Халықтың өзекті мәселесі назардан тыс қалған емес

Пятница, 31 Июль 2015 10:36 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4654 раз

akim abai 31Ахмет ТАТЫБАЕВ,  Абай ауданының әкімі:

Абай ауданы – Шымкент қаласындағы аумағы жағынан ең ірі аудандардың бірі. Бүгінде ауданда қолға алынып, жүзеге асып жатқан жұмыстар жетерлік. Аудан әкімі Ахмет Татыбаевпен сұхбаттасу барысында қазірге дейінгі атқарылған жұмыстар туралы біліп, алдағы жоспарларымен бөліскен едік.

Басым бағыт – инфрақұрылым жүйелерiн дамыту

– Ахмет Өтегенұлы, қаланың Бас жоспарына сәйкес, былтыр Шымкенттің аумағы кеңейіп, қалаға жаңадан елді мекендер қосылды. Бұл орайда өзіңіз басқарып отырған ауданда қандай өзгерістер бар?
– Бүгінгі Шымкент шаһары – елдің ірі индустриалдық, іскерлік және мәдени орталықтарының біріне айналып келеді. Қала өсіп, өркендеп жатыр. Былтыр қалаға іргелес жатқан аудандардан 40 елді мекен қосылды. Бұл ретте Абай ауданының құрамына Сайрам ауданынан 5, Ордабасы ауданынан 2 және Төлеби ауданынан 5 елді мекен өтті. Ал, жаңадан Қаратау ауданы құрылғаннан кейін қарамағымыздағы 7 шағынаудан сол ауданға бірікті. Тиісінше халық саны да қысқарды. Мысалы, бұған дейін ауданымызда

Былтыр «Қызылжар», «Ақтас» елді мекендеріндегі 3300 абонент ауыз су жүйесіне  қосылды.

300 мыңға жуық тұрғын болса, қазір бұл көрсеткіш 219 622 адамға жетіп отыр.
– Ауданның инфрақұрылымын көтеруде қай салада түйінді мәселелер бар? Қазір қай жұмыстарға басымдық берілуде?
– Біз қазір ең бірінші кезекте тұрғындарды жол, жарық, ауызсумен қамту мәселелерін шешуді қолға алып жатырмыз. Бұл бағытта жаңа елдімекендерге әкімдік мамандары арнайы барып, зерттеу жүргізді, талдау жасады. Бүгінде жаңадан қосылған шағынаудандарда шешімін таппаған мәселелер бар. Қазіргі таңда тұрғындардың талап-тілегі бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес, кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
– Тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету қашанда өзекті болып тұр. Шағынаудандар мен елдімекендерге жеткілікті деңгейде назар аударылып отыр ма?
– Бәрі де рет-ретімен шешілуде.

Биылғы меже бойынша 10 216  үй газ жүйесіне қосылады

Мәселен, былтыр «Қызылжар», «Ақтас»  елді мекендеріндегі 3300 абонент ауыз су жүйесіне қосылды. Ал, «Қызылжар-2» елді мекенінде жерасты суы тартылып, сол арқылы халықты ауызсумен қамтамасыз етіп келеді. Бұл елді мекенде қазір 3530 адам тұрады. Артизан, бұлақ суын пайдаланып отырған басқа да елді мекендер бар. Дегенмен, алдағы уақытта бұл мәселені кешіктірмей шешеміз деп отырмыз. Жалпы алғанда, аудан аумағындағы ауызсу құбырлары жүргізілмеген «Алтынтөбе», «Ақжар», «Құрсай», «Тәуелсіздікке 20 жыл», «Ақтас-2», «Сауыршы» және «Айкөл» елді мекендерінің мәселесін шешуде қала әкімдігі тарапынан тиісті құжаттар әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде.
– Көгілдір отынмен қамтамасыз етуде ше? Жұмыстарыңыздың нәтижесі қандай?
– Қазір осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Өткен жылдың нәтижесіне қарасақ, бірқатар елді мекендерге газ жеткізілді. Атап айтқанда, «Солтүстік Батыс» шағынауданында, «Шұғыла» шағынауданындағы Дулатов, Дәстүр көшелерінде, сондай-ақ «Қазығұрт» шағынауданында (К.Маркс бөлімшесімен) жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілді. Нәтижесінде ауданда былтыр 4413 үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Ал, биылғы меже бойынша 10 216  үй газ жүйесіне қосылады деп жоспарланып отыр. Жалпы, «Самал-2», «Самал-3»  шағынауданындағы жұмыстар 2015 жылға өтпелі нысандар болып бекітілген. Сонымен бірге, 2015 жылға газ жүйесін тартуға ЖСҚ дайындау үшін «Ақтас», «Жаңа Тұрлан», «Ақтас-2», «Көкбұлақ», «Алтынтөбе» және «Ынтымақ-2» елді мекендеріне ұсыныс берілді.

Жаңа мектептер бой көтеруде

– Жоғарыдағы шағынаудандарға электр қуатын жеткізу мәселесі шешімін тапты ма? Қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Өткен жылы «Ақтас» елді мекенінде электр желісінің ұзындығы – 75,7 шақырым, «Қызылжар» шағынауданында 161,6 шақырым, «Ынтымақ-2» шағынауданында 87,2 шақырым электр қуатымен қамтамасыз етілді. Ал, «Жаңа Тұрлан» шағынауданында электр жүйелері тартылып, жаңа жүйеге қосу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жоспарға келсек, «Самал-3», «Ынтымақ», «Құрсай», «Ақниет» шағынаудандарын электрмен қамтамасыз ету мақсатында 125 көшеге ЖСҚ әзірлеуге Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық  бөліміне ұсыныс беріліп, оның Театр, 112 орам Аманқұлов, «Самал» шағынауданы,  Нұрлыбаев, Жарқынбеков, Кремль, Ломоносов, көшелеріне және «Достық» шағынауданының орталық көшелері жарықтандырылады.
– Тағы бір сауал туындайды. Тұрғындармен жүздескенімізде ауданға қарасты кейбір мектептерде орын тапшылығы байқалатынын байқадық. Бұл мәселені реттеуде қандай шаралар қолға алынуда?
– Ауданда бүгінде жалпы орта білім беретін 34 мектеп бар. Шыны керек, қала көлемі ұлғайған сайын, халық саны да өсіп жатыр. Тиісінше мектепке баратын балалардың да қатары артуда. Мысалы, №87 мектепте бірінші сыныпта қатар оқып жатқан 11-12 сынып бар.  Қазір мұнда 900 орындық жаңа мектеп пен емхана салу үшін арнайы жер бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Атап өтерлігі, қазіргі таңда «Ақтас-2» елді мекенінде жаңа мектеп бой көтеруде. Сондай-ақ, Көкбұлақ елді мекенінде салынып жатқан 300 орындық мектеп алдағы қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ал, Игілік және Қызылжар елді мекендеріне жаңа мектеп пен медпункт салу үшін ұсыныс жолданды.

Заңсыз саудаға талап күшейді

– Абай ауданындағы өзекті мәселенің бірі – заңсыз саудаға қатысты. Әсіресе, Исмайлов көшесінде (бұрынғы Громов) орналасқан «Темір» базарындағы тәртіпсіздіктің тыйылмай тұрғанына біраз уақыт болды. Осындағы олқылықтарды түбегейлі жоюға не кедергі?
– Бұл тәртіпсіздіктен біртіндеп арылып келеміз. Ең бастысы, шаһардың шырайын бұзып, көше бойын заңсыз саудаға айналдырғандармен күрес жалғасуда. Сіз айтқан олқылықтар бойынша қала әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мамандарға осыдан екі ай бұрын нақты тапсырма берген болатын. Қазір мұнда талап күшейіп, нәтижесінде кемшіліктер жойылуда. Біздің аудан әкімдігінің қызметкерлері сол маңдағы учаскелік полицейлермен бірігіп, түнгі 10.00-ден 01.00-ге дейін тәртіпті бақылауға алған.

Ретсіз сауда: 524 ескерту жасалып, 1 283 346 теңге көлемінде айыппұл салынды

Бұл әрекетіміз де өз нәтижесін беруде. «Темір» базарында жалпы 23 сауда нүктесі бар болса, бүгінде соның 4-іне шара қолданылып, ол орнынан алып тасталды. Бір айта кетер нәрсе, бастапқыда бұл жерге меншік иелері тұрғын үй, автотұрақ, қойма, асхана салам деп заң жүзінде өтініш білдірген. Алайда, көпшілігі құжат жүзіндегі талаптарын орындамай, бұл жер темір-терсек пен құрылысқа қажетті заттар сататын базарға айналып кетті. Қазір сауда нүктелерінің иелеріне 25 шілдеге дейін орындарын босатуға мүмкіндік бердік. Жалпы, алдағы уақытта бұл сауда орындары міндетті түрде жабылады.
– Ретсіз сауданы болдырмауда басқа қандай жұмыстар жүзеге асуда?
– Ағымдағы жылы ретсіз сауда мәселесі бойынша құзырлы органдар мен тиісті мекемелермен бірлесе отырып 51-ден аса рейдтік тексерулер жұмыстары жүргізілді, 35 ретсіз сауда ошағы анықталды. Өткізілген рейдтер нәтижесінде аудандық ІІБ-нің тарапынан ретсіз сауда бойынша 2015 жылдың басынан 25 маусымға дейін барлығы 654 хаттама толтырылды, оның ішінде 524 ескерту жасалып, 1283346 теңге көлемінде айыппұл салынды, өндірілгені 659015 теңге көлемінде. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бабына сәйкес ауданда биыл 319 хаттама толтырылған, оның ішінде 309 азаматқа ескерту жасалды. Яғни, 297 300 теңге көлемінде айыппұл салынып, 79 280 теңге өндірілді.
– Аулаларды жарықтандыру, тозығы жеткен үйлерді жөндеу және тазалық шараларын жүргізуде тындырылған тірліктер мен алда атқарар шаруаларды айта кетсеңіз.
– Былтыр аудан бойынша көп қабатты тұрғын үйлер жанындағы 53 қоқыс алаңшалары ауыстырылып, жаңа үлгідегі 224 қоқыс жәшіктері қойылды. Айта кетерлігі, ескі қоқыс алаңшалары мен жәшіктер елді мекендерге де орнатылды. Биылғы жоспар бойынша 59 қоқыс алаңшасын орнатуға тиісті қаржы бөлініп, қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жарықтандыруға келсек, былтыр аудан аумағындағы 54 аулаға 155 электр бағаналары орнатылып, аулалар жарықтандырылды. Ал, биыл шағынаудандар мен елді мекендердегі 91 көшені (ұзындығы 124,2 ш.м.) жарықтандыру бойынша жұмыстар қолға алынды, сондай-ақ 132 аулаларды жарықтандыру мен 50 бейнекамера орнатуға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне ұсыныс берілді. «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасын іске асыру барысында 2014 жылы 14 көпқабатты тұрғын үйде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 1 кезең бойынша 10 көпқабатты тұрғын үйлерде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
– Жол құрылысы бойынша жүктелген міндет жоспарға сәйкес орындалуда ма? Қандай да бір күрделі мәселелер бар ма?
– Жол салуда да жұмыстар жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Аудан бойынша 2015 жылға 103 көшеге  94 шақырымға күрделі және орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс берілген. Қазір осы жоспарды негізге ала отырып, бірқатар шаруалар аяқталып қалды. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы «Ақжар» тұрғын алабындағы Ынтымақ көшесіне, «К.Маркс» елді мекеніндегі Құрылыс көшесіне, «Қорғасын» шағынауданындағы  Байтөреев көшесі мен Елқоныс көшелеріне және «Қатынкөпір»  шағынауданындағы І.Жансүгіров, С.Сейфуллин көшелеріне асфальт жол төселді. Сонымен қатар, Конституция көшесі мен «Қатынкөпір» шағынауданындағы Е.Өмешұлы көшесі бойына аяқ жолдар (тротуар) салынды. Аудан аумағында 2015 жылы 45 шақырым болатын 40 көшеге шағал тас төсеуге ұсыныс берілген, бұл орайда жұмыстың орындалу барысы көңілден таса қалып жатқан жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңыз табысты, істеріңіз ілгері болсын!

Сұхбаттасқан
Сәбит ТАСТАНБЕК

Последнее изменение Пятница, 31 Июль 2015 10:58
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.