«Аттың құлағында ойнап өскен ұландар Олимпиадада жүлде алуды көздейдi»

Пятница, 03 Июль 2015 07:27 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6798 раз

Ғани Ахметбаев,
Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің
мамандандырылған спорт мектебінің директоры, қалалық
мәслихаттың депутаты

IMG-20150407-WA0002Қазақ сайын дала төсінде ат құлағында ойнап, көкпар шауып, теңге іліп, қыз қуып, саятшылық жасап өскен еркін халық. Ғасырлардан бері қалыптасып, ата-бабамыздан мирас болып қалған осы ұлттық спортымызды бүгінде өшірмей, көкжиегін дамытып жүрген азаматтардың бірі Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ғани Ахметбаевты Оңтүстік жұртшылығы жақсы таниды. Қолы қалт етсе жылқыны серік етіп, ат үстінде жүргенді жаны сүйетін Ғани Молдабекұлы жеті жылдан бері Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директорлық қызметін абыроймен атқарып келеді. Ұлттық спортымыздың бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігін білу мақсатында атшабарға біз де бас сұққан едік.

– Ғани Молдабекұлы, алдымен өзіңіздің туып-өскен ортаңызды және жылқыға деген құмарлығыңыздың себебін біліп алсақ...
– Қазіргі «Қайтпас» шағынауданы бұрындары ауылдық жер болатын. Мен осы жерде қарапайым, көп балалы отбасында дүниеге келдім. Әкем Молдабек Ұлы Отан соғысына қатысқан азамат. Қан майданнан аман-есен оралған әкем осы атшабардың орнында болған сиыр фермасында талай жыл еңбек еткен. 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, «Батыр Ана» атанған анам Тұйғын да осы фермада сауыншы қызметін атқарған. Бала кезімізде біз де фермаға келіп әке-шешемізге қолғабыс етіп жүретінбіз. Сол кісілердің арқасында ұлттық салт-дәстүрімізді бойымызға сіңіріп өстік қой. Ат жалынында ержетіп, есейген соң грек-рим күресімен шұғылдана бастадым. Спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне дейін жеткен кезде, отбасылық жағдайларға байланысты спортты тастауға мәжбүр болдым. Содан жоғарыда аталған ферманың орнына кейіннен облысты абыроймен басқарған атпал азамат Асанбай Асқаровтың бастамасымен бүгінгі атшабардың іргесі қаланды.  Менің еңбек жолым осы тұста атшабарда ат күтушіліктен басталды. Аттарды баптай жүріп, оларға құмарым арта берді. Жылдар өте келе ат баптаушыдан бірталай жыл жаттықтырушы болдым, міне енді Алла пешенеме осы мектепке басшылық етуді жазыпты. Жұмыстан тыс, қолым бос кезде де осында келіп жылқыларды көріп, арғымақпен атшабарды бір айналып шығуды әдетке айналдырғанмын. Дана ата-бабаларымыз ат үстінде жүргеннің адам жанына ләззат пен денсаулығына пайдасының зор екенін ежелден білген ғой.
– Әңгімемізді мектептің жағымды жаңалықтарымен жалғастырсаңыз...
– Мектебімізде ұлттық спорт түрлері бойынша 10 бөлім жұмыс істейді: көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, саят, бәйге, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ және классикалық ат спорты, конкур. Спортта бірде жеңіс болса, бірде жеңілістің болатыны заңды. Ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған  балалар мен жасөспірімдер мектебінің шәкірттері аз уақыттың ішінде бізді талай жеңістерімен қуантты. Алдыңғы жылы Астанада өткен көкпардан Азия біріншілігінде 8 мемлекеттің атынан қатысқан командалардың ішінен қазақ құрама командасының топ жарғанынан хабардарсыздар. Осы ойында біздің шабандоздар керемет өнер көрсетіп, «Алтын тұғыр» сыйлығына ие болды. Еліміздің ұлттық құрама командасында болған төрт көкпаршымыздың барлығы халықаралық дәрежедегі спор  шеберлері атанып қайтты. Атап айтсақ Б. Шырынқұлов, Т. Айтбаев, Н. Мырзабаев, О. Еркебаев. Бұдан бөлек, көкпардан ұлттық құрамада халықаралық аренада танылған Е. Омарбеков сынды талантты жерлесіміз бар. Конкурдан да Ш. Малиходжа,
А. Қонақбай, Е.Орловская секілді шәкірттеріміз  біраз жарыстарда чемпион атанды. Одан өзге жарыстарда шәкірттеріміз облыстың, елдің үміттерін ақтап жүрген жайы бар. Біз бұл жеңістерді көп көрмейміз, алда бұдан да биік шыңдарды бағындыруға барымызды салып жатырмыз. Алдағы қыркүйек айында Спартакиада ойындары өткелі жатыр. Қазіргі таңда спортшыларымыз сол жарысқа тиянақты дайындық жүргізуде.  
– Сіз басқарып отырған мектепте жаттығып, бүгінде елдің абыройын асқақтатып жүрген өзге де спортшыларды білеміз. Сол жөнінде оқырмандарымызға толығырақ айта кетсеңіз...
– Сұрап отырған соң айтайын, әрине. Қазақ күресінен мектебімізде тәлім алған талантты балуан жігіттер бар. Мәселен, «Қазақстан барысы-2013» турнирінің қола жүлдегері Ж. Нұрсұлтанов пен тәжірибесі мол Н. Мыңғышовтың алар асуы әлі алда деп ойлаймын. Қазір екеуі Төлеби ауданындағы «Бәйшешек» оқу-сауықтыру орталығында 4 шілдеде Астанада өтетін «Қазақстан барысы» сайысына дайындық жүргізуде. Бұдан өзге тоғызқұмалақтан дүниені мойындатқан үздік спортшыларымыз да жоқ емес. Серік Ақтаев, Әсел Далиева сынды саңлақтарымыз әлем чемпионатының алтын тұғырына көтеріліп, бірнеше мәрте чемпион атанған. Ал, аударыспақтан ауыз толтырып айтарлық жетістігіміз жетерлік. Б. Қосалиев (+90 келі), C. Ізбасаров (90 келі) деген шәкірттеріміз әлем чемпионы атағына қол жеткізсе, тағы бір мақтанышымыз Т. Жұмалиев (80 келі) ресми жарыстарда әлі жеңілмей келе жатыр. Салыстырмалы түрде алғанда елімізде аударыспақтан Шығыс Қазақстан облысының командасы көшбасшылар санатында. Мысалы, Өскеменде іріктеу сайыстарында 1 салмақта 30 балуан бақ сынайды. Жоғарыда мен атап өткен аударыспақ шеберлері сол қарсыластарынан қаймықпай, өз мықтылықтарын паш етіп, чемпион атанып жүр.
– Айтыңызшы, бүгінде ұлттық спортқа мемлекеттің қамқорлығы қандай?
– Кезінде қаржымыз болмай, қиналған сәттеріміз көп болған. Ал, қазір жағдай оңалып, мемлекеттің қамқорлығын сезіне бастадық. Мектепке қажетті базаларды, құрал-жабдықтарымызды түгелдеп алдық. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауының арқасында мектебімізге арнайы жасалған ат тасымалдайтын «Ман» көлігі сыйға берілді. Бұл да бізге жасалған үлкен қамқорлық деп есептеймін. Әрине, түрлі деңгейде спорттық жарыстарды ұйымдастырып тұруға және додаларға қатысуға әкімдіктен тиісті қаражаттар бөлініп тұрады. Күнтiзбелiк жоспарымыз да бекітiлген. Ұлттық спортымызды дамытуға мұрындық болып жүрген Ұлттық спорт қауымдастығы құрылды. Бір қуантарлығы, насихат жұмыстарын күшейттік. Төлеби, Бәйдібек, Отырар, Созақ, Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам аудандарына 12 жаттықтырушымыз барып, сол ауданның жастарын ұлттық спортқа баулып жатыр. Әзірге мүмкіндігіміз жетпей тұрғанымен алдағы уақытта облыстың барлық аудан, ауылдарына білікті жаттықтырушыларымызды жіберетін боламыз. Дегенмен, ұлттық спортымыз әлі де болса кенже қалып келе жатыр. Мынау жанымыздағы қырғыз ағайындарда ат спорты түрлерінен өтетін финалдық сайыстарда билет табылмай қалатын сәттер болады. Оларда үлкеннің де, кішінің де бұл спортқа деген ықыласы өте жоғары. Әрине, жалпы алғанда «көш жүре түзеледі» дегендей, бізде де өткен жылдармен салыстырғанда оңды жағынан өзгерістер бар. Оны мақтанышпен айта кеткеніміз жөн.
– Ұлттық спортымыздың кенжелеп, көлеңкеде қалып жатқаны туралы ел арасында сан алуан пікірлер айтылып қалады. Бұған себеп, ұлттық спорт түрлерінің олимпиадалық ойындар қатарына кірмегендіктен емес пе?
– Мүмкін ол жағынан да әсері бар шығар. Негізінен ат спорты шығынды көп талап етеді. Мәселен футболшылар жарысқа бару үшін дорбаларына доптарын салып алып жүрсе жеткілікті. Ал, жылқымен байланысты спорт  түрлерінде спортшы ешқашан жалғыз жүрмейді. Яғни, жылқы малын өзімізбен бірге алып жүреміз. Оларды тасымалдау керек, оның күтімі бар деген сияқты. Ол біздің мамандарға ауыр соғып жатады. Бір жарысқа бару үшін оларды мыңдаған шақырым жолмен тасымалдаймыз. Онымен қоса мал дәрігерінен бастап ат күтушіге дейін ертіп аламыз. Әрине мұның барлығы қаржысыз бітпейтіні анық. Ал, Олимпиадалық ойындарға кіру мәселесіне келер болсақ, ол үшін аталмыш спортты кем дегенде 200-дей мемлекет қолдап, мойындау керек. Ұлттық спорт ойындарымыз жақын арада Олимпиадалық ойындарға кіреді деп айта алмаймын. Бірақ бұл сатыға біртіндеп көтеріліп келе жатырмыз. Оған дәлел елімізде көкпардан өткен І ашық Азия біріншілігі. Айтыңызшы көкпардан мұндай жоғары деңгейде елімізде сайыс өтеді деп кім ойлаған? Осы додадан кейін 8 мемлекеттің өкілдері ақылдаса келе көкпардан ІІ Азия ашық біріншілігін биыл Түркия мемлекетінде тамыз айында өткізуді жоспарлап отыр. Келесі жылғы чемпионатты Қытай жағы өткізсек деп құлшынып отыр. Осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізе берсек ұлттық спорт түрлері әлем жұртшылығы танитындай дәрежеге жетеді деген ойдамын.
– Ұлттық спорт дегеннен шығады, «біз, қазақ халқы ат құлағында ойнаймыз» деп жиі айтып жатамыз. Бірақ, жасыратыны жоқ, Олимпиада ойындарында ат спорты түрлерінде жүзіміз жарқын емес. Осының себебі неде?
– Сөзіңіздің жаны бар, әрине. Аттың құлағында ойнап өскен ұлы даланың ұландары Олимпиада ойындарында жүлде алмауы – елдігімізге үлкен сын. Білсеңіздер керек, осы жылдың көктеміне дейін еліміздегі Ат спорты федерациясын
А. Машкевич деген азамат басқарып келді. Шыны керек, сол кездегі басшылықтың алға қойған мақсаты асқақ болғанымен, соған жетуде жанкештілік жетіспей жатты. Нәтижесінде, әлемдік додаларда жүлдеге ілігетін дүлділдердің шоғыры қалыптаса қоймады. Менің пайымдауымша, бәрі де басшыға байланысты. Қазір Ат спорты федерациясының тізгінін Темірхан Досмұхамбетов мырза қолға алды. Бұл азаматтың іскерлігін, спортқа деген жанашырлығын жұрттың бәрі біледі. Істің көзін білген жандар қай-қай істі де дөңгелетіп алып кетеді емес пе? Қазір жоспар түзілді. Жаңа басшының айтуынша, бүгінде еліміздегі ат спортының мамандарына «қысқа мерзімде Олимпиадаға баратын спортшыны дайындау» талабы қойылып отыр.
– Сұхбатымыздың соңында отбасыңыз туралы айта кетсеңіз...
– Екі ұл, бір қызым бар. Үлкен ұлым Сәкен – жеке кәсіпкер. Кіші ұлым Шыңғыс – Еңбекші аудандық салық комитетінің бас маманы. Аллаға шүкір, шаңырағымызда Ескендір, Бақтемір, Адият есімді балдай тәтті немерелерім өсіп келеді. Ал, қызым Сәуле биыл ОҚМУ-дің филология факультетін үздік тәмамдады. Магистратурада оқуын жалғастыру үшін жуырда Чехия еліне аттанбақ. Жұбайым Күміскүл отбасымыздың ұйытқысы, екеуміз балаларымыздың, немерелеріміздің тілеуін тілеп отырған жайымыз бар.
– Оқырмандарға айтар тілегіңіз?
– Мемлекеттің басты байлығы адам болса, адамның басты байлығы денсаулығы. Ал, жан мен тәннің сау болуы үшін спортпен шұғылдану керек. Спортты серік еткен адамдар өмір сүруге құштар болып келеді. Сол себепті халқымыз спортпен, оның ішінде ұлттық спортпен көбірек айналысса деймін. Оқырмандарға тілегім, ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиелеуде ат жалын тартып мінген ата-бабамыздың қалдырған мол мұрасын ұлықтай жүрейік!
– Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан
Сәбит ТАСТАНБЕК

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.