×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Дiн – дәстүріміздің берік қорғаны

Пятница, 20 Март 2015 08:19 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5302 раз

IMG-20150317-WA0161Қадыржан Мамметов,
Шымкент қалалық «Исамуддин баба» мешітінің бас имамы:

«Бүгінгі жаһандану заманында имандылық құндылықтарын жоғалтып алмаймыз ба?» деген сауал қай-қайсымызды да бей-жай қалдырмайтыны анық. Иманды Алланың үйінен табатынымызды да жоққа шығара алмасақ керек. Ал, мешіттегі имам  – Алланың уахи сөздерін насихаттайтын діни тұлға ғана емес, барша жамағатты жақсылыққа үндейтіні де көпшілікке аян. Осы орайда, біз Шымкент қалалық «Исамуддин баба» мешітінің бас имамы Қадыржан Мамметовпен әңгімелескен едік.

– Қадыржан Ергешұлы, Қазақ-стан Мұсылмандары Діни Басқармасы тарапынан өткен жыл – Дін мен дәстүр жылы ретінде аталғаны баршаға мәлім. Жалпы, асыл дінімізді ұлықтауда ұлттық салт-дәстүріміз қаншалықты үйлесімге келеді?
– Иә, Елордамыздың төрінде өткен «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты тұңғыш имамдар форумы еліміздегі барша дін қызметкерлерінің алдына негізгі мақсат-міндеттерді белгілеп, үлкен жауапкершілік жүктегені анық. Нақ осы форумда «қазақ қоғамында асыл дінімізді қалай өркендетеміз?» деген сауал төтесінен қойылды. Онда Хақ дінін ұлттық дәстүрмен байланыстыра отырып уағыздау мәселесіне мейлінше назар аударылды. Ұлтты сақтап қалатын нәрсе осы – дін мен дәстүр. Онсыз өркениет те, өрлеу де жоқ. Біз өзімізді әлімсақтан мұсылман санайтын халықпыз. Намаз оқу, ораза ұстау, айт намаздарын өтеу – бұрыннан келе жатқан, дәстүрге айналған діни рәсімдеріміз. Діннің астарында дәстүр, ал дәстүрдің негізі – дінде жатыр. Жамағаттың жадына осы қос ұғымды сіңіру үшін дін мен дәстүрді жаңғырту жолы таңдалды. Дәстүрді бойына дарытпаған адам дінді де дұрыс ұстанып кетеді деп айта алмаймын. Сол себептен де, дін – дәстүріміздің берік қорғаны болып қала бермек.
– Бүгінгі дін адамы қандай болуы керек?
– Жоғарыда атап өткен форумның барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «дінді уағыздаушы имамдар ең әуелі иманжүзді болуы керек. Салиқалылық, білімпаздық әрбір дін қызметкерінен талап етіледі» деген еді.  Хадис әңгімеде айтылғандай, бір адамдар Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардан: «Дін деген не?», – деп сұрағанда, ол: «Дін – көркем мінез», – деп жауап беріпті. Демек, Ислам адамдарды сыртқы киімі мен түр-пішінін өзгерту үшін емес, Жаратқан Аллаға ғана табыну және мінез-құлықты ізгілік жолына қарай түзеуге түсірілген. Ислам дінінің негізгі өкілдері және үйретушісі имамдар болғандықтан, бұл мәселенің жауапкершілігі алдымен дін қызметкерлеріне жүктелетіні бар. Имамның бойында барлық жақсы мінез-құлықтар болуы тиіс. Ол өзі кішіпейіл, мейірімді, жомарт және өте қарапайым болғаны абзал. Сондай-ақ, дін қызметкерлері халыққа дұрыс жолды үйретуші міндетін атқаруы үшін өздерінің білімді болуы да басты назарда ұсталады. Қазір қарапайым жамағаттың да діни білімі мен танымы біршама көп биіктеді. Олай болса, халықтың ортасында жүретін имамдар білімді басты орынға қоюы тиіс.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дінге қауіп төндірген мәселелердің бірі – кейбір діни секталардың мұсылмандар арасына іріткі салып, жікке бөлуі баршамызды алаңдатты. Бұл өзекті мәселеде әсіресе, қаракөз жастарымыз үлкен жапа шеккенін де жасыра алмаймыз.
– Егемендігімізді алып, еңсені тіктеген Тәуелсіздік жылдары Кеңес кезінде құлауға шақ қалған рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Тәуелсіздік туы желбіреген 1991 жылы елімізде санаулы мешіттер болса, бүгінде оның қатары көбейді. Алайда, руханиятқа, иманға, дінге шөліркіген халқымыз, жастарымыз діни білім алуға бет алғанымен, кейбір бауырларымыз өзге ағымның арбауында кетті.
Өзге діни ағымның жетегінде кеткендер ағын судан нәр алатындар секілді. Бұлақтың бастауында тұрған асыл дінімізден адасып, дінді біліммен тани білмеу нағыз қасірет. Білімсіздік – бүлікке, бүлік – бөлінуге әкеп соғады. Ұлтқа, тілге, дінге бөлінуді дініміз құптамайды. Адам баласы дінге жүрек қалауымен келеді. Сол себептен де, дін – нәзік мәселе.
– Демек, діни ағамдардың ықпалында жүрген жастарға көркем насихат айту арқылы оларды райынан қайтаруға болады ғой?
– Ниет етіп кіріскен іс жемісті болады деп ойлаймын. Бір-бірімізді болмашы дүниелік мақсаттар үшін күндемей, ел игілігі үшін бірігіп тірлік етудің күні туды. Іштен ірісек ісіміз алға баспайды. Осындай алмағайып заманда бүлікке емес, бірлікке ұмтылғанымыз абзал. Осы бағытта біздің мешіт қызметкерлері ұдайы жазасын өтеу мекемелерінде болып, ондағы өзге діннің ықпалында кеткен бауырларымызды ізгілікке, кішіпейілділікке шақыратын уағыздарын жүргізіп келеді.
– Жат ағымдардың шылауында кетпес үшін не істеу керек?
– Әрине, білім алу керек. Біздің көздегеніміз – көркем насихат арқылы бұрыс түсінікте жүргендердің жүрегін жібіту, қатесін кешіріп, даналық жолмен қазақ жерінде дәстүрге айналған Ханафи мәзһабын ұстануға шақыру. Себебі, Алла Тағала Қасиетті Құранда дінді көркем түрде даналықпен жеткізуді бұйырған. Аятқа амал еткен дін ғұламалары көркем түрде пікір таластырған. Міне, дініміз даналық жолын ұстануға үндейді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ