АНА МЕН БАЛАНЫ ҚОЛДАУ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ БАҒЫТЫНЫҢ БІРІ Избранное

Среда, 21 Сентябрь 2022 04:47 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 735 раз

Шымкент қаласы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Досбол Әлібекұлы Тиллабеков балалы отбасыларға қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетіні жөнінде мәселелер бойынша сұрақтарға жауап береді.

211

 

– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауда қандай рөл атқарады?

– Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау ата-аналардың жұмыспен қамтылуына байланысты мемлекеттік бюджет және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) қаражаты есебінен кешенді түрде көрсетіледі.
Бүгінде бала туған кезде ата-аналардың бірі еңбек қызметін жүзеге асыруына қарамастан, бала туғанда берілетін мемлекеттік жәрдемақыны бюджеттен алады, оның мөлшері бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК-ті, ал төртінші және одан көп балаға – 63 АЕК-ті құрайды.
Сонымен қатар, жұмыс істемейтін аналар бюджеттен бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны алады, оның мөлшері баланың туу кезектілігіне байланысты болады.
Жұмыс істейтін әйелдерге келетін болсақ, олардың мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстанда 2008 жылдан бастап ана мен баланы әлеуметтік сақтандыру енгізілді.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес әйелдерге жүктілігі және босануы бойынша жұмыс орнынан демалыс беріледі. Осындай демалысты ресімдегеннен кейін болашақ ана жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-дан әлеуметтік төлем алуға өтініш береді.
Бұл төлемнің мөлшері демалыстың алдындағы соңғы жылдағы әлеуметтік аударымдар аударылған орташа айлық табысына байланысты болады. Биылғы жылы мұндай төлемді Шымкент қаласы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы бойынша барлығы 7,3 млрд. теңгені 11 мыңға жуық әйел алды.
Бала туғаннан кейін ата-аналардың бірі МӘСҚ-дан бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлемге жүгіне алады. Төлем мөлшері баланың туған күніне дейінгі соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40 % - ын құрайды.
Ағымдағы жылы мұндай төлемді біздің филиал бойынша 16,7 мыңдай адам алды, жалпы алынған сомма 639 млн. теңгені құрады.
Осылайша, жұмыс істейтін ата-аналар жұмыссыздарға қарағанда әлеуметтік төлемдерді көбірек алады.

– Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы аясында бала күтіміне төленетін төлем кезеңін бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайту көзделген. Осы төлем бойынша қандай өзгерістер күтіліп отырғанын толығырақ айтып берсеңіз.

– Аналарды әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем тағайындау кезеңі бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылатын болады.
Бұл ретте, бала туғанға дейінгі соңғы 24 ай ішінде кемінде 6 ай әлеуметтік аударымдар түскен адамдарға МӘСҚ-дан төлем тағайындалатын болады. Талап етілетін еңбек өтілінің ең төменгі деңгейі - 6 ай болмаған қатысушыларға бюджеттен бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.
Сондай-ақ, еңбек қызметін қайта жалғастырған жағдайда әлеуметтік төлем тоқтамайды, керісінше сол сияқты мемлекеттік жәрдемақы мөлшері деңгейінде жалғасады деп көзделуде.

– Цифрлық отбасы картасы туралы не айтасыз?

– Баласы бар отбасы үшін, әрине, алаңдаушылықтар көп. Мемлекеттік органдардың цифрлық технологияларды дамытуы және әлеуметтік төлемдерді тағайындау процестерін автоматтандыруы мемлекеттік қызметтердің сапасы мен халық үшін қолжетімділігін арттыру мақсатында оларды көрсету процестерін оңтайландыруға мүмкіндік берді. Мәселен, электронды қызметтер көрсету қарқынды дамуда. Жүктілік және босану бойынша төлем алу үшін egov.kz порталы арқылы, ал бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін төлем egov.kz порталы арқылы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүгінуге болады.
Әсіресе, азаматтарға өтініш бермей-ақ, проактивті форматта көрсетілетін қызметтер сұранысқа ие болуда, ол үшін қызметті алу құқығын іске асыруға келіп түскен смс-хабарламаға өз жауабын-келісімін берсе жеткілікті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталды. Іс жүзінде Карта - бұл әлеуметтік мәртебесіне байланысты, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы»;
көрсетілетін мемлекеттік қызметтің проактивті форматының жаңа құралы. Яғни, мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады.
Бұл бүгінгі таңда өңірдің және тұтастай елдің әлеуметтік портретін қалыптастыруға ғана емес, сонымен бірге халықты әлеуметтік қорғау шараларын іске асыруға бағытталған мемлекеттік бюджет пен МӘСҚ қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте тұрғындар Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы да дәстүрлі әдіспен төлем алуға өтініш білдіре алады.
Тұтастай алғанда, Қазақстанда отбасын, ана мен баланы мемлекеттік қолдау әлеуметтік қамсыздандырудың басты басымдықтарының бірі болып табылады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.