«Наурызда ұлттық құндылықтарымыз кеңiнен насихатталуы тиiс»

Пятница, 20 Март 2015 08:29 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4818 раз

Мекемтас Мырзахметов,  абайтанушы,
филология ғылым­дарының докторы, профессор:

Наурыз мерекесі қарсаңында белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзах­метовпен сұхбаттасқан болатынбыз. Әр сөзін сараптап, салмақтап, ой тастай сөйлейтін зерттеуші ғалым сұрақтарымызға жан-жақты жауап берді. Ұлттық мәселелер төңірегінде де тереңнен сөз сабақтап, өзінің ой-ұсыныстарын ортаға салды.

Мереке концерт көрiп, шапан киюмен ғана шектелмеуi керек

044-687x1024– Мекемтас аға, халқымыз үшін Наурыз мерекесінің мән-маңызы қандай болған? Алдымен осы туралы толығырақ айтып өтіңізші.

– Қазақта, жалпы түркілерде мереке аз болған. «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп» деген тәмсіл дәлел бұған. Ұлтымыз үшін мерекенің ұлысы – әз Наурыз. Бұл есте жоқ ескі заманнан келе жатқан мерекеміз, исі түркіге ортақ. Бұл мейрамның маңызы мен мәні бөлек. Мәселен, түгел жұртты жинап, тайқазаннан ас беру – бұл елдіктің белгісі. Мұнда халық өзара қауқылдасып, ақ дастархан басында бас қосады. Бұл араластықты, тұтастықты, татулықты ту етпек үшін, елдің іргесін бүтіндеп, алысты жақындатып, жақынды біріктіріп отыру үшін керек. Қазақтың пейілі дархан, көңілі ақ. Ол осындай жөн-жоралғы арқылы жұққан. Тіпті, бұрынғы заманда, Наурыз кезінде түмендеп халық жиналатын көрінеді. Ол түмен бір рудан, бір өлкеден емес, Алты алаштан ат арытып келгендер болатын. Төрт тарапқа сауын айтып, елдің ұйытқысына айналдыра білгендігі осыдан-ақ көрінеді. Сондай-ақ, мереке кезінде түрлі ырым-жоралғылар, танымдық тағылымдар көрініс табады. Әсіресе, ойын-сауық, балуан күрес, ат шабыс, көкпар тартыс секілді мерекелік көңіл күй тұтас даланы кернеген. Ал, ең бастысы, мұндай мерекеде буын сабақтастығы жалғасып, рухани байланыс нығаяды. Қарттар кейінгіге көрген-білгенін, түйгені мен естігенін, әулет, ел тарихынан сыр шертеді.

– Ал, бүгінгі мерекелер ше? Ұлыстың ұлы күнін өз деңгейінде тойлап жүрміз бе?

– Наурыз мерекесінің тағдыры қиын болған. Себебі, Кеңес өкіметі бұл мерекені ислам дінінің қалдығы, діни мереке деп 1926 жылы тыйым салды. Осылайша 1989 жылға дейін Наурыз мерекесі мемлекеттік деңгейде тойланбай келді. Бірақ, соған қарамастан дүрілдетіп, думандатып ойламасақ та, ауыл-ауылдарда наурызкөже әзірлеп, жасырын атап өтіп жүрдік. Арада қаншама жыл өткенде Наурыздың халқымен қайта қауышуына Өзбекәлі Жәнібеков сынды ақжүрек азамат табандылық танытып, үлкен көмегін тигізді. Бұл игі іске қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов та ерекше қолдау көрсетті. Наурыз елімізде осылай орныққан еді. Рас, қазір мерекенің мәні де, мазмұны да өзгерді. Өкінішке қарай, біз мереке десе, арзан концерт, жеңіл той деп қана ұғатын болдық. Мұнда рухтың бостандығы, дәстүрдің жаңғыруы емес, керісінше ресми сипаттағы жиындар мен құттықтауларға баса мән беріледі. Біз үшін тамырымызға үңілу, тарихымызға зер салу басты назарда болған жөн. Байқауымша, біздегі мерекелер бірізді ғана. Әншілерден сұхбат, олардың қайда тұрғанын, не істегенін, немен айналысатынын көрсету, азды-көпті мерекелік қойылымдар ғана беріледі. Ал, тарихи жадты олар оята ала ма, әлде керісінше, жастардың рухани сұранысын өшіріп алмай ма? Осыны ойлану керек. Наурыз әлі де өзінің жолын таба алмай жатыр. Бабаларымыз бұған қандай әдістермен өтті? Біз соны толық білмейміз. Себебі, біздің тарихи жадымыздан өшіп кетті. Біз Наурызды бұдан да гөрі жандандыруымыз керек.

– Сонда Наурызды есте қаларлықтай етіп өткізу үшін не істеу керек?

– Наурызды керемет етіп тойлау үшін, біріншіден, терең зерттеуіміз керек. Тарих өлі күйінде қалмауы тиіс. Оны бүгінгі ұрпаққа мән-маңызы аз бағдарламалармен, қалың кітаптағы жазбалармен түсіндіре алмайсың. Ол үшін осындай мерекелік шаралардың мазмұнын жетілдіріп, әсерлі де тағылымды бағдарламалар ұйымдастыра білуіміз керек. Сонда халықтың сынған сағын, төменшіктеген рухын көтерер едік. Қысқасы, қазақтың қазақ екендігін көрсететін бірден-бір мереке осы Наурыз болуға тиіс. Білсеңіздер, Наурыз – концерт көріп, киіз үй тігіп, шапан киюмен ғана шектелмеуі керек. Қазақтың қандай жақсы дәстүрлері бар, соның бәрін осы мейрамда жақсылап көрсете білгеніміз абзал. Бұл мерекеде ұлттық аспаптардың үні әрбір қазақтың құлағында жаңғыруы тиіс. Наурыз дегеніміздің өзі жаңа күн деген ұғымды білдіреді. Наурыз – достықтың, береке мен бірліктің мерекесі. Егер, біреуге өкпелесеңіз, біреуге ренішіңіз болса, осы мерекеде кешіріп, араздықты ұмыту керек. Осының бәрі шын ниетпен жасалса, ғанибет қой. Қазір Наурыз мейрамы Оңтүстікте жыл сайын мазмұндалып, халық санасына сіңісіп келеді. Мысалы, бізде Наурызды тоғыз күн тойлау дәстүрі қалыптасып жатыр. Бұл қуантарлық жайт. Осы үрдіс үзілмей, ұлттық мерекеміздің нағыз қайнарына айналуы тиіс.

«Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ашылады

– Елдік мәселелерді сөз етіп отырсыз ғой, ендігі ретте еліміздегі ұлттық идеология туралы ойыңызды білгіміз келеді. Қалай ойлайсыз, бізде ұлттық идея қалыптасты ма?

– Жоқ деп айта алмаймыз. Ұлттық идея бар. Бізде идеология жағы кемшін түсіп жатыр. Мысалы, Араб елдерінің барлығы Ислам әлемін қолдайды. Біз оны үлгі етіп ала алмаймыз. Себебі, біз зайырлы мемлекетпіз. Біз алдымен, халқымызды әбден тануымыз керек. Қазақ бұрын қандай халық еді? Тамырымыз қайда? Қазақтың қиналмаған, қыспаққа түспеген кезі жоқ. Халқымыз өз тарихында әбден сүйретпеге түсіп, жаны зорға қалды. Енді тіріліп келе жатқан халықпыз. Олай болса, елді даңғыл жолға бастау үшін мықты идеология қажет. Қазір пиғылы бөтен, сырттан келіп жатқан қаншама теріс діни ағымдар бар. Олардың көксегені – елдің арасына іріткі салу, біртұтастығымызға сына қағу. Бүгінде біздің білім беру жүйеміз, әсіресе қоғамдық ғылымдар әлі күнге еуропалық көзқарастағы бағытпен жүріп келеді. Сол қалыптан шыға алмай жатырмыз. Еуропаның азып-тозған педагогикасы бізге үлгі бола алмайды. Біз Тәуелсіз елміз, сондықтан өзіміздің салт-санамызға негізделген ұлттық білім беру жүйесін қалыптастырып, жаңа модельде білім беруіміз керек, яғни педагогикамызды ұлттық шығыстық қалыпқа бағыттау қажет.

– Тағы бір салмақты сауал туындайды, бүгінгідей жаһандану заманында ұлттық сипатын жоғалтпау үшін жанталасып жатқан елдер көп. Осы орайда біз қазақы қалпымызды қалай сақтап қаламыз?

– Бұл шынында, ауыр сұрақ. Өзгенің ықпалынан бізді құтқаратын – тек қана ата-бабамыздың жолы. Қазір біз жиі айтатын Еуропа иман дегенді білмейді. Әрине, олардың жаңа технологиясын алу керек, әдіс-тәсілін меңгеру керек. Дегенмен Еуропа ғылымды имансыздық жолға бастады. Ғылым халыққа, адамзатқа қызмет етіп, игілігін беру керек. Олар атом бомбасын жасайды, лазерьмен жоятын түрлі биологиялық, химиялық қарулар ойлап шығаруда. Қазір жер бетін тып-типыл етіп, тіпті 15 рет жоқ қып жіберетін қарулар бар. Не деген қанағатсыздық?! Бұл – имансыздықтың көрінісі. Негізінде, Еуропа қатыгезденіп, құруға бет алып бара жатыр. Мағжан Жұмабаевтың өткен ғасырда жазған: «Күнбатысты қараңғылық қаптаған, Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған. Бiлген емес иман деген не нәрсе, “Қарын” деген сөздi ғана жаттаған», – деген өлеңі бүгінде де аса маңызын жоғалта қойған жоқ. Біз, шын мәнінде, қазақы қалпымызды сақтап қаламыз десек, ескі шапанымызды шешіп, ұлт­тық шапанымызды киюіміз керек.

– Жұртшылық сізді ең алдымен белгілі абайтанушы ретінде таниды. Сіз қазіргі таңда Абайдың «Толық адам ілімін» зерттеп жүрсіз. Осы еңбегіңіз туралы тарқатып айтып берсеңіз.

–  Абайдың «Толық адам ілімі» – адамның ішкі рухани әлемін тазартатын бірегей ілім. Бұл ілімнің тамыры Әл-Фарабидің парасатты адам, Жүсіп Баласағұнидің жа­уан­мәрттілік (зомарт-жомарт) ілімі, Ясса­уидің хал ілімінде жатыр. Абай адам жанының, рухының кеселді, зиянды жағынан оқырманын аулақ ұстап, рухани жағынан іштей түлеп жетілу, кемелдену жолына үндеген ойшыл. Хакім Абайдың 7-қара сөзінде: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады», – деп ой толғауының төркіні қайда жатқанын аңғартады. Абайдың дүниенің көрінбеген сыры деп отырғаны – адамның рухани әлемі. Менің мақсатым, Абай ілімін терең зерттеп, жүйелеп, ғылыми негізге салып жас ұрпақ қолына жеткізу. Бұл салада оқулықтар мен бірнеше ғылыми еңбектерім жарыққа шықты. Қазір «Абайтану» ілімі еліміздің 8 жоғары оқу орнында оқытылуда.

– Алдағы уақытта Астанада «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ашылмақ екен. Ол орталық немен айналысады?

– Қашанда елді көгертетін руханият саласы. Жалпы, біз Абайды темірқазық етіп алмайынша өспейміз. Қазақ кері кетсе, Абайдың сөзін білмегендіктен кері кетеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деген сөзінде үлкен мән бар. Абайдың ілімі – бұл тек қазақтың ғана емес, бүкіл түркі халықтарының моральдық кодексінің негізіне айналуы тиіс. Осы идеямызды өрістету бағытында елордада 5 қабатты арнайы орталық салынбақ. Қазір мемлекеттен тиісті қаражат бөлінді. Жыл соңына қарай пайдалануға беріліп қалуы мүмкін. Бұл әлемдік деңгейдегі үлкен орталық болмақ. Мұнда өмірін ғылымға арнаған қызметкерлер еңбек етіп, абайтанушылардың үлкен шоғырын қалыптастыратын болады. Ерекшелігі сол, жұмысқа қабылданатын мамандар арнайы конкурстан өтеді. Жалпы, Абайдың ашылмай қалған қырын осы орталықта толық зерттеуге зор мүмкіндік қарастырылмақ. Сонымен бірге, доктарантура, магистратура ашу жайы да жоспарда тұр. Алла ғұмыр берсе, осы орталықта білгенімізді ортаға салып, ғылыми жұмыстарымды жалғастырсам деп отырмын.

Трайбализмге ұласпағаны жөн

– Талай жылдан бері талмай еңбек етіп келе жатқан елге белгілі ғалымсыз. Айтыңызшы, елімізде ғылымға деген көзқарас қалай? Көңіліңіз тола ма?

– Ғылым дамымаса ел ешқашан өркендемейді. Қазір, әрине, еңбектеніп, көз майын тауысып, жұмысын жасап жүрген ғалымдар баршылық. Әйтсе де, олардың жалақылары мардымсыз. Мәселен, біздің алып жүрген айлығымызды компьютерде жазу теретін хатшы қыздар да табады. Сондықтан да қазір жасы бар, жасамысы бар бәрі ғылымнан қашады. Есесіне, қазір жасанды академиктер, ғалымдар өте көп. Жасырып-жауып қайтеміз, мұны жұрттың бәрі біледі. Ақшаға сатып алу, жаздыру, сөйтіп, ғылыми атақ алу – таңғалатын жағдай емес. Бұл – ғылымға деген обалгершілік. Жасанды ғалымдар қоғамға не беріп жатыр? Міне, осы өкінішті жайт. Қазір Қазақстанда ғылымның дамуына бюджет қаражатының 0,6 пайызын бөледі. Тереңнен ойлап қарасақ, бұл өте төмен. Осыны 3 пайызға көтеруіміз керек. Мысалы, бұл көрсеткіш Ресейде 2 пайызға жетіп отыр.

– Өмір ағымына қарасақ, бүгінде «шала қазақ», «таза қазақ» деген ұғымдар пайда болды. Сіздіңше, бұл қазақтың біртұтастығына сына қағу емес пе?

– Бұл – патша өкіметінің орыстандыру саясатының жемісі. Мұны мен бөліп отырған жоқпын. Бұны саясат бөлді. Кезінде шоқындырудың кілті деп елімізде орыс мектептері ашылды. Кейін аралас мектеп болды. Аралас мектеп – бұл орыстандырудың түрі. Кемшілікке көзімді жұмып отыра беруге шыдамай, осы жөнінде мен «Су басынан тұнады» деген мақала жазғанмын. Онда ұлттық тәрбиені балабақшадан бастауымыз керектігін айтқанмын. Қазір, жаңылмасам, Қазақстанда 2097 аралас мектеп бар. Олар жылына 200-300 мың шала қазақты дайындап шығарады. Осыны реттеуде парасатты, жүйелі әрекет керек. Бұл мәселені бұрынғы және қазіргі Білім және ғылым министріне ауызша да айттым, жазбаша да жеткіздім. Нақты жауап ала алмадым. Біздің министрліктегілер батысқа барып, білім жүйесін әкеп ендіргісі келеді, ол бізде өнбейді. Жалпы, реформа деген ол үлкен нәрсе. Одан абайлау керек. Сол бастамаларды жалғап әкетпейді көбісі. Жаңа жүйе қалыптастырғысы келеді. Министрлік сынақ алаңы емес қой.

– Бүгінгі қазақ қоғамында ру, жүзге бөлініп, ата-бабасына арнап ас берушілер де кең етек алып барады. Бұған не дейсіз?

– Руды жағымсыз бейнеде қалыптасатырған тағы да сол отаршыл патша өкіметінің ‘’жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру’’ жолындағы саясаты еді. Мұнда империяның болыстық билік үшін талас-тартыста саналы түрде руды руға айдап салу саясатын ұстануы бізге үлкен зардабын тигізді. Бұл бүкіл қазақ елінің мінез-құлқының бұзылуына алып келді. Ұсақ рушылдықты, жалған намысты қоздырды. Менің айтарым, ру – бірлікке, ағайын-туыс ынтымағын нығайтуға қызмет етуі керек, оның трайбализмге ұласпағаны жөн. Мысалы дейік, бұрын ауылдағы бір отбасының асыраушысы қаза болса, оның бала-шағасына бәрі ұйымдаса көмектесіп, қиын жағдайда қалдырмаған. Сол секілді, қыз ұзатылып, ол адалдық сақтамаса, бүкіл ру ұятқа қалып, жерге қарайтын. Осы себепті қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, «қызға қырық үйден тыю», деп бүкіл руластар ру намысын көздің қарашығындай сақтауға атсалысатын. Арғы-бергі тарихымызда қазақ отбасында ажырасу деген болмайтын. Қыз ұзатып той жасалса немесе ас берілсе, бүкіл ағайын-туыс жиылып, бір кісідей қызмет ететін. Міне, рудың болмысын осы түсінікте қабылдап, ата-бабадан қалған үлгі-өнегесін қайта жаңғыртып, жетілдіріп тәлім-тәрбие ісіне пайдаланудың еш зияны жоқ.

Алаш ардақтылары мен кейiнгi буын арасындаµы алтын көпiр

– Сіз Халық хаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының өмір жолын зерттеп, бірнеше томдық жинағын жарыққа шығардыңыз. Сұрайын дегеніміз, ұлт батырының жұртқа беймәлім қандай қырын байқадыңыз?

– Баукеңнің барлық сыры да, қыры да жазған кітаптарында. Оның әрбір жазбасы ұлттық рухқа, отаншылдыққа тұнып тұр. Ол қазақтың ескі өмірін, тарихы мен мәдениетін жетік білетін. Қара сөздің қадірін білетін, қастерлейтін кісі еді. Елбасының Момышұлы туралы тамаша айтқан сөзі бар: «Жазушылардың ішінде өз халқын мұншалықты жақсы көрген жазушыны көрген жоқпын». Баукең, шын мәнінде – Алаш ардақтылары мен кейінгі буын арасындағы алтын көпір болды. Баукеңнің әкесі менің әкеммен дос болған екен. Мен әкемнен 3 жасымда жетім қалғам. Кейіннен Алматыға білім іздеп келген кезде, өзі қамқорлық танытып, қол ұшын созып тұрды. Кейіннен мен ол кісінің шаңырағында үш жыл тұрдым. Өмірін өнеге тұтып, 23 жылдай сыйлас іні болдым. Байқағаным, Баукеңде демалыс күн жоқтай көрінетін. Үйінен қонақ үзілмейтін еді. Небір қазақтың жақсы мен жайсаңдарымен осы асыл ағамның шаңырағында таныстым, талайымен пікірлестім. Мені солардың жанына әдейі шақырып отырғызып қоюшы еді. Қазір ойлап қарасам, «ұлағатты кісілердің әңгімесін тыңдасын» деген жанашырлық ниеті екен ғой.

– Кейбір деректерде Бауыржан Момышұлының Алаштың арысы Мағжан Жұмабаевпен кездескені туралы айтылады. Осының анық-қанығын өзіңіз айтып берсеңіз...

– Баукең өмірінде өтірік сөйлемеген адам ғой. Демек, Мағжанмен кездескені шындық. Оны өз аузынан естігенмін. Бұл 1949 жылы Сібірде болған екен. Баукең іссапармен сол жаққа барғанда, жергілікті рота командирі осында айдауда жүрген қазақ ақыны барын айтып, кездестіреді. Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғасы итжеккенде ағаш кесуші боп жұмыс істеп жүріпті. Алғашқыда Мағжан оған ала көзбен қарап: «Менен аулақ жүр, күйем жұғады» депті. Сол сәтте батыр Баукең ақынның қазақша бір өлеңін, сосын «Пайғамбар» деген өлеңін орысша жатқа оқыған. Сонда барып Мағжанның көңілі жібіп: «Қолыңнан келсе құтқар» деген көрінеді. Баукең: «10 күннен соң қайтып келем, бір амалын табармын» деген. Бірақ, кейін Баукең келгенде, «ол өліп кетті» деген хабар алады. Ол кезде КГБ-ның қулығы сайтанды да алдайтын еді ғой. Кім біледі, Баукеңе көрсетпеудің амалын жасаған шығар. Кейіннен осы жүздесудің әсерінен бе, әйтеуір, Баукең Мағжанның өлеңдеріне ерекше ықыласы ауып, оның бірнеше өлеңдерін аударғаны бар.

– Мекемтас аға, Қазақ елінің болашағын қалай елестетесіз?

– Қазақстан енді қалыптасып келе жатқан жас мемлекет. Солай бола тұра, алдына қойған мақсатына жету жолында сеніммен алға басып келеді. Меніңше, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену үшін дәл қазіргі кезеңде бізге ар-ұяты қалғымаған, елшіл, қолы таза басшылар ауадай қажет. Себебі, көп істің тетігі, жұмыстың жандануы ел басқарған азаматтарға тікелей байланысты. Мені қуантатыны, қазір тәуелсіз елде жаңаша сараптама жасайтын, түйсігі азат жастар өсіп келеді. Өмір бір орында тұрмайды ғой, ертеңгі мемлекеттің болашағы солардың қолына өтеді. Туған елдің тарихын, дәстүрін терең білетін сондай азаматтар болғанда Қазақ елінің жолы даңғыл болады.

– Салиқалы әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Сәбит ТАСТАНБЕК

Последнее изменение Пятница, 20 Март 2015 15:04
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.