Бақытжан Алдияр: «Идеологияны әдебиеттен, салт-дәстүрден iздегенiмiз абзал»

Пятница, 17 Июль 2015 04:23 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 10436 раз

«Оңтүстікте мен білетін сұрапыл бір сары бала бар. Ол – Бақытжан Алдияр» депті Қадыр Мырза Әлі. Сол «сұрапыл сары баланың» сыршыл өлеңдері нәзік лирикасымен оқырманын баурап алады. Қазығұрт тауындай рухты өлеңдері қаншама?! Халық поэзиясының қазынасынан қаныққан ақын табиғатқа, туған ауылына өлеңдерін бейнелі, өнерлі суреттермен келісті кестелейді. Оның ауылға деген сағынышы, махаббаты, балғын балалығына деген аңсары жыр шумақтарынан сезіліп тұрады. Ақын, Жазушылар одағы ОҚО филиалының төрағасы Б. Алдиярмен сұхбатымыз шығармашылық жайында өрбіген еді.

zHaorM15ps4– Бақытжан аға, Жазушылар одағының облыстық филиалын басқару оңай емес болар... Жұмысты жандандыру үшін қандай жоспарларыңыз бар?

– Одақ филиалына директор болғаныма көп болған жоқ. Өткен жылдың аяғында облыстың қаламгерлерімен алғашқы басқосу өткіздім. Біраз мәселелер талқыланды. Ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Биыл филиал жанынан әдеби кеңес құрылып, ақсақалдар алқасын бекіттік. Десе де, филиалды алып жүру оңай емес. Мойынға артар жүгі, қоғам алдындағы міндеті жауапты.  Одақ қоғамдық ұйым болғандықтан, қаржы мәселесі де қиын. Жұмысты жандандыру үшін жоспарым да көп. Бірінші ұсынысым, Одақ филиалының жанынан әдеби-көркем журнал ашсақ деген ой бар. Басқа облыстарда сапалы, мазмұнды журналдар шығарылады. Мәселен, Таразда – «Жамбыл», Қарағандыда «Қасым».  Екіншіден, облыс орталығынан «Әдебиетшілер үйі» қажет сияқты. Өйткені мұндай ғимарат басқа облыстарда жоқ. Егер ашылатын мүмкіндік туса, Оңтүстік республиканы таңдай қақтырар еді. Үшіншіден, ақын-жазушыларға облыс әкімінің арнайы стипендиясын тағайындасақ дейміз. Мұндай үрдіс басқа облыстарда бұрыннан бар. Жылына бір «Жылдың үздік ақыны» немесе «Жылдың үздік жазушысы» деген атақ беріледі. Осымен тәмам. Ал, ақын Алғыс хатпен ғана өмір сүрмейтін шығар?! Ақын мен жазушыға көмек беру, қолдау жағы ақсап тұр. Сондай-ақ, биыл қаражат мәселесі шешілсе «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» атты шараны қайта жалғастырмақпыз. Оған Алматы, Астанадан қонақ шақырумен шектелмей, облыс ақын-жазушыларын да қамту керек деп ойлаймын. Осы орайда облыстық Ішкі саясат және дін істері басқармасының  басшысы Берік Құрманғалиға алғыс айтқым келеді. Қазір филиалдың кеңсесі бар. Дегенмен, айта кету керек бізде іс-шаралар ұйымшылдықпен, қолдаумен өткізілсе. Өйткені басқа облыстың филиалдарында іс-шаралар мәдениет басқармасы арқылы жүзеге асырылады. Оған біздің облыста да мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, ақын-жазушыларымыз мәдени шараларға шақырылмайды. Әдебиетіміз мәдениеттен тысқары қалған сияқты. Тек  ішкі саясатпен, кітапханалармен ғана жұмыс істейміз.

– Қазақстан Жазушылар одағының ОҚО филиалы бойынша 50-ден аса ақын-жазушы тіркеліпті. Бірақ қаламгерлердің саясатқа, қоғам өміріне қатысты көзқарасын, пікір-ұсыныстарын айтып жүргендері некен-саяқ. Оңтүстікте әдеби орта қалыптасқан ба?

– Ашығын айту керек, бұрын Оңтүстікте әдеби орта болған шығар. Бiрақ қазір менiң түсiнiгiмде жоқ. Айына, жылына ақын-жазушылар бас қосып, әдебиет туралы ой-пікірін айта алмаса, жастар оларға қызықпаса несі орта оның?! Алматы,  Астанаңызда да солай. Іс-шараларда болмаса ақын-жазушылардың басы біріге бермейді.

– Бір сөзіңізде «Бізден кейінгі буын арасында интернет арқылы танылып жатқандар бар. Ақындықты шоумендікке айырбастап жүргендер де жетерлік» дейсіз. Шын ақын қандай болуы керек?

– Қазір интернеттің заманы ғой. Кейбір әлеуметтік желілерді көрсең, өлеңге ұқсас  арзанқол дүниелер өріп жүреді. Өткенде Қарағандыдағы ақын Серік Ақсұңқарұлы ағамыз фейсбук деген желіде, бұдан былай әлеуметтік желілерге өлең салмайтынын айтты. Неге?! Себебі, интернетті «жалған өлеңшілер» жаулап алғандай көрінеді. Қазiр рахат, бұрынғыдай шимайыңды «лақтырып» жiберетiн әдеби кеңес жоқ. Зейнетке шығып, «Адырдағы бидайды, Комбайнмен жинайды» дегендей,  талдырып түсiретiн кiтаптарды шығара бер. Өкініштісі, ауылға шынайы поэзия жете бермейді. Ағайын «шалдыр-шатпақты» шын өлең деп қабылдап жүр. Осыдан соң «шын» немесе «өтiрiк» ақынды өзiңiз бағамдай берiңiз.

– Сіз бұрын айтысқа да қатыстыңыз. Жыр додасынан алшақтап қалуыңыздың себебі неде?

– Мархабат ағамыз «Бақытжанға айтысты қой деп обал қылған жоқ па екем?! Осы күнде бірнеше мәшине мінетін еді» деген еді. Дегенмен, поэзияның жөні бөлек. Өлең жұмбағымен баурап, тұңғиығына тарта берді. Мен түк те өкінбеймін. Себебі, жазба поэзиядан «өзімді таптым». Оның үстіне, менде сахналық тұлға, сахналық жүріс-тұрыс та жоқ. Әртіс бола алмаймын.

– Бұрын әдеби жыл қорытындысы жиі өтетін. Жас ақын-жазушылардың шығармалары ортаға салынып, талқыланатын. Ал, қазіргі жас ақындардың аяқ алысы қалай? Артыңызға қарауға қорықпайсыз ба?

– Басқа кезеңді айта алмаймын, ес білгелі әдеби жыл қорытындысы жылдың соңында бір-ақ рет өтетін. Жалпы ақын-жазушылардың, жастардың шығармашылығын талқылайтын әдеби кеңес болатын. Осындай кеңесті филиалдың жанынан құрдық. Алдағы уақытта бір топ жас ақын-жазушылардың шығармашылығын талқыға саламыз. Сондай-ақ, облыс қаламгерлерінің анықтамалығын шығару да ойымызда бар. Шынында да он жылға жуық уақыт бұрын «Артыма қарасам – қорқам...» деп жаздым. Соңғы кезде сол қорқыныш сейілді. Себебі, артымыздан бір топ ізбасар көрінді. Олар – Әлімжан Әлішер, Батырхан Сәрсенхан, Мұқағали Кенжетайұлы, Бақбер Алтай. Бұлар мықты, аяқ алыстары, таным-талғамдары бөлек. Сондықтан, бұдан былай «қорықпаймын».

– Ел азаматтарының бойында мемлекетшілдік қасиеттің болғанын қалайтындардың бірісіз. Бұл орайда сіздің пікіріңіз қандай, ақын-жазушыларымыз мемлекетшіл ме? Жалпы, бізде ұлттық идеология бар ма?

– Мемлекетшіл екенім рас. Ұлт үшін, ұлттық мүдде үшін кім болуға да дайынмын. «Әдебиет – қоғам өмірінің барометрі» дегенді мен ойлап тапқам жоқ. Бұл орайда алысқа барудың қажеті шамалы. Желтоқсанда Шаханов неге ұран салды?! Неліктен Олжас ядролық сынақтарды жабу үшін жанын салды?! Ал, ұлттық идеологияға келсек... Біздің идеологиямыз «Қара жорғаға» билеу ғана болып тұр. Ұлт бар, идеология жоқтың қасы. Идеологияны ауыз әдебиетінен, салт-дәстүрден іздегеніміз абзал емес пе?!

– Мінезіңіздің «шатақтау» екенін айтушылар көп. Мінезсіз, өзіңізге ұнай қоймайтын өлеңдеріңіз бар ма?

– Қайдам, жақын танығандар мені мүлде басқа адам екенімді таныр еді. Рас, әділетсіздікке, жалған әңгімеге шыдай алмаймын. Мінезсіз өлеңдерімнің  болғанын да жасырмаймын. Мен де жас болдым, ғашық болып, сезіммен жылаңқы өлеңдер жаздым. Пендеміз ғой...

– Ақынға «Астанаға барып өлу» шарт емес. Шымкентте жүре беру ше?!

– Мен алыста жүрген жоқпын. Қалың елім қазағымның ортасында, ұлттық құндылықтардың, салт-дәстүрдің ордасы – Оңтүстіктемін. Сондықтан, қазақтың қай өңірі де мен үшін туған жерімдей. Әрине, Алматыға немесе Астана кетуіме болар еді. Бірақ, Шымкентім мен Қазығұртымды, Ордабасы мен Отырарымды қимадым. Енді бәрі кеш...

– Танымал Өнербаевтар жанұясына күйеу баласыз. Қайынжұртпен қатынасыңыз қалай?

– Қайынжұртым қарапайым, еңбекқор, тілеулес жандар. Нұрлан Өнербаевпен екі-үш рет той-томалақта жылы амандасқаным болмаса араласым жоқ. Есесіне, басқа Өнербаевтармен жақсы сыйласамын. Не дегенмен Төлеби бабамыздың тікелей ұрпақтары, текті әулет қой. Ақын Бақыт Беделхан деген досым «Қайынжұртым – Отаным. Күн нұрынан жаратылған енем» деуші еді. Сол айтпақшы, ол да бір жұртым ғой. Айта кетейінші, енем өте жақсы адам.

– Тек ақын ғана емессіз. Балықшы, аңшы, мистик, спортшы атбегі екенсіз. Біз білмейтін тағы да қандай қырларыңыз бар?

– Атбегі дегеніңіз шындыққа жанаспайды енді. Ат құлағында ойнасам, көкпарда екі-үш рет құлап, қабырғаларым қисайып, қолым шығып жүрер ме ем?! Жалпы, менің ел білмейтін қырым көп. Оқырманға құпия болсын.

– Байқауымша әлеуметтік желіде белсендісіз...

– Қадыр Мырза Әлі ағам бірде сырласып отырып, «заманадан қалғым келмейді» деп еді. Сол секілді, менің де мына заманның ағысынан қалып кеткім жоқ. Әлеуметтік желіге сурет салсаң ол да тарих болып қалмай ма?! Оның несі жаман?! Оның үстіне, мен осы интернет деген дүниеден аса хабарым жоқ болатын. Қызықпайтынмын. Бір кісілер мен туралы анда-мында жазылған дүниелер бар дегесін ғана кіргем. Онда да тілін түсінбей, балам үйреткен.

– Біраз жыл бұрын «Қазығұрттың қоңыры» атты жыр жинағыңыз жарыққа шықты. Соңғы уақытта не жазып жүрсіз?

– «Қазығұрттың қоңыры» 2012 жылы шықты. Өзбек ағайындар иеленіп кеткен, Қазығұрттағы Тұрбат ауылының тумасы, шығыс жұлдыздарының бірі һәм бірегейі, өзбек жазба поэзиясының негізін қалаған Әлішер Науайының ұстазы мәулана (данышпан деген сөз ғой) Атаидың барлық ғазалдарын қазақша көркемдеп аударып шықтым. Қазағына қайтардым. Содан соң Мұхаммед Хайдардың «Жаһаннама» атты өлеңмен өрілген көлемді туындысын қазақшаладым. Соңында әйгілі шах Бабырдың жеке ғазалдарын тәржімалап шықтым. Бұл аз еңбек емес. Және осының бәрі де қазақшаға тұңғыш рет көркем аударылды. Үшеуі де кітап болып тарады.

– Әкеңіздің қамшысын аңсайтын кездеріңіз бола ма?

– Оо, аңсағанда айтпаңыз. Марқұм әкемнің ашуы қатты болатын.  Мәсісінде қамшы жүреді.Айтқанын орындамасаң, жон арқаңнан аямай тартып жібереді. Әкемнің айқайымен бала кезімде «Ақ бұлақтың» қайырмасын жарты сағатта үйреніп алғанмын. Шынымды айтайын, әлі күнге әкемнің қамшысын сағынамын.  

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.