Жол саласындағы жауапты маман

Пятница, 21 Июль 2023 06:18

Бүгінде үшінші мегаполисте жол-құрылыс жұмыстары қарқын алған. Жолайрық, айналма жолдар салынып, магистральді көшелерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл ретте, өз ісінің білгір, білікті мамандарға артылар сенім зор. Жылдың барлық мезгілінде, тәуліктің барлық мезетінде үздіксіз қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі айрықша. Жол құрылысындағы білікті маманның бірі – Қуанышбек Тұңғышбаев. Ол жас та бас болып, шаһардағы көптеген нысандарда жауапты қызмет атқарып келеді.

kurilis

«Шымкент жолдарында сапа жақсарған»       

15 шілде күні шаһардағы маңызды жолдардың бірі А-2 айналма жолының 2-ші кезеңі аяқталып, көлік қозғалысына ашылды. Прораб Қуанышбек Тұңғышбаев осы нысандағы құрылыс жұмыстарын басқарып, жолдың сапасына жауапты болды. А-2 айналма жолының 2-ші кезеңі құрылысын «Отау строй» ЖШС жүргізді. Қуанышбек Жақсыбекұлы – осы компаниядағы үлгілі мамандардың бірі. 2017 жылдан бері көптеген маңызды нысандардағы құрылысты басқарып, өзінің білім-біліктілігін байқатқан.

Маңызды нысан құрылысын тапсырудың алдындағы қарбалас сәт. Қ.Тұңғышбаев және оның қол астындағы қызметкерлер шілденің күні шыжғырып тұрса да, қызу жұмысқа кіріскен. Нысанды межелі мерзімде аяқтау керек. Мегаполис шаһарда құрылыс жұмыстарын өз мерзімінде және сапалы орындаудың жауапкершілігі зор. А-2 айналма жолдың 2-ші кезеңі құрылысы да стратегиялық маңызға ие. Ынтымақ шағын ауданынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты алып жатқан нысанда көлік кептелісін азайту басты назарда. Бұл аумақ әрі әуежайға жеткізетін маңызды күре жолдың бірі.

Ол аталған нысанға 2020 жылдың қараша айында келген. Қоластындағы 35-40-қа жуық қызметкермен жұмысты ұйымдастырып, нысанды тұрғындар игілігіне тапсырды. Қазіргі таңда құрылыс компанияларына қойылар басты талап – жұмыстың сапалы атқарылуы.

kuanishbek

– Бұл нысанда құрылыс жұмыстары 2020 жылы ақпан айында басталған еді. Қазір асфальттің бәрі толық салынып, негізгі жол 15 шілдеде ашылды. Енді айналма жолдың ішіндегі абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қалып тұр. Жаяу жүргіншілер жолағы, жол белгілері сызылады. Қалған жұмыстарды осы айдың соңына дейін аяқтаймыз. Жалпы айтқанда, мегаполистің жолдары талапқа сай сапалы болуы керек. Жылдан жылға жол құрылысында сапа артып келеді, – дейді құрылысты ұйымдастырушы маман.

Шаһарда айналма жолдар, жолайрықтар көлік кептелісін болдырмау мақсатында қолға алынып жатыр. Мегаполис қала үшін жол-көлік инфрақұрылымының маңызы ерекше. Ал жолдардың сапалы болуы көлік қатынасының жақсаруына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмірінің жайлы болуына тікелей әсер етеді.

«Өзімді әрдайым жетілдіріп отырамын»

Кейіпкеріміз – кәсібіне адалдық танытып жүрген нағыз еңбектің адамы. 35 жастағы Қуанышбек Жақсыбекұлы бұған дейін де көптеген жол нысандарының құрылысына жауаптылық еткен. Атап айтқанда, БИІК стадионы аумағындағы Ақсүмбе көшесі, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізінің Түркістан және Жамбыл облысының (Қордай, Мерке) аудандарындағы маңызды стратегиялық нысандарда да қызмет атқарды. Еңбек жолын бастағалы тек осы жол саласында еңбек етіп келеді.

Жол құрылысының өзіндік қиындығы бар және жауапкершілігі орасан. Жұмысты қарқынды әрі сапалы жүргізіп, кестеге сәйкес тапсыру керек. Құрылыс барысында қауіпсіздікті сақтау да басты талап. Олар қысы-жазы, ыстықта да, суықта да үздіксіз жұмыс істейді.

– Мұнда іс жүргізуге жауаптымын. Құрылыстың қарқынды жүруі, сапалы атқарылуына жауапкершілік бізге жүктеледі. Жұмыс бригадаларына тапсырма беріп, құрылыс қауіпсіздігін, техникаларды қадағалаймын. Жұмысшылардың бәрі де өз жұмысына тиянақты. Барлығы да он жылдан бері осы салада еңбек етіп жүр. Құрылыс материалдары уақтылы жеткізіледі. Біз енді басшылардың, тұрғындардың сенім үдесінен шығуға бар күшімізді саламыз, – дейді ол.

Қуанышбек Тұңғышбаев 1988 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында дүниеге келген. Бала кезден құрылысшы болуды армандапты. Шымкент аграрлық колледжінде жерге орналастырушы, геодезия мамандығын бітірген. Одан кейін М.Әуезов атындағы ОҚУ-да жалпы құрылыс (ПГС) мамандығын тәмамдаған. Қазір – бәсекелестік заманы. Ол интернеттен дәрістер тыңдап, әрдайым өзімді дамытуға уақыт табатынын айтады. Жеке кәсіпкерлікті дамыту, жол саласындағы жаңа технологиялар, жаңа білім-біліктер жайында ізденеді. Жалпы прораб деген бесаспап маман болу керек. Кейде жұмысты дұрыс ұйымдастыруда шет тілдеріне де қажеттілік туындап жатады. Сол себепті қазіргі таңда ол ағылшын тілін үйреніп жүр.

Білікті маман бізге жол саласындағы жағдайды баяндап әрі қарамағындағы қызметкерлерге тапсырма беріп жатты. Негізгі жол ашылды, енді 4 жолақты жолда жасыл аймақ, аяқ жол салынып, жарық шамдар қойылады. Жан-жағын абаттандыру, көгалдандыру қажет.

Жол-құрылыстарында Қуанышбек секілді мамандар күндіз-түні еңбек етіп жатыр. Білікті маман бұл нысан құрылысын аяқтап, енді келесі құрылыс басына ауысады. Оның жұмысы қауырт. Ол бізбен әңгімесін аяқтап, жұмысшыларға тапсырма беруге асығып бара жатты.

 

1384313 232748480217197 1096908193 n

Шымкент қаласы әкімдігінде қаланың рухани өміріндегі бірқатар маңызды жобалар көпшілік назарына ұсынылды. Жиынға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімі аппарат басшысының орынбасары Рашид Мыңбаев қатысты.

Басқосуда үш маңызды мәселе, атап айқанда, «Отырар» ғылыми әмбебап кітапханасының атын ауыстыру және қайта жабдықтау, кітапханадағы қаламгерлердің жеке кабинеттерін қалада орналасқан басқа кітапхана ғимараттарына көшіру және аялдамаларды белгілі ғұлама ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлерінің шығармашылығы бойынша безендіру мәселелері зиялы қауым өкілдерінің талқысына түсті.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жобалардың маңыздылығына тоқталып өтті.
– Биыл елімізде Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы кең көлемде аталып өтілуде. Ғалымдар Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихы бар екенін дәлелдеп отыр. Қалада осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда. Негізгі мәселенің бірі – «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасын Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхана деп қайта атау. Биыл 26 мамырда кітапхана атауын ауыстыру туралы ұсынысқа өздеріңіз қолдау білдірдіңіздер. 27 тамызда республикалық ономастика комиссиясы оң шешім шығарды. Әл-Фараби атауын берудегі басты идея – бабамызды зерттейтін институт құрып, Шымкент қаласын Әл-Фараби орталығына айналдыру, – деді
Шыңғыс Жұмабекұлы.
Шымкент қаласы әкімі аппарат басшысының орынбасары Рашид Мыңбаев бұл бағыттағы концепцияны таныстырып өтті. Оның айтынша, қайта жабдықтау бойынша жұмыс тобы құрылған. Концепцияны жасауға әл-фарабитанушылар, тарихшылар, республикалық белгілі кітапханашылар тартылды. Концепция негізінен жеті бағытты қамтиды. Кітапхананың залдарын ұлы ойшылдың зерттеген ғылыми жеті бағытына арнау. Атап айтқанда, ақыл-ой ғылымдары, музыка, жаратылыстану, тіл ғылымдары, логика, құқықтану ілімдері бойынша безендіру жоспарланып отыр.
Жөндеу жұмыстары демеушілер есебінен жүргізіледі. Ғимаратты кіреберіс жері, сыртқы келбеті де жаңа кейіпке енеді. Ал кітапханадағы белгілі азаматтардың аудиторияларын басқа кітапханаларға ауыстыру ұсынылып отыр.
Әселхан Қалыбекова, Мархабат Байғұт, Нармахан Бегалиев, Ханбибі Есенқарақызы, Нариман Нұрпейісов, Қайрат Анарбаев, тағы басқа зиялы қауым өкілдері бұл өзгерістерді бірауыздан қолдады. Дегенмен, әлі де жетілдіре түсу қажеттігі жөнінде ой пікірлерін айтты. Жалпы кітапханадағы қаламгерлердің жеке кабинеттерін қалада орналасқан басқа кітапхана ғимараттарына көшіру мәселесін зерделеу қажет.
Бүгінде қалада 260-тан астам аялдама жаңарды. 145 аялдамаға демонтаж жасалды. Осы аялдамаларды тарихи тұлғалардың, ғұламалардың, қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың өмірбаянын, еңбектерін жас ұрпаққа таныстыру бойынша безендіру жобасы да көпшіліктің талқысына салынды. Бірқатар жоба эскиздері дайындалып отыр.
Жазушы Мархабат Байғұт жастар кітаптан алыстап кеткен заманда ақын-жазушыларды дәріптеу құптарлық іс екенін атап өтті. Дегенмен тізімді әлі де толықтыра түсу қажеттігін де меңзеді. Сондай-ақ, жиында аялдамаларды безендірумен қатар, дұрыс атауға көңіл бөлу қажет деген пікірлер де айтылды.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһарда құрылысы қарқын алған бірқатар нысандарды аралады. Мердігер компания өкілдерімен кездескен шаһар басшысы жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді. Шымкент қаласында биыл 77 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Жұмыстар кестеге сай атқарылуы тиіс.

 DSC2865

Мұрат Дүйсенбекұлы алдымен «Нұрсәт» шағынауданында 21,5 га аумақта салынып жатқан көпқабатты үйлердің құрылыс барысын аралап көрді. Мұнда 8 үйдің құрылысы жүргізілуде. Мердігер мекеме – «Арт Құрылыс» ЖШС-і. Компания басшысы Бекжігіт Төлендиевтің айтуынша, 2018 жылдан бастап салынып жатқан баспаналар биыл маусым айында пайдалануға беріледі.
Қала әкімі құрылысты өз мерзімінде тапсырылуын және сапалы атқарылуын ескертті.

– Бірінші кезекте сапаға мән беріңіздер. Өйткені, тұрғындардан сапаға қатысты шағым көп. Ең басты талап – осы. Біз құрылыс компанияларына әрдайым қолдау көрсетеміз. Сондықтан сіздердің тараптан да сапалы жұмысты талап етеміз. Қала экономикасының дамуында құрылыс саласының салмақты үлесі бар. Мегаполиске келетін инвесторлар да алдымен құрылыс барысына мән береді, – деді қала әкімі.
Шаһар басшысы «Тұран» шағынауданында «Shymkent» ӘКК» тапсырысымен салынып жатқан 8 тұрғын үйдің құрылысын да аралап көрді. Мұнда мердігер «Бек Строй Сервис» ЖШС жоспар бойынша жұмыс жүргізуде. Құрылысы 2018 жылы басталған тұрғын үйлер сәуір және маусым айында пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы «Тұран» шағынауданында құрылысы аяқталған 1200 орындық мектепте болды. Бұл білім ошағы төртінші тоқсанға балаларды қабылдауға дайын.
Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметовтың айтуынша, құрылысы биылға жоспарланған 77 үйдің 24-і кредиттік, 8-і арендалық баспаналар. «Тұран» шағынауданында 41 үйдің құрылысы жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.

Қалаға жаңадан қосылған елдімекендердің инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.

1212122

Бірқатар шағынаудандарда әлі де өзекті мәселелер бар. Қала әкімінің есебінде «Тұран» шағынауданының тұрғындары инфрақұрылым жүйелері бойынша шағымдарын жеткізген еді. Сол шағымдарға орай қала әкімі Мұрат Әйтенов шағынаудан тұрғындарымен кездесті.

«Тұранда» бүгінде 1200 орындық мектеп және жол құрылысы жүргізілуде. Орталық көшемен қоғамдық көлік те қатынай бастады. Дегенмен...
Тұрғындарды газ, су, жарық жүйелері құрылысы алаңдатады. Елдімекен тұрғыны Яхия Қалходжаевтың айтуынша, біршама тұрғындар әлі де құжаттарын заңдастыра алмай жүр. Бүгінде электр жарығы, газ жекенің қолында. Мемлекеттік меншікке қашан өтетініне алаңдаулы.

Қалалық энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз қазіргі жұмыс барысынан хабардар етті. Яғни, бүгінде «Тұран» шағынауданын ауызсумен қамтамасыз ететін екі жоба жасалған. Бірінші жоба бойынша сатып алу конкурсы өткізілді. 2019 жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүруде. Биылғы атқарылатын шаруаларға қосымша қаржы бөлінді. Екінші кезең бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

Жағдаймен танысқан шаһар басшысы бұл жұмыстардың бәрі жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын айтты.

– Үш жылдық жоспар жасалды. Кәріз жүйесінен басқа аталған инфрақұрылым жүйелер құрылысы 2021 жылы толық аяқталады. Енді әр аудандағы өзекті деген инфрақұрылым мәселелерімен танысып шығамын, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, шаһар басшысы «Тассай» шағынауданы тұрғындарының да мұң-мұқтажын тыңдады. Ондағы тұрғындар қалдық суларды кетіріп, жол салып, жарық орнатып беруді сұрады. Мұрат Әйтенов жыл соңына дейін инфрақұрылым жүйелері ретке келтірілетінін айтты.

Шымкент қаласының орталық мешіті жанындағы «Ақмешіт» қайырымдылық мекемесінде имамдарды кәсіби қайта даярлау және біліктілігін көтеруге арналған «Шымкент имамдарының білімін жетілдіру орталығы» ашылды.

a3e75adb-5ede-42a4-8456-3b6a31530aee

Имандылық мекемесі ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің тапсырмасымен қолға алынып отыр.
Аталған орталықтың жұмысына Шымкент қаласының бас имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаев арнайы қатысып, имамдарға алғашқы дәрісті оқыды.

Орталықтың жұмысы қала имамының орынбасары әрі «Ақмешіт» қайырымдылық мекемесінің директоры Мұхамеджан Естеміровтың жетекшілігімен жүргізілуде. Курс 6 күнге жалғасады.
ҚМДБ-ның бекіткен оқу бағдарламасы аясында «Құран Кәрім», «Ақида», «Хадис ілімі» және «Шариғат үкімдері» пәндерінен дәріс жүргізіледі.

Имамдарға Мысыр Араб Республикасы, әйгілі әл-Әзһар және Нұр-Мүбәрак университетінен тәлім алған түлектері, дінтанушы-мамандар Дәулет Туленов, Ақтөре Тұраптай, Ералы Есенгелдиев және Мейірбек Сәрсенбаевтар дәріс береді. Оқу кезеңінде имамдардың білімі жүйелі түрде ауызша сұрау және сынақ жүргізу арқылы бағаланады.
Курс аяқталғаннан кейін түлектерге ҚМДБ тарапынан сертификат беріледі.

Сондай-ақ, Орталық жетекшісі М.Естеміровтың айтуынша, Шымкент қаласына қарасты 106 мешіттің 252-ден астам мешіт қызметкері алдағы үш айда тағылымдық, кәсіби қайта даярлау және біліктілігін көтеруге арналған курстан өтеді.

Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев осылай деп мәлімдеді. Басқарма басшысы 11 айда атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

брифинг

Әлібек Нұрбайұлының айтуынша, қалада дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 294,4 мың адамға жеткен.

– 2020 жылы бұл көрсеткішті 30%-ға жеткізу жоспарлануда. Жыл басынан бері қала аумағында 252 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 45 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ, спортшыларымыз спорттың 61 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары, кубоктары мен біріншіліктеріне қатысып, 362 алтын, 342 күміс, 377 қола медаль жеңіп алды, – деді басқарма басшысы.

Биыл Шымкентте ҚР Еңбегі сіңген 1 спорт шебері, 25 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 121 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 391 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды. Жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттары мен кубоктарында қала спортшылары 62 алтын, 34 күміс және 43 қола медальге қол жеткізсе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында 20 алтын, 13 күміс және 22 қола медальге ие болды.

Келесі жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жүйелі дайындық жүргізілуде. Басқарма басшысы қала спортшыларының Олимпиада ойындарына 10 жолдама жеңіп алуға мүмкіндігі барын да айтып өтті.

Қала әкімдігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және алдын алу бойынша мәжілісі өтті. Жиында таяуда ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасына енгізілген өзгерістер түсіндіріліп, талқыға түсті. Бұдан былай мемлекеттік және саяси қызметшілердің жауапкершілігі күшейіп отыр.

80051359 2404322663214019 6386845428347830272 o

Қала әкімі Ерлан Айтаханов Заңнамаға енгізілген жаңашылдықтың мән-маңызына тоқталып, оның мемлекетіміз үшін өте маңызды шешім екенін атап өтті.

– Елімізде тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заң аясында бекітіліп отыр. Бұл заңның қабылдануы Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталғанын білдіреді. Сонымен қатар, заңда басшылардың бағынышты қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық қылмысын жасатпауға, оның алдын алуға міндетті екені көрсетілген. Енді басқарма, департамент басшылары осы маңызды шешімді ұжымда түсіндіру жұмысын жүргізуі керек, – деді қала әкімі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали бұл бағытта кешенді іс-шаралар атқарылып жатқанын баяндады. Оның айтуына қарағанда, бұдан былай саяси мемлекеттік қызметшілер – министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық жасаса, міндетті түрде отставкаға өтініш беруі тиіс.

Бұл заң бойынша басшылар бағынышты қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық қылмысын жасатпауға, оның алдын алуға міндетті. Ал міндет орындалмаған жағдайда басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Жалпы, аталған заң мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін көтеруге бағытталған. Департамент басшысының орынбасары Талғар Серікбаев қала активіне Заңның ережелерін жан-жақты түсіндіріп берді.

Жиында әкімдік тарапынан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар зерделеніп, нақты бағдар түзілді. Қала әкімі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша сапалы жұмысты қамтамасыз етуді, өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер арасында заңды кеңінен түсіндіруді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласын ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Қарияларға – құрмет

Пятница, 20 Декабрь 2019 03:47

ҚР Тәуелсіздік күні мерекесіне орай қаланың ардагерлері, зиялы қауым өкілдері дастархан басында бас қосты. Қала әкімі Ерлан Айтаханов ардагерлерді мерекемен құттықтап, Тәуелсіздіктің қадірін арттыра беруге шақырды. Қалалық ардагерлер кеңесі ұйытқы болған жиын ұрпақтар сабақтастығын паш етті.

 DSC0213

Қаланың дамуына үлес қосқан бірқатар зиялы қауым өкілдері қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ, мерекелік басқосуда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Nur Otan партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов мерекелік тілектерін жеткізіп, бірқатар ардагерді Мәслихаттың, Nur Otan партиясының Алғыс хаттарымен марапаттады.

Мемлекет және қоғам қайраткерлері Шалатай Мырзахметов, Орынбай Рахманбердиев те тағылымды насихат айтып, Тәуелсіздіктің қадірін ұғындырды.

Страница 1 из 13