Ең қарт ойыншы – 96 жаста

Среда, 21 Сентябрь 2016 05:48

Шымкенттік ардагерлер екі күн бойы шаршы тақтада бақ сынасты. Қала күніне орай өткізілген шахмат турнирінде әуесқой және кәсіпқой шахматшылардың үздігі анықталды.

 MG 2886

– Бұл шахмат турниріне 40 адам әуесқой аталымы бойынша, ал 19 адам кәсіби аталымы бойынша қатысуға ниет білдірген. Ең қарт шахматшы ардагердің жасы 96-да. Аудан-ауылдардан да келіп қатысып жатқан шахматшылар бар. Клубымыздың есігі кез келген ардагер үшін ашық, – дейді «Ақтұлпар» шахмат клубы ардагерлердің бастауыш ұйымының төрағасы Серік Бөлегенов.

 MG 2908

Сонымен жарыс нәтижесінде кәсіпқойлар арасында Бекайдар Тұрғаналиев, ал әуесқойлар арасында Дүйсебай Ерімбетов топ жарды. ІІ орын Сыпабек Теңгебаев (кәсіпқой), Мамытхан Мұсаевқа (әуесқой) бұйырды. Ал ІІІ орынның тұғырынан Әбілқасым Ерімбетов (кәсіпқой) пен Дәуренбек Жақыпов (әуесқой) көрінді.
Жеңімпаздарға қала әкімінің атынан Алғыс хат пен бағалы сыйлық тапсырылды.

Шымқаланың шырайы – тазалықта

Среда, 21 Сентябрь 2016 05:14

Қала күні қарсаңында «Таза қала» акциясы өз мәресіне жетіп, Шымкенттің ең үздік ауласы мен көшесі анықталды. Қала әкімдігі мен ОҚО «Азаматтық Альянсы» қауымдастығы ұйымдастырған байқауға 206 аула, 117 көшенің тұрғыны мен төрағасы қатысуға ниет білдірген.

DSC 1185

– Шаһарымыздың гүлденуі мен тазалығына әрбір азамат жауапкершілікпен қараса, бұдан да шырайына шырай қосып, көркейері анық. Осы акцияға белсене қатысқан тұрғындарға алғысымды білдіремін. Биыл бұл байқау төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қуанатынымыз, биыл жастардың, мектеп оқушыларының да қолғабыс етіп жатқанын көрдік, – дейді қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай.

Әр он бес күн сайын комиссия мүшелері ұсынылған аула мен көшелерді аралап, тексеріп отырды. Нәтижесінде, «Үздік аула» аталымы бойынша: Абай ауданы аумағында 8 шағынауданының №6 үйінің ауласы, Әл-Фараби ауданы аумағында Рашидов көшесінің №22а үйінің ауласы, Еңбекші ауданы аумағында №231 үйінің ауласы және Қаратау ауданы аумағында «Нұрсәт» шағынауданының №142 үйінің ауласы жеңімпаз деп танылды.

DSC 1191

Ал «Үздік көше» аталымы бойынша Абай ауданы аумағынан – «Жайлау» шағынауданының Қажымұқан көшесі, Әл-Фараби ауданы аумағынан «Забадам» шағынауданының Сералиев көшесі, Еңбекші ауданы аумағынан Түркістан көшесі, Қаратау ауданы бойынша «Асар» шағынауданындағы №38 көше үздік шықты. 

Үздік аула мен көшенің төрағасын қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мен «Азаматтық Альянс» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбек арнайы марапаттап, 200 мың теңге мен диплом табыс етті. ІІ-орын иеленгендер 150 мың теңге, ІІІ-орын жеңімпаздары 100 мың теңге, ал ынталандыру сыйлығының иегерлері 50 мың теңге сыйақыға ие болды.

– Әрбір адамның туған қаласына деген сүйіспеншілігі тазалықтан бастау алу қажет. Айналамыздың тазалығына, жасыл-желекке қатты мән береміз. Көршілерімізбен ақылдасып, бұл қаржыға ауланы ары қарай гүлдендіруге қажетті құрал-жабдықтар сатып аламыз, – дейді үздік аула төрағасы Зайнулла Баймұханбетов.
Бұдан бөлек, қала тазалығына жауапты «Нұр-Сат» мекемесі, акцияға белсене қатысқан мектеп оқушылары мен тұрғындардың тазалық сақтау жұмысына белсене араласып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізген ішкі істер саласының қызметкерлері қала әкімінің «Алғыс хатына» ие болды.

Тоғжан топ жарған байқау

Среда, 21 Сентябрь 2016 04:53

Құшақ-құшақ гүл, қолдарына шар ұстаған үлкен-кіші Опера және балет театрына қарай ағылды. Өйткені, театр сахнасында «Шымкенттің аруы» анықталмақ. Сұлулар сайысында қатаң іріктеуден өткен 16-23 жас аралығындағы 16 қыз бақ сынады. Олар таныстыру, ұлттық киім мен салтанатты кеш көйлегін киіп сән үлгісін көрсету, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа байланысты сұрақтарға мүдірмей жауап беру  сынды сынақтардан өтті.

 MG 3272

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, әнші Еркін Нұржанов бастаған әділқазыларға бойы мен ойы келіскен сан арудың ішінен жеңімпазды таңдау оңайға түскен жоқ. Шымқаланың қиғаш қас, күлім көз, оймақ ауыз, ең сымбатты аруы кім атанатынын көрермендер де асыға күтті. 

Сонымен 16 қыздың ішінен Тоғжан Кенжебек барлық талаптан сүрінбей өтіп, жеңімпаз атанды. Оған өткен жылы «Шымкент аруы» атанған Ақмөлдір Әбдурахим тәж кигізді. Бұдан бөлек 75 мың қаржылай сыйақы табысталды. Енді Тоғжан «Қазақстан аруы» сайысында облысымыздың намысын қорғайтын болады. 

 MG 3387

– Әрине, әр қыздың мақсаты сайыста топ жару ғой. Іштей өз-өзіме сенімді болғаныммен, аздап қобалжу болды. Маған қолдау көрсеткен ата-анама, құрбыларыма алғысымыз шексіз. Республикалық сында барымды салуға тырысамын, – дейді Тоғжан. 

Ол М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 2 курс студенті. Тоқыма және тамақ инженериясы жоғары мектебінде білім алып жүрген Тоғжан бала кезінен би үйірмесіне қатысқан.

 MG 3241

Ал Айымжан Файзулла І-ші вице-мисс, Даяна Сәдуақасова ІІ-ші вице-миcс атанды.

Тегін үйірмеге қатысуға шақырады

Пятница, 16 Сентябрь 2016 09:10

Шымкент қаласы білім бөлімінің Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығы ата-аналар мен оқушыларға жаңа оқу жылының басталғанына орай «Ашық есік» күнін өткізіп, үйірме жұмыстарымен таныстырды. Үйірме қатысушыларының қолынан шыққан киізден, ағаштан, моншақтан, жасалған түрлі қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама қойылды.

 MG 2398

– Бұл орталықтың негізі 40 жыл бұрын қаланған. 2012 жылы Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығы болып қайта құрылып, 24 үйірме оқушыларға есігін айқара ашты. Ал бүгінде «Пифагор», «Жас өлкетанушы», «Жас химик», «Архимед», «Автоәуесқой», эстрадалық вокал, «Былғары шебері», «Ағаш ою», шығыс жекпе-жегі, еркін күрес сынды 40 үйірмеге 3300-ден астам оқушы қатысып, шеберліктерін шыңдап жүр, – дейді орталықтың бұқаралық бөлім меңгерушісі Нағима Әсіл.

 MG 2385

Үсен Төлебаев №79 мектептің 9-сынып оқушысы. Үш жылдан бері орталыққа келіп, «Ағаш ою» үйірмесіне қатысып жүр. Оның қолынан шыққан түрлі ағаш бұйымдары қалалық, облыстық көрмелердің көркін келтіріп, жеңіс те сыйлады. 

– Сабақтан бос уақытымда осы орталыққа қарай асығамын. Өйткені мұнда қызығушылығы, көзқарасы, тіпті арман-тілегі ортақ достарым көп. Бұдан бұрын «Компьютер әлемі», «Компьютерлік графика» үйірмесіне, футболға  қатыстым. Сосын осы «Ағаш ою» үйірмесіне жазылдым. Ағаш жонып, одан түрлі заттар жасаған ұнайды. Жетекшіміз Нұрдәулет Қаныбеков ағайдың арқасында ағаштан ою ойып, талай туындыны жасауды үйрендік. Іні-қарындастарыма ойыншық ұшақ, кеме жасап бердім. Мерекелерде де туыстарыма, достарыма өзімнің қолымнан шыққан бұйымдарды сыйлаймын, – дейді Үсен.

 MG 2383

Шәкірттерге 60 ұстаз қосымша білім беріп, бар білгенін жалықпай үйретеді. Өткен оқу жылында үйірме қатысушылары түрлі бағыт бойынша республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып, намысты қолдан бермеді. Айталық, «Арулар» би ансамблі республикалық «Балауса жұлдыздар», «Жұлдызға жол», тағы басқа сайыстарда топ жарса, «Жас қаламгер» үйірмесінің оқушылары Алуа Мұхтар мен Әмзе Нұржас Атырау қаласында өткен республикалық «Ақ көгершін» фестивалінде жүлделі І орынға ие болды. Бұдан бөлек спорттық жарыстан жүлделі оралған жасөспірім қаншама.

Орталық ұстаздары қаладағы мектеп оқушыларын өнердің, спорттың сан қырынан хабардар болып, уақыттарын тиімді пайдалану үшін түрлі үйірмеге қатысуға шақырады. Дәрістер тегін жүргізіледі. Мекен-жайы: Ә.Жангелдин көшесі, 17 үй, Байланыс телефоны: 56-05-90

Құралайдың қуыршақтары

Пятница, 09 Сентябрь 2016 09:35

Түрлі ертегі мен мультфильм бейнесінде жасалған бұл қуыршақтар Құралай Күлменова есімді бойжеткеннің қолынан шыққан. Ол «Азат» шағынауданындағы №34 «Ақжелкен» бөбекжай-балабақшаның қызметкері. Кішкентай бүлдіршіндерге ағылшын тілінің әліппесін үйретеді. Ал бос уақытында қолына ине мен мата алып, осындай әдемі туындыларды жасайды.

 MG 8076

– Қолөнерге қызығушылық бала кезден оянды. Қуыршақтарыма түрлі көйлектер тігіп, кигізіп қоятынмын. Бірақ мектепті аяқтаған соң таңдауым ағылшын тілі мұғалімі мамандығына түсті. Шымкент Университетіне құжат тапсырып, ойдағыдай аяқтап шықтым. Ал алғашқы еңбек жолым «Ақжелкен» балабақшасынан басталды. Кішкентай балалармен жұмыс жасаған ұнайды, – дейді біздің кейіпкеріміз.

Құралайдың қолөнерге деген ептілігін балабақша меңгерушісі Нұрсұлу Қамбарова мен әдіскер Ләззат Абдукаримова байқаған. Бұл балабақшада балдырғандарға ұлттық тәрбиемен сусындатып, оларды өнердің сан қырына үйрету үшін түрлі байқаулар мен көрмелер жиі ұйымдастырылып тұрады. Сондай көрменің бірінде Құралайдың қолынан шыққан қуыршаққа көпшіліктің назары бірден ауады. Басшылық тарапынан ары қарай сүйікті ісін жалғастыруға қолдау танытып, қажетті материалдармен қамтамасыз етеді. Бағы жанып, бірнеше қалалық, облыстық деңгейдегі көрме, байқаулардан жүлделі оралды. Қуыршақтарға қызығушылық танытқан, қала-аудандардағы өзге балабақшалар да тапсырыс бере бастаған.

 MG 1882

– Жыл басына таласқан хайуанаттар жайлы жұмсақ ойыншық жасауды жөн көрдім. Ерекше болу үшін оларды тоқуға кірістім. Ойыншықтардың күрделілігене қарай бір аптадан бастап бір айға дейін уақыт кетеді. Оларды қолына алған бүлдіршіндердің қуанышын елестетемін де бар махабатымды арнаймын. Бүгінде 40-қа жуық қуыршақ жасадым. Болашақта осы кәсібімді жандандырып, ары қарай кеңейтсем деймін. Өйткені табиғи заттардан жасалған бұл қуыршақтар экологиялық таза, бала ағзасына зияны жоқ, – дейді Құралай.

Бүгінгінің балаларын таңғалдыру қиын. Десе де балабақша ұжымы олардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, әр ертегі саналарында тез жатталуы үшін, ересектер тобында шағын қуыршақ театры үйірмесін ашқан. Кішкентай бүлдіршіндер Құралай жасаған жұмсақ ойыншықтардан «Мақта қыз бен мысық», «Шалқан», «Бауырсақ», «Күншіл үйрек», «Кім неден күшті?», «Жеті лақ» сынды ертегілерді қояды.

 MG 1896

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ел игілігіне берілген бұл балабақша қызметкерлерінің бәрі өнерлі ме дерсіз?! Өйткені аулаға енгеннен-ақ, қолдан жасалған туындыларды көп байқайсыз. Қажетсіз резеңке, сусыннан босаған бөтелкелер көз қуантатын тамаша дүниеге айналған. Балаларға арналған орындық, көліктер, қоян, аю, күн бейнесіндегі ойыншықтар резеңкеден жасалып, түрлі түске боялып, балабақша ауласына ерекше көрік беріп тұр.

Ел Тəуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысыны əкімі Бейбіт Атамқұлов ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің жеке құрамына 78 жаңа қызметтік автокөліктің кілтін тапсырды.

 MG 1975

Əкімшілік-іскерлік орталығы алаңында аймақ басшысы патрульдік полиция қызметкерлеріне «КИА-РИО» маркалы 73 темір тұлпар, ал учаскелік полиция инспекторларына «ВАЗ-2121010» маркалы 5 арнайы автокөліктің кілтін беріп, еңбектеріне табыс тіледі.

– Құрылғанына 1 жылға жуық уақытта жергілікті полиция қызметіне қоғамның көзқарасы оң болып, сенімі артып отыр. Сіздер қиын сәттерде қарапайым халықтың арқа сүйер сүйеніші әрі әділеттіліктің жаршысы болуға тиіссіздер. Жергілікті қазынадан 40 миллион теңге бөлініп, қала аумағында халық көп шоғырланған орындарда 17 стационарлық бекет орнатылды. Олардың əрқайсысысында 12-13 бейнебақылау бар. Полицейлер жағдайды жедел бақылап отыр. Өзге де жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда, – деді облыс əкімі Б. Атамқұлов. 

 MG 2029

Ішкі істер органының ардагері, милиция генерал майоры Жеңісбай Сұлтанов «Бұл – Тəуелсіздіктің жемісі» деп есептейді.

– Мен 1992-97 жылдар аралығында облыстың ішкі істер саласын басқардым. Көлік жоқ, жарық пен жылу жоқ, өте қиын уақыт еді. Адамдар көшеде жалғыз жүруге қорқатын, өйткені қараңғы. Тəуба, Тəуелсіздіктің арқасында осындай бақытқа ие болып, қуанышқа ортақтасып жатырмыз. Бұл көліктер полицейлердің жауапкершілігін арттыруға, қылмыспен күресіп, қоғамдық тəртіпті нығайтуға сеп болу керек, – деді Жеңісбай Сұлтанов. 

Іс-шара соңы салтанатты шерумен аяқталды. Айта кетейік, бүгінде жергілікті полицияның құрамында 3 мыңға жуық қызметкер қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалып келеді.

60-қа жуық компания тауарын ұсынды

Пятница, 09 Сентябрь 2016 04:37

Шымкентте «Тамақ өнеркәсібі саласындағы жабдық пен технологиялар» – AgroProm Shymkent 2016 тақырыбында көрме өтуде. Шараны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Оңтүстік» индустриалдық аумақты басқару компаниясы» ЖШС қолдауымен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырып отыр.

 MG 2148

Мақсат – агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту, жаңа технологияларды және жабдықтарды таныстыру, шағын және орта бизнесті дамыту.

– Мұндай көрмелер тамақ секторы ірі өндірушілерінің арасындағы бизнес-байланысты нығайтуға, жалпы индустрияда тәжірибемен алмасуға сеп болады. Қазір біздің өңірде тамақ өнеркәсібін дамытуға ерекше назар аударылуда. Етті қайта өңдейтін 43, сүтті қайта өңдейтін 38, жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін 35 кәсіпорын жұмыс істейді. Инвесторлар тартылып, өзге де жұмыстар тиісті деңгейде атқарылуда, – дейді ОҚО кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев.

  MG 2180  MG 2170 

Азық-түлік, сусын, жеміс-жидек, ет және шұжық өнімдері арқылы тұтынушылардың көңілінен шығып жүрген 60-қа жуық компания қала тұрғындарына өз тауарын ұсынды.Олардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлек, Жамбыл, Алматы өңірлерінен келгендер де бар.

Көрме «Оңтүстік Қазақстан облысында Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» тақырыбында дөңгелек үстелмен жалғасты.

Шымкенттің үздік ауласы мен көшесін анықтайтын «Таза қала» акциясының мәреге жетуіне санаулы уақыт қалды. Қала тұрғындарын айналаны көгалдандыруға, тазалыққа шақыруды мақсат тұтқан бұл байқау осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылуда.

 MG 1726

«ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Шәріпбек Жамалбек бастаған комиссия мүшелері Қаратау ауданы бойынша «Үздік аула» мен «Үздік көше» аталымдары бойынша ұсынылған аулалар мен көшелерді аралап шықты.

«Қаратаулықтар» биыл бұл акцияға екінші рет қатысып отыр. Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, «Үздік аула» номинациясы бойынша 27 аула, ал «Үздік көше» номинациясы бойынша 43 көшенің төрағасы мен тұрғындарынан өтінім түскен. 

 MG 1749

– Былтыр 27 көше мен 23 ауладан өтініш келген. Биыл біздің аудан бойынша байқауға қатысушылардың қатары артты. Комиссия құрамына бекітілген азаматтар әр он бес күн сайын аулалар мен көшелерді тексеріп, фотоайғақ жинады. Қаланың, ауланың гүлденіп, көркеюі әрбір тұрғын үшін маңызды, біздің ортақ қуанышымыз деп ойлаймын. Белсене қатысқан тұрғындарға алғысымды білдіремін, – дейді аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов.

Комиссия мүшелері алдымен «Нұрсәт» шағынауданындағы бесқабатты №101 үйдің ауласының жағдайымен танысты. Бұл үйдің төрайымы Роза Шымырқұлова көршілерін игі іске жұмылдырып, аулаларына жеміс-жидек ағаштарын еккен. 

– Біздің аула тұрғындары ұйымшыл, белсенді. Бұл үйде 20 пәтер бар. Өзім 10 жыл бұрын көшіп келдім. Міне, содан бері ауланы абаттандыруды қолға алдық. Еңбегіміз нәтижесіз емес, – дейді Р. Шымырқұлова. 

 MG 1739

№142 үйдің төрағасы Зайнулла Баймұханбетов әрбір істі көршілерінің ұйымшылдықпен атқаратынын жеткізді. Тіпті подъездің ішіне дейін гүл өсіріп, жайқалтып отыр. «Ауланы қызылды-жасылды гүлдер көмкеріп, жайнап тұрғаны әрбір тұрғынға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды деп ойлаймын. Жұмыстан шаршап-шалдығып келгенде, аулаға бір сәт назар салса, бәрі ұмытылады. Қазір бізге бос уақытында ауланың балалары су тасысып, қолғабыс етеді. Бұл оларды табиғатқа, айналаға сергек, жанашырлықпен қарауға сеп болады, – дейді З. Баймұханбетов.

Ал «Асар» шағынауданындағы №38 көшенің құлпырған гүлдері, жасыл желегі көзді алыстан тартады. Бұдан бөлек Сайрам тұрғын алабындағы Ю. Сайреми, М. Жантаев көшесі, «Ақжайық» шағынауданындағы Ә. Еділбаев көшесі, «Бозарықтағы» «Еңбек» көшесі, «Қайтпастағы» Шымыр көшесі де тазалығымен қуантты.

Страница 2 из 15