Саябақты сазбен көмкерiп...

Пятница, 11 Март 2016 06:27

dombyra paty-2Жексенбі сайын «Домбыра-party»-ге келіңіз!


Шымкентке көктем келісімен саябақтарға сән кіре бастайды. Жасыл желек пен түрлі гүлдерге көмкерілетін, тұрғындардың бір ауық демалатын орны да осы – саябақтар. Әдетте, саябақтар мерзімі басталғанда Шымкентте жастардың әр демалысты ерекше көңілді өткізетіні бар. Қазір «Орталық» саябақта әр жексенбі сайын қазақтың қара домбырасының үні күмбірлеп, ән-күйге бөлеуде. «Домбыра-party» деп ат қойып, айдар таққан шара әлеуметтік желі белсенділері мен «Керекинфо.кз» сайты қолданушыларының бастамасымен екі жыл бұрын Астана қаласында бастау алған болатын. Іле-шала бұл шараны еліміздің басқа өңірлері де іліп әкетіп, ұйымдастыра бастады.


dombyra paty

Биыл күн ерте жылынғасын ба, іс-шара Шымкентте жылдағыдан ертерек басталды. Қазір аптаның соңғы күні қаланың белсенді, өнерлі жастары «Орталық» саябаққа жиналып, күй тартып, жыр-термелер айтуда.

– Қаламызда «Домбыра-party» іс-шарасының басталғаны туралы әлеуметтік желілерде хабарландыру жазып, бөлістік. Қызығушылық танытып, өз өнерін көрсетуге келген өнерлі қыз-жігіттер аз емес. Саябақта серуендеп жүрген өзге ұлт өкілдері, қарт кісілер қол соғып, алғыстарын жаудырып кетіп жатыр. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға, бір-бірлерімен жақынырақ танысуына, ұлттық өнердің өркендеуіне титтей болсын өз үлесімізді қосып жатсақ, қуаныштымыз. Өнерімізді, құндылықтарымызды өзіміз дәріптегеніміз жөн. Сондықтан, қала тұрғындарын демалыс күні домбыра думанға шақырамыз, – дейді белсенді жас Бижан Сәдібеков.
Жалпы, «Домбыра party»-де домбыраны шерте алатын кез келген адам өз өнерін ортаға салып, қызықты өтуіне үлес қоса алады. Ендеше әр жексенбі, сағат 17.00-де «Орталық» саябақтан табылыңыз.

 

Бiр әулеттен – 30 ұстаз

Пятница, 11 Март 2016 06:17

Ұстаз жүгі – ауыр жүк. Осы ауыр жүкті қайыспай көтеруге бел буып, шәкірт алдындағы жауапкершілікті бәрінен биік қойған, береке мен бірлігі жарасқан ұстаздар әулеті бар Шымкентте. Олар Назаровтар отбасы. Бүгінде бұл шаңырақта ұл-қыз бен немерелері, келіндері мен күйеубалаларын қосқанда 30 жан ата-ана салған сара жолды жалғастырып, қала-ауыл мектептерінде ұстаздық қызмет етіп жүр.

nazarovtar-3Бәрін басынан баяндасақ. Педагогикалық училищені бітірген Таштан мен Досбол Назаровтар 1960 жылы Шымкенттегі №54 мектепте еңбек жолын бастайды. Әулеттің отағасы шәкірттерге тарих пәнінен дәріс оқып, қажыр-қайратының, нәтижелі жұмысы мен білімінің арқасында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілсе, ал отанасы кітапханашы, кейін бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын бала оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнаған олар осы мектепте өсіп-өнді. 12 перзенті де осы білім ордасынан қияға қанат қақты. Оның 11-і ұстаздық жолды таңдаған. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар.
Таштан апайдың айтуынша, отағасы Досбол мұғалімдікті киелі кәсіп санағандықтан, балалары мен немерелерінің ұстаз болуын қатты қалаған.
– Адамның болмысында ұстаздық қасиеттің ұшқыны болмаса педагог бола алмайды. Шәкірт тәрбиелеу жүрек қалауым екенін түсінгендіктен болар, мұғалімдіктен басқа мамандықты таңдау туралы ойланған да емеспін, – деген Таштан апа әңгімесін ары қарай сабақтады. – Отағасы екеуміз тату-тәтті ғұмыр кештік, қандай жағдай болмасын бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Тағдырдың жазуы ғой, ұл-қызды құтты орнына қондырып, ұзақ жыл оқу-білім саласында абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шығуына санаулы айлар қалғанда өмірден озды. Бар саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнағандықтан болар ұл-қыздарының да осы жолды таңдағанын қалады. Олар да әке айтқанын екі етпеді. Бұл күнде бәрі жоғары оқу орнын аяқтап, мектептерде түрлі пәндерден дәріс беріп жүр. Қазір ұл-қыздарым жайлы жылы сөз естісем мерейім өсіп, марқайып қаламын. Балаларының өмірде өз жолын адаспай тауып, кірпіш боп қаланып кеткені әр ата-анаға, қуаныш, бақыт ғой, – дейді отыз жылға жуық мектепте табан аудармастан еңбек етіп, білім беру саласының үздігі атанған Таштан апа.

nazarovtar-1Жылы жүзді, терең ойлы, көздеріне ерекше бір мейірім нұры ұялаған Таштан апа алты ұл, алты қызынан 50 немере 20 шөбере сүйіп отыр. Іргелі әулетке айналған шаңырақтың ақылшысы қарбаласқа, тәжірибеге толы еңбек жолын ерекше тебіреніспен еске алып, жиі үлгі етеді. «Отыз жылдың ішінде қаншама шәкіртті тәрбиелеп, қанатын қатайтып ұшырдым. Әр салада елге қызмет етіп жүрген олар көрген жерде құрақ ұшып, алғыстарын жаудырып жатады. Мұның өзі төккен терімнің текке кетпегені деп білемін» дейді аяулы ұстаз.
«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, қос ұстаз бала тәрбиесіне де жіті көңіл бөлді. Перзенттерінің бойына кішкентайынан ізгіліктің, адалдықтың, адамгершіліктің дәнін егіп, олардың өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыруға тырысты.
– Бізді ата-анамыз бауырмалдыққа, кішіпейілділікке, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиеледі. «Білім алыңдар, кітап оқыңдар, әркез бір-біріңе сүйеу болыңдар» деп жиі айтып отыратын. Айтып ғана қоймай, ісімен, мінезімен, жүріс-тұрысымен үлгі болды. Бала күнімізде қанша бұзықтық жасасақ та әкем қол көтеріп, ұрған емес. Өмірлік азық қалдырды. Ол дүние-мүлік емес, рухани азық, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесі. Ұстаздық жолдың қадір-қасиетін кішкентайымыздан біліп өскеннен болар, мектеп бітіргеннен кейін барлығымыздың таңдауымыз мұғалімдікке түсті. Ата-анамыз көрсеткен дұрыс жол мен бағыт-бағдардың арқасында өмірден өз орнымызды таптық, – дейді ұлы Батырхан аға. Ол қаладағы №55 мектепте технология пәнінен дәріс береді.

nazarovtar-2Бұдан бөлек Гүлшырын – №55 жалпы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі, Гүлжаһан – Қазығұрт ауданы, «Атбұлақ» жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Нұрбол мен Бақтыбай – №54 жалпы орта мектепте, Нұржамал, Нұрсұлу мен Гүлжан – Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында ұстаздық қызмет етсе, Гүлпара – Ордабасы ауданы, Ы.Алтынсарин жалпы орта мектебінде тарих пәні мұғалімі, Бауыржан – №1 кешкі мектеп, тарих пәні мұғалімдік қызметін атқарып жүр. Бір қызығы, күйеубалалары мен келіндері де ұстаздық жолдан ұзай қоймаған.
– Мен Назаровтар отбасына келін болып түскеніме бақыттымын. Іргелі әулет. Қызмет барысында қиындықтар туындаса, бір-бірімізге айтып, оны шешудің жолын бірге талқылаймыз. Ұстазды текке адам жанының инженері деп атамаса керек. Ұстаз болу үшін отбасың сенің жұмысыңды түсінуі тиіс. Ал біз бәріміз қиындықты бірге еңсеріп келеміз, – деп ағынан жарылды келіні Пәкизат. Ол №55 мектепте бастауыш сынып мұғалімі. «Әр ұстаз, бала жанын түсініп, оның жүрегіне жол таба білу шарт. Баланың көз алдында ұстаздың сүйкімді бейнесі, жылы жүзі, парасаттылығы қалу керек» деп санайды. Сауатты, әдемі жазуға үйрету, жүйелі де терең бастауыш білім беру – басты мақсаты деп біледі. Сондықтан қазіргі заман талабына сай, оқытудың жаңа технологияларын, жаңаша әдіс-тәсілдерін сабағында күнделікті қолданады.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар қазақта. Ұстазды үлгі тұтып өскен Таштан апаның оннан астам немересі де осы жолды таңдады. Алды қызметке араласса, кейінгілері университетте білім алуда. Соның бірі – Перизат Досбол. Ол Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті, әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандығының 3-курсында оқып жатыр.
– Мен бұл мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым. Өйкені әкем Бақтыбай отыз жылдан бері №54 мектепте сызу, сурет, еңбек пәндерінен сабақ береді. Ал анам Зылиха №55 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Олардың жолын жалғастыру, шәкірттерге сапалы білім беру – менің басты арманым. Бір жылдан кейін қолыма диплом алып, үлкен өмірге қадам басамын. Ата-әжеміздің, ата-анамыздың, жалпы әулетіміздің атына кір келтірмей, сара жолын жалғастырамыз, – дейді Перизат.
Нағыз ұстаз болуды бақыт, абырой санайтын Назаровтар отбасы ұстаздық кәсіпке адалдық танытқаны соншалық, айлап, жылдап жалақы бермеген қиын-қыстау күндерде сауда-саттықпен айналысып, өзге кәсіпке бет бұруды ойламаған. Мұғалімдікті асыл мұраты санаған әулет мүшелерінің жалпы еңбек өтілі 478 жылға жуықтапты. Өзгеге үлгі, еңбек династиясын қалыптастырған бұл әулетті татулықты дәріптейтін, дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» байқауынан көріп қалуымыз мүмкін. Таштан апа бастаған әулет мүшелері қызу дайындыққа кірісті.

8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында өңірімізге еңбегі сіңген, ұл-қызына өнегелі тәрбие берумен қатар, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылған бірқатар аналар облыс әкімінің сый-құрметіне бөленді. Солардың бірі – Жамал Шойбекова.

 MG 721217 жасынан бастап Мақтарал, Түркістан, Шымкент қалаларында құқық қорғау саласында түрлі қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан. 36 баланы бауырына басып, жетілдірген. Жамал апаның үйіне облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр арнайы барып, тарту-таралғысын жасады. Өзіне көрсетілген ілтипатқа ерекше қуанған Жамал апа «Өмірдің сан белестерінен сүрінбей өттік. Қиыншылыққа мойымадық. Енді әр күнімізге шүкіршілік айтып, тәуелсіздігімізге тәубә деп отырмыз. Еліміз тыныш болсын, халқымыз аман, ұрпақтарымыз біз көрген қиын-қыстау кезеңді көрмесе екен», – дейді Жамал Шойбекова.
Бұдан бөлек облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Дәметер Бөлегенованы, облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков ҰОС ардагері 93 жастағы Шаля Аннаны, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков батыр ана Уфа Куламбаеваны құттықтап, облыс әкімінің атынан сый-сияпат тарту етті.

Көгiлдiр экрандағы көркемдiк

Суббота, 05 Март 2016 07:12

Эльмира Тұрлыбек. Бұл есімді облыстың көзіқарақты көрермендері жатқа біледі. Биязылығымен, тұнық әсем дауысымен баураған ол 2005 жылдан бастап облыстық «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында жемісті еңбек етіп келеді. Әріптесіміздің әлеміне үңіліп, журналистикаға ең алғаш қалай қадам басқаны жайлы сыр суыртпақтаған едік.

IMG 1312– 8-сыныптан бастап «Айғақ» газетін жиі парақтай бастадым. Сонда 10-сынып оқушысы Жадыра Майлыбекованың мақалалары жиі жарық көріп, бір күні арнайы марапатқа ие болды. Сол кезде «мектеп жасында да жазған мақала-әңгімелеріңді газет бетіне жариялауға болады екен ғой» деген ой келді. Тоғызыншы сынып оқитын кезімде «Келінін ұрған қайын ата» деген мақала жазып, редакция поштасына жолдадым. Бір күні аты-жөнім газет бетінде жарқ ете қалды. Үлкен пікірталас тудырды. Содан кейін жазған-сызғандарым өзге де басылым бетінде жиі жарық көре бастады. Бірақ жүрегім журналистиканы қалағанымен, анам бұл талабымды құптамады, әлеуметтік педагогика мамандығына құжат тапсырдым, – дейді Эльмира Тұрлыбек.
Осылайша асқақ арманы алыстан қол бұлғағанымен жігерін жасытқан жоқ. Бар-жоғы 16 жасында «Айғақ» газетінің табалдырығын аттайды. Тәжірибесінің жоқтығына қарамастан басылым басшысы Дулат Әбіш жұмысқа қабылдап, сенім артады. Бір айдың ішінде компьютердің қыр-сырын, ал бір жылдың ішінде газет беттеуді үйреніп жан-жақтылығымен танылады. Екі-үш күн ұйықтамай жүретін кездері де болды. Тізеден су кешіп, жаңбырлы күні Алматы, Ақтау, Атырау, Орал тағы басқа қалаларға пойызбен газет жөнелтетін. Осылайша, ысылды, тәжірибе жинақтады. 2005 жылы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасындағы «Көңілашар» таңғы ойын-сауықтық бағдарламаға тележүргізушілер іздеп жатқанын естіп, байқауда бағын сынап көрмекке бел буады. Өндірістік-тәжірибеден өтуге келген жас журналиске телеарнаның сол кездегі басшысы Қалыбек Атжанның «Қайтпайтын қайсар қыз екенсің. Еңбекқорлығыңды дәлелде, сынақтан өтсең жұмысқа қабылданасың» деген сөзі зор жауапкершілік жүктейді.
– Қалыбек Атжан ағадан бастап, марқұм Есмұхамбет Шынтеков, Ғалым Омарханов, Уәли Қыдыр секілді басшылар мен тәжірибелі тележурналистердің мектебінен өттім. Мықтылардан дәріс алдым. Бейнекамера шынайылықты жақсы көреді. Көрермен көзіңнен сыр ұғады. Өмірімді жазу-сызусыз, бейнекамерасыз елестете алмаймын. Өмірлік серігім менің мамандығыма барынша түсіністікпен қарап, әркез қолдау танытады. Сол себепті алаңсыз шығармашылықпен айналысып, өңір тұрғындарын жағымды жаңалықпен қуантып, бала күнгі арманыма қол жеткізгеніме сансыз шүкір етемін, – дейді тележүргізуші.
Тақырыптың мазмұнына терең бойлайтын, жағымды үнімен жанды баурайтын, ізденуден, үйренуден тынбайтын тележүргізушіге «жолың ашық болсын» дейміз.

Кәсiптiң көзiн тапқан Рабиға

Суббота, 05 Март 2016 07:00

Отбасының берекесін арттырып, ұл-қызына тәлім-тәрбие берумен қатар, өз кәсібін дөңгелетіп жүрген нәзік жандылар қауымы жетерлік. Олар қоғамның сан алуан саласында белсенділік танытып, қолға алған ісін кеңейтіп, кедергілер мен қиындықтарға мойымай еңбек етіп келеді.

MG 8411Солардың бірі – шымкенттік Рабиға Байтемірова. Аяулы жар, қамқор ана, білікті кәсіпкер. Бірер жыл бұрын ойыншық шығаратын «Наурыз пластик» зауытын ашып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауды жөн көрген. «Мак» жүк көліктері мен құрастырмалы «Лего» шығарудан бастаған «Наурыз пластик» ұжымы бүгінде 14 түрлі ойыншық шығаруда.
– Өзім 2005 жылдан бастап Иран, Қытай, Өзбекстан елдерінен ойыншық әкеліп сатумен айналыстым. Десе де «неге біз өзіміз ойыншық шығара алмаймыз, неге зауыт ашпаймыз?» деген ой маза бермеді. Сан сауалға отбасымызбен жауап іздеп, кеңесіп, ойыншық шығаратын кәсіпорын ашуға тәуекел еттік. Сосын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 10,5 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, оның үстіне өзіміздің бар жиған-тергенімізді қосып, Қытайдан арнайы қондырғылар сатып әкелдік, – деп бастады әңгімесін Рабиға Байтемірова.
Құрал-жабдықтар мен қажетті шикізатқа қол жеткізгенімен отбасының алдында кездескен кедергі көп болды. Өйткені техниканың тілін түсініп, ұғатын маман тапшы. Сол кезде Қытайдың белді бір университетінде ойыншық станоктарындағы компьютер бағдарламасын жетілдіру бойынша білім алып жатқан ұлы Наурызбек көмекке келеді. Ірі ойыншық зауыттарында жинаған азды-көпті тәжірибесімен телефон арқылы бөлісіп, әкесі Шухратты осы кәсіптің қыр-сырына қанығу үшін Қытайға шақырады.
– Ойыншықтың сапалы, үйлесімді шығуы технологтың бағдарламасына байланысты. Компьютер бағдарламаларын жетік біліп, температура, уақыт жиілігі мен қоспа мөлшерін дұрыс, дәл қоя білуің керек. Бізде бұл саланың білікті мамандары болмағандықтан жұбайым Қытайдың екі қаласында білімін жетілдіріп қайтты. Ол жақта алты мыңнан астам ойыншық шығаратын кәсіпорын бар. Мамандар бала психологиясын, қоғамдағы өзгерістерді жіті қадағалап отырады. Айталық, дәл қазір бір мультфильм немесе кино кейіпкері балалардың қызығушылығын тудырса, оны дереу ойыншыққа айналдырып, нарыққа шығарады, – дейді ол.
Бүгінде сегіз жұмысшысы бар шағын кәсіпорын 6-10 мың дана ойыншық шығарып жатыр. Алматы, Қарағанды, Астана, Орал, Ақтөбе қалаларынан сұраныс көп. Тіпті кезекте тұрғандар бар. Рабиға апай алдағы уақытта өз ісін кеңейтіп, баланың өздігінен айдайтын, пультпен басқарылатын көлемді көліктер мен балаға өздегінен жүруді үйрететін ойыншықтарды шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
– Әрине, ойыншық шығарудың машақаты аз емес. Әр күні әр бөлшегін жеке-жеке шығарып алған соң ғана құрастырады. Бүгінде біздің ойыншыққа сатып алушылар кезекте тұр. Өйткені біз шикізаттың ең таза сұрпын пайдаланып, бала денсаулығына қауіпсіз, экологиялық таза болуына аса мән береміз,– дейді Рабиға апай.
Кішкентай бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау үшін кездескен кедергілерді жеңе білген Рабиға Байтемірова былтыр Корея, Қытай, Өзбекстан елдерінде болып, осы саланың білгір мамандарымен тәжірибе алмасып қайтты. Алматы, Астана қалаларында өткен көрмеде «Наурыз пластиктің» ойыншықтары көптің қызығушылығын тудырып, көркін келтірді.
Осылайша, Қытайдың улы иіс шығаратын, көр-жерден құрастырылатын ойыншықтары нарықтан бірте-бірте ығыстырылып, орнын отандық өнім басып келеді. – Баланың қуанышынан, күлкісінен асқан бақыт жоқ. Ал біз оларға өз ойыншықтарымыз арқылы бақытты балалық шақ сыйлай алсақ, мақсатымның орындалғаны, еңбегіміздің текке кетпегені, – дейді ол.
Біз қала тұрғындарын жұмыспен қамтып, әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосып, өзгелерге үлгі болып жүрген кәсіпкер әйелді ғана сөз еттік. Үй шаруасын дөңгелетіп, ұжымдағы мамандардың да жайын ойлап, ер азаматтармен қатар иық тіресіп, қызмет етіп жүрген барша арулардың, аналардың еңбегі өлшеусіз.

Әкімшілік-іскерлік орталығы алаңына жиналған көпшіліктің көңілі шат-шадыман. Облыс тұрғындары мен түрлі ұлт өкілдері елімізде тұңғыш рет аталып өтіп жатқан 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесін тойлауда.

 MG 3774   MG 3766 

 Жиналғандар алдымен әр ұлттың ән-жырына құлақ түріп, көрмені тамашалады. Көрмеде 20 этномәдени бірлестік өздерінің салт-дәстүрін дәріптейтін ұлттық бұйымдары мен тағамдарын ұсынды. Одан кейін мерекелік іс-шара «Түркістан» сарайында «Қазақ еліне мың алғыс» атты салтанатты жиынмен жалғасты. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов бұл атаулы күн бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесіне айналатынын, өзге ұлт өкілдерінің бірлігі мен ынтымағын нығайтатынын атап өтті. 

– Алғыс айту күні бірлігімізді бекемдеп, шынайы ықыласымыз арқылы сыйластығымызды одан әрі нығайтуымыз қажет. Бұл тұрғыда ұлтымыздың ұйытқысы атанған қасиетті оңтүстік өңірінің тұрғындары барлық өзге өңірлерге өнеге болуы тиіс – деді өңір басшысы. Салтанатты шара М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері әзірлеген «Мың алғыс» флешмобы мен концерттік бағдарламаға ұласты. Тағдыр тәлкегімен жер аударып келгенде жатсынбай құшағын ашқан қазақ халқына алғыстарын өзге ұлт өкілдері ән-биімен, өлең-жырымен жеткізді.
– Сталиннің солақай саясатының себебінен бір күннің ішінде біздерді пойызға артты да, жөнелтіп жіберді. Аш-жалаңаш жылаған балаға, еңіреген анаға қараған жоқ. 1944 жылы Түлкібас ауданына қиналып келгеніміз әлі есімде. Сонда Ханшайым есімді ана екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып беріп, ұл-қызының тамағынан жырып, бізге үлестірген. Біз осы елде өсіп-өндік. Білім алдық, қызмет еттік. Қиын-қыстау кезеңде дархандық танытқан қазақ еліне, халқына мың алғыс айтамын, – деді Төлеби ауданы түрік этномәдени бірлестігі ақсақалдар алқасының төрағасы Аңсар Досжанов.

Қариялардың қуанышы

Среда, 24 Февраль 2016 08:27

«Жүз ата-апа кеші...». Шымкентте бұрын-соңды болмаған кештің атауы осылай аталды. Ұйымдастырушылар тағдырдың тауқыметімен қарттар үйінде тіршілік кешіп жатқан жүз қарияны «Оңтүстік» қабылдау үйіне дастархан жайып, тойға шақырды. Игі істің бастамашысы «Қайырымды жандар» еріктілер тобының жетекшісі Айдын Тоқсанбаева бастаған жас қыз-жігіттер.

 MG 2255 
  MG 2441
  MG 2278

– Кішкентайымнан әжемнің бауырында өстім. Әжем өзгелерге жақсылық жасауға, қуаныш сыйлауға құштар жан. Теледидардан «Қарттар үйі» жайлы бейнематериал көрсе, жылап қалатын. «Мен қамыр жайып, ет асайын. Қамкөңіл жандар үйдің тамағын сағынған шығар» деп қолындағы барын бөлісіп жүретін, – деп бастады әңгімесін Оңтүстіктің тумасы, жақсылыққа жаны құштар Айдын қыз. – Кішкентайымнан өзгелерге деген мейірімін көріп өскендіктен болар, мен де қарттар үйінің қарияларына, мейірімге мұқтаж жандарға қуаныш сыйлағым келді. Сосын «Жүз ата-апа кешін» өткізуді жөн көрдік.
Осылайша, ол өз ойымен әлеуметтік желілерде бөліседі. Айдынды қолдаушылардың қатары күн сайын артып, «Қайырымды жандар» еріктілер тобын құруға алып келді. Бүгінде осы топқа мүше алматылықтардың қатары 200 адамнан асса, шымкенттік топтағы жастардың саны 100-ге жетті. Олардың жасы, қызметі әртүрлі болғанымен ниеттері, мақсаттары – ортақ.
Хош, сонымен кештің қалай өткеніне келейік. Сәулеті келіскен тойхана табалдырығын аттаған кей қариялар «Аумағы атшаптырым болатын дәл осындай тойханаға алғаш бас сұғуымыз. Біздің халық осындай тойханада той өткізіп жүрсе, онда Шымкентке дағдарыс келмейтін шығар» деп әзіл-шыны аралас таңданыстарын жасыра алмады.
Кеш көңілді басталды. Қайрат Түнтеков, Наркенже Серікбаева, Құрманай Бақтиярқызы әннен шашу шашты. Тілек айтылды. Қариялар жастық шақтарын еске алысты.

– Жаратқанның сынағы шығар, жұбайым өмірден озғаннан кейін осы қарттар үйіне келдім. Мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетіліп жатыр. Бәрі бар, керегі көңіл ғана. Осындағы қазақтың ең соңғы қариясы мен болсам деп тілеймін, – деп Бүркітбай ақсақал көзіне жас алды.
«Жүз ата-апа кешіне» жиналғандар жастарға ақ батасын беріп, қайта-қайта құшақтарына қысты, мейірлене маңдайларынан сүйді.
– Бұл кешті бұған дейін Алматыда екі рет өткізгенбіз. Енді Астана қаласы қарттарының басын қосып, ақпанның 26-на той жасамақпыз. Шымкенттің белсенді жастарына алғысым шексіз. Енді олар бұл игілікті істі ары қарай жалғастырады деп ойлаймын. Егер біздің «Қайырымды жандар» еріктілер тобына қосылғысы келетін жандар болса WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы 8 701 066 66 55 байланыс нөміріне хат жазуына болады, – дейді Айдын.

«Қазақ елi» қалай түсірілді?

Среда, 24 Февраль 2016 06:30

Толықметражды анимациялық туынды наурыз айынан 
бастап кинотеатрларда көрсетіледі

qazaq eli«Қазақ елі» толықметражды анимациялық фильмін түсіру міндеті шымкенттік «Сақ» киностудиясына сеніп тапсырылғанда қуандық. Қуанбағанда ше, 15 жылдан бері кішкентай көрермендердің көңілінен шығатын мультфильм жасап жүрген мамандарды бұл міндет тағы бір белеске көтеріп тастайтыны анық. «Сақтың» сақа мамандары сегіз айдың ішінде анимациялық фильмді аяқтап, осылайша елімізде алғаш рет тарихи тақырыптағы туындыны дүниеге әкелді.

Балаларды ел қорғаны
болуға үндейдi

qazaq eli-2– Мультфильмнің сценарийін Сағаділдә Үсіпәлиев пен Бақытжан Құлжабай жазды. Ал тарихи кеңесшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбай, әдеби кеңесшісі белгілі жазушы Дулат Исабеков болды. Фильмнің директоры − Нуриддин Пәттеев, бас продюссері − Сәбит Әбдіқалықов.
Бізге ең қиын тигені – уақыт тапшылығы ғана. Жауапкершілігі мен ауыртпалығын айтпағанда, бөлінген уақыт тым аз болды. Сондықтан біздің қыз-жігіттер студияда қонып, күндіз-түні жұмыс істеді, – деп бастады әңгімесін мультфильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков. – Мұндай салмақты, қызықты дүние жасау үшін кемінде екі-үш жыл қажет. Айталық, «Қазақфильмнің» толықметражды «Ер Төстікті» түсіруге екі жылдан астам, ал Ресейдің «Три богатыря» фильміне екі жылдай уақыт кетті. Мұның бәрі анимациялық фильм жасаудың «инемен құдық қазғандай» қиын екенінің дәлелі болса керек.
Мамандар мультфильмді көргеннен кейін үш-бес жасар баладан «Қазақ хандығын кімдер құрды, олар қазақтың басын қалай қосты?» деп сұрасаңыз, мүдірместен жауап бере алады дейді. Сондай-ақ, отансүйгіштік сезімді арттырып, батыр бабаларымыздың ерлігін мақтан тұтуға, ел қорғаны болуға үндейді.
Тарихи туындының көрермендері кішкентай бүлдіршіндер болғандықтан Керей мен Жәнібектің бала кездерінен бастап есейіп, ер жетіп, ел басқарып, Қазақ хандығын құрғанға дейінгі аралықты қамтуға тырысқан.
– Бүгінгі күннің балалары кеңес дәуіріндегі мультфильмдерді қызығып қарамайды. Мультфильм басталғаннан кейін бастапқы он минутта оларды қызықтырып, тартып әкетпесең басқа арнаға ауыстырып жібереді. Сол себепті біз туындыны Керей мен Жәнібек ханның балалық шағынан бастадық. Олардың ұстазы болған Қарт батырдың садақ ату, қылыштасу, атпен шабу, сол секілді жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін қалай үйреткенін қызықты көрсетуге тырыстық. Сондай-ақ, олардың тай үйретеміз деп жүріп, қалай қарақшыларға тап болғандары, Қарт батырдың көмегімен қарақшыларды жеңіп шығуы балаларға бір жағынан абай болуды меңзесе, екінші жағынан езу тартқызады деп ойлаймын, – дейді мультфильм режиссері.

Анимациядағы алғашқы қадам

qazaq el-iБұл туындының көптің көңілінен шығу үшін шымкенттік аниматорлармен бірге Алматы, Астана қалаларынан келген мамандар да үлес қосқан. Олар Сауран, Сығанақ, Түркістан, Отырар, тағы басқа Қазақ хандығы кезіндегі ескі қалаларды 3D технологиясымен құрастырып шыққан. Мультфильмнің бас суретшісі Бегім Қаламұлы «Аниматор суретші ғана емес, әртіс те болуы керек» деген ұстанымда.
– Қолымызға мультфильмнің сценарийі тигеннен-ақ, қызу іске кірістік. Кадрдағы бір секундтағы оқиғаға арнап 24 сурет салынады, ал 75 минуттық жұмыс үшін, қанша сурет салынғанын есептей беріңіз. Кейде жігіттер кейіпкердің мінезін, қимыл-қозғалысын, ішкі дүниесін бере алмай жатқанда, өзім оларға ойнап та бердім. Бейнекамераға жазып алып, қарап, соған қарай кей жерлерін бейнелеп салып шықты, – дейді бас суретші Бегім Баймұрат.
Хан сарайлары, ою-өрнек, сол замандағы қазақтардың тұрмыс-салттарындағы қолданатын әшекейлі заттар, қару-жарақ түрлерін салып шығу, әсіресе ойраттармен шайқасты бейнелейтін жер қиындық туғызғанын айтады бас суретші. – Өйткені ол жерде бір-екі ғана адам емес, сан мыңдаған жауынгер. Аттың жер тарпып тұрғанын, әр қимыл-қозғалысты айнытпай бере білу керек. Бұл шыдамдылықты, төзімділікті, уақытты қажет етеді, отыз беске жуық аниматор тер төкті, – дейді.
Ал қоюшы-суретші Азамат Ерназаров әр кейіпкердің киімінің, қару-жарағының түр-түсіне жауап береді. Сондай-ақ, салынған суретке арнайы бағдарламамен «жан» бітіреді.
– «Қазақ елі» мультфильмінің тағы бір ерекшелігі бар. Ол – жобада 2D мен 3D әдістері үйлестірілді. Мұны қазақ анимациясы саласындағы алғашқы қадам әрі елеулі табыс десек болады, – деп ерекше мақтанышпен атап өтті.
Мультфильмнің жөн-жобасы жасалып, кем-кетігі түзеліп, суреттері салынып, жұмыстар толық аяқталғанған кейін Береке Жүнісовтің қолына тапсырылады. Ол қиып, кесіп, монтаждайды.
– Кейде кейбір эпизодтардың монтажы тез жасалады. Ал кейде екі-үш секундтың өзіне бірнеше күн уақыт кетті. Кішкентай іні-қарындастарымыз қызыға көріп, олардың таным-түсініктерінің артуына титтей бір үлесін қосып жатса, қуаныштымын, ол кезде біздің бар шаршағанымыз да ұмытылып кетеді, – дейді Б. Жүнісов.

Шымкентке «Балалар студиясы» керек

qazaq el-1iТарихи туындының музыкасын Руслан Шынықұлов, ал «Қарақшылар» әнін Қанат Қалтаев жазған. Оны Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев сынды есімі елге белгілі кәсіби әншілер орындаған. Сондай-ақ, «Шымкент-шоу» театрының әртісі Берік Тұрсынбеков пен Алматы қаласындағы Ғ. Мүсірепов атындағы жастар театры әртістері дубляж жасауға атсалысқан.
Тағы бір қуанышты жаңалықты жеткізгіміз бар. Мультфильмнің трейлері жақында Францияда өткен Канн кинофестивалінде көрсетілген еді. Ресей, Германия, АҚШ және Біріккен Араб Әмірлігі елдері мамандарының қызығушылығын тудырып, олар кинотеатрларында көрсетуге ниет танытыпты. Қазір мультфильм орыс, ағылшын және неміс тілдеріне аударылып жатыр.
Қалың жұртшылыққа бұған дейін «Қошқар мен теке», «Момын мен қарақшылар», «Толағай», «Маймақ қаз», «Мұңлық-Зарлық», «Сапа олимпиадасы», «Қанатты барыс туралы аңыз», «Қазақстан бренді», «Қазақ елі» сынды 50-ге жуық үздік туынды ұсынған мамандар «Қазақ елі» мультфильмінің де көп көңілінен шығатынына бек сенімді. Кішкентай көрермендермен қатар, жасы егде кісілер де қызығушылықпен қарайды дейді олар. Көптен бері ел назары мен аузында жүрген толықметражды анимациялық туынды наурыз айында кинотеатрлардан көрсетіледі деп күтілуде.
– Отансүйгіштік сезімді оятатын тарихи мультфильмдердің көбірек түсірілгені дұрыс. Біз қазір шығармайтын болсақ, ол бос кеңістікті шетелдің мультфильмдері толтыратын болады. Ал жат елдің мәдениеті мен менталитетін бойына сіңіріп өскен баладан ертең елін шексіз сүйетін, білімді, жанашыр жан шығады деу қиын. Тағы бір айтарым, Шымкентте «Балалар студиясы» ашылуы керек. Сапалы, қызықты, балалардың таным-түсінігіне сай кино, мультфильм түсіру біздің мамандардың қолынан келеді. Оны дәлелдеп те жүр. Ертең кеш қалып, қолды сілтемес үшін, ел ағалары осыған көңіл бөлсе екен, – деген ниетін білдірді сөз соңында Батырхан Дәуренбеков.

Страница 10 из 15