Тұрғындардың туған қаласына деген жанашырлығы жоғары болуы тиіс

Пятница, 31 Июль 2015 06:30 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5394 раз

Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, Бас жоспарға сәйкес Еңбекші ауданына жаңа елді мекендер қосылғаны белгілі. Ал, халық саны артқан сайын түйткілді мәселелер де бой көтереді. Еңбекші ауданы өндірістік орындарының көптігімен ерекшеленетін  аудан. Бүгінде аудан аумағында нендей жұмыстар атқарылды? Қандай шаруалар шешімін тауып, қандай мәселелер өзекті күйінде қалып отыр? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде біз Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Молдабайұлы Ильясовпен сұхбаттасқан едік.

akim enbekshi 31Ғалымжан ИЛЬЯСОВ, Еңбекші ауданының әкімі:

– Ғалымжан Молдабайұлы, Еңбекші ауданының аумағы үлкейіп, жаңа елдімекендермен толығуда. Осы орайда қандай жұмыстар негізінен шешімін табуды қажет етеді?
– Жаңа Бас жоспарға сәйкес ауданды дамыту, көркейту, жобалау жұмыстары басталып кетті. Қазір Еңбекші ауданының аумағына 5 елді мекен Төле би, 10 елді мекен Сайрам аудандарынан

Биыл «Оңтүстік» шағынауданының Кржижановский, Қаратөбе тас жолы аралығындағы
көшелерге  және 15 аулаға жарықтандыру  жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.

қосылып, жер көлемі 20 660 га-ға өсіп, халық саны 254 мыңнан асып отыр.
Аудан көлемінің ұлғаюына сәйкес бірінші кезекте жұмысты барлық шағынаудандар мен елді мекен тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырып, халықты толғандыратын күрделі мәселелерді бірге талқылап, шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Ауданның негізгі бөлігін шағынаудандар құрайтынын ескерсек, шешімі қиын мәселелердің аз еместігі айтпаса да түсінікті. Жан-жақты іс-шаралар жоспары жасалып, қала әкімінің назарына ұсынылды. Алдағы уақытта түйткілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады.
– Қала аумағында инфрақұрылым жүйелерін дамыту қашанда өзектілігін жойған емес. Осы мәселелер төңірегінде қандай күрделі мәселелер бар?
– Аудан құрамына өткен әрбір елді мекеннің өзіне тән проблемасы болады. Бірінде ауыз су болмаса, енді бірінде жолдардың сапасы сын көтермейді, кейбір елді мекендерде «көгілдір отын» жоқ. Ауданда елді мекендер тығыз орналасқандықтан ауыз су мәселесі өзекті болып келеді. Талдау жұмыстары бойынша 149 үйге су құбырлары жүргізілмеген. Мәселен, Сайрам ауданынан қосылған «Базарқақпа», «Тұрдыабад» тұрғын алаптарында ауыз су жүйелері ескірген. Жалпы елді мекендер ауызсумен 89 пайыз қамтылған. Сондай-ақ қосылған аумақтың ең үлкен проблемасы – кәріз жүйелері. Бүгінде ауданға 74 көпқабатты үй қосылған. Бірақ олардың кәріз жүйелері істен шыққан. Соған сәйкес, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңiмен жоспарлы түрде iске асады
– Қараңғы көшелерде қылмыстың көп орын алатынын ескерсек, бұл ретте көшелерді жарықтандыру мәселесі маңызды рөл атқарады. Жалпы шағынаудан көшелерін жарықтандыру қалай жүргізілуде?
– Бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндеттің бірі. 2013-2014 жылдары қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ішкі орамдық жарықтандыру мәселелерін шешу үшін 160-тан аса көпқабатты тұрғын үйге жарықтандыру құралдары орнатылды. Биыл 4 көшені жарықтандыру жоспарланған. Сондай-ақ, «Оңтүстік» шағынауданының Кржижановский, Қаратөбе тас жолы аралығындағы көшелерге және 15 аулаға жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
– Елді мекендер электр қуатымен толық қамтылған ба?
– Электр қуаты – бүгiнгi күнi ең көп сұранысқа ие қажеттiлiктердiң бiрi болып табылады. Тұрғындар сапалы электр қуатымен 85 пайыз қамтылған. Ал 15 пайызы жеке трансформатордың қызметін пайдаланады. Осы орайда есептеуішке халықтың наразылығы туындайды. Электр қуатын тегін пайдаланғысы келетіндер көп.
– Елбасы Жолдауында жол сапасына баса мән берілген. Бұл мәселеге ауданда қаншалықты көңіл бөлініп отыр?
– Жолдарды жөндеу бойынша бiрқатар жұмыстар атқарылды. Ауданда 500 шақырымға жуық көше бар. Олардың 41 пайызы қалыпты деңгейде. Демеушілердің қолдауымен 3 шақырым жолға шағал тас төселіп, жөндеу жұмыстары

3 шақырым жолға шағал тас төселіп, жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл 21 шақырым жол жөнделеді деп жоспарлануда.

жүргізілді. Биыл 21 шақырым жол жөнделеді деп жоспарлануда.
– Ауылдық елді мекендерді толығымен газға қосу мүмкін бе? Осы мақсатты жүзеге асыру барысында қандай қиыншылықтар бар?
– Соңғы жылдары елді мекендер «көгілдір отынның» қызығын көре бастады. Әрине түйткілді мәселе де жоқ емес. Сайрам ауданынан қосылған Бадам ауылы газбен қамтылмаған. «Көгілдір отынмен» аудан бойынша 86 пайызы қамтылған.
– Заңсыз сауда орындарымен күрестің нәтижесі қандай?
– Заңсыз сауда орындарымен күрес ойдағыдай жүргізілуде. Осы мақсатта Еңбекші ауданы әкімінің аппараты жанынан аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, жер қатынастары, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің мамандары және аудандық ішкі істер бөлімінің инспекторларынан құрылған арнайы жұмыс тобы құрылып, сапалы жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы аудан аумағында орналасқан 104 нысанға (дүңгіршек, киіз үй, кафелердің жазғы алаңшалары) түгендеу жұмыстары жүргізіліп, 42 нысан заңсыз жер иеленгені анықталды. Заңсыздықтарды жою мақсатында заңсыз нысан иелеріне жер учаскесін иеленгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 136 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғандығы туралы ескертпе хабарламалары таратылды. «Шымкент келбеті» газетінің №№18, 23 сандарында «Еңбекші ауданында заңсыз орнатылған дүңгіршектер алынады» тақырыбында хабарландыру жарияланып, қала әкімі аппаратының WEB-сайтына фотосуреттері орналастырылды. Алайда белгіленген мерзімде заңсыз орнатылған нысанды алуға іс-әрекет қарастырмаған нысан иесіне учаскелік полиция инспекторлары тарапынан ҚР ӘҚБтК-нің 505 бабы бойынша 39640 теңге айыппұл салынып, заңсыз орналасқан 47 дүңгіршек және 5 киіз үй алынды. Бүгінде көше бойында маусымдық бақша өнімдерінің бей-берекет сатылуына нүкте қойдық. Дегенмен, заңсыз құжаты жоқ болса да, дүңгіршекте саудасын қыздыратындар да кездеседі. Мұндай азаматтарға ескертпе беріліп, заңсыз әрекеттеріне тыйым салынады және ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі бойынша айыппұл салу қарастырылған.
– Аулаларды абаттандыру, үйлерді жөндеу, тазалық шаралары қалай атқарылып жатыр?
– Ауданның тазалық шараларына бюджеттен 281 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жалпы ауданда жөндеуді қажет ететін 74-тен астам аула бар, оларды қалпына келтіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.
– Қойылатын қоқыс контейнерлері тұрғындардың тазалыққа жауапкершілігін қаншалықты арттырады?
– Тұрғындардың қалаға деген патриоттық сезімі, жанашырлығы төмен болуы расымен қынжылтады. Тіпті, аула тазалығына немқұрайлы қарайтын азаматтар да бар. Олардың қоғамдық жерлердегі, көшелердегі мәдениеті әр алуан. Әрине, барлығы бірдей емес, дегенмен қоқысты кез келген жерге тастайтын тұрғындар жетерлік. Арнайы жәшікке жеткізбей, бет алды лақтыратындарды да көріп жүрміз. Тазалық алдымен табалдырықтан басталады ғой. Ал, кейбір тұрғындарда «Мен неге тазалауым керек?» деген пікір қалыптасқан. Осыдан-ақ тазалыққа жанашырлық төмен тұрғаны айқын көрінеді, қоқысты арнайы орынға тастау үшін ата-аналар да балаларын тәрбиелеу керек. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен тазалық жұмыстарын жандандыру мақсатында жоғарғы, орта оқу орындарының басшылары және мектеп директорларының қатысумен студенттер мен оқушылар арасында  «Мен өз қаламды сүйемін!», «Тазалық – денсаулық кепілі!» тақырыптарында ашық сабақтар, семинарлар өткізілуде. Құқықбұзушылық пен қылмысқа қатысты қоғамда нольдік төзімділікті қамтамасыз ету және санитарлық тазалықты сақтау мақсатында қоқыс тастауға арналған 98 контейнер алаңшасын орналастыру жұмыстары осы жылдың тамыз айында аяқталады, сондай-ақ, көпқабатты үй арасындағы баспалдақтарға жөндеу жұмыстарына 3,6 млн. қаржы қарастырылған.
– Өткен жылы аудан бойынша «Таза қала» акциясында «Теріскей» шағынауданы жеңімпаз атанды. Биыл байқауға қанша аула мен көше қатысады?
– 2014 жылы «Таза қала» акциясы бойынша «Теріскей» шағынауданындағы №50 үй «Үздік аула» номинациясын жеңіп алды. Біз аула тұрғындарына тренажер алаңшасын орнатып бердік. Жуырда сол аулаға жол түсіп барып едік, алаңша сол күйі тұр, еш жері бұзылмаған, аулаға барсаңыз, табиғат аясына серуендегендей әсер аласыз. Ауланы абаттандыру тұрғындар үшін қолайлы тіршілік ортасын қалыптастырудағы маңызды шаралардың бірі. Ауданда барлығы 258 аула бар. Биыл «Таза қала» акциясына қатысуға 62 үй, 25 көше өтініш берді.
– Тазалыққа немқұрайлы қараған тұрғындар жазаға тартылып жатыр. Демек жұмыс нәтижесіз емес қой...
– Тазалық шараларына демеушілердің көмегімен арнайы бейнебақылау камерасын алдық. Бұл жұмысты сәуір айынан бастағанбыз. Аудандық

Ағымдағы жылы көпқабатты үй арасындағы баспалдақтарға
жөндеу жұмыстарына 3,6 млн. қаржы қарастырылған.

полиция бөлімімен бірлесіп, бейнебақылаулар арнаулы орындарға қойылды. Көшеге қоқыс тастағандар бейнежазбаға түсіп қалған жағдайда тәртіп сақшылары айыптыны жазаға тартады. Заң талаптарына сәйкес қоқыс тастаған азаматқа 39 мың теңге көлемінде айыппұл төлеу қарастырылған. Аудан аумағында иелері бар, бірақ игерілмей жатқан жерлер көп, сол араға әрі-бері өткен көліктерден қоқыс көп тасталады. Бірінші кезекте, бос жерлердің иелерін іздестіріп жатырмыз, екінші кезекте, сай-салаларды тиімді пайдалану жолдарын қарастырудамыз. Жер мемлекет меншігіне өткізілген жағдайда, тұрғындарға ыңғайлы демалыс орындарын салу жоспарлануда. Егер жүзеге асатын болса тазалық мәселесі шешімін табар еді.  
– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз…
– Ауданда инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар ұйымдастырылуда. Жоспар бойынша бірінші кезекте кәріз жүйелері шешімін табуы тиіс. Сондай-ақ, «Оңтүстік» шағынауданындағы жиі орналасқан үйлер қала көркіне ғана емес, инфрақұрылымына да кедергі келтіруде. Себебі, тар көшелерден өрт қауіпсіздік шараларын өткізуде түйткілді мәселеге айналып отыр. Біз қала құрылысы және сәулет мекемесіне жобалау жұмыстары жасау жөнінде ұсынысымызды бердік. Сондықтан кезек күткен, жоспарланған жұмыстар іске асады деген ойдамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.