам емес. 1955 жылы сол кездегі Индустральді техникумның құрылыс факультетіне оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң Шымкентте тұрғын үй салумен айналысатын треске іс басқарушысы болып арнайы жолдамамен келген болатын. Дегенмен, мекеме басшысы Виниярин Смириннің тағайындауымен, еңбек жолын қарапайым 3 разрядты бетоншы қызметінен бастайды. Араға жыл салып, байланыстырушы, одан әрі де іскерлік қабілетінің нәтижесінде, шебер, аға шебер қызметтерін атқарады. 

– 1960 жылы Одақ көлемінде арнайы бағдарлама аясында панельді үйлер құрылысын жүргізу тәжірибесі алғаш рет қолға алынды. Айта кетсек, 285 мың ғана халқы бар Шымкент қаласында сол кезеңдерде Коммунистік, Кеңестік және Ленин көшелері ғана болатын. Арнайы тапсырма алған соң, әр жыл сайын әрқайсысы 60 пәтерлі 6 үйді пайдалануға беріп отырдық. Трестің қарауында 12 көтергіш кран болды. Одақ басшылығына Никита Хрущев келген соң, жұмыс ырғағы мүлдем өзгерді. Бұған дейінгі салынған әр пәтердің қабырғасының биіктігі 3 метр 20 сантиметрді құрап келген болса, жаңа талапқа сәйкес, бұл өлшем айтарлықтай қысқарды. Және еңбек өнімділігін арттыру тапсырмасы бойынша, 1965-80 жылдары әр тоқсан сайын 10 үйдің ғимараты пайдалануға беріліп отырды. Тек Шымкент қаласында ғана емес, біздің трест Жаңатас, Кентау, Гурьев, Тараз қалаларында да сәулетті ғимараттардың құрылысын жүргізді. Аталмыш қалаларда сол жылдары салынған нысандардың 80 пайызын біздер өз қолымызбен салғанымызды мақтанышпен айта аламын, – дейді Әбдіғани Ташқараұлы.

Осылайша, табысты еңбек жолын жалғастырып келе жатқан ағамызға арада 19 жыл өткенде сол тресті басқару бақыты бұйырыпты. Өзі басшылық жасаған жылдарда аталмыш үй құрылысы комбинаты қаладағы 1, 2, 3, 16, 18 және «Шығыс» шағынаудандары мен 7 орамның үйлерін салды. Құрылысшылар 3 ауысыммен жұмыс істепті. Әбекең еңбек еткен үй құрылысы комбинаты, одан өзі басқарған трест шағын шаһарды үлкен қалаға айналдырып, жүздеген панельді көпқабатты үйлер тұрғызды. 

Тәуелсіздік жылдарында да Әбдіғани Ташқараұлы лауазымды қызмет атқарып, еліміздің дамуына үлкен үлес қосты. Шымкенттегі 9 қабатты биік үйлерді, көпшіліктің игілігіне айналған сәулеттік көркем стильдегі ғимараттарды тұрғызды. Соның бірі Елбасы тұсауын кескен – Мұз сарайы.

– Атқарып жатқан шаруаларымыз ағымдағы жұмыстар ғой. Дегенмен, Шымкенттің үшінші қала мәртебесіне лайықты болуы үшін әлі де күні-түні тынымсыз жұмыс істеуге тура келеді. Қаланың мәдени келбетін заман талабына сай ету, берілген тапсырманы дер кезінде орындау – басты міндет. Сондықтан да белгілі нәтижеге қол жеткізу үшін көп еңбектеніп, ізденуге тура келеді. Ал «ананы істедім, мынаны істедім» деу меніңше, артық болар. Бұл жалғыз менің жетістігім емес, бүкіл құрылысшы мамандардың еңбегі. Қаладағы барлық нысандар, атқарылып жатқан тірлік ауызбіршілігі жарасқан қала тұрғындарының ортақ жетістігі, – дейді ол.

Иә, Кеңестік кезеңде «хрущевка» деп аталған үлкен панелді үйлер баспана мәселесін шешуге едәуір көмектескен еді. Ол кезде ел аумағында 38 комбинат қарқынды жұмыс істеді. «Қазіргі кезде де соның тым болмаса бесеуін жандандырып ұстаса жөн болар еді», – дейді ардагер құрылысшы. Бұл өз кезегінде, құрылыс шығынын едәуір төмендетуге, осы арқылы, жас отбасыларды тұрғын үймен кеңінен қамтуға сеп болар еді.

Бүгінде облыс орталығындағы сәніне сәулеті сай жобалардың басым бөлігі соңғы онжылдық мерзімінде іске асырылып, бой көтерген. Атап айтқанда, «Жер ана» монументі, Ордабасы алаңындағы субұрқақ, Жібек Жолы аллеясы (Т. Рысқұлов ескерткіші), Көркемөнер галереясы, Абай мұражайы, «Даңқ» мемориалы, Дендросаябақты қайта жөндеу, «Шәмші әлемі» аллеясы, Неке сарайы, Жастар орталығы, Қабанбай батыр ескерткіші, «Қызғалдақ» субұрқағы, Әдет-ғұрып орталығы, Наурыз алаңы, Бәйдібек ата ескерткіші, қай-қайсы да қазір халық игілігі үшін жұмыс істеп тұр. «Жайлаукөл» демалыс аймағы қала тұрғындары және қонақтарына арналған нағыз жанға жайлы демалыс аумағы екенін халық мақтанышпен айтып жүр. 

Сәулеттік кескін-келбеті айрықша бағаға ие Шымкент қаласының алдағы міндеті айқын, келешегі жарқын боларына кәсіби құрылысшы Әбдіғани ағамыз бек сенімді екенін шаттана айтты. «Көз алдымда көркейген Шымкент – менің шуақты күндерімнің естелігі, еңбек жолымның бір бөлшегі», – дейді ол.

Шаршы тақта үстіндегі сайыс

Среда, 27 Сентябрь 2017 05:44

Қала күніне орай, Орталық саябақта өткен ардагерлер арасындағы шахмат турниріне қатысушылар өзара 2 топқа бөлініп сынға түсті.

12

Шаршы тақта үстінде «арбасқан» ардагерлер бәсеке бәйгесінде өзгеге оңай дес берместей еді.

– Қатысушылар санының көптігі мен дәреже-біліктілігі ескеріле отырып, әуесқойлар мен кәсіпқойлар арасындағы үздіктерге жекелей марапат тағайындап отырмыз, – дейді қалалық спорт бөлімінің сектор меңгерушісі Мұхтар Шаханов. – Шымкенттік ардагер ағаларымыздың қарым-қабілеті шын мәнінде, ел аумағында шоқтығы биік. Түрлі республикалық сындарда өзгеге жүлде ұстатпайтын мықтыларымыздың барлығы да осы сынға белсене қатысуда.

Әуесқойлар арасында барлығы 36 үміткер бақ сынады. Қорытындысында Асан Шанаев жеңімпаз деп танылса, Сарқыт Сариев екінші, Дәурен Жақып үшінші жүлдеге иелік етті. Кәсіпқойлар арасында 23 үміткердің ішінен Олег Ни топ жарды. Әмірбек Сапаров екінші, Асқар Әбішевке үшінші жүлде берілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Бұл сында бәрі – жүлдегер

Среда, 27 Сентябрь 2017 05:24

Қала күні мерекесіне арналған бұқаралық велошеруге қатысуға ниет білдірген жандар өткен жексенбіде «Тәуелсіздік» саябағына көптеп жиналды. Саябақтың бас қақпасынан бастау алған велошеру жолы «Наурыз» алаңына дейінгі 15 шақырымды құрады.

DSC 2127

Бұл шерудің жөні бұрынғылардан тіпті өзгерек. Велосипедті жанына серік етіп, талай сында бақ сынап үлгерген қала тұрғыны Қуаныш Асанов шын мәнінде, бүгінгі шеруден мерекелік көңіл-күй лебін сезінгенін айтады. Бұл жолы жарыс жолына ұлы Диясты да ерте келіпті. 

– Велосипед тебудің шын мәнінде, адам бұлшықетін нығайтып, қан айналымына оң әсер ететін пайдасы жеткілікті, – дейді әуесқой спортшы. – Ал осы қозғалыс құралымен көпшілікпен бірге қаланың орталық көшелерін жүріп өтіп, сәулетті кескін-келбетін тамашалай өтудің өзі жаныңды айрықша әсерге бөлейді. Қала тұрғындарының велоспортқа деген үлкен қызығушылығын арттырған осындай мерейлі шаралар бұқаралық спорттың дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Мәре сызығын кесіп өткен велошерушілерді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Намазбай Әбдіқұлов «Наурыз» алаңының төрінде дайындалған мінберде арнайы марапаттады. 

Сонымен, сынға қосылған әуесқой спортшылар арасында егде қатысушылар – Александр Полторацкий мен Жадыра Ізтаева және ең жас қатысушылар – Максим Павлов пен Ақмаржан Оспан арнайы марапатқа ие болды. Ал әкелі-балалы Қуаныш Асанов пен Дияс Қабылбекке спорттық жанұя ретінде арнайы сый-сияпат ұсынылды. Сондай-ақ, белсенді қатысушылар – Самат Есболов, Талғат Асылбеков, Шыңғыс Мажитов, Марина Варибрус және Дәурия Молдабекова да арнайы марапатқа ие болды.

 DSC8575

Биыл Шымкент қаласының 284 ішкі орамдық көше жолдарында ағымдағы және орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, асфальтты-бетонды төсенішпен қамтылған қала жолдарының үлесі 52,2 пайызға артса, шағал тас төсеніштерінің үлесі 41,8 пайызды құрады.


Бұл жөнінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте баяндама жасаған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев мәлім етті.

Баяндамашының айтуынша, қазіргі таңда қала инфрақұрылымын дамыту бағдарламасының аясында 17 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл қатарда 4 жол айырығы мен 42 ішкі орамдық көше жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстары, 7 магистральді көше жолының және 2 көпірдің құрылысы жүргізілмек.

Күн тәртібінде сондай-ақ, коммуналдық меншікті тиімді пайдалану жайы кеңінен талқыланды. Биыл Шымкент қаласында 42 әлеуметтік нысан ғимараты пайдалануға беріліпті. Сондай-ақ, 3 нысан жеке меншік иелігіне өтіп, нәтижесінде, қала бюджеті 134 миллион теңгеге толықтырылған.

shymkala kz74-2

Қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Кенжебек Жанбосыновтың айтуынша, бүгінде қала аумағында 280 коммуналдық заңды нысан бар. Тек биылдың өзінде 58 коммуналдық нысан мемлекет меншігі ретінде қабылданған.

Жиында қала әкімі бұл саладағы жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді. Бұл қатарда, сала мамандарына Сайрам, Төлеби, Түлкібас аудандарынан қала аумағына жаңадан қосылған елді мекендеріндегі ауыз су жүйесі мемлекет меншігіне алуды қатаң түрде тапсырды.

– Сайрам ауданынан қосылған елдімекендер аумағында әлі күнге 34 нысан мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Бұл саладағы жұмыстарға бей-жайлық қарекет танытқаны үшін жауапты сала мамандарына арнайы шара көрілуі тиіс, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Сондай-ақ, жиында қала әкімі тұрғындарды коммуналдық қызметпен қамтып отырған монополистердің қамсыз тірлігін сынға алды. 

IMG-20170920-WA0049

– Қандай да бір қажеттілікпен асфальт орнын шұңқырға айналдырған жауапты мекемелер жол қауіпсіздігін сақтау үшін жарқырауық шамдар қызметін пайдаланып, ескерту белгілерін орнатсын және қазылған орынды дер кезінде қайта қалпына келтіретіндей болсын. Егер де аталмыш жұмыстар сапасыз орындалар болса, қатаң шара қолданылады, – деді қала әкімі. 

Жиынды қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.

Ирригация жүйелері жаңартылуда

Пятница, 22 Сентябрь 2017 08:25

Жұмыстар қазан айында толық аяқталады

Күздің қоңыр салқын сызы біліне бастағаннан-ақ, қала тазалығына жауапты мекеме қызметкерлерінің жұмысы қауырт-қарбаласқа ұласып жатады. Себебі, сарғайған ағаш жапырақтары мен сынған ағаш бұталары көше бойындағы арық-атыздарды бекітіп, түрлі қиындықтарды туындатуы бек мүмкін. Бұл ретте, толассыз жауған жауын-шашын салдарынан жүргіншілер жолы мен ғимараттарды су басу қаупі де жоғарыламақ.

DSC 7956

Климаттық жағдайы ылғалды болып келетін Шымкент қаласының көшелерінде биыл тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді толығымен қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған болатын. Жұмыс ауқымын арнайы зерделеген сала мамандары ирригация жүйесін жаңғыртудың арнайы бағдарламасын дайындаған. Бағдарлама шеңберінде шаһардағы көне арық-атыздардың орны сақталып, жүйе қайта жаңартылуда.

– Ирригация жүйелерін жаңарту жұмыстары қаланың орталық көшелерінде жүргізілуде, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің көріктендіру секторының бас маманы Алмас Житенов. 

Атап айтқанда, Бейбітшілік көшесінің Желтоқсан көшесінен бастап Әл-Фараби алаңына дейінгі аралығы, Ілияев көшесінің Бейбітшілік пен Тәшенов көшелеріне дейінгі аралығы,Түркістан көшесінің Әл Фараби алаңынан бастап Қонаев даңғылына дейінгі аралығы, Рысқұлбеков көшесінің Іляевтан Мәделі қожаға дейінгі аралығы, Желтоқсан көшесінің Бейбітшілік пен Момышұлыға дейінгі, Жангелдин көшесінің Әл Фараби даңғылы мен Молдағұлова көшесіне дейінгі, сондай-ақ, Қалдаяқов көшесінің Жангелдиннен бастап Абай даңғылына дейінгі, Тәшенов көшесінің Майлы қожадан Түркістан көшесіне дейінгі және Асқаров көшесінің Республика даңғылынан Мамытов көшесіне дейінгі аралығы толық жаңартылуда. Аталған жұмыстар қазан айының 31 жұлдызына дейін толығымен аяқталады. Тапсырылған міндетті «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің қызметкерлері жүзеге асыруда. Сонымен қатар, Темірлан тас жолының бойында қазіргі таңда жол құрылысымен қатар, ирригациялық жүйелер де ауыстырылуда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты бұл жұмыстарды «Береке» мердігер мекемесі атқарып келеді.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, орталық санатындағы көшелерде ирригация жүйелерін жаңарту үшін жергілікті қазынадан 182 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, қаланың шалғай аймақтарында орналасқан Мелдіқожа, Оңдасынов, Амангелді, Тұлпар, Сапарбаев, Жамбыл көшелерінде де арық-атыздар қазылды. Және бұған дейін күл-қоқысқа «тұншығып» қалған бірқатар көшелерде арық-атыздар қалпына келтірілді. Мамандардың айтуынша, соңғы 25-50 жыл аралығында жаңарту жұмыстары жүргізілмеген жүйелер әбден тозған. Нәтижесінде, тиісті деңгейінде су өткізуге қауқарсыз. Оған жергілікті тұрғындар да «өз үлесін қосып», арық-атыздарды күл-қоқыспен көмкеріп-ақ жатыр. 

Ендігі жерде, орталық көшелерден жиналған жауын суы Қошқар ата мен Қарасу өзендеріне, ал Қорғасын зауыты мен «Самал» шағынауданында жиналған су Бадам өзеніне жіберіледі. Ал «Нұрсәт» пен «Әкімшілік-іскерлік орталығынан» келген су Дендросаябақ маңындағы арықпен бойлай келіп, «Самал» шатқалына бұрылмақ.

Сондай-ақ, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-гі тарапынан Қошқар ата, Қарасу өзендері мен Шымкент, Жаңашек, Ақсай, Қарабастау арналарын тазарту жұмыстары да жүйелі түрде атқарылуда. Ондағы өзен арналарының жалпы ұзындығы 146,3 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, аталмыш мекеме тарапынан ұзындығы 566 шақырымнан асатын арық жүйелерін күтіп ұстау, жаңадан қосылған елдімекендердің аумағындағы каналдар мен ауылшаруашылығы мақсатындағы атыз-арықтарды тазалау және су бұру жұмыстары жүргізілуде.

«Жақсылар, дастан айтайын...»

Среда, 20 Сентябрь 2017 05:24

байқауының бас жүлдесіне – темір тұлпар

autowp.ru daewoo nexia 14

«Оңтүстiк Қазақстан» қоғамдық-саяси газетiнiң редакциясы ел аумағында алғаш рет тың жобаны қолға алып отыр. Араға апта салып, яғни, қыркүйек айының 26 жұлдызында мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Жақсылар, дастан айтайын...» атты облыстық байқауын өткiзбек.

x001.jpg.pagespeed.ic.DJa3HypYQfЖобаның мақсаты – рухы мықты, намысты, қайсар азамат тәрбиелеу, өскелең ұрпақты қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып, отансүйгiштік қасиетке баулу. Батырлар жырын жаттап өскен баланың жат елдердiң идеологиясына бой алдырмайтынын ата-аналарға ұғындыру. 

– «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы бұған дейін ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дәріптеу, қазақ балаларының үлкен спортқа қызығушылығын арттыру мақсатында қазақ күресінен дәстүрлі түрде облыстық деңгейде турнир өткізіп келген болатын, – дейді газеттің бас редакторы Абай Балажан. – Бұл жолы қазақтың ауыз әдебиетін төрге оздыруды мақсат етіп отырмыз. Бұл өз кезегінде, бүгінгі ұрпақ ұмыт қалдырған батырлар жырын насихаттау ғана емес, жасөспірімдердің әдебиетке деген қызығушылығын ояту, сондай-ақ, мектеп мұғалімдерінің, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің беделін көтеру болып табылады. Әрі бұл бастама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен астасып жатқанын да айрықша атап өткен жөн. 

Облыстық газет редакциясының бұл бастамасына облыстық білім басқармасы лайықты қолдау көрсетуде. Мамыр айында өткен байқаудың бірінші кезеңінде өңірдің барлық аудан-қалаларында жырды жатқа айта білетін үздіктер анықталды. Нәтижесінде, алдағы аптада сарапқа салынатын шешуші кезеңде барлығы 50 үміткер бақ сынамақ. Байқаудың жүлде қоры да қомақты. Бас жүлде алған оқушыны даярлаған мұғалiмге бәйгеге «темiр тұлпар» берiледi. Сонымен қатар, жүлдегерлердiң ешқайсысы да сыйлықтан құр алақан қалмайды.

Байқауға 5-10 сынып аралығындағы оқушылар қатысады. Ұсынылған биылғы тақырып – «Қамбар батыр» жыры болмақ. Байқау кезінде үміткерлер жеребе бойынша жұптасып, аталмыш жырдың әділқазылар алқасы нұсқаған белгілі бір оқиғасын баяндауы тиіс. Кезі келгенде, екіншісі алғашқысының тоқтаған жерінен жалғастыруы тиіс. Тиісінше, үш рет мүдірген үміткер сыннан өте алмайды. Байқаудың екінші бөлігінде үміткерлерге арнайы билеттердің көмегімен әдебиет теориясы бойынша сұрақтар қойылады. Ал үшінші кезеңінде үміткерлер әділқазылар алқасының сауалдарына жауап беретін болады.

Бүгінде республиканың өзге өңірлерінен де байқауға қатысуға ниет білдірушілердің қатары ұлғая түсуде. Байқау шарты бойынша бұл жолғы шара облыстық деңгейді қамтиды. Дегенмен, дәстүрлі байқаудың келесі сындары республикалық ауқымды қамтуы да әбден мүмкін. 

Байқау 26 қыркүйекте ОҚО орыс драма театрында сағат 10.00-де басталады. Мекенжайы: Шымкент қаласы, Әл-Фараби алаңы, 1 үй.

Шымкент қаласының көшелерінде әр күн сайын орта есеппен 150 мың көлік жүреді екен. Осы орайда, мамандар жолаушылар ағыны көп мегаполис қалада көлік тығынын болдырмаудың бірден-бір жолы ретінде жерасты және жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін көптеп пайдалануға беруді ұсынады. Бұл өз кезегінде, көлік тығынының алдын алумен қатар, жолаушылардың қауіпсіздігіне, көлік жүргізушілері үшін уақыт пен жанармайды үнемдеуге, қала берді, экологиялық ортаны едәуір жақсартуға тың серпін бермек.

DSC 9352

Қазіргі таңда, облыс орталығында барлығы 13 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Оның 10-ы жерасты, 3-уі жерүсті өткелі. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Есіркеповтің айтуынша, жолаушылардың нөпірі толастамайтын қаладағы ірі базарлардың маңында барлығында бірдей жаяу жүргіншілер өткелі салынған.
– Әсіресе, Тәуелсіздік жылдарында жолаушылар ағыны мол орындар зерделеніп, қала бюджетінен қаржыландыру арқылы көптеген нысандар пайдалануға берілді. Бұл қатарда, Темірлан тас жолының бойында («Бекжан» базары маңында), Бәйдібек би даңғылында (Дендросаябақ алдынан), Республика даңғылының (Эмиль» сауда үйі) бойында жерасты, сондай-ақ, Рысқұлов көшесіндегі (Еуразия» базары) жерүсті өткелдері қала тұрғындарының игілігіне қызмет етуде. Бүгінде құрылысы қызу жүріп жатқан Рысқұлов көшесіндегі («Самал» базарының алды) жерасты өткелі мен Темірлан тас жолы және Мангельдин көшелерінің қиылысында орналасқан жерүсті өткелі де келер жылы пайдалануға берілетін болады, – дейді Ерлан Әлішерұлы.

 

Жаңа өткелдер – ел игілігіне

«Самал» базарының алдынан салынып жатқан жерасты өткелінің құрылысын «ХМСУ Шымкентмеллиорация» ЖШС-гі жүргізуде. Ұзындығы – 30, ені – 4, ал тереңдігі 5 метр болатын нысанның құрылысына қала бюджетінен 116 миллион 822 мың теңге қаржы қаралыпты. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарына мердігер мекеменің 4 дана техникасы мен 25 жұмысшысы жұмылдырылған. Нысан келер жылдың маусым айына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Сондай-ақ, Мангельдин көшесіндегі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысын бұған дейін «КазНур Констракшн» ЖШС-гі жүргізген болатын. Ол үшін қала бюджетінен 215 миллион 768 мың теңге қаржы бөлінген. Дегенмен, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың нысан төбесін нықтап жабу және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өткелге алып шығатын эксколатор орнату жөніндегі ұсынысына орай, құрылыс қайта жобаланыпты. Қазіргі таңда, құрылысты аяқтауға мердігер мекемелер үшін арнайы конкурс жарияланған.

DSC 9362

Нысан тазалығын сақтауға кәсіпкерлер де мүдделі

Қаланың сәулеттік келбетіне рең қосқан аталмыш нысандарда кәсібінен несібе тауып отырған кәсіпкерлер қызметіне де лайықты жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, жерасты өткелдерінің 5-і жеке меншікке пайдалануға берілген. Олар – «Қырғы базар», «Көктем», «Колос» аялдамасы, «Бекжан» базары және 16 шағынаудандағы жерасты өткелі. Ондағы нысанды күтіп-ұстау, санитарлық тазалық жұмыстары жеке кәсіпкерлердің есебінен атқарылады.

Республика даңғылының бойында орналасқан жерасты өткелінде жаяу жүргіншілер легі бір сәт те толастаған емес. Қызмет орнына я болмаса білім ордасына асыққан жолаушылармен қатар, арнайы сауда жасай келетін азаматтардың қатары да жетіп артылады. Керегін іздеген жандар үшін, шынында, мұнда қажеттіліктің барлығын да табуға болады. Киер киім де, күнделікті тұтынар ас-суыңыз, тұрмысқа қажетті бұйымдардың сан алуан түрлері осы мекеннен табылады. Бағалары да ірі базар тауарларының құнымен шамалас. Бастысы, жерасты жолының самаладай жарық шамдары, жинақы дүңгіршектері, тазалығы келушілерге жайлылық пен айрықша әсер береді.

– Күн сайын кешқұрым мұндағы кәсіпкерлер айналасын ретке келтіріп қоюды дәстүрге айналдырған. Әр аптаның алғашқы күнінде санитарлық тазалық жұмыстарына баршамыз белсене қатысып, өшкен жарық көздері мен сынған кафель тақтайшалары болса, жаңасына ауыстырып қоямыз. Бұл міндеттер ең алдымен, біздің тікелей жауапкершілігімізге жатады әрі келушілерге ыңғайлы болу үшін өзіміз де жайлы ортаны қалыптастыруға тырысамыз, – дейді әшекей бұйымдарын сатушы Гүлнар апай.

Расында, жол қозғалысының реттілігін сақтауда жаяу жүргіншілер өткелін кәдеге жарату әлемдік тәжірибеде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл бағытта, жолаушылардың қозғалысы мен қауіпсіздігіне оңтайлы мүмкіндік беріп отырған облыс орталығындағы жаңа нысандар қала келбетін мұнан әрі де айшықтай түспек.

Страница 3 из 37