×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Ақылбек ЕРТАЕВ, Шымкент қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы: «Нөлдiк төзiмдiлiк» – сана-сезiмдi қалыптастырудағы басты құрал

Пятница, 13 Март 2015 05:25 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5760 раз

«Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам. Біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек». ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған осы бір қағида ел азаматтарына үлкен міндет пен жауапкершілікті жүктегені анық. Осы орайда, ел азаматтарын тазалық пен тәртіпке, мәдениет пен ұқыптылыққа шақыратын «Нөлдік төзімділік» қағидатының тиімділігі мен өзіндік нәтижесін білу мақсатында біз Шымкент қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Ақылбек Ертаевпен сұхбаттасқан едік.

DSC 0304– Ақылбек Қайыпұлы, Елбасының ұзақмерзімді стратегиясында меже етілген «Нөлдік төзімділік» қағидатының маңыздылығы неде? ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне енгізілген жаңа ереженің негізгі басымдықтары қайсы?
– Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев осыдан екі жыл уақыт бұрын құқық қорғау органдарының басшыларымен өткен жиында елеусіз құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтіп, «нөлдік төзімділік» қағидатын жүзеге асыру бойынша нақты міндеттерді тапсырған болатын. Осы тапсырманың аясында, Ішкі істер министрлігі азаматтардың құқықтық сана-сезімін қалыптастыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға тікелей  әсер ететін жаңа Әкімшілік Кодексін дайындады. Үстіміздегі жылдың 1-қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа ережелер негізінде қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қалыптастыруға басымдық берілді. Яғни, жаңа Кодекстің 434-бабына сәйкес, ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларды қорлап, тиісу, тұрғын жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды, ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарда коммуналдық қалдықтарды шығару және қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, төңірегіндегілерді сыйламаушылықты білдіретін басқа да іс-әрекеттер қарастырылады. Ондағы құқық бұзушылық әрекеттер сот құзырында қаралады. Және оның жауапкершілігі 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.
– Сот қарауына жолданған ұсақ құқықбұзушылық әрекеттерге талдау жасай кетсек, айыпты болған азаматтардың денін кімдер құрайды?
– Сот қарауына жіберілген істерге назар аударатын болсақ, өткен жылы Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына ҚР Әкімшілік Кодексінің 330-бабы бойынша барлығы 2777 іс жолданыпты. Соттың шешімімен ондағы 794 азамат белгіленген мерзімде әкімшілік қамауға алынған. 1868 азамат кесімді айыппұлды төлеуге міндеттелді. Нәтижесінде, 10 миллион 521 мың теңгеден астам қаржы мемлекет қазынасына түсті. Өкінішке қарай, мұнда кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің қатары да жиі бой көрсетіп қалуда. Атап айтқанда, 11 жас-өспірім жеке басының ұқыпсыздығы салдарынан айыпты болды. Ал, ағымдағы жылдың екі айында 287 іс сот қарауына жіберіліпті. Күні бүгінге дейін айып иелерінен 2 миллион 364 мың теңге қаржы өндірілген.
– Ал, бірнеше мәрте қайталанып жасалған ұсақ құқық бұзушылық әрекеттер үшін қаншалықты жаза қарастырылған?
– Бір жыл уақыт мерзімінде қайталанған құқық бұзушылық іс-әрекеттер үшін әрине, заң талаптары қатаңдау болмақ. Мәселен, жоғарыда атап өткен ҚР Әкімшілік Кодексінің 434-бабы, яғни, ұсақ бұзақылық әрекеттер бойынша әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер үшін он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға соттың құзіреті бар. Ал, Кодекстің 50-бабында көрсетілгендей, әкімшілік қамауға алу қолданылмайтын адамдар жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Айта кетелік, аталған 50-бап бойынша, жүкті әйелдерге және он төрт жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге, он сегіз жасқа толмаған адамдарға, 1 және 2 топтағы мүгедектерге, сондай-ақ, 58 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан асқан ер адамдарға әкімшілік қамаққа алуды қолдануға болмайды.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде айыпталушы азаматтардың әлеуметтік, құқықтық әлеуеті ескеріле ме?
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 819-бабына сай, сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалған не жасалмағанын, тұлғаның кінәлі не кінәсіздігін, жауаптылықты жеңілдететін не болмаса ауырлататын мән-жайлардың бар-жоғын, мүліктік залал келтіргенін не келтірмегенін және өзге де маңызды дүниелерді анықтауға міндетті. Егер де жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар анықталған жағдайда сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған жеке тұлғаға салынатын әкімшілік айыппұл сомасын қысқартуға, нақты айтқанда, айыппұлдың жалпы сомасын отыз пайыздан аспайтындай етіп қысқартуға құқылы.
Нақты мысал ретінде келтіре кетсек, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілгендей, Республика даңғылының бойында темекі қалдығын қоғамдық орында жерге тастаған 1985 жылы туылған азамат Ханалы Мұсаев айыпты деп танылып, оған он айлық есептік көрсеткіш бойынша, яғни, 19820 теңге айыппұл салынған. Тек, айыптының өз кінәсін толық мойындап, оған өкініш білдіруін, өзінің жұмыссыз екендігін, айыппұл көлемі азайтылған жағдайда өз еркімен төлеп құтылатындығын айтып, берген уәдесі үшін оған салынған айыппұл мөлшері отыз пайызға қысқартылған. Яғни, 13874 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
– Айыпты болу абыройлы іс емес. Ендеше, ел арасында ұсақ құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында қандай шараларды қолға алған маңызды?
– Рас, өркениеттің көшіне ілесіп, сәулеті мен мәдениеті келіскен еңселі ел болуымыз үшін ең алдымен, әрбіріміз бойымызға отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, ұқыптылыққа, тазалық пен жинақылыққа бейілді болуымыз керек. Сол себептен де, тазалық мәселесі қай кезде де баршамызға бірдей жүктелген міндет, бәрімізге бірдей сын болып қала бермек. Елбасы айтқандай, «дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады.» Менің қала тұрғындарына айтарым, азаматтық тұлғамызды, жауапкершілігіміз бен абыройлы міндеттерімізді жадымыздан шығармағанымыз жөн.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ