Версия для печати

Мейіржан ШЕРМАХАНБЕТ, грек-рим күресінен Азия чемпионы: СПОРТТЫҢ ЖОЛЫ – ТЕҢІЗДЕЙ ТЕР Избранное

Понедельник, 03 Октябрь 2022 05:16 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5409 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Күрес түрлерінен Ұланбатырда (Моңғолия) өткен Азия чемпионатында грек-рим күресінен екі бірдей алтын жүлдеге қол жеткіздік. Шымкенттік балуандар Мейіржан Шермаханбет пен Әлімхан Сыздықов Қазақстан қоржынына батпандай қос алтын салды. Шындығында, оңтүстік жұрты Азия чемпионатының алтын жүлдесін ұзақ күтті. Әлем чемпионатының жүлдегері Мейіржан Шермаханбет әлемдік саптағы мықты балуандардың бірі. Әбжіл қимылдайды, техникалық әдіс-айлалары толыға түскен.

303

 

Балуанмен әңгімелестік. Биылғы әлем чемпионатынан жарақаты себебінен тыс қалған жерлесіміз алдағы жоспарларымен бөлісті. Ең алдымен Азия чемпионатын қорытындылап беруді өтіндік.
– Азия чемпионатына жақсы дайындықпен бардық. Кореялық балуаннан есемді қайтарсам деп жүрген едім. Соның орайы келіп, бұл жолы біз жеңіс тойын тойладық. Екі дүркін әлем чемпионы Хан Сю Рюге 2019 жылғы чемпионатта есе жіберіп алғанмын. Келесіде одан қайратты екенімді дәлелдеймін деп көпшілікке берген уәдем бар. Арнайы жоспар құрып, ойлаған әдіс-айлаларымды іске асырдық. Мұнымен тоқтап қалмаймыз.

– Токио ойындарына жолың түспеді. Кейде қандай ой келеді?

– Әрине, екі рет іріктеу турниріне қатыстым. Жеңіліс бар жерде жеңіс бар. Бұл жолы нәсіп болмаса, келесі Олимпиада бұйыратын шығар деп ойлаймын. Өткен істі ұмытып, енді тек алға жүру керек. Олимпия ойындарындағы барлық белдесулерді тамашаладық. Өзімнен талай рет жеңілген қарсыластарым жүлдегер болды. Осы жағдай өкінішті, әрине. Сол тұғырда мен де тұрар едім ғой деп кейде ойланамын. Мәселен, таяуда Сербияда өткен әлем чемпионатында жеңімпаз болған сербиялықты, екінші орын алған парсы балуанынан да талай рет мерейім үстем болған. Соңғы әлем чемпионатында өзімнің салмағымдағы барлық балуандардың күресін көрдім. Қарсыластардың деңгейінде өсу бар. Жастар қосылып жатыр. Бапкерім екеуміз әрбіріне талдау жасадық. Енді келесі жылғы әлем біріншілігінде жеңімпаз болсақ деген мақсатымыз бар. Елімізге 1999 жылдан бері әлем чемпионатының алтыны бұйырмай келеді. Біз осы олқылықтың орнын толтырып, жеңісті дәстүрді жалғасақ дейміз.

– Әдіс-тәсілдерді жетілдіруге қаншалықты көңіл бөлінді? Жанкүйерлер күресіңде өзгеріс барын айтып жүр.

– Әрине, спорттың жолы – ауыр еңбек. Әлем чемпионатында, Азия іріктеу турнирінде жіберген қателіктерді түзедік. Біршама әдіс-тәсілдерді жетілдіруге жұмыс істедік. Төрттағанда қолданатын әдістер, кілемнің сыртына шығара лақтыруда біршама тәсілдерді үйрендік. Яғни, қарсыласты алдап-соғу, басқа әдіспен сан соқтырып кету өз нәтижесін беруде. Мұны ұлттық құраманың жаттығу жиындарында көп қайталадым. Сол кезде осы әдістерге арнайы уақыт бөлдік. Шетелдік тәжірибелі балуандардан да үйренетін тұстарымыз бар. Жалпы, мұндай ерекше тәсілдерді істеуге де икем қажет.
Жалпы өзім грек-рим, еркін күрестегі барлық белдесулерді тамашалаймын. Әрқайсысынан өзіме керегін аламын. Кейбірінің істеген қателіктерінен сабақ алып, жақсы әдістерін тәжірибемде қолдануға тырысамын.

– Спортшы рухани тұрғыда да даму керек қой...

– Рас айтасыз. Біз оны да назардан шығарған емеспіз. Тарихи фильмдер, тарихи кітаптар спортшыға мотивация береді, намысты қайрайды. Қазақ батырлары туралы кітаптар оқимын. Ұлттық құрама жігіттері де оқу-жаттығу жиындарына үнемі кітап алып келеді. Қазіргі уақытта осындай жақсы дүниелерге де уақыт бөліп жатырмыз.

– Шымкент қаласында грек-рим күресінің дамуын қалай бағалар едің?

– Біздің жеңіспен өрілген тарихымыз бар. Араға неше жыл салып, Азия чемпионатының екі бірдей алтын жүлдесі бұйырды. Бұл жастарға үлкен мотивация болды. Кадеттер, жастар арасында да құрлық чемпионатының жүлдегерлері әрдайым шығып жатыр. Қазіргі жасөспірімдердің талпынысы қуантады. Қалалық спорт басқармасы, қалалық федерация да спортшыларға жеткілікті қолдау көрсетіп келеді. Оқу-жаттығу жиындарына тұрақты барамыз. Бәрі де қолдауға байланысты. Шымкентке келгенімде залға барып, кішкентай балалармен кездесіп, ақыл-кеңесімді беріп тұрамын. Кездесуге, мастер-класс өткізуге шақыратындар көп. Жасөспірімдерге бір сәт жүздескеннің өзі үлкен қуат береді.
Ендігі ретте шаhарда күрес түрлері бойынша спорттық инфрақұрылымды дамыта түсу керек. Ғылыми әдістерге көңіл бөлу, спорттық медицинаны дамыту уақыт күттірмейді.
Күреске балаларды қызықтыру үшін әлі де насихат жұмыстарын жандандыра түсу қажет. Күресті дамытуда түрлі жобалар, шоу бағдарламалар ұйымдастырылса деймін. Жастар осы спорттан өмірде жетістікке жетуді, отбасын асырауды ойлайды. Сол себептен, оларды қаржылай қолдауға қызықтыру іс-шараларын қолға алған жөн. Одан кейін, жасөспірімдер әдемі безендірілген, құштарлығын оятатын заманауи залдарда жаттыққысы келеді. Қайбір жылдары Мардан Сапарбаевты еске алу турнирінде жеңімпаз балуанға автокөлік берілген болатын. Сонымен қатар, күрес лигалары ұйымдастырылса, құба-құп. Міне, қазіргі уақытта осындай іс-шаралар көптеп өткізудің пайдасы мол.

– Алдағы жоспарларды айта өтсең...

– Қазір аздаған үзіліс алдық. Жарақаттарды емдеп, біршама тынығып алғаннан кейін қараша айында жаттығуды қайта бастаймыз. Келесі жылы Азия чемпионаты, Азия ойындары, әлем чемпионаты сынды дүбірлі додалар бар. Әлемдік сайыста Олимпиада ойындарына жолдама беріледі. Міне, осы сайыстарда ел намысын абыроймен қорғап, көк Туды желбірету үшін бар күшімізді саламыз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.